Назарбаевқа сенім. Ұлттық мәселе қалай шешілді?
29.11.2018 1667
...Әзірге Назарбаев екі негізгі этникалық топты белгілі бір деңгейде тең жағдайда ұстап келеді және көптеген жағдайларда Қазақстанды екі қоғам деп есептеуге болады

Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен Қазақстан Республикасына елдегі ұлт мәселесін  шешу басты міндеттің бірі болып табылды.  Себебі Ресей империясының  құрамына ене бастаған мерзімнен қазақ жері  байырғы тұрғындарының еркінен тыс  көпұлтты аймаққа айналдырыла бастағандығы белгілі. ХVІІІ ғасырдың басынан басталатын  қазақ даласын  ресейлік әскери, өнеркәсіптік игеру, үздіксіз жүргізіліп келген  орыс шаруаларымен қоныстандыру  нәтижесінде  ХХ ғасырдың басында өлкеміздегі  жергілікті тұрғындардың үлес салмағы азайып, барша халықтың 70%-ға жуығын ғана құрады. Қазақ даласы осылай  біртіндеп  көпұлтты өңірге айналдырылды.

Советтік билік мерзімінде  Кеңестік Қазақстанды басқа ұлт өкілдерімен қоныстандыру  ісі одан ары жоспарлы тұрде жүргізіліп келді. Нәтижесінде қазақ халқының тарихи отанындағы үлес салмағы  бұған дейін болмаған дәрежеге азайды. Егр де тарихи деректерге сүйенетін болсақ, ХХ ғасырдың 60 жылдарының ортасына «...қазақтар Қазақстандағы ең көп ұлт дәрежесінен айырылды.  Құбылыс Қазақстанға жерлерін жау басып алғандар мен  күшпен қоныс аударылушылардың  үлкен тобы, Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан кейінгі  жүздеген мың тың игерушілер  келген 50-60 жылдарда  одан ары жалғаса түсті.  Қорытындысында  50 жылдардың соңында  (ХХ ғасырдың – Ғ.Қ.) қазақ этносы  Қазақстан халықтары  құрамының үштен бірінен де аз болды.

1979 жылғы санақ бойынша барлық бұрынғы одақтас  республикалардағы орыс және орыс тілді  тұрғындардың құрамы  өзінің ең жоғары  көрсеткішіне жетті. Санақ қорытындысы бойынша  төмендегідей құбылыс қалыптасты: Өзбекстандағы өзбек еместердің саны  31,3%,  Қазақстандағы қазақ еместердікі 64,0%,  Грузияда грузин еместер 32,2%, Қырғызстандағы қырғыз еместер 52,1%, Тәжікстандағы тәжік еместердің саны – 41,2% болды. Осының барлығы  Ресей империясы   мен тоталитарлы одақтың ... жүйелі түрде жүргізген қоныстандыру саясатының заңды  көрсеткіші болды. Нәтижесінде, ... радикалды және озық ойлы ғалым- интеллигенция өкілдері өздерінің  көзқарастарын ресми баспасөзде ашық айтпағандарымен  негізгі халқы артықшылық көрсете алмаған  Қазақ және Қырғыз республикаларының  орны мен атауларын өзгерту туралы  пікірлер пайда бола бастады» [1].

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған 1991 жылдың соңындағы республикадағы ұлттар арасындағы сандық қатынастың  көрсеткіші осындай деңгейде еді. Сондықтан да Егемендікке енді ғана қолы жеткен еліміздің  беріктігі мен тұтастығы тікелей ұлттар арасындағы қатынасты жаңа талаптарға сай жүргізу, бұл істе орын алар қарама-қайшылықтарды тереңдетпеуге байланысты болды. Өйткені Совет Одағының тарауының басты сбептерінің бірі де  ондағы ұлттар арасындағы байланыстың  дұрыс шешімін таппауынан болған еді. Міне осыдан барып Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі мерзімде республикадағы басқа ұлт өкілдерінің  келешектеріне деген сенімсіздіктері жаппай орын ала бастады. Оларды Қазақстанның жеке мемлекет ретіндегі қалыптасуына, тұрақтылығы мен дамуына деген күмәнділік алаңдатты. ССРО тарағаннан кейінгі елдегі одан ары жалғастырылған экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, ұлттараралық қатынастағы орын ала бастаған келіспеушіліктер, тағы да басқалары бұл жағдайды одан ары шиеленістіре түсті.  Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерінің балаларының  ана тілінде білім алуына, мамандық таңдау мен жұмысқа орналасуына деген алаңдаушылық та бұл жағдайды  күрделендіре бастады.

