«Қазақ даласына дойбы ойыны сауда жолдары арқылы келген...»
08.07.2021 3473

Қанат Забайұлы - тарихшы, «Қазақтың ұлттық ойындары» кітабының авторы.


-Қанат аға ана бір жолғы сұхбатыңызда «тоғызқұмалақ»  ойыны жайлы айтқан едіңіз. Бүгінгі әңгімені «дойбы» ойыны жайында өрбітсек қайтеді?

-Адамзат тарихында ойналып келген сан алуан ойындардың ішінде зияткерлік ойындар, әсіресе тақталық немесе үстел үсті ойындары бір төбе, және олар өлке сайын, ел, ұлыс, ұлт сайын бірлеп емес молдап табылады.

Осы ойындар қатарында дойбы ойындарының алатын орны ерекше.

Қазіргі заманда онлайн жүйеде телефонмен де ойнай беретін ойындардың түрі көп, саны да мол болғанымен, ежелден ойналып келе жатқан, тек шаршы тақтада ойналатын, кәдімгі тастар бірін бірі жеп, биге шығатын, бірінен бірі аттап, бірін бірі қамап, өктемдік, сес, алғырлық көрсете алатын, халықаралық деңгейде сайыстар жүріліп келе жатқан дәстүрлі ойындардың қатарында танылған ойын, ол - дойбы ойыны екені даусыз. Дойбы атымен қалыптасып, кейбір ел, ұлттың меншіктеніп өз ерекшеліктерін сіңіре ойнап келген дойбылары, және бүгіндері өздері ойнап жүрген дәстүрлі дойбылар түрлері де баршылық.


-Дойбы ойыны жайлы көне деректер не дейді?

-Дойбы ең алғаш Мысыр жерінде 3500 жыл бұрын пайда болған деген болжам бар. Қазіргі заманғы зерттеушілер дойбының таралу тарихы мен жолдарын әлі күнге дейін толық дәлелдеп, ғасырлар қойнауында жасырын жатқын сырды әлі де толық таба берген жоқ. Зерттеулерге қарағанда кәдімгі дойбы ойыны орта Азияға Х ғасырларда жеткен көрінеді. Ал, қазақ даласына дойбы XYIII ғасырда сауда жолдары арқылы келген, қазақтың батыс аймақтарында «шатраш», басқа аймақтарда «дойбы» деп аталған деген деректер де бар. Қазақ жерінде қалыптасқан өзіндік ережесі бар бұл ойынды ұлы Абай бабамыз құмарта ойнаған, дәріптеген, қазақи атаулар енгізген,  сондықтан да дойбыны қазақтың ұлттық ойындарының қатарына қосқанның еш оғаштығы жоқ. Кейбір мәліметтерге  қарағанда Абайдың атасы Өскенбай, өз әкесі Құнанбай, атақты Кемпірбай ақын және олардың көптеген замандастары дойбынын құмарта ойнаған. Абайдың Жидебайдағы мұражайында ұлы ақынның дойбысы әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

 Сан ғасырлық даму кезеңін,  өзіндік эволюция дәуірін  бастан кешіріп, бүгінге жеткен бұл ойынның алуан түрі пайда болып, өзіндік теориясы, жеке - жеке ойнау ережесі қалыптасты.  Дойбылар сұрыпталып емес, бір-бірімен иық тіресе қатар жарыса әлемдік сыпат алып бара жатқандығына сәйкес  жаһандық ақпараттық даму кезеңінде қызығушылық танытушылардың да саны артуы, ондай қызығушылық өз ортамызда да болуы қуантарлық жағдай.

-Осы дойбы ойыны халықаралық ойын ретінде санала ма?

-Әрине. Дойбыдан алғашқы дүниежүзілік чемпионат 1894 жылы болды. Бұл сайыс орыс дойбысынан өткен еді. Ал, 1986 жылы халықаралық дойбыдан өте бастаған дүниежүзілік олимпиадамен қатар әлем чемпионаты да халықаралық дойбыдан 1984 жылдан, ал орыс дойбысынан 1985 жылдан тұрақты өткізіліп келеді. Дүниежүзілік дойбы федерациясы 1947 жылы құрылған. Оған отыздан астам ел мүше. Ал халықаралық дойбы федерациясы (ағл. International Draughts Federation, IDF) – әлемде 64 шаршылы тақтада ойналатын барлық дойбыларды дамыту мақсатында орнаған халықаралық ұйым.

Бұл ұйым 2012 жылы 12-маусымда Болгарияның Балчик қаласында құрылған,  дойбы ойындарын дамыту, 64-дойбысының әлем біріншілігі қатарлы  халықаралық жарыс-сайыстарды ұйымдастырумен айналысады. Орталық штаб-пәтері Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан.

1935 жылдан орыс дойбысынан, 1956 жылдан бастап жүз шаршылы (халықаралық)  дойбыдан Қазақстан чемпионаты өтіп келеді. Мысалы Моңғолияда дойбы ойыны 1950 жылдары орыс дойбысы түрінен ойнала бастаған. 1988 жылы 9 сәуірден МХР-дың дойбы әуесқойларының федерациясы орнаған, 1991 жылы Париж қаласында өткен FMJD-бас ассемблеясы жиналысынан мүшелікке ілескен. 1995 жылдан Моңғолия дойбы федерациясы қайыра жаңадан жасақталып өз  ережесін бекіткен болатын. Әлемде,  XIX ғасырдан бастап дойбының дәрежесі әр елдерде ұлттық деңгейге дейін көтеріліп, біріншіліктер (чемпионат сыналту) жүріле бастайды. Мәселен, Ресейде 1896 жылы орыс дойбысынан, Ұлыбритания мен оның ықпалындағы бірнеше елде ағылшын дойбысынан (чекерс) ел біріншіліктері, әлем чемпионын сыналту сайыстары ұйымдастырылып, қазіргі халықаралық дойбы аталып кеткен Француздардың 100 шаршылы дойбысы 1894 жылғы әлем чемпионатынан кейін  Франция мен Нидерландияда кең тарала бастайды. Осылай ауқымы кеңіп, біртіндеп әлемнің 60-тан астам елін қамтыған ұйым пайда болады. 1947 жылы Халықаралық дойбы федерациясы (ФМЖД) құрылып, 1948 жылдан ресми статуспен әлем чемпионаты, 1973 жылдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жүріле бастаған еді. Осы орайда өзге дойбылар да еш қалыспады. 64 шаршылы дойбыдан осы федерация құрамында Секция-64 бірлестігі құрылып, әлемдік және Еуропаның командалық, жеке чемпионаттары сыналтыла бастады. 1985 жылдан Бразилия дойбысынан, 1993 жылдан орыс дойбысынан ерлер мен әйелдер арасында, чекерстен әйелдер арасында әлем чемпионаты өтіп келеді. Айталық, түрік дойбысынан ерлер арасындағы әлем чемпионаты 2014 жылы, әйелдер арасында 2016 жылдан бастап өтуде. Айта берсе Азияның, Американың, Африканың, Еуропаның кубоктары халықаралық дойбы, 64 шаршылы, чекерс дойбысы, го, рендзю ойындарынан үнемі тұрақты түрде өтетін деңгейде етек алып келеді. Міне, осы дойбылардың аттары, ережелері, шығу тегі, ойнау тәртіптері сан қилы болатындықтан, жас ұрпақтар оларды бір-бірінен айыра танып, шатаспас үшін ортақ ұқсастық, айырмашылықтарын ашалап, анық түсінік бере кету; олардың назарын дойбы ойынына аударып, бағыттау, ойынға деген қызығушылықты арттыру, ойын ойнау мәдениетін қалыптастыру арқылы ұрпақтың ой өрісін кеңейту, әлемдік деңгейге талпынту мақсатын алға қойып, осы істі қолға алдым. 

-Өзіңіз «тоғызқұмалақ» пен  «асықты» айтпағанда осы ойын жайында көлемді  еңбек те жаздыңыз ғой?

-Рас айтасыз. Әсіресе мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушылары арасында дойбы үйрену қарқыны баяу. Оның бірден бір себебі ұстаздар мен ата-аналар дойбы ережелерін бәрі бірдей біле бермейтіндігінде және оларға дәріс берер жүйе жоқ, әрі оқулықтардың да жоқтығында болып отыр.Шәкірттерімнің нәтиже шығаруына септігі тиген және немерелерімнің болашағына арнап жиған тергендерімді жүйелеп, өзімнің тәжірибелерімді сіңіре қаттай келе бұл жинақтағандарым өзгелердің де кәдесіне жарауы бек мүмкін деген ой келген соң көпшілікке арнап еңбек жазған да жәйім бар. Барша қазаққа болмаса да әлдебіреулерге ұнаса, мақсатымның орындалғандағы, туындының ел игілігіне жарағандағы деп білемін.

