Тәуелсіздік мерекесі – бүкіл қазақ халқы үшін, барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Өйткені, ол мемлекетіміздің өз саясатын дербес, өз еркімен жүргізуге қабілеттілігінің мерекесі. Әңгіме біз солай ете алдық па, әлемдік қоғамдастықтан өз орнымызды ала алдық па, олар бізді егемен ел ретінде таныды ма, сонан өрбуі керек. Мәселені осылай қойсақ, оған «иә» деп айтуға толық құқығымыз бар.
Еліміздің тарихын зерттеушілердің айтуынша, тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттері әлі ашылмаған, олардың бәрін халық біле бермейді, себебі, өз тарихымызды біз әлі жүйелі көрсетіп жатқан жоқпыз. Ол туралы кешенді көзқарас қалыптаспаған, мамандардың ортақ ұстанымдары да жоқ. Шын мәнінде ұлт тарихының ақтаңдақ тұстары алдыменен анықталуы, оқылуы керек. Өйткені, жастардың ұлттық тарихи санасы білім беру жүйесінде қалыптасады. Ендеше, тарихи таным мен сана қалыптастыратын тарих, басқа да гуманитарлық ғылымдарға деген көзқарасты өзгерту – бүгінгі қажеттіліктердің бірі. Осы методология тұрғысынан келер болсақ, бізге тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың жарқын беттерін де, жанға батар жағымсыз тұстарын да ашық жазуымыз керек.
Кезінде одақтық деңгейде ұстанған саясатымыз бізге Алаш қозғалысын, ашаршылық жылдарын, өткен ғасырдың 30-шы, 50-ші жылдарындағы нәубетті жан-жақты жазуымызға мүмкіндік бермеді. Ұлттың ұлттық санасының қалыптасуына ерекше мән берілуі керек. Ұлттық сананың негізі – тарихи таным, тарихи сана-сезім. Сен өзіңнің қайдан шығып, қалай жаратылғаныңды білмей, бұл өмірге келуіңнің мақсатын да түсінбейсің. Сондықтан түбіңді білуің керек. Ұлттық тарихи сана-сезім қалыптасуы үшін мұның бәрі алдымен оқулықтарда қамтылуы, іздемей-ақ табатын жерлерде болуы тиіс, ал біз мұның бәрін іздеп жүріп табуға мәжбүрміз, кейде таба да алмай жатамыз. Жаңарған қоғамның жастары жаңа ұлттық саясатты түсінуі және білуі – уақыт талабы. Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұратын әртүрлі этностардың, этностық топтар мен диаспоралардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеу. Өркениетті мемлекеттерде ұлттық саясат этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды мақсат етеді. Сондықтан ұлтаралық қатынастарды, ұлт мәселесін және ұлттардың өзін-өзі билеуі мәселесін шешуге, реттеуге бағытталған ұлттық саясатқа деген зәрулік әлем мемлекеттерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Ендеше, оны біздің Қазақстан да айналып өтпейді.
Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында қазіргі ұлттық саясат жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құндылықтарына еліктеп кетпейтіндей деңгейде ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үйренбесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі.
Елімізде тарихи сананы қалыптастыру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді. Елдегі қазақтар әртүрлі тілде сөйлеп отырса, дүние жүзіндегі қазақ үш әліпбиді пайдаланып отырса, дініміз де бөлініп, жіктеліп, әртүрлі пиғылдағылар әсіреңкі істерімен тыныштығымызға іріткі салса, тұтастық қайдан болады, тұтас руханият қалай қалыптасады. Бізге, әсіресе, аға буын ұстаздар қауымына ойланарлықтай мәселе. Ол үшін бүгінгі заман, бүгінгі қоғам, бүгінгі ұлттық сана қандай, соларға көңіл аударғанымыз жөн.
Алдымен ЗАМАН туралы. Кейбір зерттеуші ғалымдарымыздың пікірінше, біздің түрік тектес халықтардың ұғымына (тіліне) «заман» сөзі араб-парсы әсерімен енгеніне қарамастан, қазіргі уақытта ең көп қолданатын сөзімізге айналды. Болмыс, дүние, әлеумет пен оның тарихына ойша көз жүгіртсек, «заманды» айтпай тұра алмаймыз. Себебі, тарихи санамыздың қалыптасуына біздің қандай заманда өмір сүргеніміз әсер етпей қоймайды. Ал ұлттың санасы өзінің тарихын түсініп, ұғынып және ұғындырып жүре алатындай деңгейде болуы керек.
