Семенов-Тян-Шанский
14.01.2021 4377

Петр Петрович Семенов-Тян-Шанский қазақ тарихына жанамалай болсын қатысы бар тұлғалардың бірі. Батыс елдерінде ғылымның дамуы, солармен қатар Ресей империясының ұлғаюы, ондағы ипериялық ниеттің күшеюі – жақын шетелдердегі әлсіз халықтарды өзіне қалай қосып алудың жолдарын іздеуге итермеледі. Осы мақсатта құрылған ұйымдардың бірі Ресей географиялық қоғамы.


I Петр кезінде қазақ даласын «шығысқа шығатын кілт әрі қақпа» деп атады. Сондықтан оны танып-білу және империя құрамына қалай да қосып алу – ең үлкен мақсаттардың бірі болатын. Дегенмен осы мақсат белгілі деңгейде география ғылымына айтарлықтай үлкен үлестер қосты. Орыс географиялық қоғамындағы аса белгілі ғалымдардың бірі Петр Петрович Семенов-Тян-Шанский. Ол 1827 жылы 14 қаңтарда Ресейдің Липецк облысында дүниеге келген. Тян-Шанский фамилиясы оның Тянь-Шаньді зерттеудегі зор еңбегі үшін берілген. Петр Семенов Тянь-Шаньді зерттеместен бұрын батыс ғалымдарында «Тянь-Шань үлкен жанартаудың негізінде пайда болған» деген көзқарас болыпты. Ал 1856-1857 жылдары Семенов Тянь-Шаньға зерттеу жүргізу нәтижесінде оның жанартаудан пайда болмағанын байыптайды. Сонымен қатар бүгінде кең танымал Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Іле жазығы қатарлы атауларды география ғылымына енгізеді. Сондай-ақ Сырдария, Шу өзендерін зерттеп, 50 тау шыңының биіктігін өлшеп, 23 асуды зерттеп, 1500 ге жуық тау жыныстарын коллекциялап, көптеген өсімдік гербарийлерін жинады. Бұл өз кезінде әлі толығымен отарлық қамытқа түсе қоймаған елдің ең күрделі тау-шатқалынан, жер жағдайынан мол мәлімет берген аса үлкен нәтижелі зерттеу болды.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1913 жылы «Қазақ» газетінде Григорий Потанинге арнап жариялаған мақаласында: «1859 жылы Тянь-Шаньді зерттеу сапарынан қайтып келе жатқан Семенов Шоқан мен Потанинды көріп, олармен әңгімелесіп, білімді, талантты жастар екеніне көзі жетіп, екеуіне «Петерборға келіп университетке түсіңдер» деп тапсырма берген екен» деген ақпарат айтады. Осы тапсырмамен Шоқан Уәлиханов Петерборға оқуға түседі, кейін тағы осы Семенов-Тян-Шанскийдың ұсынуымен Орыс географиялық қоғамына мүшелікке өтеді.

Петр Семенов-Тян-Шанский Орта Азия мен Қазақстан туралы географиялық түсінікті қалыптастырған ірі ғалымдардың бірі. Ол имериялистік билікке қызмет қыла отырып та ғылымға өз қолтаңбасын қалдыра алды. Бүгінгі таңда да еліміздегі география ғылымы тарихында Семенов Тян-Шанский есімінің өз орыны бар.