Шарын шатқалы несімен танымал
19.11.2020 4350

Маршруттың келесі пункті Шарын шатқалына, атап айтқанда оның Қорғандар алқабы ретінде танымал бөлігіне бару болды. Су мен желдің әсерінен пайда болып, өзінің сырлылығымен үрейлендіріп, сұлулығымен тамсандыратын бұл шатқал, Жер планетасындағы ежелгі өмір шежіресінің бірі болып саналады. Сонымен бірге халықтың қиялы аруақтармен, мыстандармен және тағы басқа тылсым күш иелерімен байланысты жүздеген оқиғаларды осы жерге тоғыстырған. Біз шатқалға түскен баспалдақпен Шарын өзені бойындағы ең шеткі жағалау белдеуіне дейін және кері қарай жүріп, Қорғандар алқабын түгелдей айналып өте алдық. Qazaqstan Tarihy порталы қарапайым жолаушының не көре алатынын және де шатқалдың тарихшылар мен көнені жинаушылар үшін несімен қызықты болатынын әңгімелейді.


Төмен түскен кезде, баспалдақтың бірінші басқышынан бастап-ақ тас шатқалдарды тамашалап отырған адамдардың сансыз тобын көзіңіз шалады. Кейбіреулер жалғыз тұрған тастарға сүйеніп ойға батса, басқалары шатқалдың кіреберісіндегі орындықтарға жайғасқан, ал енді біреулері ең жақын жартастарды зерделеуде, кейбіреулері шатқал нұсқаған жолды жақсылап көрмекші болғандай оларды бойлай жоғары көтерілген. Осындағы бар адамның басты мотиві - құпиясы қызығушылығын оятпай қоймайтын, айбынды және орасан зор Шарын шатқалының еліктіруші көрінісі.

Адамды бір жағынан қорқытып, бір жағынан қызықтыратын Шарын шатқалы ежелден-ақ тылсым күшке ие-мыс. Бұл оны Қазақстандағы ең көп баратын орындардың біріне айналдырды. Мұнда күн сайын жүздеген адамдар жартастардың арасындағы лабиринттерді аралап, керемет көріністерді тамашалап, бірнеше естелік фотосуреттер түсіруге келеді. Әдетте, экскурсия жетекшілері адамдарды ұзындығы екі шақырымға созылатын Қорғандар алқабына алып келеді. Көптеген қонақтар бұның зор Шарын кеңістігіндегі кішкене ғана бұрыш екенін аңғармайды да. Айтпақшы, Шарын шатқалының ұзындығы 154 шақырым, ал оның тік жартастарының биіктігі үш жүз метрге жетеді.

Шарын шатқалы Қытай мен Қырғызстан шекарасына жақын, Алматы қаласынан шығысқа қарай екі жүз шақырым жерде орналасқан. Қырымның Үлкен шатқалы немесе Атуэль шатқалы сияқты Шарын шатқалы да мистика мен жұмбақтарға толы. Олардың кейбіреулері жылдар бойы ауыздан-ауызға беріліп келеді. Олардың бірінде шатқал маңында саяхатшылардың жоғалып кетуіне себеп болатын Шарындағы параллель өлшемдерге арналған порталдар туралы айтылады. Тағы бір әйгілі аңыз Шарын лабиринттерінде өмір сүретін мыстандармен байланысты. Бұл аңыз бойынша, шатқалда күлкіге өте ұқсас дыбыстарды естуге болады, олар бейқам саяхатшыларды алдап құздар мен жартастарға қарай әкеледі де, ымырт түскеннен кейін саяхатшыларға шабуыл жасап, оларды құздан төмен қарай лақтырады. Алайда ғалымдар бұл дыбыстарды шатқалдың табиғи музыкалық аспап екендігімен түсіндіреді, яғни жел шатқалдан өткенде, әйел күлкісіне ұқсас дыбыс пайда болады. Осы жерден ағып жатқан өзеннің болар-болмас шуы да осының бір себебі болса керек. Айналадағы жартастар мен құздардың әсерінен шарықтаған қиял бұл дыбысты шынымен қорқынышты күлкіге ұқсатуы мүмкін.