Ұлттық сананың жетілуінің бір белгісі ұлттың өзін-өзі анықтауы. Көне қазақ танымында бұл мәселе «жеті атасын білмеген – жетесіз» делініп, арғы тарихпен ұштасқан. Ендеше, арғы тарихымыз қандай; қандай елде тұрып жатырмыз; дәстүрлі және заңды ұстанымдарымыз, мемлекеттік нышандарымыз қандай? – деген сұрақтарға жауап іздеуіміз, анықтылығымыздың басы болса керек. Біз де осы қисынды басшылыққа алып, жауап іздеп көрелік.
Тарихтың ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар тұрған жоқ. Ұлттың болмысы, санасы, дәстүрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, т.б. да бірде кетіліп, бірде жетіліп осы ғасырлармен бірге жасасып келеді. Бәрінен де бұрын тарих – тәрбиеші, ұлттың бағдаршамы, жол сілтеушісі. Бағдары жоқ ел де, оның азаматтары да тарих айдынында компассыз жүргендермен тең. Олай болса біздің жас ұрпақ тарихтың бетін қалқымай, оған тереңірек үңіліп, тарихтың талай асауларға бас үйреткенін, тәубесіне түсіргенін, жуасытқанын білулері керек. Сол себепті де тарих ғылымының танымдық және әлеуметтік функцияларына шабуыл ешқашан да толастамағанын, әсіресе, бодан халықтардың тарихы өрескел бұрмалаушылықтарға ұшырағанын да білгендері жөн.
Кезінде Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болмайын, “тұқымым құрып қалмасын” деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», деп жазған болатын. Сондықтан ол бастаған Алаш азаматтары қазақ болмысын айқындайтын рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөліп, ұлт тарихын, ұлттық сананы қалыптайтын, бір ізге түсіретін істерге ерекше назар аударды. Алайда, Кеңес өкіметі ұстанған саясат Алаш азаматтарының бұл ойын жүзеге асыртпады. Өйткені, ол тұстағы ұстаным бойынша аз, кіші халықтардың мемлекет субъектісі ретінде өз тарихтары болмайды, ол тек үлкен тарихтың объектісі деп түсіндірілді. Осы ұстаныммен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер бүлікшілік ретінде бағаланып, оның жетекшілері тарихи тұлғалар емес, елге іріткі салушылар деп қараланды. Ал Ресей империясының өзінің шет аймақтарын жаулап алуы бұратана халықтарды өркениетке бастау, жақсылыққа жетелеу, көзін ашып, көкіректерін ояту деп түсіндірілді.
Қазір біз тәуелсіз даму жолындағы елміз. Алайда, үш ғасырдан астам уақытқа созылған Ресей империясының, кейінгі Кеңестер Одағы жүргізген саясаттың үстемдігі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанынан кейін де бірден жойыла қоймайды. Өйткені, ол отарланған халықтың рухани өміріне тереңірек тамыр жіберді. Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ойшылы Никколо Макиавелли ұзақ уақыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мәдениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал, Кеңес Одағында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде оқулықтарға кіргізіле отырып жүргізілді. Мысалы, басқасын айтпағанда марксизмнің құрамдас бөлігінің бірі деп жоғары оқу орындарында оқытылған «Ғылыми коммунизм» курсында, болашақ коммунизм кезінде ортақ бір тіл – орыс тілі, ортақ бір мәдениет – орыс мәдениеті, аралас неке болатындығы ашық айтылып, кітап бетінен тараулар мен тармақшалар берілді.
