Елімізде тұңғыш рет Әскери-тарихи музей ашылды
03.12.2015 2570
Бүгін Астана қаласында жаңадан ашылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды

Бұл айтулы оқиғаға 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында ҚР Президенті Н. Назарбаев арнайы қатысып, тұсаукесерін өткізген еді. Шара барысында Елбасы жаңадан құрылған өзгеше музейдің жалпы сипатымен танысып, бөлімдерін аралап, қойылған құнды мұраларды тамашалаған еді. Сондай-ақ Президент «Жас ұлан» әскери мектебінің білім алушы өрендерімен кездесіп, сұхбаттасқан. 

Музей 2000 жылы Президент Н. Назарбаев идеясымен, өз қолымен сызып берген көк күмбезді, салтанатты ғимаратта орналасқан. Бірнеше қабатты қамтитын музей еліміздің жүріп өткен жолындағы әскер тарихымен және қазіргі таңдағы қарулы күштердің әлеуетін танытатын құрал-жабдықтар мен қару түрлерін көрсете алады. 

Залдың бірінші қабатында орналасқан атриумның ортаңғы бөлігінде Жоғарғы Бас Қолбасшы Н. Назарбаевтың ескерткіші сомдалып, оны айнала қоршаған сақ сарбазы, ғұн көсемі, түркі-қазақ жауынгерлері мен әскербасылары және қазіргі таңдағы қазақ сарбаздарының мүсіндері тұр. Жерде кешегі күн мен бүгінгі кездің ара қатынасын сипаттайтын, әскер тарихының символикалық ишарасына толы бейне орналастырылған. 

Оң жақ қанаттағы үлкен зал Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің залы деп аталады. Онда Президенттің 1992 жылғы 7 мамырдағы «ҚР Қарулы Күштерін құру туралы» жарлығының түпнұсқасы, басқа да аса маңызды құжаттар мен жеке папкалар қойылған. Шынылы сөренің ішінде Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әскери киімі, әскери шені, басқа да мұралар жинақталған. Сондай-ақ осы залда «Қазғарыш» атынан ұшқан ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышта ұстаған туы мен Талғат Мұсабаевтың скафандры, Армия генералдары С. Нұрмағамбетов пен М. Алтынбаевтың жеке заттары, маңызды құжаттары мен әскери киімдері қойылған. 

Екінші қабат әскери тарихтан хабардар ететін мазмұнды мұраларға толы. Тас, қола және темір дәуірінің қару-жарақтары мен құралдарын көрсететін заттардың дені  қазақ жерінен табылған археологиялық қазбалар. Тарихи хронологиялық жүйемен беріліп отырған музей экспонаттары қазақ тарихының тікелей бастауларынан да көп мағлұмат береді. Айталық, Тұмар патшайым басқарған сақ жауынгерлерінің парсы әскерін ойсырата жеңіп, патшасы Кирдің басын шабу оқиғасына орай, кейінгі Қазақ Хандығының 1729-1730 жылдардағы ұлы шайқасына орай құрастырылған диорамалардың мазмұны бай. 

ХХ ғасырдың әскери тарихы өзінше бір әлем. Алашорда әскерінің құрылуы мен соған қатысқан тарихи тұлғалардың еңбектерін баяндайтын құжаттардың дені сақталған. Туғанына 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілетін Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан мінген пәуеске Ақтоғай ауданынан арнайы алдырылып осында қойылыпты. «Алаш әскерінің маршы» мәтіні, Міржақып Дулатовтың тайжақысы бәрі де көз алдыңызда тұрады. Соғыс қаруларының жаңа түрлері көптеп шығарылып таратылған, совет әскерлерінің даңқын асырған Ұлы Отан соғысының толық картинасы топтастырылыпты. Сондай-ақ 1979-1989 жылдар аралығында совет әскерлері қатысқан Ауған соғысының тарихи шежіресі де осында. 2296 адам қатысып, 260-ы сол майданнан қайтпаған ауған сарбаздарының өшпес ерлігі ұрпақ жадында. Залдың ортасындағы мәңгілік алау осы құрметті көрсететіндей. 

Үшінші қабаты бастан-аяқ соғыс құралдары мен қару-жарақтарына арналған музейдің айтары көп. Оқ-дәрілердің, жарылғыш заттар мен миналардың, тапаншалардың неше атасы мен әлемге әйгілі Калашников автоматының даму эволюциясы, мергендер мылтығынан бастап ауыр артиллерия жабдықтары, барлау мен диверсиялық құралдар, су асты атылатын қарулар мен әуе қорғаныс һәм шабуылдау құралдарының жаңа заманғы үлгілері топтастырылған. 

Ең үстіңгі қабатта «Өнер залы» деп аталып, онда Қазақстан қылқалам шеберлерінің белгілі картиналары, орындалу техникасы әр түрлі: графика, майлы бояу, қалам, қарындаш, тущ, тоқыма, т.б. шығармалар көрермен назарына ұсынылған. Бейнелеу өнерінің түрлі жанрларында орындалған шығармалар негізінен қазақтың көне заманнан бергі әскери тарихының көркем шежіресіндей көз тартады. Сонымен қатар музейдің бұл бөлімінде белгілі тарихи тұлғалардың мүсіншелері де орналастырылған.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қадағалауында жүзеге асырылған бұл музейдің мәртебесі биік. Әскер тарихын білу арқылы жас ұрпақ отансүйгіштікке тәрбиеленеді, ата-баба аманатына адалдық таныта алады.

Заңғар Кәрімхан, Алтынбек Құмырзақұлы