Шоқан Уәлихановқа арналған «Сөнбес жұлдыз» семинары өтті
29.10.2015 2801
ҚР Ұлттық музейінде қазақтың ұлы ағартушысы, шығыстанушы ғалым, суретші Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Сөнбес жұлдыз» атты семинар өтті

Семинарды аталған мекеменің Отан тарихы бөлімінің қызметкерлері дайындап жүргізді. Жиын 4 бөлімді қамтыды: алғашқы бөлімде ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты жалпылама дәріс оқылды, екінші бөлімде жиналған ақпараттар қамтылған слайд негізінде қосымша мәліметтер ұсынылса, үшінші бөлімде суретші Қ. Байтұрсыновтың дәрісі бойынша Шоқан Уәлихановтың суретшілік қыры талданды. Ал соңғы бөлімде Шоқан туралы қысқаша деректі фильм көрсетілді. Шараға қала мектептерінің оқушылары мен АСУ гуманитарлық колледжінің студенттері және музей мамандары қатысты. 

Модератор, музейдің ғылыми қызметкері Ғалия Ақпанбекова Шоқан өмірі мен қызметі, шығармашылығы мен жазбалары туралы дәрісінде ғұлама ғалымның көпшілікке белгісіз қырларын, қабілетін сөз етті. 

Бұл іс-шараның мақсаты – Шоқан Уәлиханов өмірін насихаттау арқылы жас қазақ балаларын отансүйгіштікке тәрбиелеу, ғылым жолына бағыттау болып табылады. Суретші Қайрат Байбосынов ұлы ғалым салған суреттер бойынша дәріс оқыды. Онда әйгілі оқымыстының суреттері академиялық деңгейде орындалғанын айтты. «Академиялық бейнелеу өнері дегеніміз – салынған суреттің дәлдігі мен нақтылығы, анықтығы мен қанықтығы, сондай-ақ мәлімет бере алушылық қыры», – дейді суретші. Бұл орайда ғалым өзінің автопортретін мысалға ала отырып, ондағы кейіпкер болмысы, көңіл-күйі, сипаты, мінезі туралы көп нәрсені алуға болатынын және осы суреттен біз Шоқанның барлық блмыс-бітімін тани алатынымызды жеткізді. 

Сондай-ақ Шоқан бейнесін сурет өнерінде қалдырған ұлы суретші Ә. Қастеевтің, халық мүсіншісі Х. Наурызбаевтың, т.б. туындыларындағы тұлға бейнесінің мәңгілікке айналғаны да айтылды. Сонымен бірге Шоқан және оның ата-бабасы тұтынған заттар мен жәдігерлердің суреттері көпшіліке көрсетіліп, таныстырылды. Шара барысында оқырман мен жүргізушілер арасында диалог өрбіді. Сауалдар қойылып, оған жауаптар берілді. Соның бірі – Шоқанның өзінің фотосуреті болып тұрып, көптеген оқулықтар мен әдебиеттерде суретшілер салған екінші пландағы (өнер туындысы) портреттер жиі берілетіндігі. Екінші сауал – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші деп есептелетін, Шоқанның туған інісі Мақы Уәлиханов туралы мәліметтер. 

Жиын соңында Шоқан Уәлихановқа қатысы бар тарихи мұралардан экспозиция ұйымдастырылып таныстырылды. Қазіргі жас ұрпақ үшін жасалған семинар құрамында дәріс, слайд, бейнекөрініс және экспозиция жасалып, шара барысында жан-жақты қамтылды. 

Аталған семинар музей қабырғасында қабылданған «Тарихи тұлғалар» ғылыми-білім бағдарламасы негізінде дайындалып, жүзеге асырылды.