ҚР Президенті Мұрағатының құжаттары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Текелі комбинатындағы испандық эмигранттардың өмірі мен тұрмысының жай-жапсарын аша түседі
ҚР Президенті Мұрағатының қорларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы адамдар мен материалдық ресурстарды эвакуациялауға қатысты құжаттар сақталған. Жалпы бұл тақырып зерттеліп-зерделенген, бірақ, дегенмен, осы күрделі тақырыптың – саяси эмигранттарды эвакуациялау туралы тек бір аспектісіне ғана тоқталсақ дейміз, өз кезегінде бұл Ұлы Отан соғысы тарихының картинасын толықтыра түсер еді. Қазақстанда Текелі қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа жіберілген испандық саяси эмигранттар болған.
Анықтама үшін атап өтейік, 1936-1939 жж. Испаниядағы Азамат соғысы кезінде республикалықтар жеңіліс тапқан кейін испандықтар ССРО-да қалып қойды. Түрлі деректер бойынша ССРО-ға 4 мыңнан 6,5 мыңға дейін испандықтар қоныс аударған, оның ішінде 3 мыңы «соғыс балалары».
Мұрағат қорларынан 1942 жылғы 30 қарашадағы «Құпия» грифімен Қазақ ССР-і саяси эмиграция істері жөніндегі Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы Орталық Комитетінің жауапты нұсқаушысы Самуил Вайстың Қазақстан КП (б) ОК үгіттеу және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Любовь Балагуроваға, Қазақстан КП (б) үгіттеу және насихаттау жөніндегі Алматы обкомының хатшысы Давид Енукидзеге және ССРО Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы ОК төрағасы Николай Шароновқа Талдықорған ауданындағы Текелі қорғасын-мырыш комбинатына жіберілген испандық саяси эмигранттардың жағдайын тексеру туралы баяндау хаты табылды.
1942 жылғы 3 қарашада Қазақ ССР Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы ОК-і Қазақстан ОК КП (б)-дан Арыс станциясында 153 испандық саяси эмигранттың бары туралы хабарлама алғаны осы құжаттан анықталды. Қазақ ССР Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы ОК төрағасы Александр сатониннің нұсқауымен Самуил Вайс Арыс станциясына жолға шығады, станцияға 1942 жылғы 8 қарашада жеткенімен ешбір испандықты таппайды, алайда, шамамен қыркүйектің аяғында Арыс арқылы 100-ге жуық адам Ақтөбе жағына қарай көшкенін анықтайды.
Алматыға жеткен соң ол Текелі комбинатынан «сонда келген 94 испандықтың мәселесін шешу үшін сол жерге жедел жүріп кету» туралы жеделхат алады. 1942 жылғы 26 қарашада С.Вайс Талдықорғанға жолға шығады, Үштөбе станциясында Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымына іссапарға жіберілген екі испандық өкілмен кездеседі.
Туындаған мәселелерді шешу үшін испандықтардың өкілдері Вайспен бірге Алматыға келеді, бұл туралы баяндаухатта атап өтілген. Топ жетекшісі Родригес 1942 жылғы 29 қазанда Арыс станциясынагн Қазақстан КП (б) ОК қоныс аударылғандардың ауыр материалдық-тұрмыстық жағдайына көмек көрсету туралы жеделхат жолдайды, ал 1942 жылғы 10 қарашада Уфадағы ССРО Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы ОК-ге өздеріне өкіл жіберу туралы жеделхат жібереді.
Испандық саяси эмигранттар Дондағы Ростовта тұрғаны, ал 1941 жылғы қазанда Орджоникидзе өлкесіне (қазіргі Ставрополь өлкесі, РФ – авт.) қоныс аударылған, бір бөлігі Садоны кентіне орналастырылған, ал екіншісі Орджоникидзе қаласына орналастырылған, бұл баяндау хатта көрсетілген. Садоны кентінде асырауындағы адамдарымен бірге барлығы 106 испандық тұрған, олардың 37-сі Садон комбинатында (қорғасын-мырыш кенін өндірумен айналысқан – авт.), басқа ұйымдарда – 9 адам жұмыс істеген.
