Адалдық пен сатқындықтың арасы
17.05.2017 2465
Кейбір басылымдарда айтылғандай Мұстафа Шоқайды сатқын деп айыптаған үкім негізсіз. Ол Совет үкіметіне адалдық антын берген емес, ССРО-ның азаматы деп атанған да жоқ

Соңғы кездері қазақтың саяси эмигранты Мұстафа Шоқай тұлғасы туралы пікірталас тағы да баспа беттерінде жандана бастады. Олардың басты дәйегі «Мұстафа Шоқай сатқын болыпты» және «Түркістан легионын құрыпты-мыс» дегенге саяды.

Алайда қазіргі фактілер мұндай тұжырымды тіптен растамады.

Мұстафа Шоқайдың өмірбаянына тоқталар болсақ, ол қазіргі Қызылорда облысының жерінде дүниеге келген, Ташкенттің ерлер гимназиясында білім алып, 1914 жылы Петербург университетін тамамдаған, Ресей Мемлекеттік Дума жұмысын ұйымдастыруға атсалысты.

Саясатпен белсенді араласқан ол 1917 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясының белді басшыларының бірі болған. Мұстафа Шоқай большевизмнің мәнін ерте түсінді, сол себепті демократиялық күштердің жағын таңдады. 1918 жылы КомУЧ жиналысына Уфа қаласына аттанып, алайда оның таратылуына байланысты шетелге қоныс аударды. 1919 жылы Грузия арқылы Түркияға келді, сонсоң Франция жеріне өтті. Виктор Чернов, Вадим Чайкин, Василий Шульгин және басқа да әйгілі саяси қайраткерлермен достық қарым-қатынас орнатты.

Мүстафа Шоқай Мария Горина есімді әйелге үйленген.

Кейбір басылымдарда айтылғандай Мұстафа Шоқайды сатқын деп айыптаған үкім негізсіз. Ол Совет үкіметіне адалдық антын берген емес, ССРО-ның азаматы деп атанған да жоқ. Большевиктер партиясының, тіпті Ресей социал-демократиялық партиясының да мүшесі емес. Мұстафа Шоқай қысқа өмірінде өзінің көзқарастарына адалдығын сақтап қалған.

М. Шоқай өз сараптамаларында соғыс басталар алдын-ақ Германия мен ССРО арасында соғыс боларын білген. Ұлы Отан соғысы басталғанда Мұстафа Шоқай неміс лагерлерін аралап, соғыс тұтқындарының, соның ішінде түркістандықтардың ауыр жағдайын жеңілдетуге тырысқан болатын. Неміс басшылығына шарасыз тұтқындардың тағдырына, әсіресе шығыс елдерден шақырылған тұтқындарға аяушылық танытуға өтініш білдірген.

Алаштың әйгілі азаматы, Түркістан (Қоқан) автономиясын құрушы әрі лидері Мұстафа Шоқай 1941 жылдың желтоқсанында удан қаза болған. Асыл азаматтың қазасының неден болғаны: НКВД-ның (П. Судоплатов-Берзинь департаментінің) ісі ме, әлде фашистердің құпия полициясының әрекеті ме, әлі күнге дейін белгісіз.

«Түркістан легионы» болса, М. Шоқай қазасынан көп кейін, 1942-1943 жылдары құрылды және бұл процесс ұзақ уақытқа созылды. Сонымен бірге «Түркістан легионы» мүшелерінің бәрі фашистік Германия қарулы күштерінің қатарында соғыспағанын да атап өту керек. Біршама легионерлер Қызыл Армия жағына өз еріктерімен өткен.

Ал осы аталмыш уақытты алсақ, генерал Андрей Власов ССРО азаматы болған, советтік білім беру мекемелерінде оқыған. Генерал А.А. Власов – әскери ант қабылдап, дивизияны, содан соң 2-ші армияны басқарған қолбасшы.

Сондықтан Мұстафа Шоқай мен генерал Андрей Власовты салыстыратын болсақ, А. Власов нағыз сатқын болып шығады. Өйткені ол өзі берген антын бұзып Отанын сатқан әскери қызметкер ретінде тарихта қалды.

Генерал Антон Деникин және адмирал Александр Колчак тек ақ гвардия дивизиясын басқарып қана қоймай, Азамат соғысы кезінде халықтарды қырғынға ұшыратып, репрессиялар ұйымдастырған, соның ішінде орыс шаруаларын да қырып-жойған. Қазіргі күні Ресейде генерал А.И. Деникин де және адмирал А.В. Колчак та ақталған. Генералдар А.И. Деникин мен А.А. Власов және адмирал А.В. Колчакқа қарағанда Мұстафа Шоқай қолына қару алмаған және әскери ант бермеген, ол қарапайым саяси қайраткер, публицист адам болған. М. Шоқайдың қолына ұстаған қаруы – қалам еді, оның жазған кітаптары мен мақалалары адам құқықтарын қорғауға арналған еңбектер еді. Өмірінің соңғы күніне дейін Мұстафа Шоқай демократиялық құндылықтарды қорғаған. Ол қазақ, орыс және өзбек тілдерімен қатар бірнеше еуропа тілдерінде еркін сөйлеген. Мұстафа Шоқай саяси эмигрант, сарапшы болып адал ғұмыр сүрді және өз Отанынан жырақта қайтыс болды.

Оның әйелі – Мария Горина соңғы демі қалғанша күйеуіне деген адал махаббатын сақтап өткен. Ол 1969 жылы қайтыс болған, күйеуінің ақталғанын көру жазбады. М. Горина ханым Франциядағы православиялық зиратқа жерленген.

Мұстафа Шоқай – өмірінің соңына дейін отандастарына көмек көрсетіп көрсеткен шынайы азамат, нағыз патриот. Сондықтан тура шыңдыққа көз жеткізбей тұрып, тарихи тұлғаларды дерексіз, көзсіз айыптауға болмайды. Тәуелсіз Қазақстанның саңалы азаматтары Мұстафа Шоқайға әділ бағасын беріп отыр. Туған өлкесі Қызылорда қаласында ескерткіш орнатылып, еліміздің басқа да қалаларында көшелер есімімен аталды. Оның құрметті есімі тарих оқулықтарына енгізіліп және жас, жаңа туған сәбилерге ат қою дәстүрінде берік орнығып жатыр. Яғни, қазақ халқы барда Мұстафа Шоқайдың есімі ешқашан ұмытылмайды және қаралауға да жол бермейміз демекпіз.

Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор