Сейіт Қасқабасов: Сүйінбайдың бойында әрі ақындық, әрі жыраулық, әрі жыршылық қасиеттер топтасқан
19.11.2015 2511
ҚР Ұлттық музейінде айтыс өнерінің шебері, ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атты мерейтойлық ұлықтау шарасы өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде айтыс өнерінің шебері, ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атты мерейтойлық ұлықтау шарасы өтті. Жиынға әдебиеттанушы, фольклорист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Сейіт Қасқабасов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айытұлы, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық музейінің директоры Аяужан Сәдуақасова, музейге келуші қонақтар және ЕҰУ-дің оқытушы ғалымдары мен студенттері қатысты. 

Жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай айтыс өнерінің хас шебері, ақын Сүйінбай Аронұлының өз дәуірінің мықты, ақыны екенін айта келіп, өзінен кейін және де бүгінгі айтыс өнерінің ақындарына рухани тірек болғанын тілге тиек етті. «XX ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев та «Менің пірім Сүйінбай» деп бекерден-бекер жырламағаны белгілі. Сүйінбай өзі өмір сүрген дәуірдің ең жүйрік және аты мәшһүр, ақындарының бірі болған. Ол өзі қатарлас қазақ және қырғыз, ақындарының біразымен жолыққан. Олардың жырын тыңдаған. Сүйінбай өзінен бұрынғы, ақын-абыздардың өлең өрнектерін меңгере жүріп, өзіндік жыршылық мектеп қалыптастырды. Ол өзі тұстастарға және өзінен кейін өмір сүрген, ақындарға үлкен рухани тірек бола білді», – деді Дархан Мыңбай. 

Шараның мақсаты жер жаннаты Жетісуда дүниеге келген айтыскер-ақын Сүйінбай Аронұлының өмір жолы мен шығармашылығы және, ақындық өнерінің жан-жақты қырларын ашу. Жалғасын тауып келе жатқан, ақындық дәстүрдің қазіргі айтыстағы өзгешеліктері мен айырмашылықтарының жігін ажырату. 

Ал фолькролист, ғалым Сейіт Қасқабасов: «Сүйінбайдың бойында әрі ақындық, әрі жыраулық, әрі жыршылық қасиеттер топтасқан. Бұл – сирек құбылыс. Біз Сүйінбайды не үшін жақсы көреміз? Себебі Сүйінбай халықты бірлікке шақырды, ерлікке үндеді. Сонымен қатар, ол шындықты жырлай білді. Сондықтан да біз оны жақсы көреміз», – деді. 

Ақын Несіпбек Айтұлы: «Сүйінбай өз заманында жылағанды жұбатқан, халықтың қамқоршысы болған тұлға», – дей келе Сүйінбай, ақын жайында жазған поэмасынан үзінді оқыды. Сондай-ақ, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық музейі мен Ұлттық музей бірігіп келушілерге жылжымалы көрме ұсынды. Көрмеде ХІХ ғасырдағы, ақындардың тұтынған заттары негізінде алынған жәдігерлер мен ХХ ғ. жазушылар мен ғалымдар және, ақындардың айтыс, ақындары туралы еңбектері мен зерттеулері, арнау жырлары жинақталып ұсынылды. 

Жиын соңында жас айтыскерлер Сырым Әуезхан мен Рауан Қайдаров қазіргі заманғы айтыстың үлгісі ретінде сөз қағыстырды.