Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Академикке жазған хат

1653
Академикке жазған хат - e-history.kz

Қазақ археологиясының атасы, аса көрнекті ғалым, атақты академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның теңдессіз бай ғылыми мұрасын қазақ қоғамы түгел игеріп болған жоқ. Ғұламаның эпистолярлық еңбектері, яғни қолтаңбасы қалған хаттары мен қолжазбалары – тарих ғылымы үшін ғана емес, жалпы қазақ руханияты үшін құнды дерек, тағылымы мол бағалы, құнды мұра! Бұл советтік қызыл империя тұсында-ақ, қазақ тарихының терең тамырларын зерттеген, рухани жаңғырудың бастамасындай болған мұралар. Сондықтан бұл ғалымның көзіндей мұра болғанымен, жас ұрпақтың рухани көзін ашуға, білім мен ғылымның мағынасын түсіндіруге таптырмас мотивациялық жазбалар болып отыр. Бұл туралы «Қазақстан тарихы» порталына тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Данагүл Ахметкәрімқызы Махат ханым егжей-тегжейлі баяндап берді. Тарихшы өзінің ФБ-парақшасында жариялаған жазбаны еш өзгертпестен жариялауды дұрыс деп шештік.

Академик Әлкей Марғұлан және Ұлытау ұландары

(Бір хаттың тарихы)

Энциклопедист-ғалым Әлкей Марғұланның жеке қорындағы ғылыми-тарихи эпистолярлық мұраларының арасынан академикке мектеп оқушыларынан келген хаттарды да кездестірдік. Сол хаттардың бірі – Жезқазған облысы Ұлытау селосы №1 Ұлытау орта мектебінің оқушылары Мақсұт Ахметов пен Мақсұт Дүйсековтан келген хат. Хат 1984 жылдың 10 қыркүйегінде жазылған. Мекен-жайы: «472831. Джезказганский обл., с. Улытау. У.С.Ш. №1» деп көрсетіпті, хат жолдаушылардың аты-жөндері жазылмаған. Хат тор көзді оқушы дәптерінің екі бетіне жазылған. Қағазы сарғая бастағанымен жазулары тайға таңба басқандай анық. 

Хат «Сәлеметсіз бе, академик аға! – деп басталған. 

«Біз сізге бұл хатты жазған себебіміз, өзімізді көптен бері қызықтырып жүрген бір сырымызды айтпақшы едік. Ол тасқа жазылған көне жазу мен сүре жазу арабша ма? Әлде басқа түрі ме? Өзімізге белгісіз. Жалпақ тасқа жазылған жазулар толып жатыр. Бізді қатты қызықтырды. Сондықтан біз қолымызға қалам алып, сол тастардың бір-екеуін шамамызша үзінділеп, қағаз бетіне түсірдік. Барлығын түсіру мүмкін емес, қағаз бетіне симас деп ойладық. Осы сурет пен жазулардың қандай жазу екенін, не деп жазылғанын және суреттегі бейне нені айтатынын білгіміз келеді. Сол сияқты қазақ жазуларының тарихын зерттейтін сіздерге де қажеті болып қалмас па екен дейміз.  Сәлеммен хат жолдаушылар: Мақсұт АхметовМақсұт Дүйсеков. №1 Ұлытау орта мектебінің оқушылары. Ұлытау селосы, 10. ІХ. 84 ж.» деп хат мәтіні аяқталған. 

Ал, екінші бетте араб қарпіндегі жазбалар жазылып, оларды сандармен беске бөліп, әр жазбаның астына, қысқаша сипаттама беріп қойған. 

