Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресей империясының ХХ ғасырдың басыедағы Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірлерін орыс шаруаларымен қонымтандыруының жекелеген тарихы "Вопросы колонизации" журналы мәліметтерінде

1693
ХХ ғасырдың басынан әсіресе Қазақстанның егін шаруа­шы­лығына қолайлы солтүстік-шығысын одан ары орыс шаруа­ларымен қоныстандыруға Ресей империясы тарапынан мемле­кет­т ерекше назар аударды.

  Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Өскемен

   Ресей империясының ХVІ ғасырдың соңынан ХХ ғасыр­дың басына дейінгі мерзімдегі Батыс Сібір аймағы, Алтай өңірі­нен басталатын қазақ жерін, соның ішінде оның солтүстік-шы­ғыс бөлігін отарлап, оны әр кезеңге, бағытқа бөлінген қоныс­тандырудың нәтижесінде ХХ ғасырдың соңында бұрын толығы­мен қазақтардың тарихи ата-қоныстары болып келген өңір негі­зі­нен орыстық болып қалыптасты.

ХХ ғасырдың басынан әсіресе Қазақстанның егін шаруа­шы­лығына қолайлы солтүстік-шығысын одан ары орыс шаруа­ларымен қоныстандыруға Ресей империясы тарапынан мемле­кет­тік тұрғыда ерекше назар аударылды. Осы мақсатты орындау жолында аталған өлкенің қоныстандыруға қолайлы өңірлерінен жергілікті қазақтарды күшпен аластату іске асырыла бастады.

Міне, осындай тұрғыдағы қоныстандырудың мақсаты, ба­рысы, нәтижесі, алдағы жоспарлар ХХ ғасыр басынан шыға­ры­лып келген “Вопросы колонизации” журналында үнемі жа­рия­ланып келді.

Мысалы, аталған журналдың 1907 жылғы санындағы [1] С.Хворостанскийдің “Киргизский вопрос в связи с колони­за­цией степи” атты мақаласындағы: “Газет беттерінде  мәселе кө­тер­ген қырғыз интеллигенциясы біржақты тұрғыда ... қоныста­ну­шыларға жер бөлуге арналған Жерге орналастыру және Мемлекеттік мүлік министрлігінің Ф.Щербина бастаған экспе­ди­циясының жұмыстарын сынап, отарлауға қажетті ешқандай да жердің жоқтығы және ... қырғыздардың дағдарысқа ұшырауы туралы мәселелерді көтерді.

Әрбір облыстар бойынша қырғыздар жинақтаған петиция екі бағыт бойынша жүреді: неғұрлым табандылары жер мәселе­сінде қоныс аударушыларды тоқтату және керісінше қырғыз­дардың өздерін жерге орналастыруды шешуді ұсынады, бұл талаптар жерді мемлекеттің меншігі деп жариялаған 1868/91 жылдардағы заң негізіне сай келмейді ...

Екінші бағыт: шет аймақтағы жерлерге қырғыздардың та­би­ғи иелігін талап етеді, сонымен қатар қоныстандыру ісін тоқтатумен бірге қоныстанушыларға берілген жерлерді қайта­дан сатып алу, ... мәселесін қояды.

... Мысал үшін Омбы облысы (қазақтарының,-Ғ.Қ.) рулық қоныстануын келтіре кетсек. Мұнда Ақмола және Семей облыс­тары уездерінен келгендер орналасқан. ... Өзара жылжуларының нәтижесінде ірі ру бірлестіктері төмендегідей тұрғыда орын теп­кен: Атығай Омбы болыстығына орналасқан, Қарауыл-Нико­лаевск, Қыпшақ-Черлаковск, Керей-Покровск және Курганск, басқа рулардың жекелеген топтары жоғарыда аталған үлкен рулар­мен бірге орналасқан, алайда жерді бөлек пайдаланады” [1.53-54,64], - деген деректерден Ресей империясы тарапынан жүргізілген қоныстандыру саясатының жергілікті қазақтарға келтірген кері әсерін білуге болады. 

Журналдағы “Движение переселенцев в первой половине 1906 года” атты талдаудағы: “Сібір темір жолы бойымен қаты­нас­тың ашылуы қоныстанушылар санын арттыру керек еді. Шындығында да солай болды. Жарты жыл ішінде Челябинск тіркеу орны бойынша Сібір және Далалық облыстарға 76291 екі жынысты қоныс аударушы, 28512 жеке қоныс аударушылар (ходоктар) және де 1633 адам еңбек етуге келді, ал Челябинск арқылы барлығы 106406 адам өтті.

