ХХ ғасырдың басында Ресей империясының бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуының салдарынан Қазақстан қиын күндерді бастан кешіріп жатты
Қазақстан әскери іс-қиымлдардың негізгі театры болмағанына қарамастан, империяның басқа түкпірлеріндегідей бұл жерде де монархиялық құрылысқа қарсылық білдірген стихиялық көтерілістер болып тұрды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстан аумағындағы әкімшілік басқару біресе ақтардың, біресе большевиктердің қолына кезек-кезек өтіп отырды. Qazaqstan Tarihy порталы большевиктер жағында соғысып, Азамат соғысында қаза тапқан қазақтардың есімін еске түсіріп көрмекші
Амангелді Иманов – 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі. Ол Кенесарының хан кеңесіне кірген батыр Иман Дулатұлының әулетінен шыққан. Амангелді сегіз жаста болғанда әкесі қайтыс болған. Осы жаста ол медресеге оқуға барып, онда түрік, парсы, араб тілдерін үйренеді. Кейін Амангелдінің бастауымен туған ауылы Терісбұтақта мектеп ашылады. Қазақтардан тыл жұмыстарына адам алуға қарсы 1916 жылғы көтеріліс Амангелдіні халыққа аса танымал етті. Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің үгіт жұмыстары қазақ даласында наразылардың қатарын көбейте түсті. Халыққа жасаған үндеулерінің бірінде Иманов былай дейді:
«Зұлымдар, сіз бен біздің жауларымыз, өз құқығымызды қорғау үшін көтерілген біздер барлық орыстарды өлтіріп жатыр деген қаңқу сөз таратуда. Бұл өтірік. Біз еңбекші орыс халқымен соғыспаймыз. Біз патшамен, патшалық тәртіппен, бізді патшаға сатып, қанымызды төгіп отырған өзіміздің бай-молдаларымызбен соғысамыз. Өсек-аянға сенбеңдер!»
Көтерілістің шырқау шегінде Амангелдінің қоластында 50 мыңға жуық адам болып, олар Ақпан революциясына дейін ұрыс қимылдарын тоқтатпаған дейді тарихшылар. Қазақ революциясынан кейін, 1917 жылдың қазаны мен 1918 жылдың қаңтары аралығында, А.Иманов Әліби Жангелдинмен бірге Торғай даласында социализмді үндеуге белсене қатысқан. 1918 жылдың наурызында Амангелді Орынбордағы Советтердің облыстық съезіне қатысады, ал шілдеде Торғай уезінде Советтердің ауылдық және облыстық сайлауларын өткізеді. Азамат соғысы Қазақстанға да келгенде ол Әліби Жангелдинмен бірге Қазақстандағы Қызыл армияның алғашқы отрядтарын жасақтап, Колчак армиясының тылындағы партизандарға көмектеседі. 1918 жылғы қарашада иманов пен Жангшелдин бастаған отряд Торғайды ақ гвардияшылардан азат етеді.
Имановтың (суретте сол жақта) іс-әрекеті «Алаш орда» басшыларының мүдделеріне кереғар келді. Мысалы, 1917 жылдың мамырында Әлихан Бөкейханов Сыртқы істер министрі Сергей Урусовқа Имановты «кәсіби барымташы» ретінде сипаттаған. Одан қалса, сол жылдың жазында билер сотымен Имановты Сібірге он жылға жер аударуға үкім шығарады. Сонымен қоса, Колчак әскері 1919 жылдың көктемінде Шығыс майданда шабуылға көшеді. Осы шабуылдан кейін Торғайдағы совет үкіметі көп ұзамай құлайды деп көрген «Алаш орда» басшылары сол жылдың 20 сәуірінде ақ гвардияшылардың көмегімен Торғайда ереуіл ұйымдастырып, Торғай уезінің әскери комиссары А.Имановты тұтқындайды. Архив деректеріне сүйенер болсақ, ереуіл басталғанда-ақ қызыл партизандар отряды Торғай жағына қарай бет алып, қаланы алашордашылардан тартып алады. Алайда, бұл Амангелді Имановты құтқара алмады: оны 1919 жылдың 18 мамырында шегініп бара жатқан совет үкіметінің қарсыластары қалаға партизан отряды кірерден бірер сағат бұрын өлтіреді. Бір нұсқалар бойынша А.Имановтың өліміне тікелей алашордашылардың қатысы бар. Бқл туралы Амангелді Имановтың досы Әліби Жангелдин айтқан. Енді бір нұсқа бойынша 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысының өліміне ақ гвардияшылар кінәлі. Қалай болған күнде де, Алаш ордаға қатысты 12 томдық тергеу ісі парақтарында Міржақып Дулатовтың өзі қол қойған орысша жазылған түсініктеме бар:
«Мен Амангелді Имановтың өліміне кінәлімін. Бірақ оны тікелей өлтірген мен емес. Мен жауапкершілігімді сезінемін. Өйткені, күдікпен Амангелдіні түрмеге жауып қойдық. «Қостанай жақтан қызылдардың отряды келе жатыр» деген хабарды естіген соң мен отрядтың бір бөлігін алып, Торғайдан 30 шақырымдай жерде солардың алдынан шықтым...»,- деп жазады ол.