Жаһандану заманында жастарымыз әлемнің түкпір-түкпіріне барып оқып, сонда өмір сүру үрдісі кең етек алуда. Қай елге барса да сол елдің мәдениетінен хабардар болу, дәстүріне бейімделу, оларда ойналатын ойындар туралы мағлұматты болуы керек-ау. 

Дойбымен ойнап, шұғылданып жүргендер үшін таңданарлық, қызығушылық болмағанымен  екінің бірі біле бермейтін ерекшелік, қыры - сыры бар, кімде кім түсініп, ұғып алса артықтығы жоқ, керісінше талаптанғандар мен алғаш үйренушілерге көмегі тиері сөзсіз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың тастарды дұрыс тізуі, тақтаны дұрыс жағымен қойып ойын бастауы, ойынның бастапқы шарттарын игеруі,  бірнеше дойбы тастарының қақтығыстарын басқара, ойындағы жүрістерді қиыстыра білу, жүрістерін алдын ала жоспарлап меңгере алатын шыдамдылық, дағды игеру арқылы баланың белсенділігі артата түсетіні сөзсіз. Сондықтан да бұл ойынның өте қарапайымдылығын, үйренуге оңайлығын және ұлттық ойындарға жақындығын ескере отырып, балаларды жастайынан  - алғырлыққа, есептегіштікке, сабырлылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеу құралы ретінде ұғынуымыз керек.

Бұл туынды да «Дойбыны көшіп үйренуден оңай нәрсе жоқ. Керісінше оны дұрыс ойнап үйренуден қиын нәрсе тағы жоқ» - деп Марион Тинсли атты атақты дойбышының айтқанындай дойбышылар және дойбыны алғаш үйренушілер үшін оларға дойбыларды теориялық жағынан таныстыру, шебер жүрістерді меңгерту, логикалық, байқағыштық, алғырлық және есте сақтау қабылетін арттыруға жаттықтыруға септігін тигізуді, сонымен қатар тақталық ойындар  қатарынан бірегей орын ала алатын дойбы және дойбы тектес ойындар және соларға ұқсас ойындар туралы алғашқы мағлұматтармен таныстыруды мақсат тұттым.

Оқырман қауымға, дойбы ойындарын үйренуге ынтығушы жастарға осы жазбаларға сыни көзбен қарай отырып, мұқият назар салуды негізгі мақсат тұттым. Дойбы ойындарында адамды ынтықтырып, өзіне баурап, еріксіз тартып алатын қасиет бар. Тақтадағы сайыстар барысында нелер әсем өрнектер сызылып, санқилы жайғасымдар пайда болып, ойынға шынайы беріліп, жүрегімен сезіне білгенге сазды әуен орындалып жатқандай әсер қалдыра алатын құдірет дойбының бойынан табылары да қақ. Бір сөзбен айтқанда дойбы ойнау, ол – өнер. Бұл өнерден біз да қағыс қалмауымыз, дойбы ойындарының теориясын ортамызда ұғынып, келер ұрпаққа өз тілінде танысуына ықпал ету үшін ізденістер жасап, талпынуымыз керек.

Бүгінгі таңда дойбының кейбір түрлері елімізде даму үстінде. Дойбышыларымыздың айтарлықтай табыстары да жоқ емес. Алайда бұл ойынды үйренушілер, қызықтаушыларға арнап жазылған ана тіліндегі оқулық, әдістемелік көмекші құралдар тіптен тапшы. Міне, осы бір тапшылық, олқылықтың орнын толтыру мақсатында   өзімнің жиған, тергендерін сұрыптап, аталмыш ойындардан алғашқы мағлұмат беруді мақсат тұтқан «Дойбылар әлемі» атты кітабым жарыққа шықты. Кітап мазмұнын бірнеше сөзбен түйіндесек онда ойын ерекшелігі, тастардың тақтада орналасуы, жүрістер, жайғасымдар, жеңіс, жеңіліс туралы,  шебер ойындардың тәсілдерін толық қамтып, кең  көлемде түсінік беруімен қатар қазақ дойбысының ерекшеліктері, басқа ұлт ұлыстардың дойбы ойынының ұқсастығы мен өз ара айырмашылықтары жайында көп түсінік бере білдім.

-Өзіңіз сөз басында айтқан дойбы ойындарына қатысты ортақ түсініктеге тоқтала кетсеңіз?

-Жалпы үстел үсті немесе тақталық ойындар қатарында баршамызға таныс шахмат, дойбылар, асық ойындары және мангала типтес ойындар енеді. Мысалы, шахмат ойындарының өзінде біз білетін 64 шаршылы шахматтың сыртында жанжақты немесе көпбағытты шахмат, қытай шахматы дейтін түрлері болады. Мангала типтес ойындар қатарында қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ және түріктің мангаласы, африка елдерінің оваре, вари қатарлы ойындар жатады. Қазақтың сырмақ үстінде ойнайтын «бесасық»,  «хан ату», «құс қағу» асық ойындарын да осы тақталық  ойындарға жатқызып жүр. Бұл солай болуға да тиіс. Ал, дойбының түрлері көп, атап айтар болсақ 100 шаршылы дойбы (халықаралық), 12х12 шаршыда ойналатын канадалық дойбы және 8х8 торкөзді  64 шаршылы дойбының  орыс, қазақ, түрік, поляк, италиян, ағылшын, бразиль, испан, чекер дойбысы қатарлы нұсқалары сияқты әр елде жергілікті халық оған өз ережелерін, өз атауларын, өзгешеліктерін қосып отырған көптеген түрлері бар.  Дойбыға ұқсас ойындар қатарына жататын, қазіргі заманда халықаралық деңгейге жетіп, дамып келе жатқан го, отелло, коридор, рендзю, алтайшатра қатарлы ойындар да бар.  Бұл ойындар туралы осы еңбегімде кеңінен тоқталдым. Бұрын «орыс дойбысы» деп аталып келген 64 шаршылы дойбыны қазір «64 шаршының классикалық түрі» деп атайды. Осы ойынның ережесімен және 64 шаршыдағы бразилиялық ережемен де халықаралық жарыстар өтеді.

«Орыс дойбысы» аталатын классикалық жүйемен өтетін жарыстарға негізінен алғанда ТМД елдерінің ойыншылары қатысады, ал бразилиялық жүйемен өтетін жарыстарға Еуропа, Азия, Америка құрылықтарының ойыншылары көзге түсіп жүр. Дойбы ойынына баса мән беретін елдер халықаралық сайыстар ұйымдастыру, дойбыны дәріптеу мақсатында мол қаражат жұмсайтын көрінеді. Тіпті Израильде, Украинада, Ресейде арнайы дойбы басылымдары мен журналдары шығып тұрады. Моңғолияда  осы шаршылы дойбы жақсы дамуда. Моңғолияның еңбек сіңірген спортшысы, Халықаралық дәрежедегі гросмейстр Д.Эрдэнэбилэг, Р.Манлай сынды мықты дойбышылар «Моңғолия дойбы федерациясы» атынан оқулық, кітаптар бастырып, мемлекеттік деңгейде көптеген сайыс, кездесулер ұйымдастыруда.

Қазақ дойбысы туралы түсінік бізде өте көмескі, оның да өзгелерден ерекшеліктері бар, мұны да біздің ортада дамыту мәселесі кезек күттірмейтін іс болуға тиіс деп ойлаймын.

Жоғарыда айтылған го, отелло, коридор, рендзю, алтайшатра қатарлы ойындармен шұғылдану – жаһандану дәуірінде «қажет пе десе қажет» деп ұғыну жөнге саяды.Қазіргі таңда дойбы ойындары әлемде әр түрлі атаумен аталып, кейбір елдерде сол елдің өзіндік ережесімен ойналып, жарыстар өтіп жатыр?

-Жалпы дойбының  ортақ  ұстанымдары мен ережелері қандай?

