Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих пен шежіре: «қария сөздің» қадірін біліп жүрміз бе?

2174
Тарих пен шежіре: «қария сөздің» қадірін біліп жүрміз бе? - e-history.kz

Ерте заманнан тарихи әңгімелерге сусындап өсіп, оны халыққа жеткізіп отыратын адамдар өмір сүрген. Қазақтар ол кісілерді шежірешілер немесе шежіре айтушылар деген. Біріншіден, «шежіре» сөзі – ақсақалдардан ғасырдан ғасырға беріліп, ұрпақ жалғастығын табатын тарихи құнды мұра. Араб тілінен алғанда, «шежіре» сөзі ағаштың бұтағы дегенді білдірсе, көне моңғол мен түркі тілінде рухани мұра немесе есте сақтау қабілетін шыңдайтын, ойда сақталатын білім болып саналады. Мысалы, моңғол тілінен алып қарастырсақ, «шежіре» «цээжээр» деп айтылады, ал қалмақтарда «шежіре» «чееджыр дасх» делінсе, тувалар – «шээжилээр», мағынасы «жады, есте сақтау, адам жадысындағы білім, жатқа айту» дегенді білдіреді.

Қазақ тілінде «шежіре» тек «шыққан тегін» тарату ғана емес, «генеология», «тарих» деген мағынасында да сақталынып қалды. Ал «еске сақтауды» белгілеу үшін қазақ тілінде парсыдан енген «йад» – «жады», «жаттау», «жатқа білу» сөзі түп-тамырын – «еске сақтау», «естелік», «образ» сөзінен алады. Сол себепті, бұл сөздің шығу төркінін дұрыс білу үшін және аталмыш сөздің бастапқы мағынасын бізге «шежіре» түсінігінің қазақ тіліндегі мағынасын кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, «шежіре» ұғымын жай ғана «генеология» деп қабылдамай, оны «тарих» мағынасында жиі қолданылады. Қазақтарда «шежіре» мен «тарих» ұғымы жымдасып кеткен бірегей түсінік береді.

Шежірені көшпелі тайпалардың ауызша «тарихи аңыз», «қария сөз» үлгісінде жалғасып жатқан тарихи дәстүр ретінде қарастырылады. Тарихи-генеологиялық аңыз-әңгімелер желісінде бірде ақсүйек ретінде танылған хандардың түп-тегімен, кейбір кезде көшпелі тұрмыс салтын ұстанған халықтың генеологиясымен байланыста сипатталады. Қазақ халқының ру-тайпалық жүйесі аталмыш шежіренің көптеген нұсқаларында көрініс беріп, олардың этно-әлеуметтік құрылымдық жүйесі қамтылады.

Шежіремізде кездесетін Кіші жүз үш арыстан, олардың кішілері Бекарыспен тараған. Шежіреге үңілер болсақ, Бекарыс арқылы Ордаш, Ордаштан Шаншар, Шаншардан Тоқпан, Тоқпаннан Алау, Алаудан Арғымақ тарайды. Кейін алаудаг Алшын туып, Алшыннан Қыдуар туып, содан кейін Қаракесек, он екі ата Байұлы тарайды. Арғымақтың баласы Телеу туылып, оған Алшын мен Рамадан бірігіп, барлығы бір Жетіруға қосылады. Ендігі бір шежіреде Бекарыспен Маңғытай, Маңғытаймен Алшын, Алшынмен Алау, Алаумен Қыдуар, Қыдуармен Нәдірқожа, Қыдырқожа, Сәдірқожа тарқайды. Қыдырқожамен Жетіру өрбісе, Сәдірқожамен Әлім, Шөмекей, Кете тарайды. 