Бұрынғы отарлық кезең де, кеңес дәуірі де көпғасырлық қазақ тарихының бір бөлігі, сондықтан ол біздің қазіргі жазылып жатқан тарихымыздан өз орнын алуы тиіс. Кейбіреулер, көбі жағымпаздар, немесе, ұлттық рух пен намыстан, тарихи санадан мақұрымдар Ресей империясы құрамында, Кеңес Одағында өмір сүрдік, жақсысы да, жаманы да болды, өтті, кетті, енді ол кезең туралы айта берудің не қажеті бар – дейді; екіншілері, бұл кезеңді айта беру өспеген сананың, отарланған халықтың «кекшілдік сезімі» деп түсіндіргілері келеді; ал, осындай санадағылардың үшіншілері, Кеңес Одағында бәріміз бірдей, тең құқылы өмір кештік деп отарлық кезеңді мүлдем жоққа шығарғылары келеді; төртіншілері болса, қазақ халқының отарлық үстемдікке қарсы күресін ұйымдаспаған «қарсылық қозғалысы» ретінде көрсетіп, «ұлт азаттық қозғалысы» түсінігін ғылыми айналымнан шығарып тастауға әрекеттенуде. Бұлардың бәрі ұлттық болмысын енді тіктеп тарихи санасына сілкініс жасап жатқан қазақша ойлау мен тарихқа ұлттық сана тұрғысынан қараушылар мен европоцентристік методология ұстанған орысша ойлап өлшейтіндер мен басқа ағайындарымыздың арасындағы ақиқатқа жету жолындағы әрекеттер екені көрініп тұр.
Мұндай қорытынды жасау себеміз, ел тәуелсіздігі тұсында да көптеген мәселердің тарихи ақиқат тұрғысынан баяндалмай, қайсыбірінің дүдәмал тұстарының көп болуы дер едік. Олардың қатарына: бұрыннан келе жатырған мәселе қазақ халқының қалыптасуы мен қазақ хандығының құрылу кезеңдері, қазақ халқын аса зор материалдық, интеллектуалдық, мәдени-рухани, психологиялық нәубетке ұшыратқаны отарлық үстемдіктің шын тарихы; өткен Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ халқының қырғынға, ашаршылыққа ұшырауы; халық қамын ойлаған Алаш зиялыларының мақсат-мүдделерінің орталықтың ойымен қабыспауларының саяси-әлеуметтік себептері; 1986 жылғы оқиғаның дұрыс бағасын ала алмай келе жатқаны, т.б. айтуға болады.
Тәуелсіз еліміздің өткен тарихына шынайы көзбен қарап, деректерге жүгінсек, қарапайым қазақ қауымының көпшілігінің Қазан төңкерісін қабылдайтындай, оны ой елегенінен өткізетіндей саяси да, қоғамдық та санасы болған жоқ, өздерінің тіршіліктеріне де қолайлы болмаған, ал оның мәнін түсінген сол кездегі қазақ зиялыларының 99 пайызы Қазан төңкерісіне қарсы болғанын мойындауға мәжбүрміз. Алайда ол жөнінде нақтылы материалдарды біздің тарихшыларымыз әлі күнге дейін ғылыми айналымға қоспай отыр. Ал оған танымдық-тағылымдық, жалпы дүниетанымдық тұрғыдан баға беру басқа қоғамдық-әлеуметтік ғылымдар өкілдерінің ойына да кірмейді. Тарихи санасы қалыптасқан тәуелсіз ел азаматтары олай етпесе керек.
Біздің тәуелсіз мемлекет жолымен дамуымыз барысында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес Одағы республикаларында өткен ғасырдың 30-жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдады, олардың ішінде Қазақстан да бар. Соған қарамастан, жалтақтықтан құтылмаған, өз болмысымызды тіктеп, санамызға сілкініс жасап үлгермеген біз осы халықаралық қоғамдық пікірге ден қоймай, әліптің артын бағудамыз. Бұл – демократиялық құндылықтарға бой ұрған елімізге де, ұлттық рухани болмысымызға да үлкен сын.
Тәуелсіз Қазақстан тарихы жас ұрпақтарға ғана емес, бәрімізге де қымбат. Наполеоннан «тарихты жасайтын кімдер, бұрмалайтын кімдер?» деп сұрағанда, «тарихты жасайтын біздер, ал бұрмалайтын тарихшылар» деуі тегін айтылмаған. Ендігі жерде Қазақстанның тарихын кеңестік дәуірге дейін, одан кейін деп екіге бөліп, бірін қаралап, екіншісін даралап мақтаудың қажеті жоғын түсінгеніміз абзал. Өйткені, Қазақстанның бір ғана тұтас тарихы бар, оның бір кезеңі – «нағыз», келесісі – «жалған» емес деушілердің пікірімен де есептесіп, алдағы уақыттарда сана болмысы тұрғысынан саралаған абзал. Біздің бұл ойымыз бүкіл қоғамдық гуманитарлық ғылымдарға, әсіресе, қазақ әдебиетіне де қатысты. Өйткені, басқа гуманитарлық ғылымдар маркстік-лениндік ұстаныммен жүрсе, әдебиет оларға қоса «жағымды» және «жағымсыз» образдарды қолдан жасап көркем санамызды көркейтпей қойды.
