Әскери-тарихи музей археологиялық іздестіру жұмысын бастайды
04.12.2015 2346
Музейдің қорында шамамен 6000 жәдігер бар. Онда тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан мен оның жауынгерлік әскерінің құрылуының кезеңдері мен ата-бабаларымыздың батырлығы туралы сыр шертетін мұра жатыр

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі археологиялық іздестіру жұмысын бастайды. Мәдени, тарихи объекті ретінде музей өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуі, қорды бірегей артефактілермен толықтырып отыруы маңызды. 

«Музейде ғылыми-зерттеу қызметі, археология, материалды сақтау, консервілеу, есепке алу, зерделеумен айналысатын қызмет бар. Бұл жай ғана музей емес. Мұнда Қорғаныс министрлігінің университеттерімен, қазақстандық және шетелдік музейлермен іздестіру, ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіледі», – деді музей директоры Асқар Қасымов. 

Қазір музейдің қорында шамамен 6000 жәдігер бар. Онда тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан мен оның жауынгерлік әскерінің құрылуының әртүрлі кезеңдері мен ата-бабаларымыздың батырлығы туралы сыр шертетін мұра жатыр. Әрбір зат ерекше құндылыққа ие. Экспонаттар бірнеше залда орналасқан: Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің залы, Мерзімді көрме залы, XIX ғасырдағы көне зал, XX ғасырдағы әскери тарихи зал, XX-XXI ғасырдағы қару-жарақ залы. Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ «Қазақстанның әскери ісінің тарихы» атриумы. 

«Экспонаттардың келіп түсуінің негізгі діңгегі ақысыз негізде берілген жеке коллекционерлердің топтамалары болды. Өңірлерден, облыстардан жиналған уақытша жәдігерлер де бар. Экспонаттар жан-жақтан келіп түсуде. Бірақ, бізге өзіміздің іздестіру, ғылыми жұмысымызды жүргізу маңызды», – дейді музей директоры Асқар Қасымов. 

Оның айтуынша, музей ұдайы негізде дамып отырады. Болашақта мұнда кинотеатр, сондай-ақ балаларға арналған ойын-сауық таным залын ашу жоспарлануда. Симуляторлардың арқасында әрбір бала өзін әскери ұшқыш немесе танкіші ретінде сезіне алады. 

Экскурсоводтардың айтуынша, азаматтардың тарапынан музей шынайы түрде қызықтырады. 1 желтоқсанда оның ашылғанынан бастап музейге 300-ге жуық қонақ ат басын тіреген. Студенттер, оқушылар, балалар мен ересектер әскери киім нысаны, әскери марапаттар мен құжаттарды, өткен жүз жылдықтың қаруы мен қазақстандық армияның заманауи қару-жарағын тапанша, автомат пен мергендік винтовкадан бастап артиллериялық зеңбірек пен оқ-дәріге дейін өз көздерімен көріп тамашалау мүмкіндігі берілгеніне қуанышты. 

«Көне зал маған әсер қалдырды. Мұнда қазақ қару ұстаушыларының өзіндік жұмыстары ұсынылған. Олар жерімізде біршама шебер болғанының көрсеткіші болып табылады», – деді музейге келуші Ләйлім Ысқақова. 

ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі Әскери-патриоттық орталықтың бөлігі болып табылатынын айта кеткен жөн. Оның құрамына ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі мен Орталық ансамблі кіреді.