«Атанғаным Мырзатай – ел арқасы»
23.05.2017 3247
Мырзатай Жолдасбеков ел тарихының ең күрделі, шешуші кезеңінде дуалы ауыз, өнегелі, мемлекетшіл тұрпатынан, кісілік қалпынан айнымады, халқының қадірлісі бола білді

Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлы – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, іргелі әдебиеттанушы-ғалым, түрколог, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Балалық шағы

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Жігітсің сөзге шешен, тілің майда.

Қормалы, қорғаушы боп ақындарға,

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң, – деп жырлаған Кенен Әзірбаев атамыздың мұрасын жинақтаушы, ұлт руханиятының жанашыры, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбеков 1937 жылы 27 мамырда Жамбыл облысы Талас ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келді.

Соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағы Мырзатайды ерте есейтіп, үлкен өмірге жетеледі. Соғыс жылдарында көрген жоқшылық тауқыметі бар, ойын көрмей, өзге балалар сияқты таңның атысынан кеш қарайғанша далада қызық қумады.

 

Әкесі Жолдасбек бала Мырзатайды «Ойынның түбіне жеткен бала жоқ, одан да қариялардың әңгімесін тыңда, пайдасы тиеді» деп, үнемі жанынан тастамай, бірге алып жүреді екен. «Осы балаңды жаныңнан тастамайсың» деген ағайынға күле қарап: «Бірдеңе шықса осы жәумелегімнен шығады» деп отырады екен жарықтық. Бала жастан қариялардың әңгімелерін тыңдап, уызға жарып өскен Мырзатай кітапқұмар, құймақұлақ, зерек болып өседі. 

Алдымен туған ауылындағы мектепте бесінші сыныпты үздік бітіріп, қазіргі Тараз қаласына келіп, интернатқа орналасады. Осында жүріп, мектептегі би кештерін өткізіп, оқуда озат, алғыр болған екен. 

Әке-шешесі

Әкесі Жолдасбек Ақботаұлы – келбетті, кісілікті, ағайынның ұйытқысы, өмірден тоқығаны көп, сауатты жан болған. Ал анасы Қалдыкүл Ырысқұлқызы ақындығы бар, ақжарқын, ажарлы, елге сыйлы кісі екен.

Ұлы бабасы Темір би заманында Ақмешіттегі генерал-губернатордың билігін мойындамай, орысқа көнбей Тереңөзектен Таласқа үдере көшкен екен. Алыс-жақын ағайындар Жолдасбектің шаңырағына «Үлкен үй, Темір бидің шаңырағы» деп ағылып келіп жататын болған. 

Жастық шағы

Оқуда озат, өмірге ерте бейімделген Мырзатайдың жастық шағы да жарқын естеліктермен тарих жадында қалды. Мектепті тәмамдаған соң Талас ауданы Ақкөл ауылдық кеңесінде хатшы болып жұмыс бастады. Оның мемлекеттік қызметі алғаш осылай басталды. 

Араға бір жыл салып, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, университте Мұхтар Әуезов, Нығмет Сауранбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ағаларынан тәлім алады, қазақ әдебиетінің алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шахмет Құсайынов, т.б. танысып, араласа бастайды. Әсіресе ұлы Мұхтар Әуезовтің үш жыл қатарынан үзбей оқыған лекциялары болашақ ғалымның қалыптасуына ерекше ықпал етеді. 

 

 

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері

 