Ұлттың тарихи санасы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалыптасуында, дамып жетілуінде мемлекеттің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану үдерісіне жол беріліп, кеңестік интернационализм кезіндегідей ұлтты ұйыстыратын ұйытқыларды жоғалту мақсатын көздеген саясат жүргізіледі. Құлдық психология қазақтарға ұзаққа созылған отарлық саясат, кейін кеңестік дәуір дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұлматтар қоғамның кемел тұлғаларының түбіне жетті, аман қалғандардың өздерінің рухани дүниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әр түрлі сорақы әдістермен өзін өзі қорғау, жан сақтау инстинктін дамытты, сөйтіп, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлттық санасынан ажыратып, өзіндік өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену үдерісі жалпыхалықтық сипат алды. Бұл ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауына, ұлттық намыстан жұрдай болуға алып келді. Осыдан келіп, ұлттық тарихи санасы тұтаспаған ұрпақ пенделіктің не бір түрлеріне барып ұлт беделін түсірді, мазақ бола жүріп мақтан қуды, дақпыртқа, даңғаза қосылды. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйренудің орнына, Абайша айтсақ, «өзгеге жатып жастық, тұрып төсек болып, жалпақшешейлік танытты», билік басындағылардың алдында табынды. Бұл үдеріс әлі тоқтар емес. Сөйтіп, саналы адами, рухты, ұлттық болмысы бар азаматтар сиреді.
Соған қарамастан, өткен тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ халқы өзінің табиғи дарыны, тарихи-саяси, қоғамдық ахуалына байланысты, батырлары мен билерінің ерен еңбегінің арқасында ұлттық сананың халықтық шеңберін бойларына терең сіңіре білді. Сондықтан да ұлтымыздың тарихи жолында ешбір отарлау саясатының зобалаңы қазақтың ұлттық санасын сансыратқанымен, түбегейлі жоя алмады. Тек қана Кеңес Одағының жасырын, астарлы, зымиян, зұлымдық саясатының кесірінен терең тарихи тамырынан сусындап өскен ағашы қатты зақымданды, ұлттық намысының деңгейі төмендеді, бірақ ұлттық тамыры біржолата солып кеткен жоқ. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тұсындағы ақын Жұбан Молдағалиевтің қызыл империя қылышынан тайынбай өз ойын білдіруі, қазақ жастарының ұйымдасқан талап-тілектері осының айғағы.
Кезінде айтулы Алаш азаматы М.Шоқай: «Мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдделер ғана бар», деген еді. ХV ғасырдан бастап әдебиеттерде кең қолданыла бастаған ұлттық мүдде ұғымы жалпыұлттық іс-әрекетке негіз болатын себептер мен құбылыстарды қамтиды. Ұлттық мүдде мәселесі түрлі саяси күштер мен топтар тарапынан әрқалай түсіндіріледі, әр қилы ұғынылады. Ұлттық мүддеге саяси және идеологиялық кеңістікте мемлекеттік, қоғамдық, ұжымдық мүдде және жеке тұлғалар мүдделері тікелей әсер етеді, немесе, олар өзара байланысып, ықпалдасып жатады. Қазіргі халықаралық саяси қатынастарда ұлттық мүдде мәселесі ерекше маңызға ие. Тіптен, лаңкестік топтардың өздері жанкештілік әрекеттерінің себебін ұлттық мүдде деп жариялауда.
Қазақ ұлтының ұлттық мүддесі оның ана тілін сақтауға, демокартиялық ахуалының жақсаруына, ұлттық төл мәдениетінің дамуына, салт-дәстүрінің сақталуына, әдебиеті мен ғылымының өркендеуіне, рухани мұраларының жаңғыруына байланысты. Ұлттық мүдделеріміздің іске асуы оның тарихи кеңістікте ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал сол мүддені іске асыратындар білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар. Міне, осындай адамдар, егемен елдің жастарына үлгі болар тұлғалар, тәуелсіз елімізде шетқақпайлық көрмей, бойындағы бар қасиеттері мен қабілеттерін жастарға беріп кетулеріне мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы керек. Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте салатын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата-бабаларының алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек. Әсіресе, оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да мұны терең түсінгендері жөн.
