Мемлекеттік тілдің мәртебесі дегенді әркім әрқалай түсінеді, әрқалай ойлайды, әрқалай ұғады. Бір кісілер үшін қазіргі кезде қазақ тілінің даму қарқыны жаман емес, еліміздің қаракөздерінің үлес салмағы артқаны секілді мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың қатары күн санап көбейді деп ойласа, екінші тарап мұнымен келіспейді: заң жүзінде нақтылап жазылған тіл мәртебесі қоғамда өз орнымен жұмсалмай тұр, яғни мемлекеттік тілді жалқы қазақ қоғамының тоқсан-жүз проценті пайдаланып отырған жоқ.
Бұл орайда бас өңірдегі тілге қатысты проблемаларды шешуде Астана ономастикасының үлгі болуға жарайтынын баса айтуымыз керек. Отбасымызбен көшіп келген 1999 жылғы Астана мен бүгінгі Астананы салыстыра алмайтынымыз секілді екі кезеңдегі тілдік айырмашылықтар жер мен көктей. Аз жылдың ішінде Астананың ономастикасы 100 процентке жуық өзгеріп шыға келді: 14 даңғыл, 941 көше, 4 тасжол – барлығы да бірнеше қайтара сараптамадан өтіп, жаңа атауларға ие болды. Адам танымастай болып өзгерді. «Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар» кітабында «Ономастикалық қайта атаулар мен есім беру ісінде еліміздегі бірде – бір қала Астанамен теңесе алмайды. Жылына ондаған жаңа көшелері сап түзейтін Елордада бұрынғысы бар, соңғысы бар ономастикалық сараптамадан өтпеген көше атауы қалмады. Мұндай түбегейлі бетбұрыс қазағы қалың Алматы мен Таразда да, тұрғындары көпұлтты Қарағанды мен Қостанайда да, шығыстағы Өскемен мен батыстағы Оралда да орын алған емес. Павлодардың көрнекті көшесіне Қ. Сәтбаев есімін беру жылдарға созылып, зорға оң шешімін тапқаны, Қарағанды қаласында Ә. Бөкейхан көшесі әлі күнге дейін жоқ екені көзіқарақты студенттерге аян» деп анық жазылған. Осындай іргелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылса да, Астанадан бастау алған тың өзгерісті өңірлер мен облыс орталықтары іліп әкетсе, қанеки! Алайда Астана қаласындағы Сәтбаев көшесінің ауысуына қатысты да талас-тартыстар ұзаққа созылғанын білуіміз керек, қазақтың ең зиялы тұлғаларын атуға себепкер болған Мирзоянның есімін өшіруге қарсылық танытқан қаракөз қазақтардың болғаны қынжылтатын жайт және олардың да «қара тізімге» жазылып қалуы тиіс есімдерін көпшілік есте ұстайды.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне Қазақстанда тұратын, ауасымен демалып, суын ішіп, топырағын басқан кез келген азамат өз үлесін қосуы – азаматтық және адамдық борышы болады. Жекелеген азаматтардың ұстанымы тұрғысынан мемлекеттік тілді қорғау, сақтау жұмыстарына деген жанашырлығы немкетті мен немқұрайдылыққа қарсы іс-қимыл болып саналып, есі дұрыс көзқарас қалыптастырылуы тиіс. Астана қаласы бойынша Кенесары даңғылы мен М. Ғабдуллин көшелерінің қиылысында үй салған алпауыт Bi Group компаниясын әлгі тұрғын үйінің сыртына әсемдеп тұрып тақтайша орнатады. Әрине, адасып жүрген адамның жол таппағына жақсы әдіс, алайда ондағы қате, көзге анық көрініп тұрған кемшілік – батыр әрі ғалым атамызды «Малика Ғабдуллина» деп жазып қоюы – тілге жаны ашитын адамды жай қалдырмайды. Астаналық тұрғын Әсел Мұздыбай осынау өрескел қателікті түзетемін деп біраз жүгіргенін айтады. Айтуынша, Фейсбук әлеуметтік желісіне «Көк тіреген үйлеріңді қайтейін, Батырымды қатын қылған заман-ай!» деп жазып, қате жазуды суретке түсіріп салып, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының мазасын алуға тура келіпті. Қолында құдіретті биліктің қамшысы жоқ басқарма мамандары компанияға ауызша ескерту айтып, Ә. Мұздыбайдың қайта-қайта қоңырау шалып жүріп талап етуімен, әйтеуір бір уақытта түзетіпті.
