Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ырғыздағы әскери бекініс және тарихи оқиғалар

4602
Ырғыздағы әскери бекініс және тарихи оқиғалар  - e-history.kz
Қазақ халқының (кіші жүз қазақтарының) Ресейге қосылуы тарихи оқиға болды.

Қазақ халқының (кіші жүз қазақтарының) Ресейге қосылуы тарихи оқиға болды. Осы оқиға Ырғыз жерінде (қазіргі Ырғыз ауданының орталығы — Ырғыз селосынан 25 км. Майтөбе деген жерде) 1731 жылы 10 қазанда іске асырылған. Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен А. И. Тевкелев (Ресей империясының елшісі) және кіші жүз қазақтарының жиырма жеті ру басшылары Ресеймен одақ болуға ниет білдіріп, шартқа қол қойған.

Бұл шарт — екі халықтың тағдыр бірлігінің алғашқы қадамы болды. Патша үкіметінің елшілік қызметімен 1748 жылы Тевкелев Қазақстанға келесі бір келгенде, сол тұста өмір сүрген Әбілқайырдың жанашыр досы Бөкенбай батыр: «Қырғыз-қайсақтар Ресей империясына қосылғанға дейін көрші елдерден қуғын көрді, жәбір шекті. Ол біздерге сенімді қорған болды. Енді ешқандай қауіп-қатер жоқ« — деп мәлімдеген.

Бірақ, екі халықтың арасындағы қарым-қатынас, аралас-құраластық бірден дамып кете алмады. Оған кейбір билеуші ру басшыларының орыс мемлекетінің шығыс (отарлау) саясаты, оны бірте-бірте қазақ жерінің төріне жақындата түсуі — екі халықтың татулығына әсер етпей қоймады. Ресей әкімшілігі елді әкімшілік басқарудың жаңа жүйелерін жасап, билік етуді қолға ала бастады. Бұл жағдай қазақ хандықтары мен ел билеушілердің тарапынан қарсылық, қақтығыстарды жиі тудырып отырды. Соның бірсыпырасы Ырғыз өңірі жерімен-де, елімен-де байланысты болды. Әсіресе, 1837–1857 жылдар аралығындағы Кенесары Қасымов, Есет Көтібаров, Жанқожа Нұрмағанбетов бастаған көтерілістер қалың халық бұқарасының қатысуымен патша үкіметінің отарлық экспансиясына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы еді. Осы көтерілістер патшаның қарулы күшімен жанышталып басылғанымен, орыс патшалығы халық дүмпуінен сескеніп, он сегізінші ғасырда салынған Уйск-Ақбасты, Ертіс- Усть-Каменогорск, Ешім-Тобыл бағытында салынған әскери бекіністердің үстіне XIX ғасырдың 40 жылдары Орск-Акмешіт бағытында да бірнеше бекіністер салуды ұйғарған.

Сөйтіп, қазақ арасындағы толқулардың күшеюіне тоқтау салуды және Орта Азияны өзіне қаратып алу саясатын жеделдету бағытын ұстаған. Осы мақсатқа сай, жаңа стратегиялық маңызы бар жолдарда әскери бекіністер салатын жерлерді анықтауға 1839 жылы түрлі мамандық иелерінен құрылған әскери экспедиция шығарған. Орынбор әскери губернаторы, генерал В. А. Перовский бастаған әскери экспедиция Орск-Ырғыз-Арал-Акмешіт аралығын мұқият зерттеген. Соның нәтежесінде Ырғыз, Торғай, Райым (Қазалы) бекіністерін салу шешімі алынып, оның құрылыстары бір мерзімде қолға алына бастаған.

Жоғарыда аталған Торғай, Ырғыз, Райым (Қазалы) әскери бекіністерінің салынуы — Ақмешіт, Түркістан, Шымкент, Әулиеата сияқты қалаларды басып алуды жеңілдетті. Бұл патшалық Ресейдің Орта Азияны отарлау саясатын сеніммен одан әрі жүргізе беруіне үлкен мүмкіндік туғызды. Ырғыз әскери бекінісінің ірге тасы 1845 жылы қаланып, алғашқыда ол Орал әскери бекінісі деп аталды. Мұндағы бекіністі салушы құрылысшылар мен әскери құрама негізінен Орал бойындағы қалалардан келтірілген казактар мен орыстар еді.

Бекініс салатын орындарды (жерлерді) Орынбор губерниясының әскери экспедициясы мұқият барлап, көп ізденістер жасаған. Алғашқыда Айырқызыл — Қарақоға аралығынан болады деп межелеген. Бекініс болатын орынның әскери стратегиялық және тактикалық ыңғайлылығы, бекіністі қамтуға жергілікті отын, су көздері, құрылыс материалдарын дайындау қорының тұрақты болуы ескерілген. Кейін экспедиция құрамындағы генерал шенін алған геодезия, әрі құрылыс маманы Н. Бларамберг деген кісі Ырғыз өзенінің бойындағы «Жармола» (Жар басында мола болған) деп аталатын осы түбекте әскери бекіністі орнату қолайлы деп тауып, жоғарғы орындардың шешімімен бекіттірген.