Қазақ даласында Совет үкіметінің орнауын бар жанымен қалағандардың тағы бірі - Әбдіғаппар Жанбосынов (суретте оң жақта), Тілеулі батырдың ұрпағы, торғай қыпшақтарының көшбасшысы және Абылай заманында өмір сүрген Нияз бидің немересі. Ол да Амангелді Иманов сияқты 1916 жылғы көтеріліске қатысқан, Торғай облысының жалпы ханы болып сайланған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталардың аз алдында ғана ол болыс болып сайланып, патша әкімшілігі бұратана халықтарды тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық шығарғанға дейін өз міндетін адал атқарған. Ә.Жанбосынов қол жинап, жазалаушы отрядтарға қарсы ашық соғыс жүргізген. Көтеріліс кезіндегі Жанбосыновтың ставкасындағы жай-күй туралы көзкөргендер былай дейді:
«Әскерді жақсартумен қатар әмір Әбдіғаппар уездің өз бөлігінде азаматтық басқаруды ұйымдастырумен де айналысты. Алдымен оның жоғары билігі жеке-дара болмағанын айта кету керек. Ол хан атағынан бас тартып, билікті жеке-дара ғана жүргізбей, халықтың көмегімен жүргізгісі келетіндігінің белгісі ретінде әмір титулын қабылдайды. Оның жанында болыстардан сайланған 20 адамнан тұратын кеңес болады. Әмір және оның кеңесі басқарған Торғай уезінің бөлігінде патша үкіметі қойған басшылар болмады. Бар билік жергілікті халықтың қолына өтеді. Елден жиналған алым-салық әкімшілік пен ұлттық әскерді ұстауға жұмсалды. Халық соттары да қайтадан сайланды. Осы кезде Торғай уезінде қазақ-қырғыздардың арасында қылмыс азайғаны байқалған. Тіпті барымта мен ұрлық та азайған» «Торғай қазақ-қырғыздарының 1916-1917 жж көтерілісі» 1 маусым 1926 ж.
Ақпан революциясының алдында көтеріліс көсемі Ә.Жанбосынов ұсталады, бірақ елде басталған революциялық толқулар оны жазалаудан құтқарып қалады. Патша режимі құлап, 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін билік басына жұмысшы-шаруалар үкіметі келеді, оған алашордашылар мен ақ гвардияшылардың біріккен күштері қарсылық білдіреді. Әбдіғаппар алашордашылардың пікірін бөліспегендіктен, 1918 жылдың наурызында Орынборда өткен Советтердің 1-ші Торғай съезіне қатысады. Алайда, большевиктердің өз ізашарларының империалистік саясатын жалғастырып отырғандарын, қазақтарға өз тағдырын өзі таңдау құқығын бермейтіндеріне көзі жеткен Ә.Жанбосыновтың совет үкіметінен көңілі қалады. Оны қызыләскер командирлері туған ауылынан алдап шақырып алып, 1919 жылдың 21 қарашасында атып өлтіреді.
