Қазақстандағы биязы жүнді қой шаруашылығының тарихы. І бөлім
18.01.2021 2303

Қой шаруашылығы ежелден-ақ дәстүрлі мал шаруашылығының негізгі саласы болып саналады. Шексіз дала мен шөлейт жерлердің кең жайылымдары қой өсіру үшін өте қолайлы жағдай жасағандықтан, ғасырлар бойы бұл көшпелілердің басты қолөнері болды. Өз кезегінде бұл қолөнер біздің ата-бабаларымызды өздері үшін де, отырықшы көрші халықтармен айырбас жүргізу үшін де пайдалануға болатын ет, жүн, сүт, елтірі, қой терісімен қамтамасыз етті. 
Алайда, биязы жүнді қой шаруашылығы қой шаруашылығының әлдеқайда жас саласы және осы тұқымның қойын өсіру адамзаттың ең үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. Биязы жүнді қой тұқымдарының басты айырмашылығы – сапа жағынан бәсекелестерінен оқ бойы алда тұратын біркелкі жұқа жүннің болуы. Сонымен қатар, Қазақстанда биязы жүнді қой өсіру тарихы туралы мәлімет аз. Qazaqstan Tarihy порталы осы олқылықтың орнын толтырып, Қазақстандағы биязы жүнді қой шаруашылығының ХХ ғасырдың басындағы жағдайы туралы айтып бермекші.


Қазақстандағы биязы жүнді қой шаруашылығы туралы "Сибирский вопрос" (1907) газетінде жарияланған мақалада өңірдің бұл саламен ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысында танысқаны туралы айтылған. Мақала авторы тіпті осы саладағы ізашардың да атын атап көрсеткен. Бұл – Тавриядан көшіп келген қонысаударушы Т.Е. Колмаков деген кісі, 1900 жылы Мариановка стансасының жанына келіп қоныстанған, бұл жер қазір Омбы облысының аумағына қарайды. Автордың айтуынша Қазақстандағы биязы жүнді қой шаруашылығы дамуының негізін осы кісі қалаған. Көп ұзамай ол бастаған істі жыртылған жердің ұлғайып, халық тығыздының артуына және жердің қымбаттығына байланысты Кубань облысынан, Дон жерінен, Ставрополь мен Таврия губернияларынан көшуге мәжбүр болған басқа да қонысаударушылар жалғастырды.
Далада биязы жүнді қой шаруашылығының пайда болуы, оның жетістіктері мен әлеуеті өлкенің экономикалық дамуын қадағалағандардың барлығын қызықтырды. Сол жылдары арнайы экспедициялар жүргізген көптеген зерттеулердің нәтижелері "Сібір темір жолының аудандарын экономикалық зерттеу бойынша материалдар" жинағына (1904-1905 жж.) кірді.
Осы жинақтағы эазбаға сәйкес, 1901 жылы қазақ даласында 4 жаңа шаруашылық құрылған. Ал үш жылдан кейін, 1904 жылы, Омбы мен Петропавл арасындағы теміржол желісі бойынша мал дәрігері Лазовский шамамен 15-ке жуық қожалықты санаған, олар үшін Ресей империясының оңтүстігінен 7 147 биязы жүнді қой, 2 910 испан мериносы, 130 француз рамбульесі, 75 Қырым және 20 Бұхара қарақұйрығы әкелінген. Барлық әкелінген қойдың басым көпшілігі (71,3%) Кубань облысынан жеткізілген.
Бұл 13 шаруашылықтың аумағы 45 467 десятина жерді (500 шаршы шақырымға жуық) алып жатты, оның ішінде егістік және жайылымдық жерлер 35 294 десятина, 8 588 десятина жерді орман алып жатты, шабындыққа 450 десятина бөлінді және тағы 526 десятинасы егіске бөлінді. Жекелеген шаруашылықтар 100-ден 9 135 десятинаға дейінгі аумақты алып жатты, ал 5 мыңнан астамының үлесіне 30%, ал 1 200 – ден 1 500 десятинаға-23% тиесілі болды.
"Материалдарда ..." 4 шаруа қожалығы тек өз жерінде (десятинасы орташа есеппен 19,20 рубльге сатып алынған офицерлік учаскелерде), біреуі жалға алынған жерде, 6 - Сібір казак әскерінен жалға алынған жерде, қалғандары жеке адамдарда жүргізілгені айтылады. Казак әскерлерінен жалға алынған учаскелердің мөлшері 1 500-ден 9 135 десятинаға дейінгі аралықта болған. Жалдау мерзімі 5 жылдан 24 жылға дейін болды, ал бір десятина үшін жылдық төлем 0,5 тиыннан басталып, 18,6 тиынға дейін болған, бастапқы жалдау ақысы әр 3 жыл сайын 10% - ға өсіп отырған. Казак жерлеріндегі жеке адамдардан 4 қой өсіруші учаскелерін десятинасы үшін 11 копейкадан 1 рубль 50 копейкаға дейін төлей отырып, 24 жылға дейін жалға алған. Арзандығына қарағанда Сібір казак әскерлерінің әскери басшылығы қой өсірушілерді қонақжайлықпен қарсы алғанына қарамастан, бірдей сападағы жер үшін түрлі баға белгілегеніне қарап, бәріне бірдей ықылас білдірмегенін көруге болады. Мақалада «бұл қонақжайлылық пен жылы жүзділік әскери басқарманың қой өсірушілердің шаруашылығын казак ауылдарының мүдделері үшін пайдаланғысы келгендігімен байланысты болды» делінген.
Сонымен, кейбір жалға алушыларға украиндық сұр малды, ал басқаларына казактардың жергілікті малымен будандастыру үшін Ярославль, Голланд немесе симменталь тұқымын ұстау, казак биелерімен жұптасу үшін асыл тұқымды айғырларды қамтамасыз ету, құдықтар қазу, бөгеттер жасау міндеті жүктелді. Кейбір жағдайларда диірмендер, кірпіш сарайлар, былғары және май зауыттары және т.б. салу қажет болды. Барлық жағдайда, орманды күзету және жалға алынған алқаптың үштен бірінен артығын жыртпау міндеттелді.
Бірақ әскери биліктің бұл бюрократиялық операциялары жерді жалға тым арзан берілді деп санайтын және жаңадан келген капиталистерде меринос, асыл тұқымды жылқылар мен малдың пайда болуынан ешқандай пайда көрмеген казактар арасында үлкен наразылық тудырды. Олар қырғыз (қазақ) жылқысын ағылшын немесе хреновский жылқы зауытының жылқысымен, жергілікті қара малды голланд, симменталь немесе Ярославль малдарымен будандастыру "тұқымды асылдандыру туралы шала-шарпы естіген тек әскери басқарманың жаңадан келген мал өсірушілерінің алдында ғана орынды болуы мүмкін» деп санайды:
«Шын мәнінде, осы тәжірибелердің нәтижесінде тек жергілікті малдың тұқымын бүлдіріп, өз табиғаты бойынша өте мұқият және шебер күтімді қажет ететін меринос өсірумен айналыса алмайтын казак шаруашылығына жарамсыз болатын тұқым ғана алуға болады»