-64 шаршы мен 100 шаршылы дойбылардың ортақ мынадай ұқсастықтары бар.Ойынды екі ойыншы ойнайды,өзара алма кезек жүреді. Тақталық әр ойынның қағидасына сай, екі ойнаушы қарама-қарсы отырып, өз тастарын тақтаға  тігіп қояды. Жеребе бойынша кімнің ақ, кімнің қара тас алып ойнайтынын анықтап, ереже бойынша ақ тасты иемденген ойыншы ойынды бастайды. Кейбір ойындарда қара тас алған жақ ойынды бастайтын ереже бар. Сызбада ақ тастар тақтаның төменгі жағында орналасып, жүрісті жоғары қарай жүрген етіп белгілейді, ал қара жағы керісінше орналасып жүріс төмен қарай болады. Ең басты шарт тастар тек алға ғана жүреді, қара торкөздерде қиғаштап диагональ бойымен бір ғана жүріс жасап, жалғыз аттайды, тас ілгері де жүреді, кейін шегініп жүрмейді. Бірақ ол ілгері де, кейін шегініп те жей алады. Бір қызығы қазақ дойбысы мен ағылшын, итальян, чехия дойбысы үшін шегініп жеу турасында өзара өзгешеліктер де бар.

Тақтада қарсы жақтың тастарын жей отыра, қарсы жақ шеткі торкөздеріне жеткен, яки төрге   шыққан   дойбы   тасы «би» аталып  ерекше артықшылыққа (мүмкіндіктер) ие болады. Биді тастан айыру үшін не екі тасты қабаттап, немесе төңкеріп қояды. Би болса бұрыштары түйіліскен қиғаш сызық бойымен еркін, әрі жол бойындағы бос көздерге түсіп, жеке-жеке  аттап жеуге құқылы.

Ал енді дойбы жүрісіне келейік. Жүріс – жәй тастар үшін тек ілгері бір аттап көшеді. Ал билер диагональ бойымен үстінен аттап өтуге болмайтын кедергілерге  тіреліп қалғанға дейін жүре береді. Екінші тарапты жеген кезде қарсы жақтың бір тасының үстінен бір ғана реттен артық аттауға болмайды. Бос тұрған торкөзді неше рет басып өте беруге болады. Бірнеше тас, яки биді жеген кезде әбден жеп біткен соң ғана қолындағы тасты қойып бітіп, онан соң барып желінген тастарды теріп алады. 100 шаршылы дойбыда ғана жәй тас та, би де ең көп жеу мүмкіндігі бар тастарды жеуге тиіс, яғни «көбін жейді» ұстанымын ұстайды. Ал 64 шаршыда ойнайтын дойбылар үшін ерекшеліктер мүлде басқа. Мұнда ойнаушы төмендегі екі қимылдың қайсыбірін жасаса ол жүріс жүрілген болып есептелінеді. Мысалы өзінің тасы мен биін бір торкөзден екіншіге апарып қойып, қолын тассыз етіп босатса, сондай-ақ, жеуге тиіс тастарын жеп болып, қолын бос етсе; қарсы жақтың тастарынан аттап, жеп болса да қолындағы тасы қойылмай тұрған болса, ол жеу бағытын өзгертіп жүре-жеуге болады.

Сондай-ақ, ақ бастап жүріп, оны қара жағы жалғастыра жасайтын екі әрекетті біріктіріп бір жүріс санайды.

Жүріс кезегі келген ойыншының қолы өзінің тасы мен биіне тисе болды оны міндетті түрде жүреді. Егер жүруге еш мүмкіндігі жоқ тасқа қол тиген болса онда амал жоқ. Тастарды, биді түзеп қою керек болса «түзеп алайын» деп алдын-ала айтуға тиіс, бірақ тек өз жүріс кезегі кезінде ғана түзетіп алуға болады.Қарсыласының тастарының қайсыбіріне қолы тисе, оны онда міндетті түрде жейді. Қай дойбыда болмасын қарсыласының тастарын түгел жою немесе жүріс жолдарын бөгеп тастау, өз тастарын би шығаруға ұмтылтып, талпындыру, тастарының күш қуатын артыру, тиімді жайғасымдар иеленуді  ойыншылар түгелдей дерлік мақсат тұтады.

-Ойын барысында  тең ойын болу шарттары қалай анықталады?

