Қазақ балуандары екінші мәрте «Еуразия барысы» атанды
12.10.2015 2493
Тараздағы қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен үшінші мәрте «Еуразия барысы» мәресіне жетті

«Тараз-Арена» спорт сарайында өткен халықаралық жарыс «Нұр Отан» партиясының, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, ҚР Қазақ күресі федерациясы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Жамбыл облысы әкімдігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауларымен жоғары деңгейде аяқталды. 

Байрақты бәсекеде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз төрінде өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығының тойына арналғанын тілге тиек етіп: «Әлем назары ауған Таразда үлкен той өтіп жатыр. Бүгін міне, сол той тойға ұласып, «Еу¬разия барысы» халықаралық турнирі өтуде. Балуандарға сәттілік тілеймін!» – деді. Дүбірлі додада Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғыстан, Польша, Грузия, Түркия елінің білекті балуандары өнерін көрсетіп, командалық жүлдені сарапқа салды. 

Командалық жарыста балуандар бұрыңғыдай бес салмақ дәрежесі бойынша емес, жеті салмақ бойынша белдесті. Белдесулер 55, 66, 74, 82, 90, — 100, +100 келі салмақ дәре¬же¬лері бойынша өтті. Сонымен көптен күткен байрақты бәсекенің алғашқы кездесуін «А» тобындағы Грузия мен екі жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрініп, бір рет тұғырдың биік сатысынан көрінген Моңғолия ашты. Бұл жолы Бақыт Одынайұлы жаттықтыратын моңғол балуандары ащы жеңілістің дәмін татып, 4:3 есебімен Қап тауының өкілдерінен ұтылды. Бұрынғы құрамдағы Ганболд Херленнің бабы мен бағы келісіп тұр екен. Әрине командалық жарыс болғандықтан, Херленнің ұпайы ештеңе шеше алмасы анық. Осы топтағы өзбек ағайындар қырғыздарды тас-талқан етіп ұтып, грузиндермен болған белдесуде де айқын басымдықпен финалға жолдама алды.

«Б» тобындағы алғашқы ойын Қазақстан және Польша құрамалары арасында өтті. Белдесу «сен тұр, мен атайын» дәрежесінде болып, сәл ғана айқын басымдықпен біздің балуандардың пайдасына шешілді. Бұл топтағы Түркия командасының жолы алғашқы белдесуден кесілді. Ресей құрамасын 2:5 есебімен ұтқан қазақ құрамасы «Еуразия барысы» финалына шықты. 

Сонымен тұңғыш рет Өзбекстан құрамасы «Еуразия барысы» финалына жолдама алып, біздің сайыпқыран, білекті күшті балуандарымызбен бас бәйге үшін таласты. Қазақстан құрамасы 5:2 есебімен өзбек ағайындарды тас-талқан етіп ұтып, екі дүркін «Еуразия Барысы» атанды. Біздің құрама сапында Асыл Барменов пен Айбек Нұғымаров өзбектерден ұтылса, Айдос Сейпілұлы, Айдос Ғалымов Ғалымжан Әбдірахманов, Сұңғат Закарияев, Мұхит Тұрсыновтар қарсыластарының жауырындарын жер иіскетті. 

Қазақ балуандары 9,4 млн теңгені қанжығаларына байласа, тұғырдың екінші сатысынан көрінген өзбектер 5,64 млн теңге, үшінші орын бәсекесінде Ресей балуандарын ойсырата ұтқан грузиндер 3,76 млн теңге олжалады. 

Таразда жалауы көтерілген «Еуразия барысын» «Қазақстан» ұлттық арнасы, «KAZsport» арнасы және Халықаралық «Боец» және «TRT Avaz» телеарналары тікелей эфирден көрсетті. Әлемнің сегіз елінен журналистер келіп, қызмет атқарды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ күресінің әлемдік сахнадағы бет-беделі артып, үздіктер бәсекесіне айналғанын көрсетіп келеді. 

Арман Шораев, Қазақ күресі федерациясының президенті, «Еуразия барысы» Халықаралық турнирінің идея авторы: «Бүгінгі байрақты бәсеке де жеңімпаз құрамды анықтау қиын болды. Сайдың тасындай іріктелген «Сен тұр, мен атайын» балуандар. Үшінші мәрте өткізіліп отырғандықтан, әр құрама жылдан-жылға биік сатыға көтеріліп, үздік балуандарын алып келуде. Биыл өздеріңіз көрген Грузия құрамасы өте жақсы күрес көрсетті. Поляктар мен Ресей құрамасы да былтырғыдан қарағанда біршама жақсы дайындалып, балуандары шыңдалғанын көрсетеді. Өзбектер де тіпті өте жақсы өнер көрсетті. Финалға шығып, тұңғыш рет күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Жалпы қазақ күресінің жылдан-жылға мәртебесі өсіп, әлем елдерінің қызығушылықтары артып келеді. Сондықтан үшінші мәрте өткізілген «Еуразия барысына» осал командалар келген жоқ». 

 Алтынбек Құмырзақұлы