ППШ ұстаған сақшы, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының шахтасы. 1942 ж. 1944-1949 жылдар альбомы.
Садоны комбинаты директорының бұйрығы бойынша испандықтар Текелі комбинатына жұмысқа ауыстырылады. Бұл ретте испандықтарға басқа жұмысшыларға сияқты іссапар құжаттары берілмеген, тек қана эвакуациялық анықтама (эвасправка) ғана берілген.
1942 жылғы 18 қыркүйекте олар Талдықорған ауданының Текелі комбинатына эвакуацияланады. Испандықтардың бір бөлігі еңбек ақысын алып үлгереді, басқа бөлігі алмаған, 7 адам 15 жұмыс күні үшін аванс алған, алайда заңнама бойынша олар жолдағы уақыты үшін де еңбек ақысын алулары керек болатын. Жолға беріледі деген азық-түлікті толықтай ала алмаған, ал берілген азық-түлік тек Бакуге дейін ғана жеткен.
Өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, олар жол бойы жеке заттарын сатады. Бірақ, бұл әрекет адамдарды өлімнен құтқара алмайды, бұл туралы құжатта да көрсетілген «жол бойы бір әйел мен үш бала арып-ашудан қайтыс болды», жеткен соң да «осы себептен 1 ер адам мен 1 бала қайтыс болды».
Текелі комбинатына 97 адам келді, олардың ішінде – 28-і ер адам, 41-і әйел адам және 28-і бала. Алайда, испандық саяси эмигранттардың жалпы саны қанша болғаны белгісіз, өйткені осы баяндау хаттың соңында эмигранттардың ішінде испан ұрыстарының мүгедектерінің бар екені де атап өтілген және «осы жолдастарды есепке алғанда Текелі комбинатында 108 адам тұрған, оның ішінде: ер адам – 34, әйел – 46, бала - 28».
Бұл ретте, испан саяси эмигранттарының ұжымында Садоны комбинатында жүрген кезінде-ақ Қызыл Армия қатарына шақырылған испандықтар отбасылары болған. 1942 жылғы 23 қазанда келген бірінші топ 3-ші Кордонда (кеніш) бұрынғы мектептің екі үй-жайында жайғастырылған, 1942 жылғы 7 қазанда келген 2-ші топ 2-ші Кордонда, олар да бұрынғы мектептің екі үй-жайында орналастырылады.
Баяндау хатта Текелі комбинатының әкімшілігі келгендерді қажетті тұрмыс жағдайларының ең аз бөлігімен де қамтамасыз етпегені атап көрсетілген. Мысалы, бірінші топ нан карточкаларын келгеннен кейін жиырма күннен соң бір-ақ алған, түрлі учаскедегі жұмыстарға орналастырылған, бұл ретте жұмысқа 4 адам шыққан, бірақ 3-уі бірден ауырып қалғандықтан 1 адам ғана жұмыс істеген, ал басқалары тұратын жермен және арнайы киіммен қамтамасыз етілмегендіктен жұмыс істей алмаған.
Екінші топта да дәл осындай жағдай орын алған. Азық-түлікпен де өте нашар қамтамасыз етілген. Асханалар тамақты бір-ақ мезгіл берген. 1-ші Кордонда тамақ күніне екі рет берілген, бірақ сапасы өте нашар болған, 2-ші Кордонда күніне бір рет сапасы нашар сорпа ғана берілген, 3-ші Кордонда бірінші және екінші ас берілген, бірақ оның да сапасы өте нашар болған. 2-ші Кордондағы кейбір испандықтар мынадай азық-түлік алғандарын атап өту керек: 10 кг картоп, 100 грамнан шұжық, кәмпит, 300 грамм өсімдік майы, бір кесектен сабын. Материалдық-тұрмыстық жағдалары нашар болғандықтан 7 адам сүзекпен, безгекпен ауырып қалған.
