Тоғыз жолдың торабы
16.05.2017 4452
Биыл Түрксіб теміржолының салына бастағанына 90 жыл. Қарым-қатынас құралының сұрапыл соғыс жылдарындағы маңызына тоқталсақ

Түрксіб темір жолының салынуы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ең ірі құрылыстардың бірі болды. ХХ ғасырдың 30 жылдары Қазақстан ғылымының және экономикасының өте қарқынды дамыған уақыты деп айтсақ болады, бұлай дейтініміз осы тұста индустрияландыру қарқын алды.

РКФСР Халком Кеңесі жанынан Жетісу теміржолына Жәрдем комитеті ұйымдастырылды. Комитет төрағасы болып РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынын орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Жолдың солтүстік бөлігіндегі жер қазу жұмыстары 1927 жылы сәуір айында, ал жол төсеу – 15 маусымда басталды. 1927 жылы 21 қарашада, ұзақ уақыттық дайындықтан кейін жол төсеу құрылыстын оңтүстік бөлігінде де басталды.

Түрксіб құрылысына Жәрдем комитетінің төрағасы болып Тұрар Рысқұловтың тағайындалуы жайдан-жай емес еді. Ол 1926 жылдың маусымынан РКФСР ХКК (Халық Комиссарлары Кеңесі) төрағасының орынбасары бола жүріп, Қазақстан мен Орта Азияны Сібірмен жалғастыратын теміржол құрылысы жөніндегі пікірталас басталған кезден-ақ оны тезірек салу идеясының белсенді жақтаушысы әрі көшбасшысы болды.

Алғашында РКФСР ХКК жағындағы Жәрдем комитетінің құрамына 18 адам енді, бірақ көп ұзамай оның мүшелерінің саны 50-ден асты. Комитет жұмысына, оның пленарлық отырыстарының аралығында Т. Рысқұлов бастаған Төралқа (алғашында 9, одан сон 11 адам) жетекшілік етті. Оған Қазақстаннан КазАКСР Халком Кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақов кірді. Комитет құрамына республикалар және аймақтар халкоматтары өкілдерінен өзге, ғалымдар (8 профессор) және мамандар (инженерлер, экономистер, агрономдар және басқалар) енді.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Түрксіб магистралі маңызды рөлге ие болды, соғыс басталған күні-ақ оған бейімделу, соғысқа қажетті дүниелерді тасымалдау жұмыстарының барлығы теміржол арқылы жүзеге асырылды, соның негізгілеріне тоқталсақ:

Біріншіден, 1941 жылдың 24 маусымында 18 сағатта Қазақстанның теміржолдарындағы пойыздар қозғалысын айрықша әскери жұмыс кестесіне ауыстырды. Бұл соғыс басталған кезден екі күннің ішінде теміржолдың жұмыс кестесі соғыс режиміне икемделіп жасалғанын білдіреді. 

Екіншіден, сұраныс артты, соғыстың алғашқы жылдарында Түрксіб арқылы адамдар мен материалдық ресурстарды үсті-үстіне жөнелту, Қазақстанға көшірілген кәсіпорындар мен адамдарды түсіру кезінде қиындықтар болды, тасымалдар мен вагондарға деген сұраныс нормадағыдан үш есе асып түсті.

Үшіншіден, Қазақстан теміржолшылары орасан зор тасымалдар көлемін орындады. Елімізге бірнеше айдың ішінде елдің орталығынан 220 өнеркәсіптік кәсіпорын және 550 мың адам көшірілді. Көмір жөнелту екі есе, қара металдарды жөнелту екі еседен астам, мұнай өнімдері мен рудаларды жөнелту 4 еседей өсті. 

Төртіншіден, Түркістан – Сібір магистралінде құрастырылған №34 паровоз колоннасы Алматыдан Берлинге дейін 13600 шақырым жол жүріп өтті. Монша – кір жуу пойызы мен бронепойыздар құрастырылып, олар майдан алаңдарында әрекет етті. Түрксібке майданнан оралған ЭУ-№69911 сериалы паровоз Алматы-1 депосында мәңгілік тұғырға қойылды, бұл паровоз тізе бүккен Германияның астанасы Берлинге бірінші болып кірген болатын.