Мысалы, жетіру тарихнамада түрлі тайпалармен бірлесіп біріккен тайпа ретінде көрініс табады. Осы тектес пікірді Мақаш шежіресінен де аңғаруымызға болады. Шежіреде беріректе алшынға Жетіруға келіп бірігетін жағалбайлы және, керейіт, кердері, табын, тама секілді рулардың арғы ата-бабаларының кейін келіп қосылғандығы айтылады. Кердері Әбубәкір және Қарасақал Ерімбет шайырлар қалдырған шежірелер де соған ұқсас. Сол себепті Кіші жүздің Нәдірқожа, Қыдырқожа және Сәдірқожа бірлестіктерінің өрбіткен нұсқаларынан гөрі, осы ғалымдардың келтірген дәлелдемелерімен келісуді жөн көрдік. Осыған ұқсас көптеген шежірелерде, кіші жүздің түп негізіне қожа атауының қосылмайтындығын аңғардық.  Көптеген шежірелерде Құдиярдың ұлдары Қаракесек, яғни Қайырбай ретінде кездеседі. Ауызекі сөйлеуде болса әдетте Қадырқожа, Сәдірқожа ретінде кездеседі. Сонымен қатар, қазақ шежіресін жетік меңгерген Қарасақал Ерімбеттің еңбектерінде Құдиярдың балаларының ішінен Байлы және Қаракесек аталады. 

Ғылымда қолданылып жүрген көптеген шежірелерде кіші жүздің алшынында көбіне Байұлы айтылып жатады. Ғалым Мұхаммеджан Тынышбайұлының еңбектерінде сонау 1917 жылдың өзінде-ақ, қазақтардың саны жағынан көп бірлестігіне он екі ата Байұлы жатты. Сондай-ақ оның жолының үлкен болғандығына күмән жоқ. Десе де, үлкен ақсақалдарға құлақ түрер болсақ, Байұлына қарағанда Қаракесектің жолы әлдеқайда жоғары болды. Оны біз қарастырған шежіреден аңғаруымызға болады. Аталмыш шежіреде Құдиярдың балалары ретінде Қыдырбай мен Қаракесек келтіріледі. 

Осы дәлелдеменің бір көрінісін біздің елді отарлаудың барлаушысына айналып, Әбілқайыр ханға жақындаған Кіші жүз туралы 1748 жылы жазған А.И Тевкелевтің еңбектерінен байқауымызға болады. Ол кіші жүзде алшын руы бар дйді. Алшыннан Байұлы мен Қаракесекке тараған дейді. Қаракесек үлкен 6 атадан тұрған. Байұлының құрамында он екі ру болып, саздап төмендеу болған. Кіші жүздің төменгі деңгейдегі елі Жетіру болды. Ертеректе олар бөлек-бөлек өмір сүріп, жан-жағылардан көп зәбір көрген. Содан соң Тәуке ханның берген кеңесіне құлақ асып, Жетіруды құрады.

Кіші жүзді алып қарасақ, ол  «25 – таңбалы Кіші жүз» болса, кей кездері төрт ата Шөмекей «29 таңбалы Кіші жүз» де бірігіп отырған. Ақтөбе елдімекенінің азаматы А. Ағыбайұлы оларға Қаракетей мен Ожырайды, яғни Кетенің 2 атасын біріктіріп, оларды отыз бір таңбаға бөледі. Кіші жүздің осы толық нұсқасын барлығымыз қолдаймыз. 

Тағы бір шежірелердің бірінде Құдиярдың үлкен ұлының кедей болғандығы сөз етіледі. Сол себепті де оған Қаракесек атауы берілген. Бәйбішесі екеуінен Байсары дүниеге келеді. Арада біраз уақыт өтпей-ақ жұбайы көз жұмып, Қаракесекке атасы кейінгі қызын береді. Олардан Шөмен мен Әлім тарайды. Майлыбай мен Бозаншар Майлыбайдан тарайды.  Кете әулеті Байсарыдан тараса, Майлыбайдан ұрпақ тарамайды. Олардың Кете деп аталуы Байсарының Кетебике деген жұбайының болуына байланысты дейді. Күндердің күнінде Байсары жорық кезінде тұтқынға түсіп, көз жұмғандықтан, Кетебикені Әлім әйел етіп алады. Кетебике Әлімнен Тойқожаны өмірге әкеледі. Кетебикені Әлім өмірден озған соң, Шөмен алып, Шөменнен Түменқожаны өмірге әкеледі. Осылайша Қаракесектің  3 ұлының Кетебикеден тараған ұрпақтары аналарының маңын айналшықтап, өздерін кете деп атап кеткен делінеді. Қаракете, Кете және Ожырай Түменқожа мен Бозаншардың ұрпағынан тараса, Ақкете болса Тойқожаның тұқымынан өрбиді. Осы тұста Шернияздың үш таңбалы кетемін дейтін орамдары ойға оралады. Шөмекейлермен Қаракете етене жақын болғандықтан оларды «Кете-Шөмекей» деп атаған. Осы тұста тағы бір мән берерлік жайт шежірешілердің бір тобы Құлыс пен Жанбақтының, Асанның әкелері Сарыны Бозаншардан тараған Адамқожаның тегі деп айтса, ендігі бір тобы оны Түменқожадан тараған ұрпаққа балайды. Сонымен қатар, шежірешілер Ақкетенің ішіндегі түйте және мамыт руларын Түменқожаның баласына балайды. Сол себепті де Сарыны екеуімен байланыстырдық. Ойымызды жүйелей келе, Түменқожа мен Қаракетенің ара-жігін анықтауда шежірешілер дәйекті жауап берсе екен дейміз. 