Міне сондықтан да, олардың тарихи отандарына  қоныс аудару  қозғалысы бастау алып, көлемі үнемі өсіп отырды. Ал, мұның өзі әсіресе халық шаруашылығының әр салаларына қажетті еңбек жасындағы жоғары және арнаулы орта білімді, осыламен қатар тәжірибелі мамандардың азая түсуіне әкеліп соқты. Осындай жағдай әсіресе өндіріс, қорғаныс, денсаулық сақтау,  білім беру салаларының жұмыстарына  кері әсерін тигізу байқалды.

Бұлармен қатар осы уақытта Қазақстандағы кейбір жергілікті славян, орыс казактары бірлестіктерінің елдегі заңдылықа қарсы әрекеттері бастау  алып,  олардың бұл кері істері күн өткен сайын арта түсті. Аталған бірлестік жетекшілері мен белсенділері әсіресе орыс тұрғындары арасында Қазақстанда ұлттық-территориялық автономия құру,  қос азаматтылық,  орыс тіліне мемлекеттік тіл  мәртебесін беру талаптарына  арналған шараларды өткізуді қолға алды. Олар тіпті Қазақстанның шығыс, батыс, солтүстік аймақтары территорияларын орыс тілді тұрғындардың басымдығынан Ресей Федерациясына қосу туралы ойларын ашық айта бастады. Өкініштісі Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тұтастығына нұқсан келтіретін бұл бастамаларды Ресейдегі ұлтшыл-шовинистік ағымдар мен ұйымдардың жетекшілері қолдап, жағдайды одан ары ұшықтыра түсті.  

Осы мерзімде Тәуелсіз Қазақстандағы ұл мәселесімен шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтары,  саясаткерлері мен ғалымдары де айналысып, оның болашағын болжауға кірісті. Мысалы, ағылшын саясаткері Грэхэм Смиттің «Национальный вопрос  в постсоветских  государствах» атты кітабында: «...Жаңа қазақстандық ұлтшылдық неғұрлым шовинистік идеология ретінде сипатталғанымен, екі этникалық топ басымдық танытқандықтан және көп көлемдегі аз ұлтар орын алғандықтан Қазақстан көпұлтты қоғам болып табылады.

1989 жылғы советтік санаққа сай қазақтар Қазақстан тұрғындарының 39,7%-ын, ал орыстар 37,8%-ын құрады. ...Тұрғындар туралы мамандардың дәлелдеулері бойынша  қазіргі күні қазақтар жалпы саны жағынан (44,3%, салыстыру үшін 1995 жылғы 35,8%) орыстардан көп мөлшерде басымдық танытады

...Әзірге Назарбаев екі негізгі этникалық  топты белгілі бір деңгейде тең жағдайда ұстап келеді және көптеген жағдайларда Қазақстанды екі қоғам деп есептеуге болады. Саяси билік негізінен алғанда тұрғылықты қазақтардың қолдарына жинақталған, ал өнеркәсіп және  білім  славяндарға тән.

...Қазақстанда тұратын Жайық казактарының ұрпақтары өздерінің ұйымдарын қалпына келтірді, ресейлік бағытқа деген үміттері анық айқындалатын саяси жоспарлар жасауда. Орыстардың географиялық орналасулары да жекелеген геосаясаттық кері нәтижелерімен ерекшеленеді. Орыстар Ресеймен шектесетін Қазақстанның слтүстік ауылшаруашылық аудандарында басымдық танытады. Бүкіл Солтүстік Қазақстан Ресей мен Қазақстан арасындағы мүмкін орын алар негізгі жанжал алаңы болып табылады.

