Амангелді Имановқа 150 жыл
04.04.2023 2561

Күні кеше Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойына арналған концерт ұсынды. 


Амангелді Иманов – XIX-XX ғасырлар тоғысында ұлттық сананың дамуында маңызды рөл атқарған тарихи тұлға. 1916 жылғы Орта Азиядағы империялық билікке қарсы көтеріліс жетекшілерінің бірі, Торғай мен Торғай облысында Кеңес өкіметінің орнауына қатысушы, Әліби Жангелдиннің серігі, Азамат соғысына қатысушы. Ол 1919 жылы тарихшылардың бір нұсқасы бойынша ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапты.

Биыл Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл. Оның тұлғасы тарихымыздың кеңестік кезеңінде ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы ретінде ел аузында қалды. Осы уақытқа дейін Қазақстан қалаларындағы көптеген көшелер оның есімімен аталады, Қостанай облысында қоғам және саяси қайраткерге арналған мұражай жұмыс істейтін Амангелді ауылы бар. 1938 жылы режиссер Моисей Левиннің «Амангелді» кинофильмі экранғы шықты, сценаристер қатарында қазақ жазушылары Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов те болды. Халық қаһарманы туралы көрнекті жазушылар пьесалар мен поэмалар жазды, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев өзінің ең танымал туындыларының бірі – Амангелді Имановтың портретін салды.

Танымал композиторлар халық қаһарманы Амангелді Имановқа музыка арнады, соның ішінде ХХ ғасырдың ортасында классикалық композиторлар Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің «Амангелді» операсы, қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясы шықты. Сондай-ақ Қазақ радиосының алтын қорында Аблахат Есбаев, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Дмитрий Мацуцин, атақты күйші Сүгір сынды композиторлардың шығармалары бар. Ал Амангелдінің арияларын қазақ операсының негізін салушылар Манарбек Ержанов, Мүсілім мен Ришад Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Рашит Мұсабаев, Кәукен Кенжетаев және т.б. орындады.

«Дала дауылпазы» концерті Амангелді Имановқа арналған музыкалық мұраны бір арнаға тоғыстырды. Және көрермендер шығармашылық эксперименттің куәсі болды. Себебі филармония сахнасында алғаш рет симфониялық оркестр мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің әртістері бірге өнер көрсетті.

Сонымен қатар концертке үрлемелі оркестр, «Наз» мемлекеттік би театры, жеке орындаушылар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Аллабиринов, Алтынбек Арыстанбек, Нұрсәт Алмас, Жандос Иманбай, Айдос Оңғарбай, Нұржан Мейірхан, Парасат Отан, Мұратбек Хайролда қатысты.

Өткен ғасырда жасалған классикалық туындылар бұл жолы жаңа көркемдік мақсаттар аясында кәсіби өңдеуден өткеннен кейін жаңа дауыста орындалды. Сондай-ақ көрермендер Қазақстанның қазіргі композиторлары Марат Бердіғұлов, Серік Әбдінұров, Айтбай Мұздаханов, Ертай Бәкіров , Шолпан Қорғанбектың шығармаларын тыңдады.

«Қай заманда болмасын, азаматтың рухын көтеретін, жігерлендіретін жорық жырлары, әскери-патриоттық әндер өскелең ұрпаққа ауадай қажет. Осы тұста айтып өтейік, қазақ музыка өнерінде Амангелді батырға арналып көп шығарма жазылған. Әлі де жазылып келеді. Біз филармония музыканттары ұзақ жылдар бойы мұрағатта қалған  ноталық және аудио жазбаларды қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Бұл қиындығы мол, табандылықты, шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет ететін үлкен іс. Жұмыс ноталық редакция, жаңа аранжировка, жаңа аспаптық өңдеу, симфониялық оркестр мен фольклорлық ансамбльдің жаңа дыбыстық синтезінің үндесуі бағытында жүргізілді. Мен де бұл концертке ерлік пен өрлікті, ұлтына да сүйспеншілікті баяндайтын шығарма жазып, сол еңбегімді Амангелді Иманов атамыздың рухына арнап отырмын», - дейді «Қорқыт» этно-ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек».