«Қазақстан тарихы» порталына арналған баспасөз мәслихаты
01.10.2013 2351
Веб-портал әлемдік тарихпен өзара байланыстағы этногенезі мыңжылдықтардан тамыр тартатын ұлттың ұлттық тарихын тұтас бейнесін қалыптастыру, егемен мемлекеттің қазіргі тарихын зерделеу үшін жасалған.

«ҚазМедиа Орталығы» ғимаратында еліміздің ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихын зерделейтін «Қазақстан тарихы» порталына арналған брифинг өтті. Веб-порталдың домендік атауы «e-history.kz». 

Порталдың бас редакторы Ержан Нүсіпбековтің айтуынша «Қазақстан тарихы» порталы  Ұлттық тарих  бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен ашылған жаңалықтарды бұқараға жеткізу, оларды төл тарихпен сусындату мақсатында құрылып отыр. Порталдан еліміздің тарихы бойынша өзекті, сирек, кейде тіпті эксклюзивті ақпараттарды еркін алуға болады.

Портал ұлттық тарихты электронды түрде интерактивтік ақпарат беру арқылы қазақстандық және әлемдік қауымдастықтың көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Портал бұған дейін еш жерде электронды түрде жарияланбаған ақпараттарымен де ерекшеленеді. 

"Порталдың мақсаты ел тарихына қатысты ақпараттар мен материалдарды жинау және сақтау бойынша бірегей ақпараттық платформа құру, ғаламторды пайдаланушылардың жас ерекшелігіне қарамастан ұлттық тарихты мәтіндік, ойынды, сурет, бейне, дыбыс, сондай-ақ белсенді сұқбат пен пікірсайыс сияқты әртүрлі форматта зерделеуді ұсыну, ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарих туралы тарихшыларымыз жазған бірегей мақалалар мен материалдарды жариялау, оқушылар, білімгерлер мен оқытушылар құрамына Қазақстан тарихы бойынша ғылыми мақалалар мен жарияланымдарды, әдістемелік материалдарды қолжетімді ету", - деп хабарлады Е. Нүсіпбеков. 

"Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, «Қазақстан тарихы» веб-порталының ашылуына үлес қосқан, өздерінің  ақыл-кеңестерiн, көмектерiн аямай, қол ұшын созған Ғылыми-институттардағы бір топ ғалымдарға,  мұрағат пен мұражайларда, кiтапханалар мен баспалардағы қызметкерлерге, ЖОО тарих факультеттерінің оқытушыларына, министрлiктер мен агенттiктердегі көмектескен қызметкерлер мен әріптестерге, және осы жұмыстың бас-аяғында жүріп, бәрін жұмылдыра білген Орталық коммуникация қызметінің қызметкерлеріне зор ықыласымды білдіріп, алғысымды айтқым келедi", деп сөзін түйіндеді Е. Нүсіпбеков.