-Теңесетін туралы пікірді тек өзінің жүріс кезегі келгенде айтады. Қарсыласынан жауап келгенше алғаш пікір шығарушы сөзінде тұру керек. Теңесу пікірін қарсыласы құптамаған болса, ол қарсыласы өз пікірін айтпай тұрғанда қайталап пікір білдіруге болмайды.

Негізі ойын тоқтатылып уақытта жүріс санайтын бақылау қойылған кезде, қарсыластың бірінде 3 және келесісінде 1 биі бар болған ойын соңы үшін дәл осындай жағдай пайда бола қалғаннан бастап, 3 би қарсыласының жалғыз биін 15 жүрістің ішінде ұстай алмаған болса, 2 биі мен жәй тасы бар, немесе бір биі мен 2 жәй тасы бар ойыншы бір биі бар, немесе бір би және бір жәй тасы бар қарсыласын 15 жүрісте жеңе алмаса, соңғы 32 жүріс бойы тас қозғалмаған, немесе ешбір жеу болмай тақтадағы күштер арасалмағында еш өзгеріс байқалмағанын ойыншының қайсыбірі дәлелдесе,белгілі бір тұрыс (жайғасым) 3 рет қайталанса, осындай жағдай олардың қайсыбіріне ұшырасса төрешіге білдіріп, тең ойын екенін дәлелдеп тоқтатуға құқылы.

-Дойбыда «шебер жүріс»  пен «комбинация»  түсінігі бар ғой? Соны  кеңірек таратып айтып берсеңіз?

-Қайсыбір дойбы ойынында дойбышылардың назар төрінде болатын басты мәселе – шебер жүрістер жасау болып саналады. Соңғы шешуші соққыны беру үшін тастарды бірінен соң бірін бере отырып өз ойлағанына еріксіз жетелеп апаратын ойыншының таңқаларлық тиімді, әрі өктем жүрістерін «шебер жүрістер» деп атайды.

Шебер жүріс жасау нәтижесінде жайғасымдық жағынан болсын, күш басымдылығына ие болу үшін болсын, өзі тап болатындай қиын жағдайдан құтылып, сытылу үшін болсын, ол недәуір артықшылыққа ие бола алады.

 Ал енді комбинация жасау әр жүріс сайын қарсы жақтың тастарының жайғасуын өзіне тиімді етіп өзгерте әсер етіп, өзінің тастарын шабуылға оңтайлы орналастыру. Яғни көздеген мақсатқа жылдам жететін бірнеше едел-жедел жүрістер жасау.  Шебер жүріс жасауға деген әзірлік ретінде айла шарғылар арқылы өз ойлағанымен жетелейтіндей жағдай жасауға түрткі болу, мәселен, тастарды бірінен соң бірін жемге бере жетектей отырып, қарсыласының тастарын өз қалауың бойынша орналастырып болған соң соңғы шешуші соққыны жасай алатын шебер ойын деп түсіну керек.

Алғаш байқағанда төніп тұрған қауіп байқалмайды да бірнеше жүріс өте келе ол қарсыласының өте күшті жүрісінен соң құтылуға жол таппай аңтарылып қалады. Мұнан соң қарсыласының әр жүрісі тақтадағы жағдайды өзгертіп, күштердің арасалмағын да өз жағына бұрып алады.

Міне комбинациялық жүріс дегеніміз осы. Комбинация – көздеген мақсатқа жылдам жеткізетін бірнеше ойлы жүрістердің нәтижесі.  

Комбинация өзі екі кезеңнен тұрады:

Біріншісі, әзірлік кезеңі. Ойын барысында қарсыласының әлсіз тұстарын қалт жібермей қадағалап, қарсыласының жүріс бағыты, оның жіберген қателері, тастарының орналасуына қорытынды жасап, тақтадағы жайғасымнан өзіне тиімді комбинация жасау жолдары қарастырылады.  

Екіншісі, мақсатқа жету кезеңі. Қарсыласың өздігінен сенің ойлағаныңды жүре бермейтіні анық. Оған тастарды бірінен соң бірін текке беру, жемге қызықтыру арқылы мәжбүр жүріске итермелеп, сәті келген тактикаларды қолдана отырып орналасымды өзгерту, әрине мол тастар ұту, биге шығу, қиын жағдайдан шығу, ақырында сізді жеңіске жетелейді.