Ырғыз әскери бекінісінің алғашқы құрылысы 1845 жылы көктемде басталып, әуелі әскери бекіністің әкімшілік үйі 250–300 солдат орналасатын казарма, асхана, оқ-дәрі қоймасы, ат қора салына бастаған. Бекіністің құрылысын жүргізуге инженер-прапорщик Михайлов басшылық еткен.

Бекіністі салудың одан арғы жоспары 1845–1864 жылдары аралығында 20 жыл ішінде толық жүзеге асырылды. Тұрғын үй, бекініс объектілерінен басқа патша үкіметінің әскери қаражатының есебінен-православие дінінің шіркеуі салынды. Бұл шіркеудің бекініске келтірілген әскери құрама мен жаңадан қоныстанушы қазақ-орыстарды тұрақтандыру үшін қажеттігі үлкен болған. Сондай-ақ, 10 төсекті лазарет (аурухана) пен пошта үйлері-де әскери қаражатқа салынған. Ол кездегі пошта Орск-Қарабұтақ-Ырғыз-Арал-Қазалы трассасы арқылы 1905 жылға дейін тасылған. Орынбор — Ташкент теміржол магистралі құрылысы аяқталғаннан кейін, бұрынғы пошта тасу трассасы жабылып, пошта теміржол (Орынбор-Ташкент) линиясы арқылы Шалқардан Ырғызға тасылатын болған.

XIX ғ. 60-шы жылдары Ырғыз бекінісі материалдық жағынан әбден нығайып қалған еді. Келіп қоныстанушы казак-орыстар да жергілікті жағдайға қалыптасып, осы өңірдің табиғат байлығы мен халық дәулетін өз қажеттеріне еркін пайдалана бастады. Осы жылдары бекіністе мыңның үстінде халық болды. Оның көпшілігі әскери адамдар мен жаңадан келіп қоныстанушылар еді.

Бекіністің әскери құрамында 250-300-дей тұрақты солдат болған, оны капитан шеніндегі патша офицері басқарды. Бекініс Орынбор губерниясының әскери округіне бағынды. Бекіністің әскерлері кейде жан-жақты өтіп жатқан қазақтардың көшіне сылтауратып тиісіп, оларды қорқытып-үркітіп, берекесін қашыратын уақиғаларға душар етіп отырған.

Осы жылдары патша үкіметінің отарлау саясатын түсіне бастаған халық бұқарасы жер-жерден наразылықтар білдіріп, бас көтере бастаған ірілі-уақты уақиғалар аз болмады. Сондай бас көтеру Ырғыз өңірі мен іргелес Торғай, Қазалы жерінде-де жиі болып тұрды. Солардың қай қайсысын болса да басып жаныштауға бекіністің әскери күші жедел атсалысып отырған. Әсіресе 1857 жылы Қазалы маңы қазақтарының патша әкімшілігіне қарсы шыққан қозғалысын аяусыз жаныштауға жан-жақты бекіністер құрамасымен бірге Ырғыз бекінісінің әскерлері-де белсене араласқан. Сөйтіп, патша үкіметінің отарлау саясатын іске асыруда және өзіне қаратылған территориясы сеніммен ұстап тұруда, басқа бекіністер сияқты Ырғыз әскери бекінісі-де патша үкіметі алдында лайықты іс атқарып отырған.

Қазақстанның Ресей империясына толық қарап болуымен байланысты патша үкіметі 1867–1868 жылдары басқарудың Ресейлік жүйесіне елді көшіре бастады. Патша үкіметі басқарудың «уақытша ережесін» бекітіп, 1867–1868 жылдары Қазақстанда бірнеше облыстар құрды. Олардың ішінде Орал, Торғай облыстары-Орынбор губернаторлығына, Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан губернаторлығына бағындырылды. Әр облыстың басшылығында әскери губернаторлар отырды (облыстар уездерге бөлінді, уез бастықтары болып патша офицерлері тағайындалды).

1868 жылы Орал бекінісінің негізінде Ырғыз уезі құрылып, содан бастап Ырғыз уезінің атауымен бекініс Ырғыз қаласы деп аталынды. Ырғыз уезі Торғай облысының құрамына қарады. (Ырғыз уезінің құрамында 12 болыстық (Аманкөл, Бақсайыс, Қабырға, Кенжеқара, Құланды, Қызылжар, Талдық, Тәуіп, Темірастау, Шенгелді, Ордақонған) пен 83 ауылнайы бар әкімшілік-территориялық жүйе жұмыс жасады. Онда 16634 үй, 85 мыңдай халық тұрды.

Ырғыз уезінің құрылуы — өңір халқының экономикасы мен әлеуметтік жағдайының біркелкі жақсара түсуіне әсер еткен. 1891 жылы уезде 627259 қой, 114643 жылқы, 47380 сиыр, 65887 түйе болды. Ырғыз қаласында бірнеше жеке саудагерлердің сауда лавкалары салынып, алып-саттық ісі өрістей түсті. Әсіресе, татар, өзбек саудагерлері көптеп келе бастады. Өйткені, бұл өңір халқының аяқ жетер жерде базары жоқ еді. Олар жергілікті халықтың малын, мал өнімдерін су тегінге саудалап алып отырды. Кейін Ырғызда маусымдық жәрмеңке ұйымдастырылып, оның сауда айналымы 300 мың сомның көлемінде болды. Жәрменкенің жұмыс істеу кезінде көрме ұйымдастырылып, оған жергілікті мал шаруашылығы өнімдері мен сатылатын өндіріс тауарларының түрлері қойылған. Сонымен бірге спорттық ойын-сауықтар қоса ұйымдастырылып, көрмеге халықтың көп қатысуы қарастырылған. Кейін осы жәрмеңкенің тұрақты орны — Ырғыз өзенінің сол жағалауына салынып, оның қарамағындағы бірнеше қойма үйлері және теріні алғашқы өңдеуден өткізілетін зауыт салынған. Ярмаркада сатылып алынған өнімдер одан әрі Орталық Ресейге жөнелтілді.

Ырғызда сауда-саттықтың өрістеуі қызметшілер мен жұмысшы қолын керек етіп, жергілікті халықтың да көшіп келіп қоныстануын қажет етті. Сөйтіп, Ырғыз қаласында XIX ғасырдың 80 жылдары 3,5 мыңдай халық болды. Ол кезде үш мыңнан астам халқы болса қала деп те атаған. Тарас Шевченко А. И. Бутаков экспедициясының құрамында Орынбордан Аралға өтіп бара жатып, 1848 жылы Ырғызда бірнеше күн аялдап, табиғатын қызықтап, жергілікті халықтың атауымен өзінің «Ырғыз — қала» деген картинасын салып қалдырған. Сол кезде Қазақстанда бар болғаны отыз шақты ғана осындай қала болған. Соның бірі — Ырғыз еді.

Сонымен бірге Ырғыз қаласының салынуы және уез әкімшілігінің құрылуы халықтың әлеуметтік өміріне өзгерістер әкеле бастады. 1879 жылы Торғай облысында Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен ашылған 4 екі кластық орыс-қазақ училищесінің біреуі осы Ырғызда ашылды. Онда жыл сайын 50 бала оқып білім алды. Училищенің алғашқы мұғалімдері болып Қазан қаласының мұғалімдер даярлайтын семинариясын бітірген Григорьев, Спиридонов деген татар жігіттері қызмет атқарды. Бұл кісілердің қазақ тілін жақсы білуі оқушылар контингентінің толық сақталуына әсер етті. Кейін Ырғыздың өз түлегі Бөлебай Сарбатыров Орскідегі мұғалімдік оқу орнын бітіріп, осы училищеде ұзақ жылдар бойы мұғалім болды.

Сондай-ақ, Қазақстандағы тұңғыш қазақ қыздар училищесі 20 орындық интернатымен 1887 жылы Ырғызда ашылды.

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда жер-жерде осындай орыс-қазақ мектептері ашыла бастады. Патша үкіметі бұл мектептер арқылы қазақтарды орыстандыру саясатын ұстанғанымен, оның қазақтар үшін үлкен прогрессивті маңызы болды. Орыс мәдениетінің өкілдері — Т. Шевченко, Н. Бларамберг, Даль, А. Добромыслов, Л. Васильев, Алектеров сияқты азаматтар Ырғызда болып, халықтың жағдайын объективті түсініп, халыққа ой туғызды және олардың тұрмыс халін жанашырлықпен жазды.

Халық ағарту жүйелерінің Ырғызда ашылуы халықтың көзін ашып, сауатты адамдардың шығуына себеп болды. Ырғыздың екі кластық орыс-қазақ училищесінің түлектері Бөлебай Сарбатыров, Мұхамед-Рахым Сәтбаев, Медресін Тереков, Ахметжан Кадіров, Жанат Сүгірбаев, Муса Дайрабаев, Әлмен Әзірмәмбетов, Нұрекеш Оразымбетов, Ахмет Тұнғачин, Байман Алманов, Ұзақбай Құлымбетов және басқалары Орынбор, Троицк, Орск, Қазан, Петроград, Мәскеу, Варшава қалаларының оқу орындарына түсіп, түрлі мамандықтарды иеленді. Көпшілігі оқытушылық білім алып, ауыл мектептерінде мұғалім болды. Елдегі балалардың алғашқы сауатын ашқан осы аталған азаматтар еді.

Сондай-ақ өңірде кітапхана қызметі 1905 жылдардан бастап ашылды. Оның қорында 1245 кітап болды.

Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағаты. Қапаз Еламановтың 394 жеке қоры, 1-тіз., № 35,36,37,38,39,40-істер.

Гүлнаш Асқарова, Ақтөбе облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының Ұлттық мұрағат қорын пайдалану және мемлекеттік есеп жүргізу бөлімінің жетекші маманы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?