1906 жылға барлық анықталған жерлердің ішінде қоныс­тан­дыру қорына 28,7% жер, соның ішінде Орта Сібірдің 18,6% жері өтті. Солардың ішінде:

Ақмола  38,7%

Семей  12,7%

Осылардың қатарында Тобол губерниясының Есіл (Ишим), Туринск, Тоқалы, Тарск, сонымен бірге Тобол уезінің орманды-далалы аймақтары қоныстануға арналған жердің үлкен көлемін берді. Атап айтқанда 2293701 десятина жер берген аталған губерния 3092019 десятина жер берген Ақмола облысынан ғана кейін қалады” [1.222, 232], - атты анықтамалар ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның солтүстік–шығыс аймағын отарлаудың көлемін айқындай түседі.

Осыдан кейінгі: “Қырғыз даласындағы қоныстандыру қорын кеңейту ісі қазіргі күні жергілікті жағдайдағы екі бағытта  қарсылыққа кездесуде:

Бірінші жағынан алғанда қырғыздардың отырықшылыққа ауысып, егін шаруашылығына көшуі қоныстанушыларға арнал­ған егістікке жарамды территорияның азаюына әкелуде, ал келесі жағынан алғанда қырғыз даласының әр аймақтарынан қырғыз малшылары қоныстандыру ісін тоқтату, немесе өздеріне қажетті жер кеңістіктерін қалдыруға кепілдік беруді сұрауда.

... Қырғыз даласының елеулі территориясы  қоныстандыру қорына қосылатын болады” [1.258], - деген деректер жерінен айырыла бастаған қазақтардың орын алған ашық наразылығын паш етеді.

Журналдың келесі жылғы санындағы [2] А.Успенскийдің “Действительность, а не мечты” деген талдауындағы: “... Дала­лық облыстарға келетін болсақ, қоныс аударғандарға арналған артық жер көлемі 1907 жылдың бірінші қаңтарына 6529500 десятина болды, соның ішінде Омбы және Көкшетау уезінде 2,400 миллион десятина болатын Ақмола облысы өзіне тартады” [2.22]; Г.Чиркиннің “Землеустройство киргиз в связи с колони­за­цией степи” деген мақаласындағы: “Таза экономи­ка­лық себептерге негізделген қоныстандыруға тиым салу мүмкін емес. Сонымен қатар қазіргі күні мал таптап жатқан жерлерді таяу уақытта бәрбір іске асырылатын егіншілікке айналдыруға ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Сонымен қатар жер дайындау партияларының жұмысы қырғыздарға бұл жерлердің мемлекеттің меншігі екендігін мойындата отыра қырғыздардың пайдалануына қажетті жерді уақытша қалдыруды жариялағандығымен олардың ортасында өздеріне қалдырылған жердің тұрақтылығына алаңдаушылығы мен үрейленулерін  тудыруда.

Жоғарыдағы аталған талап негізіндегі жер бөлу жұмыс­тарына  қырғыздар тарапынан абыржушылық және жаугершілік қатынастары, сонымен қатар өздері орналасқан территорияға деген құқықтық жағдайларына деген сенімсіздігі мен болашақта оларға қалдырған жердің тағы да алынатындығына деген қауіптенуімен одан ары жалғастырылып отыр” [2.47,48]; В.Кузнецовтың “Экономические результаты переселения в Сибирь и Степной Край” атты шолуындағы: “Ұлы Сібір (темір,-Ғ.Қ.) жолын салғаннан кейін Ресейдің Азиялық өңіріне қоныс аудару қарқыны арта түсті. (Нәтижесінде,-Ғ.Қ.) 1893-1902 жылдары  Сібір мен Дала өлкесіне 1410000 адам өтті, ...

... Ақмола облысының 5 уезінің 177 қонысында (болашақ қоныс аударушылар үшін,-Ғ.Қ.) 892000 десятина қолайлы, 150000 десятина қолайсыз, барлығы 1042000 десятина жер бө­лінді. Осы жерге 66091 ер жынысты немесе 126014 қос жыныс­ты тұрғындарды қоныстандыру жоспарланды. Бөлінген барлық қолайлы жерлер әр шаруашылыққа 45 десятинадан айналады.

1893-1906 жылдары аралығында Сібір және Дала өлкесіне 158000 жанұядан тұратын 474000 ер жынысты адам қоныс­тан­дырылды” [2.70,79,80]; М.Соколовтың “Современное по­ло­же­ние переселенческого дела и его нужды” деген жазба­сын­да­ғы: “... Сібір темір жолы Комитетінің алғашқы онжылдықтағы қоныс­тандыру қызметінің көлемі (1885 жылғы 9 мың екі жы­ныс­ты адамнан 1894 жылғы 56 мың адамға дейін) жылдам өсіп, 1895 жылы 102000 адамға, ал келесі бесжылдықта одан да ар­тып, 1900 жылы (ходоктарды есептемегенде) 166000 адамға жетті.

... Жыл өткен сайын жағдай нашарлай түсті. Ауыл шар­уашылығына қолайлы, сонымен қатар тікелей қоныстанушылар өтетін жол бойындағы жерлер бірте-бірте азайды.

Осы жерде тоқтала кететіні - өздерінің артық тұрғын­дарын Оралдан ары жіберуші губерниялардың саны 1981 жылғы 17-ден биылғы жылы 47-ге жетті.

Биылғы жылғы қоныс аударушылар легінің келген аудан­дары ... төрт Сібір губерниясының далалы және орманды далалы өңірлері, соның ішінде  Алтай округі, ... сонымен қатар Ақмола және Торғай облыстары барлық қоныстанушылардың 96,1% қабылдады.

... Қоныстандыру қорын арттыруға арналған аталған шара­лар қазіргі жылы жоспарланған 200 мыңнан гөрі 290 мың немесе өткен жылдан үш есе артық (97 мың қоныстанушылар бөлігі) қоныстанушылар бөлігін дайындауға мүмкіндік берді.

Қайтадан анықталған қоныстандыру қаржысы 26 миллион рубль мөлшерінде бекітілді, соның ішінде 1908 жылғы қоныс­тан­дыру қызметінің міндетіне кіретіні: 1-ден 400000 қоныстан­дыру бөліктерін ... дайындау; 2-ден 70000 жаңа қоныстандыру жанұяларын орналастыру.

... Нәтижесінде төрт далалық облыстардан ерекше экспе­ди­ция 21 миллион десятина артық жерді айқындады, ал жалпы жер көлемі 168 миллион десятина, қоныстанушылар қорына 4 мил­лион десятина ғана алынғанына қарамастан әрбір осындай жер  алу қырғыздардың қарсылығын тудырады” [2.151, 152, 165, 167, 171, 185, 190], - деген мағлұматтардан ХІХ-ХХ ғасыр басы көлеміндегі қазақ жерін, соның ішінде оның ең құнарлы шығыс, Алтай аймағын отарлаудың барысы мен нәтижесі белгілі бола­ды.

Басылымның көрсетілген санында баяндалған: “Биылғы (1907 жылғы,-Ғ.Қ) дайындалған және бұрынғы жылдардан қал­ған жер қоры толық қоныстандырылып, 1908 жылдың 1 қаңта­рына 50000 қоныстандыру бөліктері дайындалуы мүмкін.

Жерге орналастыру мен жер ісі ведомоствосының міндеті – осы жылға (1908 жылға,-Ғ.Қ.) 350000 адамдарға арналған жер бөлігін дайындау болып табылады.

... 1908 жылғы қоныстандыру қозғалысының көлеміне кел­сек, жерді анықтау ауқымына орай (87000 жанұяны) 1908 жылға кемінде 60000 жанұя немесе 360000 екі жынысты қоныс­танушыны күтуге болады.

... Ведомостваның есебі бойынша 350000 ер адамға ар­нал­ған қоныстандыру бөліктері егін шаруашылығының екінші кезе­ңіне (тамыз) сай келеді. 

Атап айтқанда, 1908 жылдың соңы, 1909 жылдың басына Еуропалық Ресейден қоныс аударушыларға 320000 бөлік ұсы­ны­лады.

Бұл бөліктер  төмендегідей болды.

1.Далалық аудандар:

Ақмола облысы:

Омбы уезі   3000 бөлік

Петропавловск  3000

Көкшетау   9000

Атбасар   10000

Ақмола  15000

Барлығы  40000

Семей облысы

Павлодар уезі   7850

Өскемен  4550

Зайсан  2500

Алтай округінің Белағаш және Ремов даласы 10000

Барлығы 24900 бөлік” [2.448,449,463-464] - деген сандар­дан да қазақ өлкесін орыстандырудың ХХ ғасыр басындағы Ресей империясы үшін маңызын білуге болады.

