Ақ қайыңдар өлкесіне сапар
27.08.2019 2893
Еліміздің солтүстік өңірі Қызылжар өңірі өзінің сұлу табиғатына тамсанған жандардың, әсіресе ақын-жазушылардың тілінде «ақ қайыңдар өлкесі» деп сипатталады. Қайың қазақта қасиетті ағаш саналады

Күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде жүрген біздер күні ертең қай жердің дәмі бұйырып, қай жердің топырағын басарымызды әсте біле бермейміз. Сөйтсе, шалғайдың дәмі бұйырып тұр екен. 2019 жыл тамыз айының екісі күні Қызылжар өңіріне жолымыз түсті. ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директоры, т.ғ.д., профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы ұстазымызға еріп Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдарының 90 жылдық тойына жолға шықтық. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан Есіл ауданына дейінгі жол Көшетау арқылы да өтеді. Қазақ даласының ерекше сұлу, мейлінше көрікті мекендерінің бірі – Көкшетау. Жер шоқтығы атанған Көкшетау табиғатының әсемдігімен ғана емес, ауасының да жанға шипа, дертке дауасымен де әйгілі.

Көкшетау – атақты сал-серілер Біржан Сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, одан қалды жергілікті қазақтар үшін ісләм дінінің тұтқасы болған, Бұхара шәрифті тәмамдап, әйгілі Бағдат шаһарында тағылымдамадан өткен, «жетпіс жеті ілімнің түбіне жеткен» тарихтан белгілі Наурызбай Таласұлы – Науан қазірет туған өлке. Балуан Шолақтың арғы тегі жетісулық болғанымен, өзі Бурабай маңында туып, ер жеттi. Ақан Сері – Ақан Қорамсаұлы осы күнгі Көкшетау облысында Қоскөл деген жерде 1843 жылы туған. Оның өмір сүріп, балалық шағын өткізген жері де осы Көкшетау төңірегі. Көкшенің  Ақандай ардақты тұлғасы, талантты әншісі, ақыны арқылы бір шықса, аузымен құс тістеген жүйрік Құлагердің атағымен де танылды. Осылайша қойнауы тарихқа тұнған, сырлы мекен, жырлы мекен Көкшетауда біраз аялдап, Ақтас ауылын бетке алдық.

Еліміздің солтүстік өңірі Қызылжар өңірі өзінің сұлу табиғатына тамсанған жандардың, әсіресе ақын-жазушылардың тілінде «ақ қайыңдар өлкесі» деп сипатталады. Қайың қазақта қасиетті ағаш саналады. Көктем келгенінің де белгісі – осы қайыңдар. Себебі, қайың барлық ағаштардың ішінде бірінші болып бүршік жарады екен. Өзге өңірлерден бір ерекшелігі, мұндағы қайыңдар тұтасып емес, шоқтасып өседі, төбесінен қарағанда әдейі шоқ-шоқ қылып бөліп қойғандай әсер қалдырады. Мұнда, қайда қарасаңыз да, шоқ-шоқ болған қайыңды көресіз. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Жалғызтау мен Сырымбеттің арасы осындай әсем табиғатқа тұнып тұр. Осы өңірдің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов өзінің еңбегінде былай жазады: «Жалғызтау мен Сырымбеттің арасы Үкілі Ыбырай мен Ақан серінің асыл мекендері, мал-аралас, қой-қоралас. Құдандалы бауыр-туыс болып кеткен сыйлас, тату ауылдардан құралады. Үкілі Ыбырайдың ауылы – Жалғызтаудың оңтүстігінде орналасса, Еңбек Сырымбетке жақындау Жарқын көліне тақау жатыр. Ал Ақтас сол аймаққа ортақ Қамсақты өзеніне таяу жерде бой жазса, Сырымбеттен Егіндіағаш он бес, Дәуқара жеті-ақ шақырым, бұл ауыл мен Еңбектің арасы он екі шақырым, дәл сондай қашықтықта Ақтас жатыр. Бұл ауылдар – ескірмес алтын бұйымдай ескі дос ауылдар». Қарағай, Ақтас, Бұлақ ауылдарының іргесі негізінен 1929 жылы қаланып, әлі күнге дейін тонның ішкі бауындай, бірлігі мықты, бір үйдің баласындай тату-тәтті жасасып келеді. Әрине 1929 жылға дейін де әлмисақ заманнан бері бұл даланы қазақтар мекен етіп, көшіп-қонып жүрген. Бірақ, 1928-1931 жылдары ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны кезінде шаруаларды жаппай отырықшыландыру саясаты жедел жүргізіле бастағаны тарихтан белгілі. Жеке ауыл  болып отырған Тілембай, Тілеп балалары, Темір-Садуақас, Байғара – Балташ, Игібай – Сәтбай, Күсес – Күшпән, Ермек, Шәкір, Мүкей-Тегізек т.б. ауылдар  сол кездегі ауылнай Игіберов Аққошқардың ұсынысымен қазіргі Бұлақ ауылының орнына шоғырланып, 1929 жылы артель құрған. 1930 жылы Бұлақ артелі колхозға айналады. Шаңырақ қойған, Ақсұлу, Метірей, Досай, Жұман ауылдары 1929 жылы «Ақтас» колхозына топтасты. Бәжен, Күшенғали, Тұтқыш т.б. 10 ауыл Қарағай ауылына топтасқан. Осылай, 1929 жылы үш ауылдың іргетасы қаланды.