Шатқалдың қалыптасу тарихына келетін болсақ, геологтардың пікірлері бір-бірімен бірікпейді. Алайда олар біз қазір көріп отырған шатқалдың пайда болуы түрлі жыныстардың шөгуіне қоршаған ортаның ұзақ уақыт әсер ету процесі деген пікірмен келіседі. Бұл Шарын шатқалының бірнеше миллион жыл бойы қалыптасқанын көрсетсе керек. Шатқалдың осындай таңғаларлық формаларын жасауға Шарын өзенінің суы қомақты үлес қосты, соның құрметіне шатқал осылай аталған. Бірсыпыра жыл бұрын бұл өзен тастарды жарып өтіп ағып, қазір шатқалды екі жағаға бөліп тұр. Айтпақшы, шатқал атауымен байланысты тағы бір ерекшелік: «Шарын» сөзі ежелгі моңғол тілінен «шаған» деп аударылады, ал Шарынның өзінде реликттік соғды шағаны өседі, ол кейбір мәліметтер бойынша Мұз дәуірінен аман-есен өтіп, қазір тек екі жерде - Солтүстік Америка және Шарын шатқалында ғана кездеседі. Тағы бір нәрсе - бұл ағаш бүкіл Орталық Азия мен Қытайдың өзен аңғарлары мен тау беткейлерінде өседі.

Шарын өзені Қазақстандағы 85 мың өзеннің бірі. Ол өз бастауын Кетмен және Теріскей Алатауының тау бөктерлерінен алады, одан әрі шөлді ұсақ шоқылардан ағып өтіп, Шарын шатқалын екіге бөліп, Іле өзеніне келіп құяды. Шарын өзенінің ұзындығы 427 шақырым.

Шатқалдың пайда болуына жарық түсіре алатын тағы бір маңызды факт - қазіргі бүкіл Қазақстан аумағы 400 миллионнан астам жыл бұрын үлкен су қабатының астында жасырынған, яғни ол ежелгі Тетис мұхитының түбі болған. Содан кейін, палеогеннен бастап, аумақтың тегістелгені соншалық, ол көп ұзамай геологтар пенеплен деп атайтын алып жазыққа айналды. Одан тағы кейініректе, белсенді террақалыптасудың басында жер көтеріліп, су кете бастады. Осылайша, қазіргі заманғы Қазақстанның су қоймалары, соның ішінде. Каспий теңізі мен Балқаш көлі - Тетистің жұрнақтары, ал Шарын шатқалының аумағында байқағанның бәрі түпкі лайдан басқа ештеңе емес.

Қорғандар алқабы – Шарын шатқалының ең танымал бөлігі. Оған бұл атауды осы жерді алғаш рет сипаттаған кеңес саяхатшысы Павел Мариковский берген. Ал ресми атауы «Қызылсай» деп аталады. Павел Мариковский зоология профессоры, жазушы, табиғат зерттеушісі, энтомолог, биология ғылымдарының докторы, сонымен қоса Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Ол 1912 жылы 28 шілдеде Ресей империясының Амур облысында дүниеге келген, ал Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақстанға көшіп келген. Бір қызығы, Павел Мариковский өмір бойы йетидің бар екенін дәлелдеуге тырысты. Егде тартқан шағында Мариковский қар адамына арналған «Трагедия дикого (снежного) человека» («Жабайы (қар) адамының трагедиясы») атты кітабын жазып, онда йетидің өмір сүруі мүмкін жер ретінде Шарын шатқалы да аталған. Алайда ғалым қар адамының құпиясын ашып, бүкіл ғылыми қауымдастыққа оның бар-жоғын дәлелдей алмады. Дегенмен де оның Шарынды сипаттауы және «Қорғандар алқабы» термині Шарын шатқалының ең танымал жері ретінде тарихта бекіп қалды.

Қорғандар алқабы қызыл, ең көне шөгінді жыныстардан қалыптасқан. Егер шатқалдың қабырғаларына мұқият қарар болсақ, онда оның түсімен де, құрамы мен тығыздығы бойынша да өзгеретінін көреміз. Жұмсақ құрылымнан қалыптасқан тағы бір каньон Қорғандар алқабына іргелес, Шарын өзенінің оң жағалауында, Кату тауларының оңтүстік жағында орналасқан. Ол «Ұзынбұлақ» деп аталады, сонымен қоса Ай шатқал, Киіз үйлер алқабы және Сары шатқал деген атаулармен танымал. Ғалымдар жергілікті тау жыныстарының морттығын шатқалды желден және көп мөлшердегі жауын-шашыннан қорғайтын таулардың қызықты орналасуымен түсіндіреді. Сондықтан, ол жерде Қорғандар алқабында сақталмаған өте сусымалы беткі қабаттағы жыныстар әлі де сақталған. Ай шатқалы туралы тағы бір қызықты факт: мұнда алғашқы қауым адамының тұрағы мен тас құралдары табылды, ал жергілікті жыныстардың ыдыраған жыныстарында Юра дәуірінің тас қазбаларын табуға болады.