“Вопросы колонизации” журналының бұдан кейінгі басы­лым­дарында жарияланған деректердің де негізгі мақсаты қазақ же­рін одан ары отарлап, жерін орыс шаруалары үшін босату ісінің қажеттілігі, оны жылдамдату, осы арқылы бұл аймақты толығы­мен орыстандыру ісін насихаттауға арналды. Атап айтқанда жур­нал­дың 1908 жылғы № 4 санындағы [3] А.Ярмонның “К воп­росу об использовании летовочного пространства №3 в Кокчетавском уезде Акмолинской области” атты мақаласында: “1907-1908 жылдары жаздық жайылымдық жерлер есебінен қо­ныстанушылар бөліктерін дайындау қарқын ала түсті. Осы мер­зімдегі қоныстандыру қорына түскен жерлердің 60% жайы­лым­дық жерлер құрады. Көрсетілген жылы В.К.Кузнецов жасаған қыр­ғыз тұрғындарының жерге ие болу ережесіне сай Көкшетау уезінің қысқы жайылымдықтарының жерлерінде 1229383 деся­тина артық жер бар.

... Қыстаулық жерлерден 1812 шаруашылықты (қазақ­тар­ды,-Ғ.Қ.) көшіру әр шаруашылыққа мөлшермен 170 десятинадан алғанда қоныстандыру қорына 300000 десятинадан артық (308660) жер беріп, бұл орта есеппен 15 десятинадан есептеген­де 20000 адамға тиісті бөлікті құрайды” [3.104,111], - деп жазы­лып, қазақ жерін орыс қоныстанушылары үшін алудың барысы сараланған.

Журналдың осы санындағы “К вопросу о заселении юж­ных уездов Семипалатинской области” атты талдаудағы: “1904 жылдан облысқа орыс қоныстанушыларын орналастыру бастау алады. Осымен бірге орыстар үшін қырғыздардың  Щербинаның экспедициясы жұмысының қорытындысына орай жер пайдалану ережесі негізінде олардан артық жерлер алына бастады, алайда әзірге оларды (қоныстанушыларды,-Ғ.Қ.) орналастыру негізінен алғанда Павлодар уезінде іске асырылуда, ал Өскемен уезінде 1908 жылдың көктеміне барлығы 17, Зайсанда 7 қоныстандыру бөліктері негізделді.

Зайсан уезіндегі осындай қоныстар Қытаймен шекарадағы Алексеевск, Николаевск және Александровский, Марқакөл көлі жанындағы қоныстар, осылармен бірге Өскемен уезіндегі Алексеевск, Покровск, Владимирск және Бобровск.

Орыс адамдары кей жағдайларда өмірлеріне қауіп тө­нуі­нен және қиыншылықтан қорықпайды, Ертістен арғы тау қой­на­уына ене отыра Зайсан мен Өскемен уезіндегі белгіленген жер бөліктері ғана емес, сонымен қатар қоныстандыру шенеунігі та­ра­пынан болашақта зерттеуге жататын жерлерге де орналасуда. Олар өздерінің үйлерін салып, жерді жыртуға кірісті, ...

Семей облысы өңіріндегі Сібір казак әскерлеріне берілген 10 шақырымдық шекара жүйесінде жұмысшылар және жалға алушылар есебінде отырықшылық тұрғыда орыстармен қатар егіншілікпен айналысатын 80000-ға жуық қырғыздар тұрады. Аталған шаруашылықтарын одан ары жалғастыру мақсатында қырғыздар Томск губерниясының жерін жалға алады. Сонымен қатар  қырғыз егістігінің үлкен бөлігі Зайсан және Өскемен уездерінде орналасқан. Көптеген қырғыздар облыстың тау-кен орындарында жұмыс істейді.

Бос жер іздеуді қажет ететін қоныстанушыларды орналас­ты­рудың жалпы мемлекеттік қажеттілігінен басқа осы орыс адамдарын қоныстандыру Өскемен және Зайсан уездері үшін Қытаймен екі арадағы шекараны қорғау үшін ерекше маңызды өмір талабына айналып отыр. 