Бүгінгі жастар тәуелсіз ел жастары, олар баяғы біздер сияқты санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылған жастар. Адам факторының бар мәні де, маңызы да, құндылығы да осында. Жаңа адам – тек жас адам емес, болмысын, санасын жаңартқан адам. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Біздің тұстастарымыз социалистік идеяға көп үміт артты, Еуропаны кезіп жүрген «коммунизм елесі» бізге де келер деген үмітпен жастық шақтарын өткізді. Бірақ елес жеткізбеді, коммунизм келмеді. Сонан соң ол қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын «дамыған», «кемелденген» социализм деп жұмсартқан болдық. Кейін «қайта құру» идеологиясы келді, бірақ ол да алдыңғы сенім-нанымды, арман-елесті жоққа шығармай, соның бір белесі болып тарих қойнауына енді. Сөйтіп жүргенде, қоғам дамуының объективті жағдайы алып империяның құлауына әкелді. Марксистік-лениндік идеология негізіне құрылған, биліктің басқару тетігіне айналған Коммунистік партия аз уақыттың ішінде әуелі беделінен айырылды, кейін өмір сүруін біржола тоқтатты. Барлық өзгерісті орталықтан күтіп отыратын, ұлттық санасының өсуін «ұлтшылдыққа» балап дамытпаған империяның бір бөлігі Қазақстанды мекендеуші қазақ ұлты да осы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты басқалармен бірге көрді, осы өзгерістердің куәсі болды. Ортақ бағдар болмаған соң, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қиындық күрделене түсті. Әркім өзінше күн көріп, көбі алыпсатарлықпен айналысты, қайсы бір топтар ұрлық-қарлықпен, зорлық-зомбылықпен баю жолына түсті. Біздің бұларды термелеп айтып жатқанымыздың басты себебі, кеңес дәуірінде «құлдық психологиямен» қоса, ұлттың «дәрменсіздігі», «кіріптарлығы» да қалыптасқан еді. Соның салдарынан осындай өзгерістерге қазақ қоғамы да, ұлтымыздың қоғамдық санасы да даяр болмай шықты. Біз бұрынғыша біреуден шешім күтіп соны орындауға қалыптасып қалған дағдымыздан шыға алмадық. Өйткені, біз ұзақ жылдар бойы әлдекімді асыра дәріптеуге, немесе, адал еңбекті ескерусіз қалдыруға соқтыратын, азаттық тарихын көшбасшылар тарихына айналдыратын сыңаржақ тарихи көзқарасқа жол берген ел, соны санаға сіңірген ұлт болып қалыптасқан едік. Қазіргі уақытта жағдай басқа, біз қаласақ та, қаламасақ та, біз де бүкіл әлем қауымдастығымен бірге даму үстіндеміз. Алайда, қазақтар Қазақстанда байырғы ұлт, азаматтардың басым бөлігі әрі мемлекет құраушы ұлт ретінде қандай да құқықтық басымдыққа ие болмаса да, тарихи миссияны – елдегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етіп отырғанын, мемлекеттік мәртебесі бар тілі – барша қазақстандықтарды ұйыстырушы тіл болуы керектігін баса айтсақ бізді әлемдегі ешқандай қауымдастық ақиқаттың ақ жолынан ауытқыдыңдар деп кінәламасы анық.
Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын, басқа да қоғамдық гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттары болуы керек. Осының айғағы ретінде 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданғанын, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланғанын, ал 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келгенін және әлемде теңдесі жоқ бұл бағдарламаның күні бүгінге дейін өз жалғастығын тауып жатқанын, тағы басқаларын айтсақ та жеткілікті.
Алайда, кеңестік дәуірдің тар шеңберінде қалған тарихымызды, қоғамдық-философиялық ойымызды әлемдік биікке көтеру басты мақсат. Қазіргі уақытта Қазақ елі көшпелілер өркениетінің орталығы, түркі халықтарының атажұрты ретінде әлемге таныла бастады, осындай жағдайда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау ұлттық идеямыздың құрамдас бөлігіне айналуы қажет. Идея – ой, түпкі ой, бір нәрсенің негізгі ойы, теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік. Идеология – адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін идеялар мен көзқарастар жүйесі. Идеологияның түрлері көп, солардың ішінде аса белгілісі саяси идеология.
Алайда, ел азаматтарының отаншылдық сезімін білдіретін ұлттық идея мен саяси идеология арасында үлкен айырмашылық бар. Ұлттық идея – халықты топтастыратын, біріктіретін, өз елі үшін мақтанышқа бөлейтін асқақ рух болып табылады. Сондықтан Отан үшін, ұлты, халқы үшін адамдар ғажап ерлік көрсетіп, идея үшін өзін құрбан етуге дейін барады. Осындай істің жарқын үлгісін, сана болмыстарының биіктігін кезінде Алаш азаматтары көрсетті. Жастарды ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбиелеудің басты факторларының бірі тарихи сана қалыптастыру екенін, оның халықтың зердесі, қайнар күші екенін ұстаздар қауымы мен аға ұрпақ өкілдерінің естен шығармағандары жөн. Өйткені, әр халық өз тарихынан ғана қуат алады, өз болмысын қалыптайды, сонысымен де ерекше.
Түрлі мәдениет пен білім саласында жинақталынған алуан мәліметтерді қабылдасақ та, оларды өз болмысымызбен және мәдениетімізбен үйлестіруге лайықты арнайы дайындық керек. Әр саладағы мамандарымыз көненің көзі мен бүгінгі тәуелсіз елдің қажетін бірдей алып кете ала ма, әңгіме сонда. Оның басты талабы – мамандардың интеллектуалды және әдістемелі мәдениетін бірдей қалыптастыру. Әзірге бұл бағытта тындырған істерден гөрі, үзілмеген үміт басым. Ең басты ескерер жәйт – төл тамырымыз бен мәдениетімізге деген патриоттық сезімнің, азаматтық құлшыныстың, қазақтық, ұлттық болмысымыздың жетіспеуі. Кейбір рухсыз, намыссыз жастарымыздың бойында бақытты, жақсы өмірді басқа жақтан іздеу сияқты құбылыстар да кездеседі. Мұндай жағдайдың Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерге барғандардың ішінде де кездескені өкінішті. Бұл туралы Президент: «…Мен кейбір болашақтықтардың елден ұзаған соң ұлтпен байланысын үзетінін, ұлтжандылық сезімді жоғалтатынын көп естіп жүрмін», деген еді. Иә, шетелдегі жақсы өмірдің, мол ақшаның буына масайрағандар өзінің туған еліне, өскен жеріне менсінбей қарайтындар жоқ емес. Салыстыру үшін айта кетелік, ХХ ғасырдың басында Петерборда, Варшавада, Уфада, Қазанда, Түркияда, Томскіде және басқа шет жерде оқыған қазақ зиялылары жоғары біліммен туған еліне оралып, ел болашағын ойлап, сол үшін күресіп, жандарын да сол ұлы мақсат жолында пида етті, Алаш ардақтылары кейінгі ұрпағының жадында атымен қалды.
Біздің ойымызша, оның басты себебі, қазіргі жастарымыздың бойындағы этномәдени білім мен тәрбиенің тапшылығы болса керек. Әйтпесе, ата-бабаларымыздың айтып кеткен: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген өсиетін ескерер еді. Бақытты өмірді басқа жақтан іздемей, өз Отанымызды бұл дүниенің жәннаты мен шуағы деп есептеп, өз білімдеріміз бен қайрат-жігерлерімізді еліміздің мүддесіне жұмсауымыз керек деп түсінер еді. Туған еліміз дәулетті, туған жеріміз сәулетті болса бұл бүкіл ұлтымыздың ырысы. Ал оны ары қарай еселейтін бүгінгі жастар. Кешегі кеңес кезінде «бәрін де кадр шешеді» деген ұран болды, кезінде оның мәнісіне терең үңілмедік, байыптап қарасақ, орынды қойылған талаптардың бірі.
Біз ғасырлар мен мыңжылдықтар алмасып, әртүрлі үлгідегі қоғамдар қалыптасқан, соған сай адамдардың болмысына өзгерістер еніп, психологиясы сол өзгерістерге бейімделген, ұлттық саналары да ояна бастаған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Адам атаулының жасампаздығына, яғни, қоғамды да, дүниені де өзгерте алатынына нақты көзіміз де жетіп келе жатыр. Алайда, кісінің санасынан өткен шақтың өкініштері де, қуаныштары да өшірілмек емес. Кеңес дәуіріндегі жастарға кедей болу жақсы, кедей еңбекқор, ақылды деп оқытты, тәрбиеледі. Бұған Ыбырай шығармаларынан алынған Асан мен Үсен бейнелерін еске түсірсек те жеткілікті. Осыдан келіп, «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиямыз қалыптасты. «Байларды қойдай қу қамшымен» деп өлең жаттадық. Бай «жаман, надан, ештеңеден хабарсыз кебеже қарын, қуыс кеуде болса, қалай байыған» деген ой санамызға кірмеді. Кеңестік идеологияның бізге кедейді дәріптеткені сонша, әкем, ата-бабам түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды ар көрмедік, керісінше, жетістік санадық. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар, біз сол тексіздігімізді өз қолымызбен жазып, мақтанышқа айналдырдық. Бұрын балаларымызды тегімізді айтып тәрбиелесек, енді «тексізден шығып адам болдық» деп мақтандық.
Біз әлі күнге дейін өз тарихымызды, бабалар жасап кеткен байтақ тарихымызды өндіріп жаза алмай, өзгелердің жазып кеткен жылнамалары мен айтып кеткендеріне жүгінумен келеміз, өзгенің айтқанын қайталаумен келеміз. Олар біздің тарихымызды өз мемлекетінің мүдделері тұрғысынан және өз таным-түсінігі деңгейінде ғана жазды. Ендеше, бізді осы кездері тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады деген сауал толғандыруы тиіс. Ұлттық сананы қалыптастыру үшін Ұлы Дала тарихын ұрпақ санасында тірілту керек шығар деген шешімге тоқталған зерттеушілердің пікірінің жаны бар.
Қазақстанды дамытудың алғышарттарының жасалуына біз әрқайсысымыз қал-қадерімізше қызмет еттік. Енді қоғамды өркендету үшін еңбек етуіміз шарт. Сондықтан да тәуелсіздікті ұлттық болмысты қалыптаудың, ұлттық рухты көтерудің, ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың маңызды факторы ретінде насихаттау әлі де болса қажетті деңгейге көтерілмей келеді. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз, ұлттық намыссыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген өсиетін еске сала кетсек артық болмас. Танымал Алаш қайраткерінің бұл ойы бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Себебі, ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өскелең арман-мұраттарымен сипатталатын, елдік тұтастық идеясымен негізделетін өміршеңдік күш-қуаты.
Ал ұлттық намыс – ар-ожданнан бастау алатын, отансүйгіштікпен ұштасып жатқан рухани-құндылық сезім. Ұлттық намыс адамның ұлттық құндылықтарының маңызын түйсінуден туындап, халқының мұң-мұқтажын түсініп, туған елін қорғауымен сипатталады. Ұлттық намыстың негізгі көрінісі адамның туған еліне сүйіспеншілігінен, төл мәдениетіне деген құрметінен байқалады. Намыс адамның өзіне етене жақын дүниесінің ұлттық рухани мұраларының қадірін білуімен негізделгендіктен, оның құрамдас бөлігі болып табылады. Ұлттық намыстың этностың рухани өмірінде өзіндік зор маңызы бар. Ұлттық намыс ұлттың өзіндік менін, өткен тарих тағылымын ұмытпай, ар-ожданын таптатпауы үшін керек. Ұлттық намыстың қозғаушы күш-қуатын әдеби мұралардан: батырлық жырлардан, тарихи жырлардан, соларды арқау еткен тарихи шығармалардан айқын көреміз. Ұлттық намыс елдің ұлттық тұтастығы мен рухани бірлігіне қызмет жасайтын елдікпен егіз ұғым.