Алайда  елдің орыс тілді тұрғындарымен  арадағы қатынас  Өскемендегі (бұрынғы Усть-Каменогорск)  орыс тілді  көшеге шығушылардың  азаматтық және тіл туралы заңдарға өзгеріс енгізуді талап еткен 1992 жылдың  желтоқсан айына дейін бейбіт тұрғыда болды.Өсе түскен күрделі жағдайды  мойындау  бұрынғы Югославияны мысал етіп,  халықтар арасындағы төзімділікті сақтап,  шиеленісті бәсеңдетуге щақырған Назарбаевтың ресми сөздерінен белгілі болады.

Тәуелсіздік уақытынан бері жергілікті тұрғындармен арадағы қақтығыстардың өсе түсуінен ... лезгиндер мен шешендердің қоныс аударулары байқала бастады. 1992 жылдың қарашасында Өскеменде жергілікті билік ұлтшылдықтың белгісі анық білінетін акт-лезгин-иммигранттардан құтылу мақсатындағы өрескел қате шешім шығарды. ... оларды  ресаубликаның ішіндегі экономикалық және әлеуметтік қателіктердің кінәлілеріне айналдырды» [2] деген топшылау жасап, Қазақстандағы  ұлттар арасындағы қатынастың дамуының күрделене түсетіндігін аңғартты.

Қазақстан Республикасындағы Егемендіктің алғашқы мерзіміндегі  ұтаралық қатынастағы  орын алған қолайсыз оқиғаларға  шетелдік баспасөз орындары  да баса назар аударып,  өздерінің бағаларын беруді қолға алды. Мысалы «Техран Таймс» газетіндегі 1994 жылдың 11 сәуіріндегі «Орыстар мен қазақтар арасындағы  шиеленіс күшейіп келеді» деген мақалада: «Орталықазиялық Қазақстан Республикасында орыстық казак қозғалысы жетекшілерінің жергілікті билік демократияны бұзуда деген мәлімдемелерінен кейін  этникалық шиеленіс  өзінің жоғары сатысына жетті.

Соңғы 10 аптада аз дегенде «атаман» деп аталатын казактардың екі жетекшісі Алматының түбіндегі деревняда  соққыға жығылды және ұлттық қозғалыстың екі мүшесі  дәстүрлі киім кигендері үшін  тұтқынға алынды.

Казактардың жетекшісі  жергілікті  полиция  сабауға  қатысқан адамдарға қарсы іс қозғауға қарсы екендігін мәлімдейді.

Күш көрсету оқиғасын анықтау мақсатында деревняларды аралаған 90-ға жуык казактар қазақтар мен жергілікті полиция арқылы  тоқтатылып, үш жетекшісі  тұтқындаалы, қалғандары жауап алу үшін ұсталған (31-б.).   

...Алматы облысы казактарының жетекшісі Владимир Овсянников  мұндай қақтығыстар ашық соғысқа әкеліп соғуы мүмкіндігін  айтып, Ресеймен шекаралас облыстардағы жағдайды салыстырған» [3] деп жазылды.

Көпұлтты Қазақстандағы ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы экономикалық, әлеуметтік бағыттардағы уақытша қалыптасқан қиындықтар әсіресе республиканың басқа ұлтөкілдері арасындағы қобалжушылықты күрделендірді.  Бұл айтылғандарды: «Тіркеуден өтпеген «Шығыс Түркістан» комитеті, «Түркістанды азат ету» ұйымының жүгенсіз және арандатушылық қызметтері, солармен қатар «Бірлесу» газетіндегі дәлелсіз мақалалар  республика тұрғындарының арасында кері қоғамдық-саяси әсер етуде» [4] деген деректен білуге болады.

Әсіресе осындай оқиғалар Қазақстанның Ресеймен шекаралас  орыс тілді тұрғындарының сандары басым облыстарында көрініс тапты. «Ресей-Қазақстан қатынасының, – деп жазылған осы мазмұндағы ресми деректе, – соңғы аптадағы бірден шиеленісуі орыстілді тұрғындардың Солтүстік Қазақстаннан қоныс аудару деңгейіне де әсер етті. Солтүстік Қазақстанның  Орыс қоғамының белсенділері ресми есептер нақты жағдайды ешқандай да көрсете алмайды деп есептейді.

