Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұн күймесі

2407
Ғұн күймесі - e-history.kz

Көзі қарақты қауым һәм маман тарихшылардың бәрі біледі, қазіргі қазақ халқы әлем тарихына тұңғыш рет еуразиялық аумақта көшпелі империя құрғандар – көне ғұндардың ұрпағы. Ұлы ақын Мағжан Жұмабай «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегенді бекер айтпаған болар.

2010 жылы жарық көрген бес томдық «Қазақстан тарихы» атты еңбектің бірінші томының 245-ші бетінде: «Ғұндар б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Моңғолия оңтүстігі Ордастан Каспиге дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін тайпалық одақ» деген пайым айтылыпты. Демек біздің аталарымыз кезінде күллі Еуразияға үстемдік жүргізді деген сөз. «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей қазіргі таңда осындағы апайтөс еуразиялық аумақта ғұн дәуіріне тән 13 үлкен ескерткіш кешен болса, осында 2000-ға жуық әртүрлі қорған-оба орналасқан екен. Бір қызығы, жоғарыдағы 13 ескерткіш-қорғанның 9-ы ежелгі Өтукен қойнауында, яғни Моңғол даласында жатыр. Осындағы 9 үлкен ескерткіш кешенмен салалас 3 мыңға жуық оба-қорым бар болса, бұлардың дені кіші қорымдар, ғылыми тілмен айтқанда шағын көмекші қорғандар екен. 

Бұл ескерткіш қорғандардың ең ірісі Ноин Ула кешеніне 1924 жылы орыс зерттеушісі Козлов бастап жүргізген күннен бері қарай 100 жылда Моңғол үстіртінде орналасқан 40-қа жуық ғұн кешеніне үлкенді-кішілі археологиялық қазба жүргізілген екен. 

Соңғы жылдары бұл үрдіс жалғасын тауып моңғол археологтары Ресей Ғылым академиясы Археология институының Сібір бөлімшесінің маман археологтарымен бірлесіп жоғарыдағы ғұндар ескерткіш кешендеріне ғылыми қазба жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Нәтиже жаман емес, бірлескен жұмыс тобы 2005-2015 жылдар аралығында ғұндардың ақсүйектері жерленген төрт ірі қорған мен төрт кіші обаға жүргізген қазба жұмысы барысында 1300-ге жуық заттық артефакті тапқан екен.

Қазба кезінде табылған Күркелі күйменің сұлбасы

Жуықта іссапармен Ұланбатыр қаласында он шақты күн болған едік. Осы орайда шаһар орталығында орналасқан Ұлттық музейдің Ерте дәуір тарихы залында ашылған «Ғұндар: Археологиялық жаңалықтардың ашылуы» атты көрмені тамашаладық. Онда жоғарыда айтқанымыздай жаңадан табылған 1300-ге жуық заттық бұйымның ішінен таңдап алынған 400 жәдігер көрме сөресіне орналасыпты. 

Көрме сөресіндегі жәдігерлер арасынан біздің назарымызды аударған жәдігер – ғұн күймесі. Маман тарихшы-археолог қазақ азаматы, қаладағы Амеркан мектебінің ұстазы Маратхан Анарханұлы мырзаның айтуына қарағанда, бұл жәдігер алғаш 2011 жылы Арқанғай аймағының Өндір-Ұлан сұмын жеріндегі Балғасын тал деген алқапта орналасқан ғұн қорғандарынан табылған екен. Бірақ қорғанның мемлекеттік тіркелу ретіне байланысты табылған жері «Гол мод ІІ» деген атаумен ғылыми айналымға еніпті. Дәл осы аумақта ғүн дәуіріне қатысты 600-ге жуық әртүрлі нысан (үлкен қорған, кіші қорған, жеке оба, т.б.) бар көрінеді. 

Қазба кезінде 12,9 метр тереңдіктен табылған күйменің сипаты жайлы анықталықта былай деп жазылыпты: оның доңғалақ шеңбері 19 ағаш тірекпен шабақталған, оның әрбірінің ұзындығы 90 см, шабақ ағаштың жуандығы  0,8-1 см. Күйменің адам отыратын бөлігінің қабырғасы 45-50 м биік, ал ені 60 см. Сондай-ақ үстінде темір қазан және шағын шөміш қатарлы заттар қойылған. 

Күркелі күйменің сызба жаңғыртпасы

«Ғұндар күймені соғыс және көші-қон кезінде пайдаланған. Мұндай соғыс күймелері тек ақсүйектер қорымынан табылып отыр. Әзірге табылған күймелерді мамандар «күркелі күйме» және «дүкенше күйме» деп екіге бөлсе, ал оған жегетін жануарға қатысты түйе күйме, ат күйме, өгіз күйме деп атаған екен. Табылып жатқан күймелердің дені күркелі күймелер. Күркелі күймені олар тек салтанат үшін пайдаланса, дүкенше күймені алыс сапарға шыққанда қажет еткен. Күркелі күймені қытай жазбаларында «Яо чэ» деп атаған. Сондай-ақ, көне қытай деректерінде Хань империясы ғұн билеушілеріне (шаньюй) күйме сыйға бергені хақында көп айтылады», – дейді Маратхан бауырымыз. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?