Ендеше, біздің жас кадрларымыз бүгінгі күннің талаптарына сай ма, оларда ұлттық намыс бар ма? – деген сұрақ төңірегінде ойланған жөн. Бәрі мүмкін, көбі сай дей алмаймыз. Оның басты себебі, кейбір жастарымыздың әкесінің немесе көкесінің ақылымен өзі қаламаған мамандықтарға ақылы оқуға түсіп, білімі мен білігін де басқаның көмегімен «меңгеріп» жүргендігінен болса керек. Кейін ондайлардың жұмысқа орналасуы да, жұмыс бабымен сатылап көтерілуі де осы бағытпен жүреді. Бұл күнде мекеме бастығын жұмыс беруші (работадатель) деп атаймыз, олар өтірік болса да, қазіргі талапты басшылыққа алған болып, бос орындарға орналасуға қатысты баспасөзде хабарландырулар, конкурстар жариялайды. Біз бұл жерде кадр таңдаудың әділетті, әділетсіздігі туралы әңгімені жұмыс берушінің ары төреші деп әңгіме етпей-ақ қоялық. Ал жаңағы жарнаманы оқысаңыз, «тек компьютермен жұмыс істей білу, ағылшын тілін меңгеру деңгейі» сияқты талаптар тұрады. Бұл – заман талабы, оған дау жоқ. Бірақ бұлар қызметтік талаптар. Ал оның патриоттығы, парасаты, ділі, мемлекеттік тілді білуі, ұлттық намысы, т.б. сияқты адами сапаларына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Бұл орайда ұлттық мүддені айтып жатудың өзі артық. Сонда бізге 10 тілді білетін, қызыл дипломды, шет елде оқыған, бизнесті шыр айналдыратын, бірақ нигилист, парасатсыз, өмірлік ұстанымы жоқ, ұлттық намыстан жұрдай, ұлттық болмысы қалыптаспаған, «космополит» робот керек пе, әлде еліміздің болашағына жаны ашитын, бүгінгі игі істерді алға апаратын азамат керек пе?! Бір нәрсе айқын – біз «тәрбиесіз білімдіні» де, «көкесінің көмегімен жүргендерді» де үкілегеннен ештеңе таппаймыз. Біздіңше, сыбайлас жемқорлықтың да, шет ел асуға қиналмайтын сатқындықтың да тамыры осы ұлттық намыссыздықпен, рухсыздықпен сабақтасып жатса керек. Сондықтан кадрларды даярлау, іріктеу, таңдау мәселесі ұлт мүддесімен, ел болашағымен тығыз байланыста болып, тарих сабақтары да ескерілуі тиіс.
Кезінде кеңестік жүйенің Қазақстанды ұлтсыз елге айналдыру мақсатында жүргізген саясатының кесірінен қазақтың ұлттық санасы табиғи өсуінен қалыс қалды, ұлттық рухы әлсіреді, елдегі саяси биліктегілердің патриоттық өрісі тарылды, не мүлдем жойылып, өзін, ұлтын сыйлаудан қалды. Бұдан шығатын қорытынды – келешек жас маман саясаткерлерді, іс басындағы жастарды толықтай ұлттық құндылықтарымызға қанықтырмай, бойларына этномәдени болмысты дарытпай, оларға билік тізгінін ұстатуға болмайды. Жастар ең әуелі қазақтың тілін, дінін, ділін сыйлауға тиіс. Бойында осындай ұлттық намысы бар қазақ жастары айтылғандардың өздерінің болашақ өркендеу өзегі екендігін әбден сезініп, әрі оған сеніп, соған орай мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында саясаттың күрделі кеңістігіне қадам басулары қажет. Ал дүние мен байлықты, жеке бас құлқын ойлайтын, намыссыз адамдардың ұдайы сұм істерін жалғастыра беретінін ескеріп, ондайларды биліктен ығыстыруды көздейтін жолдарды қарастырып, кадр саясатын ұлттың мүддесін қорғай отырып, мемлекеттік бағытта жүргізу заман талабы екенін ескергеніміз абзал.
Қазақ халқының ұлттық санасы мен жан-дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық, һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Бұл тұрғыдан алғанда тәуелсіздікке балама жоқ. Қалай болғанда да, қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекеттердің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. Қазақ елі өзінің тәуелсіз дамуының 20 жылы ішінде оның саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыда егеменді жолмен дамуының алғышарттарын жасады. Оған барша Қазақстан азаматтары қал-қадерінше өз үлестерін қосты. Алайда, біз әлі де болса көптеген салаларды үйренуші, өзгелердің істегендерін қайталаушы жағдайында жүрміз. Енді бізге белгілі орыс тарихшысы Карамзиннің «өзгенің ақылымен ақылды бола алмайсың, өзгенің даңқымен даңқты бола алмайсың» деген жанды сөзін ескере отырып, алдағы уақыттарда өз ақылымыз, өз даңқымыз өзімізге жететінін де шамалап, өз межемізге өзіміз ұмтылғанымыз жөн және солай боларына сенім бар.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.