«Орыс тілді қоныс аударушылардың саны жылдам қарқынмен өсуде, –деп көрсетеді жергілікті казактардың атаманы  Виктор Ачкасов. – Олар әсіресе ұлттық валютаны енгізгеннен кейін  тіпті өсе түсті, себебі ос арқылы Ресейден алшақтай түсу көпшілігін қанағаттандырмайды».

Орыс қоғамы жетекшілерінің пікірі бойынша Алматы олардың аймағында  біржақты этникалық саясат жүргізіп келеді. 92% орыстар тұратындығына қарамастан барлық облыс басшылығы біртіндеп тұрғылықты ұлт өкілдерімен ауыстырылуда. Тек соңғы айлардағы қайта тағайындаулар нәтижесінде  обдыстық ҰҚК, облыстық прокурор, жергілікті теледидар жетекшісі,  облыстық сот төрағасы  ауыстырылды» [5].

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтардың әсері  1997 жылы «Казачество в Восточно-Казахстанской области» деген тақырыппен өткізілген  әлеуметтік зерттеудің есебінде баяндалды. Онда жазылғанындай: «Күрделі экономикалық жағдайда  (казактардың – Ғ.Қ.)  Президенттің қызметіне деген  сенімі төмендеп келеді. Егер де 1995 жылы сауалнамаға қатысқандардан «оның қызметіне сенемін» дегендердің көрсеткіші 20, 4% болса,  1997 жылғы сауалнамаға қатысқан казактардың жартысына жуығы (46,3%) біржақты сенбеймін деп жауап берген.

«Сіз Президенттің жағдайды өзгертуге деген шыншылдығы мен  жағдайды оңдандыруға деген қабілетіне қаншалықты нанасыз» деген сауалға пікір білдіргендердің 5-і немесе 5,31% толығымен сенемін, 4-і немесе 4,2% сенуге болады, 30-ы немесе 31,6% сенуге болатын шығар, 44-ы немесе 46,3 % мүлдем сенбеймін деген.

1995 жылғы сауалнамада бұл көрсеткіштер тиісінше: 6 немесе 3,8%; 32 немесе 20,4%; 41 немесе 26,1%;51 немесе 32,5 % шамасында болған.

Аталған әлеуметтік зерттеудің міндетіне казактардың жалпы эмоционалдық  жағдайлары ғана емес,  адамдардың казак қауымдастығына  келулерінің, казактардың қауымның қызметіне деген қатынастарының себептерін  сараптау да енгізілді» [6].     

1994 жылдың маусым айында «Орыстар және қазақтар – біз кімбіз: тарих, мәдениет, саясат» деген  тақырыптағы  Өскемен қаласы тұрғындары арасында әлеуметтік пікір ұйымдастырылды. Оның мақсаты қаладағы көпұлтты тұрғындар арасындағы қалыптасқан өзара қатынастың нәтижесін анықтау болды.  Осы арқылы тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарындағы орын алған қиындықтар  негізіндегі аймақтағы алдағы атқарылатын ұлт-аралық жұмыстардың түрлері, тиімділігі мен қажеттілігін белгілеу жоспарланды. Мысалы, сауалдағы:  «Сіз орыстар Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді деген тұжырымға келісесіз бе?» деген сұраққа орыстардың 77,2%-ы «жоқ» деп жауап берген...

«Сіздің азаматтық және саяси құқықтарыңыз берік қорғалуына кепілдік берілген бе?» деген сауалға  орыстардың 78,4% кері жауап берген» [7].