Бір қарағанда жансыз көрінетін тастарда тау ешкісінің жолдары мол. Жалпы, Шарын каньонында отыздан астам жануарлар мекендейді, құстардың жүзге жуық түрі ұя салады және өсімдіктердің мыңға жуық түрі өседі. Бұл жануарлардың, құстар мен өсімдіктердің көпшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, ал шатқалдың өзі Шарын Мемлекеттік Ұлттық Табиғи паркіне кіреді. Бұл аймақтың көрнекті тұрғындарының қатарына Сібір тау ешкілері, жабайы манул мысықтары, кекіліктер және басқалар жатады. Бір кезде бұл жерде қызыл қасқырлар да мекендеген. Қазір олар Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген, сондықтан оларды Қазақстанда да, ТМД-ның басқа елдерінде де жабайы табиғатта кездестіру мүмкін емес. Соңғы сексен жылда бұл жануармен табиғи ортада кездесудің бірде-бір оқиғасы тіркелмеген, бірақ бір кездері бұл жыртқыш Шарында басым болған және ол өте айлакер жолмен аң аулаған.

Қызыл қасқырлар жемтігін таңғы алагеуім шақта аулаған. Охотились красные волки в предрассветные часы. Түнде олар әлдеқайда сирек аң аулаған, оның өзінде айлы түндерде ғана, бұл олардың тек өз көздеріне ғана сенгендігін көрсетеді. Аңға шығар алдында үйір бастаушыларының алдына келіп бағыныштылықтың түрлі кейпін көрсететін рәсім жасайды. Қуғынды бір қасқыр бастайды да, авангард шаршағандай жағдайға қалған үйір сәл артта жүріп отырған. Алдыңғы қасқыр шаршаса, қуғынды екіншісі жалғастырған. Қуғыншы қасқыр орташа есеппен бес жүз метр жүгіріп отырған. Тағы бір қызықты жәйт: қызыл қасқырлар жемтігін тамағынан қаппаған, олар жемтігін құздың шетіне дейін қуып әкеліп, одан құлатып, содан барып өздері төменге түсіп барып қана жеген.

Шарын шатқалының тағы бір бөлігі Бестамақ деп аталады. Болжамдардың бірі мұнда шөгінді жыныстардың бес түрі шоғырланған дейді. Сондай-ақ шатқалдың түстік гаммасы қазақ ұлттық тағамдарының түстеріне ұқсайтын бес түстен тұрады деген де нұсқа бар. Бестамақтың тас қабырғалары мен тастарының пішіндері мен түстері, геологтардың пікірінше, ежелгі жанартаулардың атқылауының салдары болуы мүмкін, сондай-ақ шөгінді болуы да мүмкін. Мамандар Шарын құрылымы екі қабаттан тұрады, оның біріншісі барлық жолақты қабаттардың негізі деп санайды. Оның шығу тегі өте көне - олардың жасы шамамен үш жүз миллион жыл. Міне, сол жанартаудан шыққан. Шарынның қалыптасқан уақыты саналатын таскөмір (карбон) кезеңінде үнемі жанартаулар атқылап, күл бұлттары тұрған, ол ол шатқалдың жалпы құрылымының негізінен айқын көрінеді.

Бір қызығы, Шарын шатқалында бір кездері бағалы пайдалы қазбалар табу үшін зерттеулер де жүргізілген. Алайда, геологтардың айтуынша, шатқалда ресурстарды өндірістік қазу үшін құндылығы бар ештеңе де жоқ. Оған да шүкір, әйтпесе бұл ғажайыпты жоқ қылуға тура келер еді.

Қорғандар алқабындағыдай, Бестамақ шатқалындағы жол да Шарын өзеніне келіп тіреледі. Қазір өзен суы мөлдір, алайда Бестөбе су қоймасы мен Мойнақ ГЭС-ын салғанға дейін оның суы лай болған. Бұл туралы Жетісу мен Тянь-Шаньды зерттеген әйгілі зерттеушілер Петр Семенов-Тянь-Шанский мен Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында жазып қалдырған. Айта кетерлігі, Шоқан Уәлиханов - Шарын шатқалының алғашқы зерттеушілерінің бірі. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов Қашғарияға барар жолында Қарқара өзені арқылы өткен, ал бұл өзен Шарын шатқалынан сәл ғана жоғары орналасқан. Одан кейін бұл жерді Петр Петрович Семенов-Тянь-Шанский, Андрей Краснов, Николай Северцов және басқа да бірқатар зерттеушілер келіп зерттеген.