Жатақханалардағы санитарлық жағдай нашар болған, дәретханалар мен жылу болмаған, испандықтарға матрасы мен төсек жабдығы жоқ сәкі ғана берілген. Испандық саяси эмигранттар киім-кешек, аяқ киім, іш киім және жылы киімдермен де нашар қамтамасыз етілген. Мысалы, «тек 3 жолдаста ғана туфли бар, оның өздері де нашар, басқа жолдастар жалаң аяқ жүр деуге болады». Батпақ пен суықта жұмыс істегендеріне қарамастан арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген. Бұл ретте комбинат жұмысшыларына 300 жұп пима берілгенін айта кету керек, ал испандықтарға олардың бір жұбы да тимеген.
1942 жылғы қыркүйекте Қазақ ССР Халықаралық революция күрескерлеріне көмек ұйымы ОК-і Текелі комбинатына 10 саяси эмигрантты жіберген, алайда, белгісіз бір себептермен олар Талдықорған «Сахарстрой»-ына жіберілген. Ол жерде оларға ешкім көңіл аудармағандықтан, олар аудандық партия комитетіне жүгініп, облыстық партия комитетінің хатшысы Джек Кулитовқа шағымданған. Аудандық партия комитеті оларды Текелі комбинатына жібереді, бірақ, олар бізге жіберілмеген деп оларды жұмысқа қабылдамаған. Мердігер мен тапсырыс берушінің арасындағы түсінбеушілік комбинат құрылысы мен оны іске қосуды соза бергендіктен, испандық саяси эмигранттар осындай қиын жағдайға душар болған.
Комбинат салу бойынша туындаған проблемалардың барлығы «Главцинк-свинец» Басқармасының «Алтайстрой»-мен хат алмасуларынан көрінеді. Бұл хат алмасулардан комбинаттың бірінші кезегін іске қосу 1942 жылдың IV тоқсанына жоспарланғаны, алайда, құрылыс материалдарының жетіспеушілігінен, қол еңбегінің басымдығынан, механикаландырудың нашарлығынан, көлік құралдарымен мардымсыз қамтамасыз етілуден және тағы басқа себептерден құрылыс жүзеге асырылмаған.
Комбинат құрылысының жұмыс күшімен қамтамасыз етілуі де қажеті дәрежеде болмағандығын ерекше атап өткен жөн, тіпті бар жұмысшылардың өздері де жұмыс көлемі болмағандықтан толығымен жұмысқа қосыла алмаған. Осы себептен болу керек, комбинат әкімшілігі келген испандық саяси эмигранттарды жұмысқа алуға құлқы болмаған [2].
Испандық саяси эмигранттардың жағдайын жақсарту үшін С. Вайс бірнеше ұсыныс енгізген, олар жедел түрде орындалуы керек болған: саяси эмигранттарды басқа жерде мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру, климат жағдайын ескере отырып, тұрмысқа қажетті жағдай жасау, тез арада басты азық-түлік өнімдерін беру, аяқ киім, киім-кешек, төсек орын жабдықтарымен қамтамасыз ету, еңбек ақыны төлеу, дәрігерлік тексерістен өткізу және емдеу, отын мен материалдық көмек беру [1, 9-10].
Өкінішке қарай, испандық саяси эмигранттардың бұдан кейінгі тағдыры әзірге анықталмады. Испандық саяси эмигранттардың тағдыры туралы қосымша мәліметтер Алматы облысының мұрағатында болуы мүмкін.
Құралай КАБДУЛОВА, Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының бас сарапшысы.
Дереккөздер тізімі:
1. ҚР ПМ. Қ.708. Тіз.6/1 Іс.525. Бет.6–10.
2. Сонда. Іс.776. Басты суретте – Текелі кеніші.
Фотосурет http://firsov.kz/ сайтынан