Еліміздегі егемендіктің бастапқы уақытындағы ішкі және сыртқы көші қонның көлемі де артты. Оның басты себептері де елдегі егемендіктің бастапқы мерзіміндегі орын алған қиыншылықтар болатын. Ата айтқанда,  бір ғана 1993 Қазақстаннан басқа елдерге, әсіресе Ресей Федерациясына  қоныс аударушылардың саны  аса қомақты көрсеткішке жетті. Мысалы 1994 жылдың 4 ақпанындағы Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі  Красниковтың Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чэнь Димен болған әңгімесінде: «1993жылы Қазақстаннан біздің есептеуіміз бойынша жалпы алғанда 500 мыңға жуық орыс тұрғындар  кеткен. Мұндай ахуал  биылғы жылы да сақталынып отыр.  Әсіресе  орыс ұлты мамандарын  барлық басқару орындарынан  ығыстыру  қимылдары  ерекше  орын алып отыр.  Осындай жағдайлардан барып, Ресей жағы ТМД шеңберіндегі  ынтымақтасты тереңдету таяу шетелдердегі этникалық орыстардың жағдайлары мәселесін  реттеуге байланысты  деп есептейді» [8] деп көрсетіп,  бұл құблыстың Ресей жағынан алаңдаушылық сипат алып отырғанына назар аударды.

Нақты жағдайдың осылай орын алуы Ресейдегі кейбір ұлтшылдық-шовинистік топтардың  жалған уәде, шақыруларымен  одан ары ушыға түсті.  Мысалы оған Ресей теледидарынан  либералдық-демократиялық партиясының жетекшісі Жириновскийдің  Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасына сайлау қарсаңындағы тартыс кезіндегі сөзі біздің пікірімізше Егемен Қазақстан Республикасының ішкі істеріне  өрескел және ашық араласуы болып табылады.

Жириновскийдің сөздерінде Қазақстандағы орыстардың құқықтарының кемсітілуі, орыстар Қазақстаннан кету немесе қос азаматтылық алу үшін Қазақстандағы Ресей елшіліктерін қоршап алған, себебі  үкімет және басқару орындарында  басшылық  қызметтердің барлығына тек  тұрғылықты халық өкілдері  орналасқан,  орыстар болса қудалау мен  төмендетуге ұшырауда, артықшылық тек негізгі ұлтқа ғана берілген деген сөздер айтылуда. «Қазақстан» атты жеке мемлекет тарихта ешқашан болмаған, Қазақстанның территориясы  Ресей империясының бір бөлегі ғана болған, сондықтан да болашақта  бұл жерлер  Ресей Федерациясының құрамындағы губерниялар территориялар ретінде енуі керек деген пікірлер ұсынылуда» [ 9] деген ресми хабарлама бұл айтылғандарды  бекіте түседі.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы ұлттар арасындағы қатынастағы шиеленісті оқиғалар  Қазақстан Республикасындағы Жоғары Кеңес, т.б буындардағы саяси орындарға сайлау өткізу мерзімінде орын алып келді.  Кез-келген жолмен дауыс алуды мақсат еткен кейбір депутаттыққа кандидаттар  орынсыз уәде беріп,  Қазақстан Республикасы  заңдылықтарына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Мысалы, Ақмола облыстық тіл басқармасының: «Ақмола  облысынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңес депутаттығына жекелеген үміткерлердің сайлау алды баяндамалары туралы хабардамасында: «1994 жылдың 7 наурызында  Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Жоғары Кеңеске, облыстық және аудандық маслихаттарға  алғашқы сайлау өткізілді. Қазақстан халқы болашақ депутаттарға үлкен үміт артады. Мемлекеттің жоғары заң шығарушы органына  мемлекеттің экономикалық дамуын, тәуелсіздік пен ұлтаралық келісімнің  нығаюы жолында қызмет атқаратын  адамдар енуі аса маңызды.  

Бірақ та кейбір үміткерлердің  сайлау алды сөздерінде  арзан жолмен қайткен күнде  сайлаушылардың дауыстарын алу мақсатында кез-келген тәсіл және жолдармен экономикалық және саяси бағыттағы орындалмайтын уәделер береді.

Мысалы  Қазақстан Халық конгрессі партиясынан №15 Ақмола сайлау округынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат Қамит Тұрсынов өзінің сайлау алды бағдарламасында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы мәлімдеме жасайды. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасында Конституциясында негізделген  унитарлық мемлекеттік туралы талапты сынайды. Оның сайлау алдындағы бағдарламасының бір пунктінде Қазақстан Республикасы егемен мемлекет болғанымен Ресеймен конфедерациялық одақ болу қажеттігі  туралы  ұсыныс бар [10] деп көрсетілген.

Алайда ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан Қазақстандағы саяси-экономикалық жағдай қалпына келе бастады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы да нәтижелі, ішкі және сыртқы саяси қызметі көпұлтты республика тұрғындары арасынан қолдау таба бастады. Солармен бірге мемлекетіміздің осы мерзімдегі экономиканы әлемдік нарық қатынастары талаптарына сай негіздеуіне орай  елде барлық бағыттардағы даму және тұрақтылық орын алып, халық тұрмысының жақсаруына негіз жасалынды. 1995 жылдың күзіндегі  бүкілхалықтық талқылау арқылы  Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданып, оның талаптарының іске аса бастауы  елдегі саяси, әлеуметтік ахуалдың, ұлттар арасындлғы қатынастың  дұрыс жолға түсуіне ықпал етті.  Осы тұрғыда  Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың 1995 жылдың  16 ақпанындағы  Ұлттық-мәдени орталықтары жетекшілері және  республика Ардагерлер кеңесі  өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде:  «Қазақстан ашық ұлтаралық қақтығыстардың алдын-ала білді,  алайда басқа елдердегі орын алып отырған этносаралық қатынастар бағытындағы көптеген құбылыстар да біздің қоғамға тән. Қазақстан өзінің мемлекеттігін, қоғамдық өмірдің  барлық салаларын  реформадан өткізуде  күрделі кезеңді  басынан өткізуде. Қоғамға  белгілі жағдайдағы ұғыныстықтар, бүкіл қоғамдық-саяси және ұлттық-мәдени құрылымдар негізіндегі азаматтық келісім қажет.

Ұлт мәселесін  ұрандар, құрғақ сөздер  арқылы шешуге болмайды, керісінше  ұлтаралық қарым-қатынас ісімен нақты айналысу керек. 

Республикадағы соңғы уақыттағы  ұлттық  қатынастардың дамуы  ұлттық мәселенің  біртекті емес, әр бағытта дамып отырғандығына куә болады.  Осыдан барып мәселені шешудің  жаңа жолдарын іске асырудың қажеттігі туындайды.

Ұлтаралық қатынастағы тұрақтылық пен келісім өзінен-өзі қамтамасыз етілмейді, керісінше бұған барша Қазақстан халықтарының мақсатты ұмтылысы, біздің мемлекетіміздің барлық билік тармақтарының,  саяси партиялар мен қозғалыстардың, ұлттық мәдени құрылымдардың күнделікті табанды қызметі және  мұны  өзінің азаматтық парызы деп білетін әр адамның жеке үлесі, жалпы ұлттық  патриотизм мен  халықтар достығының нақты іс жүзінде көрініс табуы жеткізеді» [11] деп көрсетіп, Еліміздегі ұлтаралық қатынастың болашағын айқындап,  жүзеге асырылар істердің маңыздылығына назар аударды.

Қорыта айтқанда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы мерзіміндегі еліміздегі ұлттар арасындағы қатынас бағытындағы орын алған жоғарыдағы сараланған оқиғалар бұл істі заман талабына сай жүргізу Еліміздің беріктігі, қуаттылығы мен тұтастығын қамтамасыз етудің   басты кепілі болатындығына  барша қазақстандықтардың көздерін жеткізді.

Ғани ҚАРАСАЕВ, т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

Әдебиеттер:

1 Асылбеков М.Х.,Козина В.В. Казахи. Демографические тенденции 80-90 гг, Алматы., 2000, 14-15 бб

2. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дел 6676,лл.10,11,12,14

3.Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, лл.31-32

4. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3508, л.6

5. Архив Президента РК, Фонд 75-Н,  опись 1, дело 4413, л.5

6. ГАВКО, Фонд 296, опись2,  дело  110, л .3

7. ГАВКО, Фонд 296, опись2, дело  33 лл. 2,6,7,8

8. Архив ВП РФ,  Фонд 897, опись1, папка 1, дело 5, л. 4

9. Архив Президента РК, Фонд 5-Н,  опись 1, дело 4413, л.16

10. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3508, лл.27,28,29

11.Архив Президента РК, Фонд5-Н, опись 1, д. 5017, лл.2-3