«Жамбылдың жұмбақ әлемі» атты кітап жарық көрді
08.11.2024 92

Жуырда ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың көпшілікке беймәлім болып келген қабілеттері жайында ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, ақынның көзін көрген ақсақалдардан дәйекті деректерді қағазға түсіріп, ол мәліметтерді ғылыми тұрғыда сараптап, терең зерделеген ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаеваның (1945-2019) «Жамбылдың жұмбақ әлемі» деп аталатын еңбегі «Evo Press» баспасынан жарық көрді. 

Ғалымның қолжазбасын жүйелеп баспаға ұсынған Шарафат Жылқыбаеваның айтуынша, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен  жарық көрген бұл кітап Жамбыл жыраудың жалпыға айтылмай келген белгісіз қырларын көрсетуге арналған. 

Өмірінің бар болғаны кейінгі 10 жылында ғана мемлекеттік қамқорлыққа алынған ақынның одан бұрынғы сексен-тоқсан жылдық өмірі жұртшылыққа белгісіз боп келгені мәлім. Кітап авторы кезінде Жамбыл өмірімен байланысты құнды мәліметтерді оның көзін көріп, дәмдес болған  қариялардан  жазып алып, Қазан төңкерісіне дейін Жамбыл ақынмен жиі араласқан кісілердің айтқандарын қағазға түсірген. Ғалымның мақсаты — Жамбылмен замандас ақсақалдардың айтқандарын саралап, ұлы жыраудың осы  кезге дейін танылмай келген қырларынан оқырманды хабардар ету. 

Жамбыл жыраудың өміріне көңіл аударып, 50 жыл бойы зерттеу барысында қоршаған дүниедегі тылсым күштердің осы кезге дейін ашылмай келген сырларын ұғуға мүмкіндік туғанын жеткізген кітап авторы ақын өмірге келген аймақ пен оның жүріп өткен жолдары, үлкен ортасы адамзат өміріндегі дүние тарихымен байланысты екенін түсіндіреді. 

Бұл салада авторға Алтын адам жазуы көмектескен.