Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қалибек Қуанышбаев айтқан екен...

3318
Қалибек Қуанышбаев айтқан екен... - e-history.kz
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, актер, әнші Қалибек Қуанышбаев тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Қуанышбаев Қалибек – қазақтың әйгілі актері, ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін салушылардың бірі, көркем сөз оқушы, киноактер, қоғам қайраткері, КСРО-ның халық әртісі. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қарашоқы деген жерде 1893 жылы туып, Алматы қаласында 1968 жылы дүние салған.

Қалыбек жасынан ән-күйге, сөз өнеріне ықыласпен ден қойып, ел ішіндегі той-думанның, ойын-сауықтың көркі болып өседі. Әсіресе, өз ортасындағы оғаш қылықты адамдарды сынап-мінеуге, өткір әжуаға айналдыруға мейлінше шебер болады. Мұндайда өз жанынан қызықты оқиға құрып, бір өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, тыңдаушы жұртшылықты айырықша баурай білген. Осындай өнерпаздығының арқасында жұрт аузына ілініп, 1922-1925 жылдары әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде Ғапбас Айтбаев, Иса Байзақов, Зәрубай Құлсейітов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Шамсутдинова сияқты өнерпаздармен бірлесіп ойын-сауық ұйымдастырады, өнер көрсетеді.

Қызылорда қаласында 1926 жылы Қазақ драма театры ірге көтергенде, оның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі Қалыбек болды. Қазақ драма театрының тарихынан елеулі орын алатын кезеңдік спектакльдердің бәрінде  дерлік Қалыбектің қайталанбас дарынының іздері бар. Қазақ кино өнерінің бастау, даму жолдары да Қалыбектің тікелей араласуымен көрініс тауып отырды.

 «Қазақфильм» студиясы 1972 жылы «Қалыбек Қуанышбаев» атты телефильм шығарды. Қалибек Қуанышбаев екінші, төртінші сайланған КСРО Жоғарғы Советініің депутаты болды, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

***

Қырқыншы жылдардың соңы болса керек, бірде әйгілі актер Қалыбек Қуанышбаев қатты сырқаттанып, төсек тартып, жатып қалады. Қадірлес азаматтың көңілін сұрауға  Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов барыпты. Есікті Қалыбектің бәйбішесі Өазима ашып, қонақтарды науқас жатқан бөлмеге өткізеді.

Қалыбек шалқасынан, көзін жұмып жатыр екен, көңіл сұрай келгендер іштей тіксініп, ақырын басып келіп, қатар орындыққа жайғасады.

Бір мезгілде Қаллеки /Мұхаң осылай атап кеткен/ ақырын көзін ашып, келгендерді көреді де:

– Ә-ә, шірік немелер, Қаллеки өледі деп келген түрлерің ғой... жоқ, Қаллеки әзір өлмейді! – дейді.

Қадірлес досының үйреншікті әзілін естіген Мұхтар, Сәбит, Ғабиттер де жадырай серпіліп, бір-бір ауыз сөзбен қимас сөздерін жеткізеді.

Ғабит: «Сендей жаман шал кімге дәрі дейсің! Бірақ, өлмей-ақ қой, жүре бер!» – дейді. Сәбит: «Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады деген емес пе, сен өлме, сен өлсең кезек бізге келеді!» – дейді. Мұхтар отырып: «Міне, содан да сен өлме, болмаса сендей шалдар аз ба, бізге қорған болып жүре бер!» – дейді.

Сонда Қалыбек:

– Ә, бәлемдер, менің қадірімді білейін деген екенсіңдер! – деп басын көтеріпті.

***

Әйгілі актер Қалыбек  Қуанышбаев сырқаттанып ауруханаға түседі. Мұхтар Әуезов болса біразға дейін көңілін сұрауға келмесе керек. Мұны Қалыбек  Қуанышбаев көңіліне қатты алады.

Содан Қалыбектің сырқаты қайтып, ауруханадан енді шығамын деп жүргенде Мұхаң келіпті. Қал-жай сұрасады.

–  Е, о дүниеге барып қайттық қой, – депті Қалыбек салқын шыраймен. Мұхаң болса бұл сөзге қатты мән беріп:  

– Қойшы, Қаллекей, шынымен-ақ науқасың ауыр болған екен-ау, апыр-ай, ә! – деп абыржып қалады.

Сонда Қалыбек:

– «Ойбай-ау, Мұха-ау, айтып отырғаным жоқ па, о дүниеге барып қайттым деп. Рас, о дүние дейтінін көрдім, кешегі Күләш, Манарбектер менен бұрын жеткен екен. Аузынан жалын шашқан мүңкір-нәңкір мені кеудеге қағып, әрі қарай жібермей-ақ қойғаны. «Артист пен әнші көбейіп кетті, бізге керегі жазушы!» – деп шаңқ-шаңқ етеді, «Е, ондай өнерім жоқ еді» деп қайтып келдім!» – депті.

Алғашқыда кәдуілгідей ұйып тыңдап отырған Мұхаң , сөздің соңында балаша қызарып Қалыбекті құшақтап  бетінен сүйіпті.

– Кінә менен, Қаллекей, тіршілік мойын бұрғызбай, көңіліңді сұрай келмеген айып мойнымда! – деп Мұхтар кешірім сұрапты.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?