Әлім – өніп-өскен ел. Оның бір ұлының, яғни Ұланақтың қосалқы аты Қаракесек деп көрініс табуын шежірешілер келесідей етіп топшылайды. Қаракесек өзінің қарттық шағында кішкентай немерелерінің ішінен Ұланақты өз тәрбиесіне алып, оны туған баласынан артық көріп, «сасығым» деп жақсы көріп, тәрбиелеген. Кейінірек Қаракесек көз жұмған соң, Ұланақ сол шаңырақты қолына алып, содан барып халық оны Қаракесек деп атаған. Төгенболат пен Айнықтың Қарасақал атануының себебі, Айнықтың сақалы ұзын болған тәрізді. Айнық өмірден ерте озғандықтан, Тегенболат оның әйелін әйелдікке алады. Тегенболаттың ұлдары Пұсырман және Шіңгір, сондай-ақ Айнықтың ұлы Сарбастың қосалқы атпен үш қарасақал атануының мәні осында.

Ел аузында тараған ауызекі шежірелерде Кіші жүздің қабырғалы Байұлы бірлестігі он екі атадан тұратындығы айтылады. Ғылыми айналымға енген мағлұматтарда да, жарияланған шежірелерде де олар, көбінесе мынадай болып тізбектеледі: Шеркеш, Есентемір, Таз, Ысық, Адай, Беріш, Байпақты, Қызылқұрт, Тана, Масқар, Алаша, Алтын, Жаппас. Бірақ санамалай келсек, олардың біреуі артық екендігі байқалып тұрады. Сондықтан да кейбір көптеген шежірелерде Байұлын дағдыдағы «он екі ата» анықтауышына дәлелдік келтіру үшін бір атаны қысқартып та жатады. Кіші жүздің батыс аймағынан келіп жеткен шежірелерде өздерінен қашықтау жатқан Сыр бойы мен Ырғыз маңын мекен еткен Алтынды санаққа қоспайды, оны бірде: «Алтын – қыздың аты, ұзатылған жерінен қайтып келіп, туысы Жаппаспен қоныстас болады, содан Алтын-Жаппас атанады» десе, екінші бір шежірелік сипаттамада: «Жаппастың шешесі Алтын – Орта жүздің белді руы қыпшақтың қызы екен. Кейбір жандар Алтын-Жаппас деп шешесін баласына қосақтап, Байұлын 13 атаға жеткізеді»,-деп түйіндейді. Келесі бірінде: «Алтын – Жаппастың өз қызы екен. Адайдың баласы Келімбердінің Ақпан деген баласына ұзатылыпты. Ақпан ерте қайтыс болып, жесір қалады. Әмеңгерлік заңына көнбей, өзінің төркін маңына көшіп келіп, өз алдына жеке Алтын деген ру болып қалыптасады»,-делінеді. Ал Алтын руының шежірешілері: «Бақтысиықтың (немесе Қыдырсиықтың) бәйбішесінен Алтын, тоқалы Самса анамыздан Жаппас туыпты, екеуі еншілес болғандықтан қатар аталыпты», – деп түйеді де, өздері тарапынан айтылатын шежіреде он екі ата Байұлына Тананы немесе Байбақтыны (екеуін бір-бірінің баласы деп) қоспайды. Кейбір шежірелік жосында он екі атадан кейде Қызылқұрт руы, кейде Масқар руы тысқары қалып қояды.