Қытайдың орталық бөліктерінен біздің шекарамызға жақын аймақтарға соңғы жылдары Қытай үкіметінің көмегімен көптеген қытайлар қоныс аударып, бүгін орыс қырғыздарының туыстары – қытай қырғыздары көшіп жүрген жерлерде қытай қоныстары пайда болуда, қытайлар әскери қоймалар негіздеп, қамалдар салуда, өз әскерлерін еуропалық негізде қаруланды­руда. Орыс қырғыздары қажет болған жағдайда бүкіл ауылда­ры­­мен Қытайға кетіп, бізге қайтып оралады, ал халықаралық қақтығыстар болған жылдары қайсысы жеңіске жететіндігіне назар аударып, әрқашан жеңімпаздар жағына шығуға дайын. 

Орыс қоныстанушыларының әйелдерімен, балаларымен  және барлық мүліктерімен өмірлеріне қауіпты тау асуларынан өтіп, осы шекаралық өңірге берік орналасуларына орай бүкіл облыс үшін алаңдауға болмайды, себебі қарапайым орыс шаруалары өз ұғымдарымен шекаралық аймақтарға орналасу­дың маңыздылығын түсіне бастады.

Г.Кузнецов пен Г.Черман зерттелуге тиісті жердің талапқа қажетті көлемін біршама төмендете отыра Өскемен уезіндегі қоныстандыруға қолайлы 467634 десятина қыстаулық және 907064 ортақ пайдаланатын жер бар екендігін анықтады.

(Зайсан уезінде,-Ғ.Қ.) қырғыздар иелігіндегі 150000 деся­ти­наға дейінгі жерді суландыруға пайдалану, 120000 десятина жерді 20000 адамдық бөлік негізінде қоныстандыру ...” [4.190,191,192-193, 195] деген анықтамалардан Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарын ғасырлар бойы мекен еткен қазақтардың жерлерінің орыс отарлаушыларының иеліктеріне айналуының барысын білеміз.

Журналдағы: “... 350000 қоныстандыру бөліктері және 60000 жанұяны орналастыру арқылы Қоныстандыру басқарма­сының 19 миллион рубльдік (өткен жылмен салыстырғанда 7 миллионға артық) барлық сома жұмсалып болды.

... Тамыз айына дейін барлық қоныстандыру ауданда­рын­да (қоныстандыру жабылған Түркістан мен Кавказдан басқа) ходоктар үшін арнайы жерлер анықталып, оларды орналасты­ру­ға арналған 200 мың бос жатқан немесе 3 миллион деся­тинадан артық жер бөліктері дайындалды. Жекелеген аудандар бойынша бұл қор төмендегідей  тұрғыда бөлінді:

Аудандар  бөліктер

Тобольск  12500

Томск   30000

...

Ақмола  40100

Семей  12400

Биылғы жылға атқарылған жер анықтау жұмыстарының нәтижесінде 15 қыркүйекке дейін 5592226 десятинаны құрай­тын 313659 қоныстанушыларды орналастыруға арналған бөлік­тер дайындалды.

... Ақмола

146141 жанұяға 936388 рубль қарыз беріліп, ... қоныс­тандыру бөліктерін дайындау:

Жоспарланғаны 47876 бөлікке арналған жер көлемі 795189 десятина. Комиссия қабылдағаны 35 жер көлемі - 8340 бөлік, 132136 десятиналық.

Барлығы 56219 бөлікке арналған 190 жер ауқымы, көлемі 927325 десятина.

Семей

1722 жанұяға 137291 рубль қаржы бөлінді.

Жоспарланғаны: 24 жер көлемі, 1 қосымша жер – көлемі 168803 десятинаны құрайтын  8581 бөлік.

Комиссия қабылдағаны:

22 жер көлемі, 9 қосымша жер – 186261 десятинаны құ­райтын 10031 бөлік.

Барлығы 56 жер көлемі мен мөлшермен 355064 десяти­наны құрайтын 18612  бөлік” [4.209,215,341,342], - деген дерек­тер де орыс отарлаушыларының  белсенді әрекеттерін одан ары бекіте түседі.

А.Успенскийдің “Предстоящие задачи по землеустройству в Сибири (техническая сторона дела)” атты талдауында: “1907 жылы қазыналық жерлерде 622380 десятина қолайлы, қолайсыз жерлерді қамтыған 405017 адамдық 1686 селения негізделді. ... Осы мерзімге дейін 300 мың адамдық ... қолайлы және қолайсыз жерлерге орналасқан 1000-ға жуық селения өмірге келді. Нәтижесінде 1909 жылға 1 миллион адамды құрайтын, немесе барлық уездердегі селениялардың 25% болатын 3000-ға жуық селения негізделді.

... Қырғыздарды ығыстыруға шектеудің қойылмауы, қыр­ғыз ауылдарын жылжытудың жеңілдігін пайдалану тәжірибесі, шаруалардың санасындағы қырғыздардың қолайлы жерлер мен шабындықтарды пайдалануға құқықтарының жоқтығы, қоныс­та­ну­шыларға арналған жердің жетіспеуі “ол шоқынбаған, жа­пон­дықтарға қарсы соғысқа қатыспаған, оларға құнарсыз жер­лерде тұруға да болады” деген ұғымдардың пайда болып, олар­дың қырғыз жерлерін беруге деген талапты негіздеулерінің се­бе­біне айналды” [4.54,60-61] деген деректер келтірілсе, П.Но­воселов“(Основные положения землеустройства киргиз в Акмо­линской области): “Қырғыздарға қажетті 250000 десятинадан ар­тық жерден басқа олар тек жайылымдық ретінде пайдаланып келе жатқан кең аймақты қара топырақты өңірлерді қоныстан­дыру көлемін анықтағанда әр адамға 10-12 десятинадан айналады” [4.112], - деп жазады.

Журналдың келесі санындағы [5] жарияланған дерек­тер­дің де басты тақырыбы қазақ жерін одан ары отарлап, жерін орыс­тандыруға арналған. Осы тұрғыдағы Степнойдың “Колони­за­ция и железные дороги” деген сараптамасындағы: “Сібірді қо­ныстандыру онымен танысқалы сияқты алғашында сол мерзім­дегі жалғыз ғана мүмкіндік болған байланыс түрі ретіндегі өзен жүйелері бойлары арқылы жүзеге асырылды. Уақыт өте келе Ұлы Сібір темір жолы тартылғаннан кейін Ұлы Сібір жол жүйе­сі ұйымдастырылды. Сібірді қоныстандыру осы жол жүйесі ар­қы­лы іске асуда. Ұлы Сібір жолынан оңтүстікке және қырғыз да­ласына қарай қоныстанушылар жылжыды. Алғашқы орыс қоныстары Далалық өлкенің Сібір темір жолына жақын Қоста­най, Петропавловск, Омбы, Көкшетау, Павлодар уездерінде  ұйымдастырылды.

Қазіргі күні ... Далалық өлкенің егін шаруашылығына жарамдылығының анықталуына орай қоныс аударушылар аса көп мөлшерде одан ары қырғыз даласының оңтүстігіне терең енуде.

Көкшетау уезіндегі ұйымдастырылған қоныстандыру бө­лік­те­ріндегі қолайлы жер көлемі 1016 мың десятина, Атбасар уезінде 609 мың десятина, Ақмолада 625 мың десятина, үш уездегі жалпы жүйе аймағына 2250 мың десятина жер енеді.

Темір жол тарту кезінде Торғай, Атбасар, Ақмола, Қар­қаралы және Өскемен уездеріндегі аса бай кен орындарын игеру бастау алады. Барлық осы уездерде тас көмір, темір, мыс, қорғасын және күміс кендері, мол алтын бар.

Бұл байлықтың барлығы темір жолға аса мол жүк береді. Міне осылай Оңтүстік Сібір темір жол жүйесі қырғыз өлкесін отарлауда зор маңызға ие болады және оның табиғи байлық­тарын игеру аталған жүйенің тұрақты табыстылығын және оны салуды бірінші кезекке қояды” [5.245,247-248], - деген анықта­малар да қазақ жерін күшпен иеленудің нақты мысалдарының қатарына жатады.

“Вопросы колонизации” журналының 1912 жылғы санын­да [6] Н. Турчаниковтың “Характерные черты русского пересе­ле­ния до проведения Сибирской железной дороги и в после­дую­щей за ее сооружением период” атты талдауы жарияланып, он­да: “Жалпы алғанда қаралып отырған мерзім көлемінде (1860-1897 жж) Перм, Вятск, Тамбов, Самара, Пенза, Орынбор, Сара­тов, Қазан, Симбирск, Нижегородск, Астрахань және Уфа губер­нияларынан Оралдың арғы жағына 633863 екі жынысты адам өтіп, 1897 санақ бойынша Оралдың арғы жағына орна­ласқан барша тұрғындардың саны 1400715 екі жынысты адам, 45,7% Еуропалық Ресейдің 50 губерниясынан келгендерге жатты (жо­ғарыда аталған губерниялар осы 50 губернияның негізін құ­райды.,-Ғ.Қ.).

Аталған тұрғыдан алғанда Ақмола облысына негізінен Полтава, Самара, Чернигов, Саратов және Воронеж облысынан келгендер қоныстанды.

Ведомства арқылы 1912 жылғы қоныстандыру ісіне арнал­­ған бүкіл қоныстандыру қаржысын орындау алға қойыл­ған мін­деттің негізіне айналды, атап айтқанда. 1275000 десятина мөл­ше­ріндегі 100000 қоныстандыру бөліктерін дайындау жос­пар­­ланды. 

Қоныстандыру қозғалысы ең ауқымды болған 1908 жылы қоныстанушылар көрсеткіші 700000 екі жынысты адамға жетті. 

Қырғыздардың аз мөлшердегі көшпелі мекендері кезде­сетін Батыс Сібірдің бос далаларында қазіргі күні қарқынды тұрғыда жекелеген селолар пайда болып, көптеген жерлердегі  ірі сауда орындарына айналуда.

Омбы, Петропавловск және соңғы уақытта Павлодар уе­зін­де казак жерлерін сатып алған және жалға пайдаланған  не­міс­терден және баптистерден кейін қырғыздар облыстық жер­лер­ді жалға алуда, ... 

... Қоныстандыру басқармасының қаржылық мәліметте­рі­нен белгілі болғанындай, 1907-1911 жылдары 2280000 адам қо­ныс аударылды, осылармен қатар биылғы жылы бір бөлігін ерте қоныстанушылар жерлерінде орналастыру арқылы 400000 адам­ды қоныстандыру жоспарланып отыр. Яғни, жалпы қоныс­тану­шылар саны 2600000 адамға дейін жетеді” [6.214, 303, 339, 356-357, 381], – деген анықтамалар берілсе, келесі жазбадағы: “ ... Мемлекеттік Кеңестің Екінші Департаменті жеке адамдар қар­жы­сына үкіметтің кепілдігі негізінде Бийск арқылы өтетін 1: Ново-Николаевск-Барнал-Семипалатинск... темір жолын салуды қолдады” [6.435], - деген мәлімдемеден ХХ ғасырдың басын­да­ғы қазақстанның солтүстік-шығысы, Алтай аймағын жылдам қоныстандырудағы жаңадан іске асырылатын темір жол қаты­на­сына жүктелер міндеттер айқындала түседі.

Журналдың келесі санында [7] жазылған: “Қоныстандыру қозғалысының келесі саласы – өз еркімен қоныстану мемлекет­тікпен қатар жүріп, өзінің көлемі жағынан соңғысынан жиі асып түсті. ... Орыс шаруасы толығымен жартылай тағы номадты адам деп есептемейді” [7.62,100], деген анықтама өлкені орыс­тан­дырудың жаппай орын алып, оның түпкі мәнін паш ете түсетіндігі анық.

“Вопросы колонизации” журналының 1913 жылғы №13 са­нындағы [8] жарияланған мәліметтердің негізгі мазмұны Қа­зақстанның жоғарыдағы көрсетілген өңірлерін қоныстану­шы­ларды орналастыру арқылы толығымен орыстандыру, өлкенің та­биғи байлығына толық иелік етудегі темір жолға жүктелер мін­деттер көрсетіліп, бұл істі мол қаржы арқылы жүзеге асыру­дың қажеттілігі баяндалған. Яғни оларда: “Торғай, Ақмола және Семей облыстарын қамтитын бір жарым миллионнан астам шар­шы шақырымды алып жатқан өңірлер,-деп көрсетілген Ми­нистр­лер Кеңесінің журналында, - Ресейдің ішкі губерниялары­нан келетін қоныс аударушыларға арналған табиғи отарлау ауданы болып табылады.”

... Айтылған ұсыныстар негізінде Министрлер Кеңесінің тікелей жарлығымен қазынаның Оңтүстік Сібір темір жолы ма­гис­тралы қаржысы есебінен Алтай облысының оңтүстік шекара­сынан немесе Семей қаласынан Орскіні айналып өтетін Ұлы Сі­бір жолына қосылатын (бөлікті,-Ғ.Қ.) салуға кірісу ... Орскіден Семейге дейін 1618 шақырымға созылатын Оңтүстік Сібір магистралының құны комиссияның есебі бойынша 116235000 рубль болды. Жолдың жалпы пайдасы 13553922 рубль, немесе әр шақырым бойынша 8377 рубль болады деп жоспарланды.