«Ақпараттық тақтайшасында Bi Group аты жазылған, ал сол маңдағы ескі үйлердегі басқа тақтайшаларды Басқарма ілген, онда дұрыс тұр. Соған қарағанда, олар Басқармамен санаспайды» деп күйінеді Әсел Асқарқызы. Тағы бір қазақ батыры Амангелдінің тегін «Иманова» деп жазған Басқарманың тірлігін суретке түсіріп, ішіндегі мамандарға айтып жүрдім, кейін бір қарасам, түзеткен екен.
Бұл жағдайдың екінші олқылығы, Тілдерді дамыту басқармасының (түбінде Мемлекеттік тілді дамыту деп аталатынына сенемін) қандай да бір ғимарат іші-сыртындағы қатені ескерту жасап қана қоймай, тез арада түзетуге шақыратындай, тәртіпке салатындай құзыреті болу керек. Әйтпесе ақша тілімен сөйлеген компаниялар мен жеке тұлғалар мемлекеттік тілді менсінбек түгілі, аяқасты етіп, қорлауға дайын.
Айтпады демеңіз, «Астаналық базар» деп жазылғанымен, халық «Артём» деп атаған ғимараттың іші мен сырты қатеге толып тұр. 2012 жылы «Ұлт Таймс» газетінде фотокорреспондент болып еңбек еткен кезімізде базардың ішіндегі көзге көрініп тұрған өрескел қателерді сатырлатып тәуір-ақ түсіріп жарияладық. Ал Әсел Мұздыбай да сол 2012 жылы «Жетінші арна» тілшілерін шақыртып отыртып, түсірткен екен. Міне, содан бері 5 жыл өтті, өзгерген түгі жоқ. Өзгерту мен түзетуді айтамыз-ау, күллі жерде «Кәріз әлем», «Сәнді əйелдер киімі», «Еркек қорқақтар», «Еркек киімдер салоны» дегенді оқысаңыз күлесіз. Бірақ күлу бекер, жылайтын жағдай. Есік алдындағы шағын дүкенге маңдайша сөз жазсаң да, оныңды комиссияға көрсетіп, бекітіп барып жасау дегенді бұл күннің адамдары біле ме өзі?! Қазақша-орысша мәтіндердің дұрыс жазылуынан басқа орналасу тəртібінің нормаларына пысқырмайтын бұл пақырлардың «өз закондары» бар секілді. «Қазақ тілінде жазылып тұр ма – жазылып тұр, қате болса да қазақша жазылып тұр» деген шала түсініктен туған дүниелер мұның бәрі. Өзгертпейді, өзгертсе шығын шығады. Өзегінде өз елім, өз тілім деп тұратын сезім болмаса, мұның бәрі далбаса. Ақпараттық ғасыр болған соң, бар ойлап тапқандары – «ғимарат ішін фотоға түсіруге, бейнежазба жасауға болмайды» деп барлық жерге іліп тастаған.
«Жүрген жерімде қатені көрсем түзетуге тырысамын, – дейді бізден тілдескен Ә. Мұздыбай, – гардероб – көбінесе шешінетін орын деп тұрады. Ол жерге адам кіріп шешінбейді ғой. Киім ілетін орын емес пе? Ауруханалар мен емханалар да былығып жатыр. Ірің деген сөзде «ң» орнына «н» жазып жүр. Дәріханалар да сол: «Сатып алынған дәрі қайтарылуға жатпайды» дейді. Орысшаға «не подлежит» дегенге байланып қалғырлар-ай, қазақша ойланса қайтеді?»
«Ң» дыбысына тілі келмейтіндер теледидарды басып алды. Кезінде қалай еді, ол заманда дыбысты дұрыс айтып, әріпті дұрыс жаза алмайтын адам түгілі, тісі қисық маманды диктор етіп экран бетіне шығармайтын. Қазір мүлде керісінше. Профессор Шерубай Құрманбайұлы бір күні бойы теледидар мен радионың алдында отырып, әбден тыңдап барып, «телетіліміз тілім-тілім болмасын» деген жанайқайға толы мақаласын жариялады. «Ойы орашолақ, сөйлеу мәдениеті төмен мамандар жайлаған телеарнадан тілді жетік білетін, көкірегі ояу телекөруші теріс айналса, ал әлі оң-солын танымаған, теледидардан айтқанның бәрі дұрыс деп қабылдайтын жас буынның тілі бұзылады, шұбарланады. Солай болып та жатыр», – дейді тілші ғалым.
«Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» авторлық бағдарламасында студия қонағы әнші Шахизадаға осы бағдарламаның авторы «Сіз әжека болдыңыз ғой», «…Боровоеға барады» (25.11.2015) деді. Н. Қоянбаев қазақ тілінде жүретін хабарда қазақ сөзін будандастырмай, қазақтың жер атауын орысшалап, тілді шұбарламай «…әже болдыңыз», «жап-жас әже атандыңыз», «…Бурабайға барады» деп сөйлесем, сөзін өзі секілді қойыртпақтап сөйлейтіндер түсінбей қалады дей ме екен? Әлде, өзінің қалай сөйлеп тұрғанына есеп бермей ме?» деп ашынса, сол Қоянбаев мырзамыз «ң» дыбысын дыбыстай алмайтын нағыз сақаудың өзі. Ал тағы бір тележұлдыз, сықақшы Тұрсынбек Қабатов білдей бір «Қазақстан» ұлттық арнасын аймақтық «Орал» арнасы деп түсіне ме, «біз жатырғанбыз» деп сөйлейді. Жергілікті диалектіге тән сөздердің үлкен экранға жол беруіне неге көз жұма қарайды арна басшылығы? «Ң»-ды дыбыстай алмайтын адамдарды мазаққа, күлкіге айналдырып, ұялтып-қызартау мақсатында шығарылған жаңа сөздікте #Ыңқау деп сипаттайды. Мылқаумен тең, бірдейсің деген мағына ашылады. «Ң» дыбысын құрту – қазақ тілін колоритінен айыра бастаудың бір белгісі.
Проблема неден шығады? Мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай көтереміз?
Біріншіден, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1-тармағына қарсы жазылған 2-тармағын өзгертетін уақыт жетті. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» дегені дұрыс, ал «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дегенге редакция жасаудың талап-шарты қазіргі таңда пісіп жетілді. Ресми тіл деген жоқ, орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады дегеннің өзі мемлекеттік тілдің дамуына кедергі екені айтылып келеді.
Екіншіден, мемлекеттік тілді жетік білуді заңмен міндеттеу керек. Мемлекеттік қызмет болсын, жеке кәсіпкер болсын, ҚР азаматтығы бар адамды қызметке алар кезде ауызша емтихан тапсырып, диктант жазсын. Қабылдаушы адамның ары, ақылы таза боларға керек. Неге біз ағылшын тілінен сертификат алуға құмармыз? Қаншама ақша шығарып дайындаламыз. Курстарға жазыламыз. Өйткені, ол – қажеттілік. Ал мемлекеттік тілді көп жерде тегін оқытады. Көбі бармайды да оған. Өйткені, тегін. Қажеттілік жоқ. Қажеті болмаған тілді күштеудің қажеті де жоқ.
Үшіншіден, аударма мен термин мәселесіндегі проблемаларды шешудің жолдарын талқылау қажет. Егер қандай да бір мәтінде ағылшын тіліне аударса, әр бетін 1500 теңгеден бастап бағалайды. Ал мемлекеттік тілде сондай баға ма? Жоқ. Қазақша біледі деген шала сауатты жаның аударғаны 200 теңгеден басталады. Олар берілген сөйлемді қазақы сөйлетпек түгілі, дені дұрыс сөйлем құрай алмайды. Біраз жылдар бойы лауазымды органдар мен жекелеген мекемелердің, атап айтқанда Білім, Сəулет, Денсаулық сақтау басқармаларының ресми құжаттарын аудармасын тексерген Ә. Мұздыбай, әвсіресе, сексендей мектептің үстінен қарайтын Білім басқармасының құжаттарындағы қателерді көріп жаға ұстаған. Сол құжаттардың көшірмесін бума-бума қылып жинап, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасына өткізген, ал Басқарма мұндай ашық фактілерді қоймаға жинап қойып қарап отыр.
Мақала кейіпкері Әсел де, осы жолдардың авторы мен де 1991 жылы мектеп табалдырығын аттаған Тәуелсіздіктің жаңа буынымыз. Еркіндіктің еркесі біз болдық. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың «Сендер бақытты баласыңдар. Өз тіліңде оқисыңдар, сөйлейсіңдер, білім аласыңдар. Болашақтарың алда» деген сөздері есімізден шыққан жоқ. Әсел айтады: «Нұрсұлтан Назарбаев тізерлеп тудың шетін сүйгенде қуаныштан жылаған еді марқұм атам» деп. Осыны ойласа, жүрекке қаяу түседі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әлі көтелірген жоқ, себебі біз қазақтың өз тілін өзіне аударып беріп жұмыс істеп, ақша тауып жүрген қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Тек, ресми құжаттары мен қарапайым қатынас қағаздарынан бір кілтипан шықпаған морг мекемесінде жатқан мәйіттердің кебін құшпасын қайран ана тіліміз дейміз.