ДӘСТҮРГЕ БЕРІК АЗАМАТ

Мырзатайды қай-қайсымыз да жақсы танимыз. Мінезі жібектей, қыры да, сыры да сұлу, мағыналы, мазмұны мықты жігіт. 25-30 жылдан қазақ әдебиетінің көне тарихын оқып жүрміз. Сол қазақ әдебиетінің көне тарихын қалыптастырушы да, соның үлкен арнасын сонау Орхон-Енесей жазбаларынан бері қарай дамытып әкеліп бізге жалғаған да осы Мырзатай. Бұл өзі халықтық үлкен дәстүрмен келе жатқан азаматымыз. Арнаны қазақ әдебиетінің көне тарихынан ғана тартып келе жатқан жоқ, біздің тұсымыздағы Жамбылдың, Кененнің дәстүрлерін, қазіргі ауыз әдебиетінің жағдайын, көп тексерілмеген соның күнгей-көлеңкесін түгел қамтып, қопара тексереді және тіл қандай, өзі стильге айналып кеткен жігіт бұл өзі. Қырғызстанда қорғаған докторлық диссертациясында нағыз ғалым екендігін айқын дәлелдеді. Ғалым, қайраткер болу құдайдың, тәңірінің ерекше жаратқан жақсы адамдарына ғана, шын мәніндегі тума талантқа ғана, творчестволық тұлғаға ғана тән, соған ғана лайық нәрсе. Мырзатай алпыс жасында өзінің күллі творчестволық биігінде тұр, Өз биігінен тіл қататын, Халықтың қамын ойлап жүрген санаулы, санаткер азаматтардың бірі. Алпыс жасқа творчество жағынан да, білім-ғылым жағынан да әбден толысып келді. Мәдениет, дипломатия деген өзінде артылып жатыр, жетіп жатыр. Інімізге ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз.

1960 жылы оқуды үздік бітіріп, Мұхтар Әуезовтың ұсынысымен университетте оқытушы болып қалады, «Қазақ халқының ауыз әдебиетінен» төрт жылдай дәріс оқиды. 1964 жылы аспирантураға түсіп, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен қазақ әдебиетін зерттеушілердің ішінде алғаш рет көне дәуір әдебиетін зерттеуге кіріседі. 1967 жылы жарияланған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» деген оқулық-хрестоматияның көне дәуірге арналған тарауларын жазады.

Мырзатай Жолдасбеков аспирантурада жүріп VIII ғасырда жазылған Орхон ескерткіштерінің қазақ әдебиетіне қатысын терең зерттеп, әдебиетіміздің көне тамыры Орхон ескерткіштерінде екенін, әдебиетіміздің тарихы мен тамырын сол кезеңнен бастаудың жөн болатынын алғаш дәлелдеді. Марксизм-ленинизм ілімі дәурендеп тұрған шақта қиын, жаңа әрі тың тақырыпты еркін игерген талантты жас ғалым «Көне түрік әдебиет нұсқалары және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта 1969 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Түптеп келгенде, бұл  В. Радлов, С. Малов, И. Стеблева сынды ғалымдардың жетістіктері мен олқылықтарының орнын толтырған, байырғы түрік жазба ескерткіштерінің әлемдік мән-маңызын ашып берген үлкен ғылыми жаңалық болатын. Диссертациялық зерттеудің ресми төрешісі, академик Әлкей Марғұлан сол ғылыми кеңесте: «Мырзатай Жолдасбековтің диссертациялық еңбегінің аса құндылығы – қазақ әдебиетінің байырғы бастауларын ашқандығында, сондықтан бұл жұмысқа докторлық атақ беру керек», – деп диссертациялық жұмысқа өте жоғары баға берген. 

Кемелдік келбеті  

1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің  филология факультетін бітірген соң, 1977 жылдың қаңтарына дейін қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент болып жұмыс істеді. 1974 жылы ҚазМУ филология факультетінің декандығына сайланды. Осыдан бастап ол шын ұстаздық, ғұламалық жолға түседі. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Жамбыл және халық поэзиясы», «Көне түркі әдеби ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген лекциялық курстарды негіздеп, оқу бағдарламасын жазып шығарады.

Мырзатай Жолдасбеков 1977 жылы Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды. Бұл жылдары институтқа Илияс Жансүгіровтың есімі берілді, ақынның музейі ашылды, «Жетісу» ансамблі құрылды, Молықбайдың қобызы, Бақтыбайдың домбырасы, Мұқан Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсын жазған фортепианосы табылды. Аз уақыттың ішінде институт Одақтағы маңдайалды іргелі білім ордасына айналды. Қайда барса да, қандай қызметте жүрсе де мемлекет мүддесін, ел тарихын бір сәт естен шығармайтын Мырзатай Жолдасбеков Талдықорғанда болған он бір жылдың көлемінде талай тағылымды істің басын қайырды.

