«Әлемді өзгертетін идеялар» 100 нақты қадам жобасы
04.10.2015 3010
«Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын зерттеуге бағытталған

Бүгін Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасының алғашқы қатысушылары «Ұлт жоспары – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» курсын өткендігі туралы арнайы сертификатқа ие болды. 

Жобаның алғашқы қатысушыларына сертификат тапсыру шарасына Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директоры міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Әлемді өзгертетін идеялар» жобасына Астана қаласының 9-10 сыпыптарының 50 оқушысы қатысып, екі күн еліміздің белгілі ғалымдары, ғылым докторлары, профессорлары жүргізген семинар-тренингтерге қатысты. Сондай-ақ оқушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директоры міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков сертификат пен арнайы сыйлықтарын тапсырды. Ол жеткіншектерді сертификаттар алуымен құттықтап, Елбасының бес институттық реформасының 100 нақты қадамының маңызы туралы қысқаша айтып, оны жүзеге асыруда осы жастардың белсенді қызметтер атқаратынына сенім білдірді. 

Болашақта да осындай екі күндік семинар-тренингтер Қазақстанның барлық ЖОО-ларынан 2-4 курс студенттері, жалпы білім беретін мектептердің, колледж, лицейлердің дарынды оқушылары, оқу озаттары, белсенділері арасында өтіп отыратын болды. 2016 жылдың шілдесіне дейін жүргізілетін екі күндік осынау семинар-тренингтер барлығы 3 мыңдай адамды қамтиды деп болжанып отыр. «Әлемді өзгертетін идеялар» білім беру жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, жаһандық бастамалары мен концептуалдық идеяларын зерттеуге бағытталған. Екі күндік семинар-тренингтер 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін сейсенбі, сәрсенбі күндері, колледж және мектеп оқушылары үшін бейсенбі, жұма күндері ұйымдастырылады», – қалалық білім басқармасының өкілдері.

Айта кетер болсақ, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі Президенттің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын қамтамасыз ету, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерттеу, сондай-ақ, Елбасының идеялары мен бастамаларын ел ішінде, шетелдерде ғылыми-талдамалық және ақпараттық-имидждік ілгерілету мақсатында құрылған болатын. Аталған семинарлар – сол мақсатты жүзеге асырудың бір көрінісі.