Қасіретті жеңген махаббат
12.12.2018 2035
Қайғыға толы, ызғарлы 86-ның желтоқсаны қазақ елінің тарихында өшпес із қалдырды. Елін сүйген нағыз намысқой жастардың ерлігімен 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткіздік.

NDH порталы алаңға шыққан жастар арасында сезімдері жарасып, жүректері табысқан ғашық жандар жайлы мәліметтерді ұсынады.

Тас түрмедегі неке қию

Расылхан Омарұлы Құдайбергенов 1964 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Мектеп-интернатты бітірген соң, Алматы қаласындағы техникумына оқуға түседі. Желтоқсан көтерілісі кезінде қаршадай бала оқу орнының 3-курсында білім алып жүрген болатын.

Елінің басшысы бөтен болғанына қарсылық көтерсеткен жастармен бірге алаңға барып, өктемшіл тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргені үшін 5 жылға сотталады. Кейіннен ақталды. Ол Желтоқсан көтерілісінен кейін қатты қысымға ұшырап, нақақтан нақақ жазаланғанымен, күні ертең ақ күн туарына, ел тәуелсіздік аларына сеніп, үміт артқанын айтады. Әрі сол бір қиын-қыстау шақта сүйген қызының қасынан табылып жігерлендіргені селкеу түскен көңілге сенім ұялатып, үлкен демеу болды дейді.

Желтоқсан менің жап-жас өмірімді мүлдем күтпеген әрі күрделі соқпаққа бұрып жіберіп, бұла тағдырымды ылаңға түсіріп, тәлкекке ұшыратқанымен, шүкір, мұқалта алмады. Бұл жолда сол кездегі сүйген қызым, бүгінде аяулы жарым Розаның соншалықты қиындықтар мен көптеген кедергілерге қарамастан, қазақ қыздарына тән қайсарлық танытып, кіршіксіз махаббатқа деген адалдығы мені сол бір тар жол, тайғақ кешуден адастырмай алып шықты десем, ешқандай да артық айтпаған болар едім.

1986 жылы ойымызда ештеңе жоқ, өзіммен бір курста оқитын сүйген кызым Роза Ариповамен отау құрмақ болып уағдаласып, әке-шешем келін түсіру қамымен дайындалып жатқан еді. Алайда желтоқсан аласапыраны – «байтал түгілі, бас қайғы» деген жағдай бұл ойымызды кейінге шегергенімен, одан бас тартқыза алмады. Роза мені Читадағы түрмеге іздеп келіп, екеуіміз сол жерде некемізді қидық, – деп еске алады Желтоқсан күрескері.

Қазақ қыздарының тағдырдың бұралаң жолына түсіп, абақты азабын арқалаған жігіттеріне серік бола алғаны жайлы аз жазылған жоқ. Кейінгі болашақты ойлап бұғып қалатын кейбір жандарға тайсалмастан, ит арқасы қияндағы темір торға сапар шегіп, ғашық жарға деген сезімін адал дәлелдеген махаббат шырақшыларының бірі Расылханды сүйген Роза еді.

1989 жылы Расылханның артынан Ресейдің Чита қаласына қарасты Маккавеева станциясына жол тарттым. Бәзбіреулердің «Сотталған адамның артынан кеткені несі, ата-анасы қалай жіберді?» деген сөздері мені тоқтата алған жоқ. Меніңше, адамның ең үлкен бақыты – күресе білу, басқалардан қалыспай, өмірге ілесу. Менің өмірден түйгенім, ең қиын мамандық – адам бола білу. Біз Расылхан екеуміз Маккавеевада отау құрдық. Осы жылы Мұхтар Шаханов ағамыздың араласуымен Расылханның жазасы қысқартылып, ақталды. Біз елге оралдық. Бүгінде шаңырағымызда үш бүлдіршініміз өсіп келеді. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан о дың бақытты болатынына менің сенімім мол, – дейді Роза ханым.

