Ержүрек ұшқыш әйел Хиуаз Доспанова
23.04.2015 7396
Хиуаз Доспанованың әскери құрбылары оны кішкентай және нәзік Катя деп атаған. Ержүрек ұшқыш қыз алған жарақаттарының көптігіне қарамастан, көкке ұмтылып, кескілескен шайқасқа дайын тұрған.

Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысында дүниеге келді. Ақылды әрі білімді қыз соғыс басталатынына 1 жыл қалғанда, орта мектепті алтын медальмен бітіреді. КСРО ұшқыш-батырларының ерлігіне тәнті болып, бала жасынан ұшқыш болуды армандаған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде жергілікті аэроклубты бітіріп, запастағы пилот куәлігін қоса алды. Хиуаз Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына құжат тапсырғанымен, жолы болмады. Академияға ер адамдар ғана қабылданған еді. Қыз Медицина институтына оқуға түседі. Бірінші курс бітірген соң, 1941жылдың жазында соғыс басталды. 

Көп ұзамай, Хиуаз әйелдерге арналған жаңа полк ашылғанын білді. Бұл полкті Марина Раскова басқарды. Хиуаз оқуға қабылдау туралы өтініш жазып, басқа қыздармен Саратов қаласындағы әскери әуе училищесіне аттанады. 

1942 жылдың мамырында Кеңес Одағында әйелдерден құрылған жалғыз әуе полкі аға лейтенант Евдокия Бершанскаяның басқаруына берілді. Әскери азаматтар қалжыңмен «Дунькин полкі» деп атайтын (Евдокия Бершанская командирінің атымен). 

Айлакер ұшқыш әйелдерді немістер «Nachthexen» («Түнгі мыстандар») деп атаған. Ұшқыш әйелдердің тактикасы: белгілі бір қашықтықты сақтап, өз мақсатына жақындап, ұшақтың гүрілін төмендету. «Түнгі мыстандар» ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалады. Фашисттердің позицияларына жақындағанда аула сыпыратын сыпыртқы дыбысы ғана естілді. Ұшу арасындағы үзіліс: 5-8 минут. Жаз мезгілінде ұшақтың экипажы бір түнде 6-8 әуе сапарын жасады, ал қыста — 10-12. Ұшақтар 28 676 сағат (1191 толық тәулік) әуеде болған. Хиуаз Доспанова мерген-ұшқыш болып, 300-ден астам әуе сапарын жасады. 

Хиуаз қауіпсіз белдігін тақпайтын. Бәлкім, бұл әдеті оны өлімнен құтқарған болар. 1943 жылдың көктемінде ұшу алаңына қонуда Пашкова мен Доспанованың ұшағы Макогон мен Свистунова басқаратын ұшақпен соқтығысып қалды. Көп ұзамай, апат болған жерге жедел-жәрдем де келіп жетті. Макогон мен Свистунова мерт болды. Доспанова мен Пашкова дала әскери ауруханасына жеткізілді. Юля операция үстелінде көз жұмды. Хиуаздан да тіршілік нышаны білінбей, оны мәйітханаға апарып, әскери құрбысымен қатар салды. Сосын медбикелер оның жүзі өлі адамға ұқсамайтынын байқап қалады. Қызды ажалдан құтқарып алуға дереу кіріседі. О, ғажап, әлден уақытта кірпігі қимылдап, қыз көзді ашады. Дәрігерлер бiрнеше күн мен түн оның өмiрі үшін күресті. 

Хиуаздың денесі жансыздана бастады, аяқтарының ампутациясы туралы мәселе көтерiлдi, дегенмен, дәрігер: «Жоқ, мен бұл қызды аяғынан айыра алмаймын! Егер есін жинаса, оған аяқтары керек болады!», — деді. 

Хиуаз тірі қалды. Алғашқы кезде Хиуаз таяқшаға сүйеніп жүретін, бірақ әуедегі шайқастарға қатысуын жалғастырды. Оны ұшаққа мінгізіп, кейін одан шығуға көмектесті. Уақыт өте келе, Доспанова байланыс штабының басшысы болып тағайындалды. 

Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерін, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын иеленді... 2004 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Хиуаз Доспановаға республикамыздағы ең жоғарғы марапат — «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдызы берілді. 

2008 жылы ержүрек ұшқыш әйел дүниеден өтті, бірақ оның есімі халық жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.