Отыншы Әлжанов (суретте сол жақта) үкімет мүшелегіне 1917 жылы ғана өткеніне қарамастан, алашордашылардың жауынгерлік отрядының командирі болған. Ол да замандастары сияқты қысқа ғана ғұмыр кешті, бірақ сол ғұмыры қазақ халқының мүддесі үшін күреске толы болды. Ол 1870 жылы Семей облысының Нарын болыстығында ауылдардың бірінде дүниеге келген. Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, ол алдымен генерал-губернатор кеңесінің іс жүргізушісі болады, кейін сот аудармашысы, Көкпектідегі орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болады. Көкпектіде ол екі жыл болады, сол аралықта ол қазақ даласының ең құнарлы жерлеріне қонысаударушылардың орналасуына мүмкіндік берген патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылығымен есте қалады. 1909 жылы жергілікті билік оны Лепсі уезіне бес жылға жер аударып жібереді. Лепсіде О.Әлжанов адвокатурамен айналысады, үйінде Қарақол көтерілісінің қатысушыларын жасырды деп айыпталады. Жер аударылған Әлжановтың тәртібі туралы подполковник Авровтың әскери губернаторға жазған баянатында былай делінген:
«Отыншы Әлжанов сенімсіз жан ретінде жер аударылған. Осында, Лепсіде, ол адвокатурамен айналысады, жергілікті қырғыз-татарлар арасында үлкен ықпалға ие... Открытое сопротивление в Каракольской волости может иметь большое значение в настроениях местного люда. Зная О. Альжанова, как неоднократно пытавшегося производить беспорядки в предыдущие выборы, и подчиняющегося русской власти только при настойчивым за ним наблюдением, считаю влияние О. Альжанова на киргиз, безусловно, вредным и опасным для спокойствия среди киргизского населения, поддерживаемого татарами. Требует усиленного надзора за населением и, особенно, лицами, вредно влияющими на население, и посему, последних для спокойствия в уезде необходимо удалить. В первую очередь прошу об удалении в дальний уезд, хотя бы в Сырдарьинскую волость, Отунчи Альджанова» из книги С. Альжановой и Г. Тулемисовой «Беркут Алаш-Орды»
Дегенмен де, әскери губернатор Әлжановты жер аударуға негіз таппағандықтан, ол 1915 жылы босатылғанға дейін Лепсіде қалады. 1915 жылы О.Әлжанов Верный облыстық сотына қызметкер болып қызметке тұрады. Ақпан революциясынан және халықтың қоғамдық-саяси белсенділігі артқаннан кейін бүкіл Қазақстан аумағында түрлі комитет, одақ, партия, қоғамдық ұйымдар көптеп құрыла бастады. О.Әлжанов Лепсі уезі комиссарының орынбасары болып тағайындалады. 1917 жылдың жазында Әлжанов Уақытша үкіметтің патша армиясының полковнигі шенін алады да, уездік милицияны жасақтауға кірісіп кетеді. Ал желтоқсанда өткен екінші Бүкілқазақ съезінде Алаш орда үкіметінің құрамына сайланады. Жетісудағы большевиктермен шайқас кезінде Отыншы Әлжанов Алаш милициясының отрядын басқарады. Ол 1918 жылдың жазында Мақаншы түбіндегі шайқас кезінде қаза болады.
Әлжановтың өмірін зерттеушілер, өлерінің алдында О.Әлжановтың Алаш орда саясатынан көңілі қалғандығын жазады. Десе де, ол ақ гвардияшылар жағында соғысудың мәні жоқ екенін көріп, орыстың қазақ даласында билік құруы үшін қан төгіп жүрген қазақтың бостандық алатындығына сенбеген ол өз үзеңгілестеріне Қытай асып кетуді ұсынады. 1918 жылдың 12 тамызында О.Әлжанов қалған әскерімен Қызыл армия әскері тұрған Көктұма ауылына жақындап келеді. Отыншы қаза болғаннан кейін бір айдан кейін Міржақып Дулатов азанамада былай деп жазады:
«Ол ел басына пәле туып тұрғанда мен халқымды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін» деген өз сөзінде тұрды»
Совет үкіметі қазақтарға өз тағдырын өзі шешу құқығын сыйлайды деп тек Амангелді Иманов қана сеніп қойған жоқ, сонымен қоса осы идеяға Тоқаш Бокин де, Баймағамбет Ізтөлин де, Сәкен Сейфуллин де сенді. Елдің соғысуға әл-қуатының жетіспейтіндігін түсінген Алаш орда үкіметі Ақ гвардия солдаттарымен қатар тұрып соғысуға келісті. Ал алауыздық пен бүліншілік сеуіп жүргендерге (Кейкі батыр) қарсы соғысушылар екі жаққа да жау болды. Қалай болғанда да, бұл адамдардың барлығы елі үшін тек жақсылықты қалады, сондықтан да олар қазақтың жауы деп санағандарға қарсы қару алып соғысқа шығудан қорықпады. Олардың әрқайсысы болашақтағы ел тәуелсіздігіне өз үлестерін қосып, «өз басын құтқарамын деп ел басына күн туып тұрғанда халқын тастап кетпеді».