8 желтоқсан Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн
09.12.2020 4036

1937 жылы 8 желтоқсан күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылды. Ол сталиндік репрессия құрбаны болды. 1918 жылы «Алашордаға кешірім жариялаймыз» деген отаршыл Совет үкіметі көп ұзамай сөзінен айнып, ұлт зиялыларын жаппай қуғынға ұшыратқан болатын. Ұлылардың туған күні қаншалық маңызды болса, қайтыс болған күні де соншалықты еске ұстайтын дата болуға тиіс.


Ахмет Байтұрсынұлы Совет үкіметі жағынан алғаш 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеуге Бутырка абақтысына жөнелтілді. ССРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.