ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымы жақында Армения еліне кітапхана жұмыстары бойынша іссапарға барып қайтқан болатын. Арменияда сақтаулы тұрған қазақ тарихынан сыр шертетін көне Қыпшақ тіліндегі қолжазбалардың көшірмелері енді Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың қорын толтырады. Бұл – қуанышты хабар, сүйінші сұрарлық жаңалық! Елге әкелінетін көне қолжазбалардың ішінде «Сборник диакона Сагака. Кипчакский текст – рассказ диакона Дзерига, сына Нигола, о борьбе против монофизитства», «Сборник диакона Богдана», «Сборник Аведика», «Молитвенник диакона Миско, сына Мурада из Замостья, написанный по заказу Вартана, сына старосты Сучавы барона Агопши, для дочери Зофии» секілді кітаптар бар.
Ал енді, Армения мемлекетінің бас кітапханасы туралы жазушы, күйші, зерттеуші Таласбек Әсемқұловтың мақаласында біраз қызықты деректер айтылады (Әсемқұлов Т. Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2016. – 290-291-бб.).
«Арменияның атақты кітапханасы – Матенадарана Арарат тауының ең биік жеріне орналасқан. Ал, шындығында бұл – Арарат тауының ең биік жерлерінің біріне аманаттап көміп кеткен арғы түрік империясының кітапханасы болатын», – дейді зерттеуші Т. Әсемқұлов.
Ары қарай сабақтайық. «Көзбен көре алмадық. Бірақ таныстырғыш әдебиеттен барынша толық мәлімет алдық. Осыған қарап отырып, адамның көңілінде неше түрлі күмәнді ойлар пайда болады. Армян ғалымдары бұл кітапхананың тіпті Алтын Орда кезіндегі Кавказдағы Қыпшақ хандарының кітапханасы екенін мойындамайды. Алғашында Эчмиадзин монастырының кітап қоймасы болды, артынан Ереванға көшірілді, осылайша Арменияның бас кітапханасы, музейі болды дейді. Осымен әңгіме бітті.
Ал ол кітапханадағы Қыпшақ тілінде жазылған кітаптар қайдан келіпті, заманында Алтын Орданың билігінен тыс тұрған ол қандай Армян мемлекеті, әрине, бұл сауалдарға жауап жоқ және армян бауырлар бұл сұрақтарға жауап беруді керек деп таппайды.
Ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде Арменияға, осы Матенадарана кітапханасына барып қайтқан екен. Бір әңгімесінде:
«Армянның кітапханасы емес-ау, – деді басын шайқай отырып, – Алтын Орданың ғылыми орталықтарының бірі-ау. Кітаптардың ескілігі сондай, қол тигізсең, үгітілейін деп тұр. Копиясымен жұмыс істей беруге болады. Ал түпнұсқалар сенімді қоймаларда тығулы жатыр.
– Тас, қыш кітаптар бар ма? – деп сұрадым.
Ахаң сәл үнсіз қалды да:
– Кім біледі, – деді. – Қоймаларына ешкімді кіргізбейді. Өздерінің айтысына қарағанда, 5-6 мың жыл бұрын жазылған кітаптар бар екен. Кіріп, өз көзіңмен көре алмағаннан кейін, не айтуға болады?»
Біз де «кім біледі?» дегеннен басқа ештеңе айта алмаймыз. Осынша құпиялап сақталғанына қарағанда, көлденең жұртқа көрсетуге болмайтын жәдігерлердің жасырулы жатқанына ешқандай күмән жоқ. Ал өзімнің жеке пікірімді білгіңіз келсе, айтайын, құрметті оқырман.
Матенадаран – Топанға дейінгі кітаптар сақтаулы тұрған қойма. Армян ғалымдары бұл қойманы кейін, көп кейін пайда болған өз мемлекеттерінің тарихымен матастыра салған. Жазулары кеше ғана пайда болған ел. Месроп Маштоц деген адам 405 жылы армян әліпбиін тиянақтаған екен. Алғашқы армянның жазба мұрасы – Библияның армян тіліне аударылған нұсқасы. Месроп Маштоц пен католикос Саак Партев өз оқушыларымен әуелі аударма жасаған, содан соң төл шығармалар жазған. 405 жыл – армян жазба әдебиетінің туған жылы болып есептеледі. Содан бері 15 ғасыр уақыт өтіпті. Олай болса, 5-6 мың жыл бұрын жазылған кітап оларға қайдан келді?
Армян ғалымдары бұл кітаптарды тым «жасартып» жіберген. Бұл кем дегенде 12 мың жылдық мұра. Бұндай мұраны сатып алу, айырбастап алу немесе көшіріп алу мүмкін емес. Бұндай мұра не бар болады, не жоқ болады. Бағына орай, армяндарда бар. Тек ақиқатына жетуге өре жібермейді».
Таласбек Әсемқұлов айтқан «шындығында бұл Арарат тауының ең биік жерлерінің біріне аманаттап көміп кеткен Арғы Түрік империясының кітапханасы» деген сөз әлі де зерттеуді қажет етеді.
Арғы түріктер дәуірінде компьютер қызметін атқарған «Кітап-Адамдардың» ұжмақ мекені осы Матенадаран секілді орын болғаны анық. Соғысқан екі мемлекеттің бірі жеңіп, екіншісі жеңіліс тапса, бұл соғыс заңдылығы, жеңілген ел бодан болса да, халқының рухани мәдениетін, байырғы замандардан тартқан көне дәстүрі-ғұрыптарын сақтауға ұмтылады. Ғасылар бойы жинаған есепсіз мол байлықты шашпай-төкпей кейінгі ұрпаққа аманаттап жеткізу қызметін, былайша айтқанда халықтың рухани жадын сөндірмеуді «Кітап-Адамдар» атқарған. Зерттеуші Т. Әсемқұлов мұны «Дәстүрдің эвакуациясы» деп ұғындырады. Халық жадынан мықты қойма, асқан қазына жоқ. Ал Армениядағы «Матенадаран» сынды көне кітап қамбалары сондай миссия бойынша салынғаны анық.
Армения еліндегі Матенадаран көне қолжазбалар институты қазіргі таңда əлемдегі үздік мəдени орталықтың бірі болып саналады. Мекеме әсіресе ежелгі көне кітаптар қорымен ерекшеленеді. Сол сирек кітаптар қорында біздің тарихымызға қатысты қыпшақ қолжазбаларын көптеп кездестіруге болады.
Армян-қыпшақ қолжазбасын ғалымдар он тоғызыншы ғасырдан бастап зертеуді қолға алыпты. Бұндағы қолжазбалар теріге де, матаға да, тастарға да жазылған.
Институтта тарихи жазбаларды қалпына келтіретін арнайы зертхана бар, оның техникалық жабдықтары заманға сай.
Жалпы алғанда институт қорында он жеті мыңнан аса қолжазба бар. Жүз мыңға жуық көне мұрағат құжаттары да сақталыпты. Ал ежелгі кітаптар саны екі мыңнан асады екен.
Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстар екі ел президенттерінің бастамалары бойынша 2006 жылдың қарашасында Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Армения Республикасы Үкіметінің мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі негізінде келешекте ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен М. Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар институты бірлесіп жұмыс атқаратын болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)