 Міне тағдырлас, жер-суы бір, әрі қаны жағынан аталас осынау үш ауылдың 90 жылдық  тойын да бірігіп өткізу шешімі қабылданып, өңір азаматтарының қаражат күшімен 2019 жылдың 3 күні атақты Қоскөл баурайында дүбірлі той өтті.

Тойға бас қосқан халық алдындағы алғашқы сөз осы өңірдің тумасы, Ұлттық Кеңес мүшесі, Мемлекет тарихы институты директоры, т.ғ.д., профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлына берілді. Алты алаштың көнеден бүгінгі күнге дейінгі тарихын түгел зерттеп, отанымыз Қазақстан тарихын зерттеуге сүбелі үлесін қосып жүрген ардагер тарихшы Бүркітбай Ғелманұлы туған өлкесінің тарихын түп-тамырынан қозғап, жиналған қауым алдында ағынан жарылды. Үш аулдың тоқсан жылдық тарихындағы елеулі оқиғалар, қиын-қыстау кезеңдер, осы өңірден шыққан тұлғалар мен еңбек озаттары сияқты жергілікті тарихқа қатысты мәселелер түгел қамтылды. Менің байқағаным, ауыл тұрғындары ол кісінің баяндамасын асқан ықылас және қызығушылықпен тыңдады. Жасына да, жасамысына да тәлім боларлық, үлгі боларлық ғибратты сөздер тыңдарман құлағына жетіп жатты. Бүркітбай ағамыздың баяндамасынан аймақ тарихына молынан қанығып, білмеген дүниелерімізді өзіміз де түртіп алдық.

Осы өңірдің басқа да құрметті қариялары, жақсы-жайсаң азаматтарына сөз беріліп, олар жүрекжарды тілектерін айтып, қордаланған әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын жұртшылыққа жеткізді.

Жалпы тойдың ұйымдастырылуына жергілікті азаматтар үлкен дайындықпен келгені сезіліп тұрды. Облыс әртістері мен шығармашылық ұжымдары тойға шашу ретінде концерт қойды. Мереке түрлі қызыққа толы болып, қазақтың ұлттық ойындары асық ату, тоғыз құмалақ, қазақша күрес жарыстары ұйымдастырылды. Аламандатып ат шаптырып, үлкен ас берілді.

Осының барлығы осы ауылдан шықан азаматтарының өз қаражатымен, өз күшімен өткізілген. Атап айтқанда Бұлақ ауылы орта мектебінің директоры Бердібек Тоқпанов, Сайлау Сұлтанғалиев, биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси газетінің журналисті Өмір Есқали, Серкелбай Тылыбеков, Қанат Асқаров және тағы басқа «елім!» деген азаматтардың күш салуымен ұйымдастырылған екен. Ел еңсесі көтірілсін деген ізгі ниеттері ғой. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Осындай азаматтарға қалайша тамсанбайсың? Қалайша ырзалықпен сүйсінбессің? Еліміздің түкпір-түкпірінде осындай ізгі шаралар көптеп өткізілсе деп тілейміз.

 Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.   Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып өткен еді. Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.

Ж.Н. ЖАҚСЫГЕЛДИНОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты 

Ғылыми-ақпарат бөлімінің кіші ғылыми қызметкері