-Мана сөз барысында 100 шаршылы дойбыдан қарағанда 64 шаршыда ойналатын дойбылар үшін ерекшеліктер көп дедіңіз ғой.

-Иә.  Мысалы, қазақ дойбысы 8х8 яки 64 шаршыда  ойналады, тастар қара торкөздерге тігіледі, ойын тақтасының қара торкөзді ең төменгі бұрышы сол қол жаққа сәйкесетін етіп орналасады.  Бұл дойбының ерекшелігі - «түкіріп алу», «шегініп (артына қарай тура қайрылып) жеу секілді шарттары бар. Ал орыс дойбысы Ресейде, ТМД елдерінде және Израйльде кең тараған. Мұнда да 64 шаршылы тақта қолданылады. Әр ойыншыда 12 қарапайым, жәй тастарды алғашқы 3 қатарға, тек қара торкөздерге тізеді. Ойын кезінде тастар ілгері қарай диагональ (қиғаш жолмен) бойымен бос торкөзге жүре алады. Жәй тастар тек ілгері жүреді, алдына қарай да, артқа қарай шегініп те жей береді. Жәй тас биге шығатын артқы шаршыларға жете сала, сол бойы би жолында жеуге тиіс тастар тұрса, ол аялдамастан жүрісті жалғастыра жүріп «атүсті» қимыл кезінде жолжөнекей жәй тастан тура би бола салады да жүрістерін жалғастыра алады. Ал, Бразиль дойбысы 8х8 шаршыда әр ойыншыда 12 тастан болса, Канадалық дойбы 12х12 шаршылы (144 торкөз) дойбы әр ойыншыда 24 тен тас тігеді, ойнау ережелері халықаралық ережеге сай ойналады. Бразиль дойбысымен Испания, Португалия, Филиппин, Латын Америкасы, Скандинавия елдері, Германияның бірқатар аудандарында ойналады. Ағылшын немесе американ дойбысын чекерс (ағл. Checkers) деп атайды. Тақтасы кәдімгідей 8×8 шаршылы, тастардың тігілуінде де өзгешелік жоқ. Мұнда алғашқы жүріс қаранікі. «Жәй тастар» диагональ бойынша (қиғаш) алға қарай бір аттап көшеді де тек алға қарай жейді. Ал би үшін алға да, артқа да, жан жағына бір торкөз аттап жүріп, бір торкөз бойынша ғана жей алады. Ол міндетті түрде жейді, бірнеше жейтін жол тұрса көп, аз жем демей қалағанын соңына дейін жейді, Керісінше көбін жейтін шарты бар бұл ойынның келесі нұсқасын АҚШ-та «пуль» деп те атайды. Осын ойын ережесіндегі бұл дойбылар Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Африка елдері, Ирландия, Үндістанда, Ұлыбританияның отарында болған 30 шақты елде ойналады. Италияндар мен Солтүстік Африкада кең таралған Италиян дойбысы да шахматтың 8×8 шаршысында, бірақ стандарттық тақтаны 90 градус айналдырып, сол қол жақтағы төменгі бұрышта ақ түсті шаршы болатын етіп қолданады. Тастар ақ торкөздерге орналасады. Ал ойын ережесі чекерске ұқсас, бірақ бірнеше өзіндік өзгешеліктері бар. Ал Испания дойбысы  Бразиль дойбысына ұқсас, бірақ тақта 90 градусқа бұрылады да, тастар алдыңғы үш қатардың ақ түсті торкөзіне тігіліп, сол ақ торкөздерге ойнайды. Бұл нұсқаның тағы бір ерекшелігі – «жәй» тастар артына шегініп жей алмайды. Түрік дойбысымен Түркия, Кувейт, Ливан, Сирия, Иордания, Грекия, Армения, Израйль елдері ойнайтын көрінеді. Түрік дойбысының ерекшелігі  ойын 64 шаршыда ойналады, бірақ тастар бірінші қатарды ашық тастап, екінші және үшінші қатарға ақ, қарасына қарамай 8 шаршыға, екі қатарға барлығы 16 ақ тас, қарсы жағына дәл осылайша 16 қара тас тізіледі.  Жәй тастар алдыға, оңға, солға бір көшек жүре алса, биі кәдімгі шахматтың арбасының (ладья) жүрісіне ұқсас жүре алады. Тастар диагональ (қиғаш) емес, вертикаль және горизонталь бағытта жүріс жасайды. Жетінші немесе сегізінші қатарға жәй тастар бару кезінде «джентльмен ережесіне» бағынады. Жәй тас биге шығатын 8 қатарға қарсыласының тасын жей барып шықса, ол би бола алмайды, ол жүріс жасай отырып барса ғана би мәртебесін алатын болады. Түрік дойбысында барлық дойбы ойындары дерлік мойындайтын «Түрікше шабуыл» ережесі ұсынылады.  Кері тықпалау дойбысы дейтін өзгеше ережелі дойбы болады. 8×8, 10×10 шаршыларда орыс және халықаралық дойбыларға жүріс – тұрысы ұқсас болғанымен ойынның мақсаты қарсыласына өз тастарын бере беріп, жеуге мәжбүрлеп, өзі тассыз қалу, немесе тастарын қамауда қалтыру мақсатында ойнайды.Португалия дойбысы аталмыш елмен қатар Бразилия, орталық және солтүстік Африкада танымал. Бұл нұсқада тақтаның сол қол жақ бұрышы ақ торкөз, биі кәдімгідей еркін қозғалыста, тастар қараға тізіліп, қара торкөздерде ойнайды, жәй тастар шегініп жеуге болмайды, көбін жейтін секілді өзгешелігі болса, Чехия мен Словакияда ойнайтын Чехия дойбысында жәй тас пен би екеуімен де жейтін жағдай пайда болса, онда бидің жүрісі жүріледі,  қарсыласы жеуге тиіс тасты жемей кетсе ескерту берілетін ереже ұсталады. Осы Чехия  дойбысынан әлемдік кубок тұрақты  түрде жүргізіліп келеді. Қарсыласының тасымен бірге желінуге ыңғайлы тұрған өз тасын да қоса бір жүрістің ішінде жей бере ойнайтын «өзін жегіш» дойбы; алдымен өз тасын жүріп-ап, жалғастыра қарсыласынан бір тас жүре алатын, және алғашқы жүрісті ақ жағы қара тасты жүріп бастайтын, жеген кезде тек өз тасмен ғана міндетті түрде жей алатын ережесі бар Ставрополь дойбысы қатарлы бізге оғаш көрінгенімен өздеріне дәстүрлі болып кеткен дойбы түрлері де болады.