Парақ тігінен түзу сызықпен екіге бөлініп, оның сол жақ бөлігін көлденеңінен тағы екі бөлікке бөліпті, 1 санымен белгіленген жазбалардың астында «тасқа ұзынынан жазылған» деген жазу бар, оң жағын көлденеңінен төрт бөлікке бөліп, 2 санымен белгіленген жазбаның астына «басқа жазулар жоқ», 3 санымен белгілеп көрсеткен жазбаның астына «тас сынған», төртінші жазбаның жоғарғы жағына «бұл тастың ең соңғы жолы», «сосын мынадай таңба тәрізді бар» деген ескерту, бесінші бөлікте, парақтың шетінде, көлденеңінен «Тасқа салынған сурет» деген жазу және суреттер берілген. Жоғарыдағы суреттің қасына «күнге ұқсас бейне», төменгі жағында тағы да сурет, оның орта тұсына «осы тәрізді жазулар осы бейненің ішінде бар, бірақ, өте көмескі, көзге көрінбейді» деп жазыпты. Академик Әлкей Марғұланның хаттарын зерттеп, адресанттарды анықтау барысында жоғарыдағы екі Мақсұттың бірі, яғни Мақсұт Дүйсековтің есімі көзімізге жылы ұшырады. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің талантты түлегі Мақсұт Дүйсеков еді. 

Жоғарыдағы хаттың жазылу тарихы туралы Мақсұт Дүйсеков жастардың «Өркен» газетіне жазған мақаласында былай деп еске алады: «...Жақында бір таныс достарымның мені іздеп, бөлмеге келе қалғаны. Әдеттегідей, студенттің қара шайынан соң, менің фотоальбомдарымды да қарап отырып, олар ондағы желімдеулі тұрған академик Әлкей Марғұлан жазған хатты көріп, Әлкей мен біздің арамызда қандай байланыс барын айтып беруімді өтінді. 

Иә, мектепте оқып жүрген кезімізде туған өлке тарихы қатты қызықтыратын. Мақсұт Ахметов деген досым екеуміз өзіміздің ауылымыздың ежелгі тарихын білсек деп армандайтынбыз. Осы арманның жетілуімен, тұрған жерімізден қашықтау болса да Аманкелді атындағы совхоздың (Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы) төңірегіне жиі-жиі саяхатқа шығатынбыз. Бірде «Бозшакөл» деген жерден көне заманғы тастарды кездестірдік. Көне заманғы дегеніміз, ол тастарда бізге түсініксіз ерекше таңбалар болды. Сонан соң Мақсұт екеуміз осы тастардағы таңбаларды қағазға түсіріп, академик Әлкей Марғұланға хат жаздық». 

Академик Әлкей Марғұланның бұл хаты туралы Мақсұт Ахметов те «Сарыарқа» газетіндегі «Ұстаз туралы әңгіме» (Ахметов М. Ұстаз туралы әңгіме // Сарыарқа. – 2008. – 16 мамыр) деген мақаласында жазған болатын.

Академик Әлкей Марғұлан жас жеткіншектердің хаттарын елеусіз қалдырмай, оларға жауап жазып, оқу-білімге, ғылымға деген талпыныстарын қолдап, ақыл-кеңесін берген. 

«Ұлытаудағы бірінші мектептің оқушылары екі Мақсұтқа! 

Сендердің хаттарыңды алдым, онда мәдениетке байланысты жақсы ойлар айтқансыңдар. Ұлытау, Жезді, Байқоңыр төңірегінде араб әрпімен жазылған қазақ жазулары орасан көп. Маған жіберген жазуларың – сондай араб қарпімен жазылған қазақ жазуы. Бірақ араб жазуын білмегендіктен сөздері қате жазылған. Менің оқығандарым «Тарих 1291 жыл Байбатырдан Қара көз, Үшбу тасты язғуша баласы Құдабай». Тасқа түсірген таңбалары – анық оғыз тайпаларының таңбасы. Дөңгелек жұлдыз салып түсірген суретті мен көрген емеспін. Валукинский тапқан бір таста аттың, бұғының суреті бар. Оны мен орысшаға аударғанмын. Қазір Жезқазған музейінде сақтаулы тұр. Сендердің міндеттерің жаз шыға, Ұлытау, Жезді, Кеңгір, Байқоңыр өзендерін тегіс аралап, кітапқа айналдыру керек. Ол үшін қастарыңа арабша жақсы білетін қарттарды ертіп алуларың керек. Олар Ұлытауда, Жездіде, Қарсақпайда табылады. Жазуларды білу үшін олардың пайдасы орасан зор.  