ССРО Журналистер одағының мүшелігіне өткендегі билеті

Ғасырлар аңсап, талықсытып барып жеткен тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында, жас мемлекеттігімізді баянды етуде Мырзатай Жолдасбеков қаламы мен қайратын қару етіп, жанқиярлықпен аянбай тер төкті. Еліміздің тарихындағы осы бір шешуші кезеңде үлкен саясат сахнасына өз ойыменен, парасат-пайымымен, өзіндік кескін-келбетімен шықты.

Кенен ӘЗІРБАЕВ, ақын, халық композиторы

 

МЫРЗАТАЙҒА

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Баласың сөзге шешен, тілің майда.

Қормалы қорғаушысы ақындардың,

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң.

Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін,

Жігітсің алтын сөзді, асыл айна.

 «Түртпейді түбі бірге» деген халық,

Таныттың өнерімді көп жамайға.

Тілектес боп өзіңе бата беріп,

Отырмын өзің көрген жайлы жайда.

Келін мен балаларға менен сәлем,

Еңбегің маған сіңген кетпейді, ойда.

Той өткелі сәлем де бермей кеттің,

Қарағым, өкпең бар ма, кеттің қайда?

Отырмын нардай шөгіп бір орында,

Кәрілік пен тағдырға бар ма айла?

Тілектес аман-есен жүргеніңе,

Отырған Кенен атаң терең ойда.

Аласапыран кезеңде терең білім мен ұстаздық мол тәжірибе кәдеге асты. Ол 1987 жылдың аяғынан 1993 жылдың ортасына дейін – Оқу министрі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі, Президенттік кеңестің мүшесі, Мемлекеттік кеңесші, Премьер-министрдің орынбасары, Президенттің кеңесшісі болды. 

Мырзатай Жолдасбеков келгеннен кейін елу жылы бойы өзге ұлт өкілі басқарып келген идеология бөлімі қазақтың мүддесіне, оның ұлттық идеясына қызмет етті. Ұлттық санада серпіліс болды. Халықтың рухы көтерілді. Сең бұзылып, ұлттық идеяны насихаттаған кітаптар шыға бастады.

Қазақстан Компартиясының кезекті съезіндегі делегаттар мүшесімен

1987 жылдың аяғынан 1993 жылдың ортасына дейін – Оқу министрі болған кездегі құжаты


Елбасы және Мырзатай Жолдасбеков

Мырзатай Жолдасбеков 1993 жылғы тамыздан – 1996 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанның Иран Ислам республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып, Тегеранның төріне еліміздің көк байрағын алғаш рет желбіретті, ата-бабасының қолы жетпеген елшілік қызметті абыроймен атқарды. 

Елге оралғаннан кейін 1997 жылы тұңғыш ашылған Дипломатиялық Академияның алғашқы ректоры және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. 

Мырзатай Жолдасбеков зайыбы Мәрия апаймен

Мырзатай Жолдосбековтың Иран Ислам республикасындағы Елшілік қызметін куәландыратын құжат

Бәйкен ӘШІМОВ, мемлекет және қоғам қайраткері

 

АЙНАЛАЙЫН МЫРЗАТАЙЖАН!

Соңымнан ілескен ақкөңіл, ақжарқын, адал інісің. Елге сіңірген еңбегің мол. Өмірдің белгілі бір межесінен өткен кісі үлкен белдің үстіне шығып алып алды-артына күн салып қарар. Алдында жүріп өткен ағаларын ескеа лар. Кейіннен ізін басып келе жатқан, халық көзінде жүрген, жақсы сөз ілестірген «осы қалай?» деген шаруаның үдесінен шыға білгенін ілеріне ақ жарылып батасын берер болар. Сен қиындық көрсеңде көтере білдің, ұзақ жолға жарайтын қазақтың қаранары секілді қыңқ демедің. Жүрісіңе көзім тояды, сөзіңе көңілім толады.

Ел көзіндегі ержігітке сын көп. Талдықорғанда істедің – басқан ізіңе гүл бітті, Иранда елші болып істедің – екі елді сүттей ұйытып жүрдің, Еуразия университетінде ректор болдың – Астананың үлкен қарашаңырағы еттің, маңыңа әрдайым сөзі бар, ойы озық жігіттерді жидың, қай жерге барсаң да тыныш жатқан көл бетіне тас түскендей маңайың жақсы адаммен, ілгергі тілеумен шеңберленіп шығакеледі. Ризамын жүрісіңе. Ғұмырлы бол, жарқылдаған жақсы інім!