Қияметтен өткен қайсар қыз

Жамбыл Тайжұмаев Жамбыл облысысы Жамбыл ауданының Пионер совхозындағы дүниеге келген. Желтоқсандықтардан алғаш сотталғандардың бірі. Сот оны жазасын өтеуге Құсмұрын түрмесіне жібереді. Бұл кезде көңілі жарасқан қызы Шолпан астанадан шалғай, өз ауылында жүрген еді.

Жамбылдың басындағы жағдайды естіген Шолпан бар жұмысын тастап, Жамбылдың туысқандарына жолығып, түрмеде жатқан оның өзіне барып, мән-жайды біледі. Содан ешқандай кінәсі жоқ, жазықсыз күйген Жамбылды қайткенде қара күйеден арашалап, түрменің ауыр азабынан құтқаруды ойлайды. Шолпанның бұл қадамын құптағанымен, оның таңдап алған тағдырымен және жолымен жүруге көптеген қыздардың батылы жетпесі анық. Айталық, он төрт жылға сотталған жігіті Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отырса да, Шолпан Құсмұрын түрмесінде некелерін қидыртып, Тайжұмановтар әулетіне келін болып түсіп, дәстүр бойынша бетін ашады.

Желтоқсанды арнайы зерттеп жүрген қаламгер Қайым-Мұнар Табеев «Қазақтың Желтоқсаны» кітабындағы «Махаббат жыры» атты мақаласында былай дейді:

«...Алғашқы қиындық – Шолпанның ата-анасының ештеңе білмеуі, барсыздығы – өткел бермес құз-шыңырау тәрізді еді. Қай әке, күн тигізбей әлпештеп өсірген бойжеткен қызын түрмедегі қайда бір танымайтын көлденең көк аттымен некелесуге қияды? Қимайды, әрине!.. Оларды қалай көндіргені Шолпанның бір өзіне ғана мәлім, көп ұзатпай үлкендердің келісімін алды. Енді темір тор арғы жағындағы торыққан дәрменсіз жігіттің бар үміті, бар сүйеніші өзі екенін жан-жүрегімен ұғынып, сезіне білген ол астанадағы заң кеңселері орналасқан иір-қиыр дәліздерді аралауға кіріседі. Ондағы ойы – Жамбылға паспорт алу еді. Екінші алдынан кездескен терең шыңырау осы болды. Біріншіден, біздің елімізде жүз жерден өртеніп ғашық болсаң да паспортсыз тірі адамды некеге отырғызбайтынын екінің бірі білуге тиіс. Екіншіден, күн сайын, аяғыңызды аттап басқан сәтіңізде алдыңыздан шырмауықтай шұбатылып шыға келетін, тамыры тереңге кеткен әкімшіліктің, қағазбастылықтың жүрек айнытар мысалдарын бастан өткермеген жан аз шығар. Міне, осындай етектен тартқан ескі тоталитарлық жүйенің небір қиындықтарынан әупіріммен өтіп, келер жылдың күзінде, яғни, 1988 жылдың 21 қазанында Құсмұрын азаматтық хал актілерін тексеру бюросынан Жамбылдың паспортын алды-ау. Бір жылы осылай күреспен өтті...»

Міне, бұл Шолпанның таңдап алған тауқыметті жолының бір көрінісі ғана. Бұдан кейін де Алматыға келіп, Жамбылды және жанында жатқан желтоқсандықтарды ақтау жолында талай саяси шараларға қатысады. Сол кездегі Жоғарғы Советі жанында аштық жариялау іс-шарасына қатысып, желтоқсандықтарға дем беріп, қолдау білдіреді. Ақыры Жамбылмен бірге оның серіктерінің ақталуына қол жеткізеді. Осы қым-қуыт үміт пен күдік арпалысқан шаралардың арасында жүрген Шолпан Жамбылдың қайғы жұтып, қамыққан ата-анасын қуантып қоюды да ұмытпайды.

Бұл бір өкініш, бір үмітті арқалаған, шынында да, елге айтса сенгісіз оқиға еді. Ол тек Шолпанның ғана қолынан келді. Әділетсіздікке қарсылығын қазақ қыздары Желтоқсан көтерілісінен соң осылай білдіріп жатты.

Абақтыда туған асықтай ұл

Құрманғазы Айтмұрзаев 1963 жылы 7 қаңтарда Түрікменстанның Ташауыз, Тельман деген жерінде дүниеге келген. 1967 жылы ата-бабасы қоныс тепкен жері Жарқамысқа, яғни Қазақстанға қайтып көшіп келеді. 1981-1983 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқаннан соң, Т. Жүргенов атындағы Көркемсурет және театр институтына оқуға тапсырады. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде ұсталып, сол жылы 4 жылға сотталады.

Құрманғазы мен Алма екеуі де Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Ақжар ауылында өскен. Бір-бірін кішкентайларынан біліп, бірге өскен екеуінің сезім сырлары да сол ауылда басталған. 1986 жылы Алма Алматыдағы шет тілдер институтынла бітіріп, ауылына қайтады. Ал Құрманғазы Т. Жүргенов атындағы Көркемсурет және театр институтында 2-курс оқып жүрген кезде Желтоқсан толқулары басталады.

Құрманғазы, Бақытбектер Мемлекетті Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына алдымен түседі. Құрманғазының алаңда жүрген суреті олардың қолындағы бұлтартпас дәлел болып табылып, айыпты деп танылады. Құрманғазыны әуелі Мәскеу түбіндегі Потьма деген жерге  жіберіледі. Осы уақытта жолдасы Алма ауылда босанып, дүниеге ер бала келеді. Ата-анасы ұлдарының аман келуін тілеп, Ақниет деп ат қояды. Ақниет бір жарым жасқа толғанда Алма мен ата-енесі үшеуі түрмеде жатқан Құрманғазыға жолығып қайтады.

Бұдан соң,  Алма Ақниетті ата-енесіне қалдырып, өзі Мәскеу түбіндегі түрмеде жатқан жарының қасына барады. Бір жылдан кейін Құрманғазыны Мордова АССР-інің шағын қаласына ауыстырады. Осы қалада Алма мен Құрманғазының Арытұр атты ұлдары дүниеге келеді. Ары бәрінен биік тұрсын деп ырымдап Құрманғазы ұлының атын өзі қояды. Аталған тауқыметті күндерді жолдасының жанында өткерген Алма Ашықбаева (28 қараша, 1996 жыл, «Сарыарқа самалы») былай дейді:

Желтоқсанның Құрманғазы екеуіміздің өмірімізге салып кеткен ызғары осындай, айтуға бәрі жеңіл сияқты... Қиындықтың бәрі артта қалды. Енді балаларымыз, еліміз аман болса екен деп тілеймін. Қыздарға махаббаттарыңа берік болыңдар, қиындыққа қарсы тұрыңдар дегім келеді!

Қазақ қыздарына аналық өсиетін айтуға толық құқығы бар Алма Ашықбаева Ресей тарихынан өз орындарын алған «декабристердің» әйелдерін еске салады. Отағасы ойламаған жерден нақақтан жазалы болғанда Алма мұңаймапты да, мұқалмапты да. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қайта оттың шырағын сөндірмей, жолдасы Құрманғазының жанынан табылғаны – кісі сүйсінерліктей. Көргенді қылық қой. Нағыз ерлік!

Бұл айтылған мысалдар біздің білетініміз ғана. Ал, білмейтініміз қаншама. Бұл қасиетті кезең қазақ қыздарының қайсарлығы мен сүйгендеріне адалдығы айқын көрсетті десек болады. Бұл тек сүйгендерінің қамы емес, ұлттың болашағын ойлау. Қылышынан қан сорғалаған советтік жүйенің бассыздығын ұлы сезім – махаббатпен жеңген аға-апайларымызға мың алғыс.