Байұлының қалай он екі атаға топтасып қалыптасқаны туралы осындай біріне бірі қайшы келетін шатасулардың негізгі төркіні білгір шежірешілер тарапынан жүйеге келтірілген жіктеулердің айналысқа әлі де болса кеңінен түспей жатқандығына байланысты болса керек. Мысалы, Байұлы рулық тармақтарына арналған толымды шежірелерде Құдиярдың бір баласы Қыдырбайдан  Қыдырсиық, Сұлтансиық, Бақтысиық (Бақсиық) туғандығы жөнінде айтылады. Шеркеш Мақаш әкімнен, Беріш Мұрат Мөңке ұлынан, Таз Есенбектен, Адай Еңсеп Шәуметайұлынан қалды делінетін шежірелерде, М. Тынышбайұлына Кіші жүздің мәліметтерін дайындауға қолқабыс еткен профессор Халел Досмұхамедұлының жіктемесінде де он екі ата Байұлы осындай ыңғайда тізбектеледі.

Сондай шежірелердің бірін бізге Атырау облысы Ембі (Жем) ауданының «Қазақстан»  кеңшарынан қазақ тарихы мен әдебиетін, қария сөздерін терең зерделейтін Жанаш Нұрмахан ақсақал да жіберген еді. Ол кісі Байұлы бірлестігін он екі атаға жіктеуде ұшырасып жүрген жеті нұсқаны көлденең тарта отырып, солардың арасынан үш сиыққа қатысы бар бір нұсқаға ден қоятындығын білдіреді. Біз де қолда бар көп шежірелердегі деректерді салғастыра қарап, олардың бірсыпырасы Жәкең таңдаған сол нұсқаға үйлесіп жататындығына көз жеткіздік. 

Он екі ата Байұлы бұрынғы жіктеумен Қыдырсиық, Бақтысиық, Сұлтансиық, Есентемір, Таз, Адай, Беріш, Алтын, Жаппас, Ебейті, Ноғайты, Мадияр атты аталардан тұрған. Қазіргі кезде кейінгі ел, яғни Алтынды есепке алмай, Құлақасқа, Дутай, Алтытабан, Алтыбасарды ауыстырып жататын нұсқалары да кездеседі.  Қазіргі таңда аты ұмыт болған, он екі атаның бірі сол заманда өзге ұлттың құрамына еніп кетуі мүмкін. Мысалға алар болсақ, ақсақал Жанаш ноғайтыларды бүгінгі ноғай-қазақ руынан тапса, «Ол Ғ. Қараштың жұрты, кей кездері Берішке еніп айтылса, Мадияр болса қазіргі Мажар қыпшақтарының құрамына енді», – дейді. Сиық арқылы өрбіген аталарда біртектілік жоқ. Тек Сұлтансиықпен өрбіген ұрпақ ғана өзгермейді. Бақтысиық және Қыдырсиықтың ұрпақтары өзара бірде анда, бірде мында ауысып жатады. Оған шежірелерде Бақсиықтың баласы болып жүргендері, ендігі бір шежіреде  Қыдырсиықтың ұрпағы болып көрініс табады. 

Аталмыш кестеде үш сиықтың ұрпағы жеті ата арқылы көрініс табады. Шежірешілер өзге аталардың Байұлының құрамына қалай енгендігі жайлы не айтар екен. Соның барлығын сараптай келе, мынадай қорытындыға келуге болады. Бай Аманқожа өлгеннен кейін оның әйелін әйелдікке алып, ол екеуінен таз өмірге келеді. Ертеде Атақожа деген кісінің Елтай мен Ештай атты ұлдары өмір сүрген екен. Өмірден Ештай ерте озғандықтан, құрсағында қалған ұлға Беріш деген ат береді. Ж. Қалиұлы мен І. Шыртанұлының жіберген мәліметтерінде Байдың Қанбибі атты сұлу қызын Елтай әйелдікке алады, олардан Адай өмірге келеді. Анасы Адайды өмірге әкеле салысымен-ақ көз жұмып, Адайды Таздың анасы емізген дейді. Осы тұста  «Аққу менен қаз егіз, Адай менен Таз егіз» атты мақал ойға оралады. Халық арасында Есентемір өзге мекеннен келген, бастапқыда байдың жылқысын бақса, содан соң сол байдың баласы болып кеткен деген алып қашпа әңгімелер де кездеседі. 

 «Қазақ тілі» қоғамы Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Ізбасар Шыртанұлы шежіреші Алшын Меңдалиұлынан алған деректерде белгілі жидашы Ыбыраш Қорқытұлының он екі ата Байұлын былайша таратқанын да қаперге алады. 

Сол нұсқаға сүйенсек, Құдиярдан Асанқожа мен Алқожа тарайды. Асанқожамен Қыдырқожа, Қалпақ, Естай, Ерқожа, Елтай тарайды.  Қыдырқожамен Қыдырсиық, Сұлтансиық, Бақтысиық, Ерқожамен оның қызы алтын, Жаппас пен Ожырай тарайды. Естаймен Беріш, Елтаймен Адай, Атамен Есентемір, Қалпақпен Таз жалғасады. Ожырай бөлініп берген еншіге көңілі толмай, Кетеге кетіп қалад. 

Белгілі ақын М.Мөңкеұлының келтірген шежіресінде Құдиярдан Алқожа,Сәдірқожа, Нұрқожа, Нәдірқожа, Қыдырқожа. Асанқожа тарайды деп берілген. Асанқожаның ұлдары ретінде Жаппас пен Ожырай көрініс  табады. Нұрқожаның әкесі Есентемір. Нұрқожа өмірден ерте озғандықтан, жұбайы Тастыны Қыдырқожа алады. Қыдырқожаға әйел болған Тасты Алтынды өмірге әкеледі. Алқожаның ұлы Беріш болды. Алқожа да, Асанқожа да шежіре бойынша жаудың қолынан қаза тауып, Қыдырқожа олардан қалған балаларды өз тәрбиесіне алады. М. Мөңкеұлының келтірген шежіресінде Адай Қыдырқожаның ғайыптан туған баласы, анасы өмірден озғандықтан оны Күнжан, яғни Таздың анасы тәрбиелейді. Беріш, Жаппас және Есентемір Қыдырқожаның туыстары болғандықтан, оның туған балалары ретінде Адай және Бақсиық, Сұлтансиық және Қыдырсиық, Алтын беріледі. 

Сол сиықты түрлі сарындарға негізделген ауызекі шежірелерде кездесетін Байұлының тарих сахнасында көптеген тайпалар бірлестігімен бірігіп қосылғандығын аңғаруымызға болады. Шежірелерде кездесетін атақты рулар мен тайпалардың басшылары бір баланы асырап алған, яғни киімді бала немесе баласына еншілес еткен сияқты аңыздар бастапқыда әлгі аталардың өзге елден келіп қосылғандығынан көрініс береді. Десе де, халықтың шығармашылығы барлығын да бір атаның баласына балап, бір кіндіктен тараған ұрпақ сияқты көрсетіп, олардың барлығын туыстас етіп көрсетеді. 

Тіпті сенімді бола түссін деп, арғы түп-тегін пайғамбарға, сахабаларға әкетеді, бергі жағын қожалар мен сиықтарға (әулиелерге) қабыстырып қояды. Бұл арғы жағы. Дегенмен кезек әр ру, тайпаның тармақталуына келген кезде деректер біртіндеп нақтылана береді. Дұрыстап, жүйелеп тергеген адамға кейінгі төрт-бес ғасырғы ата-тек тізбесін анықтап алуға әбден болады. Ал дәл осы қасиет – қазақ халқының өзіне ғана тән ғажайып ерекшелік. Дүниенің басқа елінде түп-тегіне дәл қазақтай қарайтын, ата-бабаларын ауызша тізбектеп айта алатын дәстүр жоқтың қасы. 

Қызылқұрт руының таңбасының көсеу болуы оның Ұлы жүздің көсеу таңбалы Ысты руының Қызылқұрт атасымен өзара туысқандық байланысы барын байқататындай болады, деп пікір білдіреді ғалымдар В.Востров пен М.Мұқанов. Жалпы алғанда қазақтардың рулық таңбаларының бірдей болып келуі кездейсоқтық емес, көбіне сабақтастыққа жатады. Кім біледі, осы тұрғыдан алып қарағанда ілгерідегі уақытта бұл аттас екі рудың бір-бірімен ішек-қарын аралыстырған туыстық жағдайы болуы да ғажап емес. Сондай-ақ қырғыздың Сару тайпасында да қызылқұрт руы бар. 