… Кең байтақ, алайда әзірге бос жатқан Оңтүстік Сібір да­лалық аймақта қызмет етуге арналған жаңа Оңтүстік Сібір темір жолы өлкені қоныстандыруға жеңілдік әкеліп, оны жаңа өмірге шақырады және жалпы орыстық талапқа қосылуға ықпал етеді.

... Қырғыз даласының қоныстандырылмаған аймақтары  алдыңғы кезекте қоныстандыруға жатады.

... Қырғыз даласы әсіресе мыс кен орындары және көмірге бай. Мыс кен орындарының мол орны Ақмола және Павлодар уездері шеңберінде. Ақмола уезінде қазірдің өзінде Қарағанды көмір кені орнынан оңтүстіктегі 90 шақырымға орналасқан Спасск мыс қорыту зауыты бар. Мыс өндіруге сұраныс Ақмола, сонымен бірге Павлодар уездерінде аса мол, алайда бай мыс кен орындары оның жанындағы көмірдің молдығына қарамастан бай­ланыс жолының жоқтығынан шешілмей отыр” [8.103, 105, 107, 110, 127], - деп жазылған.

Журналдағы [9] Г. Чиркиннің “О колонизационно-куль­турных задачах после войны” атты жазбасында “Таяуда Ново-Николаевск қаласынан ... Сібір магистралын Обь өзені арқылы Ертістегі Семеймен жалғастырылатын Алтай темір жолының құрылысы аяқталды.

... Верный-Семей жолының салынуы арқылы Түркістан­ның оңтүстік ауыл шаруашылығы өнімдері астыққа, малға, май мен орманға бай Сібірмен нақты байланыс іске асырылады. Ал­тайдағы аса сапалы Кузнецк көмірі Алтайды темір жол арқылы Түркістанмен қосқанда Алтайдағы мақта-мата өндірісінің да­муы­на барынша жағдай жасайды” [9.29]. деген мәлімдеме жа­сай отыра, отарлау арқылы көрсетілген аймақтарды Ресейдің өндірісті бөлігіне айналдырудың қажеттілігін атап көрсеткен.

Қорыта айтқанда, “Вопросы колонизации” журналындағы ХХ ғасыр басындағы жарияланған осындай деректер Ресей им­пе­рия­сының қазақ жерін отарлап, оны барынша толығымен орыс­тандыру жоспарының нақты мақсаттарын толығынан ай­қындай түсетіндігі белгілі.

  ӘДЕБИЕТТЕР

1. Вопросы колонизации №1. 1907., Сборник статей с кар­той диаграммою. Редакция О.А.Шманского. -Спб., 1907, С.316.

2. Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией А.В.Успенского и Г.Ф.Чиркина. №2, 1908.-Спб., 1908, С.792.

3. //Вопросы колонизации. Периодический сборник Г.Ф.Чир­кина и Н.Гаврилова №4, Спб., 1908, с.364.

4. //Вопросы колонизации, №3, 1908 год. Периодический очерк под редакцией Г.Ф.Чиркина и А.В.Успенского.-Спб., 1908. С.322.

5. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф. Чиркина и Н.А. Гаврилова. №5, 1909, С.430.

6.  //Вопросы колонизации. Периодический сборник  под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А. Гаврилова, 1912, №11, Спб., 1912, С.435.

7. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под ре­дакцией Г.Ф.Чиркинаи Н.А.Гаврилова. №12, Спб., 1913, С.436. 

8. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А. Гаврилова. 1913,№13,Спб., 1913, С.470. 

9.  //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А.Гаврилова, №18,1916 г. Спб., 1916, С.305.

   

Қарасаев Ғани Мұқашұлы

ҚР БҒМ  ҒК Мемлекет тарихы институты. Қазақстан. Астана

Бас ғылыми қызметкер

Тарих ғылымдарының докторы, профессор

 Анықтама телефондары:  жұмыс: 8 - 7172 – 74-01-68 

  Ұялы: 8 -777 - 275 - 17 - 41

  8-701-712 - 02-90

  эл.адрес: кarasayev_gm@mail.ru   

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?