Барлық дерлік шаруа қожалықтары егістікке жарамды қара топырақты шөпті далада орналасқан. Сортаң жер 3,5 мың десятинаны құрайды. Су аз, сондықтан 150-ден 330 рубльге дейін тереңдігі 19-дан 49 аршын құдық қазуға тура келетін. Бірақ бұл құдықтардан да көбіне ащы-тұзды су шығатын. Кейбір шаруашылықтар жазда жайылымдарға бөшкелермен су тасу жолға қойылған. Кей жерлерде қой өсірушілер әрқайсысы 330 рубль тұратын тоғандар ұйымдастырған.
Сол жылдары бір қойды асырау үшін жылына 1/3-тен 1 десятинаға дейін жем-шөп қажет деп саналған. Шабындық аз болғандықтан, шөп дайындалған. Машиналармен шабылған және орташа қоректік жем берген ақ селеуден қыста әр мал басына 16-дан 25 пұтқа дейін шөп дайындалған. Қой үшін күніне орташа порция 4 фунт немесе 2 келіге жуық шөпті құрайды.
Барлық шаруашылықтарда қыста қойлар түнейтін шымтезектен немесе шарбақтан тоқылған қора-жайлар жасалды. Күндіз қойлар далада жүретін.
Ұсынылған 13 шаруашылықтың 11-і негізінен Мазаев тұқымды биязы жүнді қой өсірумен айналысқан, ал екі шаруашылық қаракөл тұқымын қазақы қоймен будандастырумен де айналысқан. Айтқандай, соңғы екі шаруашылықтың қызметі ерекше назарда болды:
«Соңғысы, менің ойымша, назар аударуға тұрарлық және, Бөкейханов мырзаның қара қырғыз қойлары, шын мәнінде жоғалып кеткен Бұхара қаракөлі болуы мүмкін деген болжамына сүйене отырып, оң нәтиже беруі мүмкін. Бұл болжамды кейбір қырғыз руларының Бұхарадан шыққандығы және қара қозылардың далада салыстырмалы түрде жақсы елтірі беретіндігі сияқты фактілер де қолдайды»
Мазаев қойлары жылына 11 фунтқа (1 фунт=0,45 кг) дейін жүн берген, рамбулье қойлары – 15 фунтқа дейін, қошқарлар – 40 фунтқа дейін, шпан қойлары – 11 фунтқа дейін, қошқарлары – 17 фунтқа дейін, қаракөлдер – 3-тен 4 фунтқа дейін.
Жуылмаған жүннің 1 пұты 8-12 рубльден сатылған (1 пұт = 16 кг).
Қазақ даласында алынған биязы жүнді жүннің сапасы қой өсірушілердің айтуы бойынша жақсы болды. Олар бұл жерде жүн Ресей империясының оңтүстігіне қарағанда әлдеқайда ұзын, жұқа және жеңіл, сонымен қатар шаңнан аз зардап шеккен және жуу кезінде әр пұты кавказдыққа қарағанда 3,5 фунт аз жоғалтады деп мәлімдеді.
Климаттың мериносқа әсері туралы айтатын болсақ, иелері оны қолайлы деп тапты және отарында ешқандай жаппай аурулар байқалмады дейді. Тек бір шаруашылықта ценуроздан және ревматизмнен 117 бас мал өлген, төлдеу кезінде қозы мен аналықтардың өлу жағдайлары байқалған. Тері астына түсіп, іріңдеп, малды аздыртып және кейде өлімге алып келетін ақ селеу қылтанағы ең үлкен зиян келтірді.
Өз елдерінде де ветеринарлық бақылаумен қырғи-қабақ болған қонысаударушы-қойшылардың эпизоотия бойынша отардағы аман-саулыққа зерттеушілер күмәнмен қарайды. Өйткені, мысалы, 1902-1903 жылдары далада аусыл ауруы, әсіресе қойлар үшін ауыр түрі тараған. Жылдам таралатын осы аурудан мериностар отарының аман қалуы әрине, күмән тудырады.
Айтпақшы, қазақтың шыңдалған қойы далада көбінесе елеулі зиян келтіретін, салыстырмалы түрдегі көптеген жұқпалы ауруларға ұшырады:

«Мысалы, топалаңнан малдың жаппай қырылу жағдайлары байқалады, әр 3-4 жыл сайын қайталанып тұратын аусыл да көп зиян келтіреді; аусыл ауруынан басқа, қатерлі ақсақтықтың 2 түрі бар, жаппай тышқақ пен құрт аурулары, қозыларда буындардың сыну жағдайлары белгілі. Бұл картинаны шешек, қотыр, қойдың желінінің жұқпалы ауруы, бауырдағы бауырсорғыш және далада малдың барлық түрінде жиі кездесетін эхинококк толықтырады. Жоғарыда келтірілген тізім менің ойымша, иелерінде, ең болмағанда, болашақ үшін қорқыныш тудырмауы мүмкін емес»

"Сібір темір жолы аудандарын экономикалық зерттеу бойынша материалдар" (1904-1905 жж.) жинағы оқырмандармен далада биязы жүнді қой шаруашылығының төрт жылдық өмірінің нәтижелері туралы осындай мәліметтермен бөлісті. Қысқа мерзім ішінде жиналғанына қарамастан, жоғарыда келтірілген мәліметтер негізінде, дала жағдайында биязы жүнді қой өсіру өзіне қолайлы топырақ тапты деген қорытынды жасауға болады. Барлық қонысаударушы- қой өсірушілер биязы жүнді қой өсірумен бірге бір мезгілде егістікпен де айналысып, украиндық сұр дала тұқымын және басқа ірі қара мал тұқымын және асыл тұқымды жылқыларды өсірумен де айналысқандарын айтуға болады.