Әлкей Марғұлан. 5 ноябрь 1984» ( Дүйсеков М. Академик ағаның хаты / Қолтаңба. – Алматы. – «Аннұр Сапа», 2013. – 360 б. - Б. 208-209).

Академик хатының уақытына зер салсақ, ол кісі дүниеден өтерден екі айдай бұрын ғана жазған екен, өзі науқастанып жатса да, жастарға жауап хат жазып, жол нұсқап, бағыт-бағдар беріпті. Әлкей Марғұлан 1985 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Мақсұт Дүйсеков актер, режиссер болуды, Ұлытауда тарихи кинолар түсіруді арман етті. Арманы асқақ Тауұлына жаратқан 28 жас ғана ғұмыр жазған екен. 1995 жылы 8 маусымда дүниеден өтті. Талантты журналист Мақсұт Дүйсеков өзінің «Ұлытау тарихы туралы кең дүниелерді жазсам, көрсетсем» деген арманын болашаққа аманат еткендей, «Өркен» газетіндегі мақаласында: « Өкінішке қарай, Әлкей ағаның бұл кеңесін орындай алмадық. Мектептен соң Мақсұт екеуміз де әскер қатарына аттандық. Одан келген соң, оқуға кеттік... Академиктің соңғы өтініш тапсырмасын орындауға, бәлкім осы хатты оқыған тарихшы жастардың ықыласы болар деген үмітпен Әлкей аға жазған хатты газет арқылы жұртқа таныстыруды жөн көрдік... » – деп жазып қалдырыпты. 

Мақсұт Дүйсеков 1988 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне түсіп, 1993 жылы бітіріп шықты. Ол 5 курста оқып жүргенде-ақ Қазақстан Журналистер одағына мүше, Республикалық «Егеменді Қазақстан» газетінің тұңғыш студент-стипендиаты болды. «Алматы ақшамы» газетінде тілші, «Өркен-Горизонт» жастар газетінде, «Ақжелкен» балалар журналында жауапты хатшы қызметін атқарды. Университет бітірген соң туған жері Ұлытауға келіп, аудандық газетте тілші, «Қазақ тілі» қоғамында маман, аудан әкімшілігінде «референт», Жезқазған облыстық телерадио комитетінде тақырыптық материалдар жөнінде редактор болып қызмет істеді. 

Академик Әлкей Марғұланға хат жазған екі Мақсұттың бірі, Ахметов Мақсұт Қыздарбекұлы 1968 жылы 7 ақпанда «Бозшакөлде» дүние есігін ашқан. Орта білімді Ұлытау мектеп-интернатында алған ол 1986-1988 жылдары әскери борышын өтеп келіп, туған елінде мәдениет саласында қызмет жасады. 

Оқу-білім жолындағы ізденісін Жезқазған университетінде жалғастырып, педагог-әдіскер мамандығын алып шыққан соң, өзі оқыған қарашаңырақ Жезқазған облысы Ұлытау селосы №1 Ұлытау орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып абыройлы қызметтер атқарды. Жиырма жылдан астам педагогика саласында еңбек етіп, кейін мемлекеттік қызметке ауысып, ауылдық округ әкімі болды. Қазір Ұлытау аудандық ішкі саясат мекемесінде басшылық жасайды. 

Хат академик Ә. Марғұланның отбасылық архивінен алынды. Фото деректерді ұсынған Ахметов Мақсұт Қыздарбекұлы.

Сонымен қатар профессор Д. Махат әлеуметтік желіде «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ  «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы 12 сәуір – Ғылым күні қарсаңында бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім талапкерлеріне және ғылымға қызығатын жастарға Ашық есік күнін өткізетінін хабарлады. 

Ашық есік күні туғанына 120 жыл толып отырған академик Әлкей Марғұланның құрметіне арналып, бұл іс-шарада келіп қатысушыларды мол пайдалы ақпарат, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ғалымдары мен сирек мамандар құрамымен танысу, академикке хат жазған ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы қасиетті Ұлытау өлкесінің өрені Мақсұт Қыздарбекұлы Ахметовпен кездесу өтеді делінген.  

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?