-Шахмат ойыны секілді ойынның  үш сатысы – дебют (бастау) пен миттельшпиль (орта шені) сондай-ақ эндшпиль (ойынның аяқ шені) дойбы ойынында да болады ғой.

-Дәл солай.  Дойбыдағы дебюттер (бастау) туралы түсінік бұл алғашқы сәттердегі 5-6 жүріс, тастардың дамуы, яғни осылардан кейінгі жүріске дайындық үшін жасалатын алғашқы шаралар болып есептелінеді. 

Ойындарды қалай бастау тиімді екендігін тәжірибелі ойыншылардың ойындары мен керемет болған ойындардың бастауларында кезігетін; танымал боған, қазір қолданыста көбірек қолданып жүрген; ойын теориясына енген бастау (дебют) тізімдерін ұсынған болатын.

Миттельшпиль - ортаңғы кезең, шамамен - 7-12 ші  жүрістер, ойынның басты оқиғалары жүріледі, күресуші жақтардың күштері бір-біріне қауіп төндіріп, тікелей байланысқа кіреді, айырбастау жүріледі, соларға жалғастыра негізгі соққы беру жүрістері, шебер жүрістер жасауға бейімделу, қарсыластың қылт еткен қателеріне жауаптар әзірлеу, комбинациялар жасау сияқты тактикалар жасалады.

Эндшпиль – аяқталар кезеңі қарсыластардың 5-6 тасы қалған кезге сәйкес келеді, шешуші, ойынның нәтижесін қарсыласы күтпеген жағдайға душар ету, дұрыс жоспар арқылы басымдылыққа ие болу, тастар мен билердің белсенділігін арттыру, яғни жеңіске жету үшінгі талпыныс, арпалыс болатын сәті.

-Қанат аға тұщымды әңгімеңізге көп-көп рахмет!