Мырзатай Жолдасбеков кәсіби дипломаттармен және ұлт мақтаныштары, қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев

Рим Папасы ІІ Иоаан Павелдің Қазақстанға сапары барысында Мырзатай Жолдасбековпен кездесуі. 2001 жыл

Хан сайлаудың салтанатын тарихтан білгенмен, Президент сайлау тәжірибесі бізде болған жоқ. Елмен ақылдастық. Алатаудың бауырында зеңбіректен 30 дүркін залп бергізіп, хан тұсында қан шашылмасын деп ақсарбас шалдық. Президент ақ киіздің үстінде тұрып ант берді. Содан бері антынан айныған жоқ.

Тарихтың да, Қазақстан халқының да таңдауы тағы да Өзіңізге түсті, мәртебелі Елбасы! Бүгін халық Сізді Президент етіп төртінші мәрте сайлады. Мен де осы ұлы оқиғаға төртінші рет қатысып, куә болып отырмын. Бұл туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне жаздым.

Сөйтіп, біз тарихымыздың тағы бір жарқын бетін аштық, тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ел тағы да Сізге сенім артты. Елдің сенімін де, үмітін де арқалап келесіз. Қазақ халқының ғана емес, бүкіл Түркі дүниесінің үміті де Сізде. Бүгінде өз жұртыңыз ғана емес, бүкіл әлем Сізге қарап бой түзей бастады.

Қалың ел сонда не үшін сеніп отыр?

Өйткені, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз:

- Қазақты сан мың жылдарғы арманына жеткізген;

- Тәуелсіздік әкелген, оны баянды еткен;

- Байрағын желбіреткен;

- Жаңа заманның жаңа тарихын жасаған, сөйтіп дәуірге татитын құбылыс жасаған;

- Мемлекет орнатқан, оны әлемге танытқан, мойындатқан;

- Елорда салған, Ақорда тұрғызған;

- Адамзат тарихында тұңғыш рет әлемдік дәстүрлі діндердің басын қосқан;

- Елін Еуропаның төріне шығарған;

- Ынтымақ-бірлікті, мемлекеттік саясатының туы етіп көтерген;

- Халқының көкейіндегісін тауып отырған кісісіз, әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткер, кемеңгер басшысыз.

("Бабалар аманатына адал болайық" мақаласынан)

Ел ағасы

Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды. 

Мырзекең басшылық жасаған жылдары Елорда төріндегі іргелі оқу ордасында елеулі жаңалықтар болды. Елбасының идеясын пәрменді түрде жүзеге асыра білген Мырзатай Жолдасбеков Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылуына да зор еңбек сіңірді.

2004-2006 жылдары «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры. 2006-2012 жылдары – ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры. Қазақ ұлттық өнер университетіне қарасты Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарды.

Ел тәуелсіздігін тұғырландыру жолында 50 томдық «Тәуелсіздік шежіресі» еңбектерін жариялануына жоба жетекшісі ретінде зор еңбек сіңірді. 25 томдық Қазақ өнерінің антологиясы жобасы негізінде Қазақ айтыс өнерінің 7 томдығын жарыққа шығарды. 

Әбділда ТӘЖІБАЕВ, Қазақстан халық жазушысы

 

СИРЕК ДАРЫН ИЕСІ

Мырзатай аты да әдемі, өзі де әдемі, істеп жүрген ісі де оңды, керемет жігіт. Алаш азаматтарының көрнекті білгірлерінің бірі. Ел-жұрты үшін ғана өмір сүретін, мақтаныш көретін азаматымыз, туған баламдай, інімдей көретін сирек дарын иесі. Жиырма бес ер жасы десек (бұрын) қазір алпысты ер жасы дейміз. Алпыстың қызығы сол, ол – ағаның да, әкенің де, атаның да жасы. Ал енді Мырзатай осы жасқа келді. Ол өзі көп жастарға ақылды аға, көбіне ата болып саналады. Ол менің ғана түсінігім, менің ғана сөзім емес. Бұл қазақ зиялыларының, қазақ интеллигенциясының сөзі, ойы. Алпысқа келгеніне қуанамын. Бұл алпыс жақсы жігіт өмірі, аға өмірі, ата өмірі, үшеуінің ұласқан жері. Осы ұласқан жерге жеттің. Сол өміріңмен құттықтаймын. Жасай бер, жасай бер бауырым демекпін.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы

 

АТЫНА ЗАТЫ САЙ

Мінезі ашық-жарқын, жаны жомарт, ақ көңіл, айналасына шуақ төгіп жүретін адамдарды қазақ ежелден мырза атаған. Мырзатай аға да мен үшін сондай мырза адам.

Мырзатай аға 1960-1961 жылы Қазақ университетінде бізге әдебиеттен лекция оқыды. Жап-жас, жарқ-жұрқ етіп жеңіл қозғалатын, беріліп, өз сөзінің әсеріне өзі де еріп кетердей құлшынып сөйлейтін жігіт бізді қатты қызықтырды. Бірінші курста оқитын біздің біраз студентіміз Мырзекеңмен жас жағынан қатарлас та болатын. «Біз де өстіп білімді болсақ-ау!» деген арман әркімнің-ақ көңіл түкпірінде бір аунап түскенінде күмән жоқ.

1965-жылы ҚазМУ-ды бітіріп, бәріміз жан-жаққа кеттік. 1967 жылы студенттерге арналған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» деген кітап шықты. Сонда «Орхон жазуларындағы жырлар» деген атпен Мырзатай Жолдасбеков аударған «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары беріліпті. Мен – ол кезде Жәркент өңірінде мұғаліммін, Алматыға бір келгенімде әлгі кітапты алып, құныға бас алмай оқығаным әлі есімде. Менің түрік халқына деген шексіз сүйіспеншілігімді, оның бүгінгі ұрпағы қазақ ұлтына деген мейір-ынтамды осындағы «Күлтегін» мен «Тоныкөк» жыры қайтып өшпестей қоздатып кетті. Ата-бабаларыма деген балалық сезім, мақтаныш пен өкініш сезім бойымды билеп, өң мен түстің ортасында қалғандай ғажап күй кештім.

 

Мырзатай Жолдасбеков үрім-бұтағының ортасында 

Мырзатай Жолдасбеков ел тарихының ең күрделі, шешуші кезеңінде дуалы ауыз, өнегелі, мемлекетшіл тұрпатынан, кісілік қалпынан айнымады, халқының қадірлісі бола білді. Соның арқасында «Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі» деген дипломатиялық дәреже, «Халықтар достығы» (1986), «Құрмет» (1996), «Парасат» (2005) «ІІІ дәрежелі Барыс» (2011) ордендерін иеленді. 2006 жылы ұлттық сана, руханият, мәдениет және ғылымға сіңірген еңбегі үшін «Алтын адам» деп танылды, Күлтегін сыйлығымен марапатталды.

Біз – кешегі ұлы ағаларымыздың алдын көрген бақытты ұрпақпыз. М.Әуезов – бізге үш жыл қатарынан «Қазақ ауыз әдебиетінен», «Абайтану» және «Манас» жырынан, «КСРО халықтары әдебиетінен»; З. Қабдолов – «Әдебиеттану», «Әдебиет теориясы» пәндерінен; Е. Ысмайылов – «Қазақ ақындарынан», Б. Кенжебаев – «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен», М. Қаратаев – «Әдебиет сынынан», Т. Нұртазин «Қазақ совет әдебиетінен» дәріс оқыды. Н. Сауранбаев, С. Кеңесбаев қазақ тілінен сабақ берді. Ұстаздарымыздың жүріс-тұрысының өзі легенда болатын. Қызыға қарап, бейне бір сахараның шөлінен шөліркеп келгендей ынтығып тыңдаушы едік. 

Мырзатай Жолдасбековтың күнделігінен

Материалды әзірлеуде Мырзатай Жолдасбековтың жеке отбасылық фотоқұжаттары және «Өнегелі өмір. Мырзатай Жолдасбеков» кітабы пайдаланылды. 

Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