Алаша руы жөнінде де тарихи деректер аз. Н.Аристов аталмыш руды Саян-Алтай аймағын мекен еткен угрофин тектес ежелгі динлин жұртымен қатысты болса керек деп пікір білдіреді. Еске қазақ аңыз-әңгімелеріндегі алты алаштың түп атасы саналатын Алаша хан есімі де түседі. Бұл рудың аты түрікмендерде де бар. Олардың ішіндегі Сарық бірлестігіне енетін бес атасының біреуі Алаша деп аталады. Оны Қырым татарлары арасында да кездестіреміз. 

Атадан балаға жалғасын тауып келе жатқан ауыекі шежірелік жосын бойынша Жетіру бірлестігіне енетін рулардың шығу тегі де Бекарыс ұрпақтары – ағалы-інілі Арғымақ пен Алау есімдерінен бастау алып жатады. Әуелі арғымақтан Телеу туған екен дейді. Ол Рамаданды өзіне еншілес қылып алады. Жаугершілік, шапқыншылық пен сол заманда Алау батырға да әр жылдарда басқа жақтардан Сәдір, Нәдір, Қылуар, Сәдбан (жігіттер) келіп паналап, оның баласы Алшынмен еншілес атанады. Кейіннен Сәдірден – Тама, Табын, Нәдірден – Кердері, Қылуардан – Керейт туады. Сәдбаннан Қарақатыс (Жауырыншы), одан – Мілде, одан – Елеу мырза туады. Осы Елеуден он екі ата Жағалбайлы тарайды.

Алшын Құдияр деген баласын кешірек көреді де, ол ерке, сотқар болып өседі. Сондықтан да ел оған Құдияр тентек деген ат қояды. Құдияр кейіннен еншілестердің балаларына тиісіп, сабап күн көрсетпейді. Содан олардың бәрі арғымақ баласы Телеу мырзаға келіпсағалаған көрінеді. Осы қауымдасудың нәтижесінде Жетіру бірлестігі (Телеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы) құрылған екен, дейді шежірешілер. Қария сөздер арасында (Қарасақал Ерімбет) Құдияр – Алшынның бәйбішесінің баласы, Сәдір мен Нәдір – екінші әйелінің балалары деп те сипатталатын нұсқа да бар. Сәдірден – Тама, Табын, Нәдірден – Кердері, Арғымақтың бәйбішесінен – Телеу, кейінгі әйелдерінен – Рамадан, Қарақатыс, Керейт туған. Енді бір шежірелерде, Жетіруға кіретін елдердің бәрі Арғымақтан (Бәйбішеден – Телеу, екінші әйелінен – Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Рамадан, үшінші әйелінен – Тама, табын деп) таралып жатады. Кіші жүзді нәдірқожа, Сәдірқожа, Қыдырқожа атты «үш қожадан» тарқататын нұсқа бойынша Жетіру елдері түгелдей Нәдірқожаның балалары боп есептеледі. 

Қорыта келе, шежірелік жосынға сəйкес, Алаша, Алшын, Адай, Байбақты, Беріш, Есентемір, Жаппас (Алтын), Қызылқұрт, Масқар, Таз, Ысық, Шеркеш Байұлына кіреді. Құрамындағы тайпалардың саны 12 болуына байланысты бұл бірлестік он екі ата Байұлы деп аталады. Жетірудың құрамы атынан көрініп тұрғандай, Жағалбайлы, Кердері, Керейт, Табын,Тама, Телеу, Рамадан деп аталатын жеті тайпадан тұрады. Кете, Қаракесек, Қарасақал, Төртқара, Шекті, Шөмекей тайпалары алты ата Əлімұлы деп аталатын генеалогиялық құрылымға жатады. Осыған орай, басқа қазақ жүздерінде кездеспейтін Кіші жүз тайпаларының Əлімұлы, Байұлы, Жетіру деп аталатын үштік генеалогиялық құрылымдарға ұйымдасқандықтары ерекше назар аударады.

Тайыр Қасымұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?