Қара өлеңнің атауы мен этимологиясы
15.10.2020 2085

Зерттеуші ғалым Оразақын Асқар қара өлеңге арналған жинағының алғы сөзінде: «Қара өлең дегеніміз – ежелгі сөз, ұланту. Байырғы өлең, өлеңнің бастапқы қалпы деген сөз. Қара тау, қара халық, қара сөз, қара жол  деген тіркестердегі анықтауыштар да тек түсті білдіріп қана тұрмағандығы енді түсінікті: ежелгі тау, негізгі халық, бастапқы сөз, басты жол деген ұғым беретіндігі анық»  – деп жазады.  Зерттеушілердің пікірін қорыта келе, «қара» сөзінің екі түрлі мағынасын бекітуге болады, ол «ескі», «көне» және «қасиетті» өлең деген ұғымдар.  Яғни «қара өлең» дегеніміз – ескі, қасиетті өлең деген мағынаны білдіретін сөз.


Ал «өлең» сөзінің этимологиясына тоқталатын болсақ, бұл туралы деректі тек қана зерттеуші, фольклорист Бекмұрат Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» атты кітабынан ғана табуға болады. Өз пікірін зерттеуші былай деп баяндайды: «ХІY  ғ. жазған Махмуд Қашқаридың «Дивани лұғат-ат түрік», «Кодекс - Куманикус», «Түрік-араб сөздіктеріне» қарағанда көне қыпшақ тілінде «ула», «улағыл»  –  деген сөз бар дейді. Бұл филология ғылымдарының докторы, көптеген көне қыпшақ тілінің лексикасын зерттеп жүрген Әбжан Құрышжановтың түсіндіруіндегі «әлденені жалғау, бірін-біріне байланыстыру, бірін-біріне қиюластыру» деген мағынасын береді деген ойымен үндес.

Ал қазақ өлеңдерінің ең көне түрлері – қара өлең, қайым өлең екенін ескерсек, Құрышжанов түсіндіріп отырған сөздің мағынасы осы өлеңдердің жанрлық сипатын толық ашып көрсетері анық. Әрине, «өлең» сөзі туралы ең алғаш, дәлелді және тұжырымды пікір болғандықтан, оқырман қауым еш күмән келтірместен осы пікірге сүйенуге тиіс.

         Ой-пікірін жалғастыра келе ғалым Б. Уахатов «өлең» сөзін түркі тілдес халықтардың осы тектес сөздерімен байланыстырады: көне қыпшақ тілінде – ула, құмық тілінде – улан, қазақ тілінде – өлең, алтай тілінде – қожоң, қара қалпақ тілінде – құшық дей келіп, бұл пікіріне дәлел ретінде тағы бір мысал келтіреді. «...Якуттерде «олонхо» деген сөз бар. Якуттардың эпосын зертттеп жүрген  И.В. Пухов «олонхо» сөзі қазақтардың «өлең» деген сөзімен тамырлас, мәндес екенін және мұның өзі түркі-моңғол халықтарымен араласып тұрған дәуірде  туғандығын айтады»  – деп, өз ойын тұжырымды дәлелмен бекітеді.

Ал ғалым  Ақселеу Сейдімбек бұл мәселеге байланысты ойын былайша қорытады. «Егер осынау атау-ұғымға бір сәт ден қойып, неге бұлай аталады екен деп ойланып көрсек ше? Неге «қызыл өлең» немесе  «жасыл өлең» демей, оның орнына «ақ өлең», «қара өлең» дейміз. Ұғым-атау арналып тұрған объектінің мән-мағынасы, қасиет-бітімі солай болар дейін десең, сөз өнерінің ақ, қара деп айыратындай түсінің, иісінің болмайтыны аян. Міне, осы орайда рухани өрістерімізді алуан салаға жіктеп-жүйелейтін жанрлардың атау-ұғымына қатысты төркін-тегін жан-жақты саралап отырудың мәні зор. Мұның өзі әдебиетіміз бен өнеріміздің алуан арналы жанрларының пайда болу, дамып-жетілу эволюциясын тануға, эстетикалық мәні мен ерекшелігін айыруға, әсіресе, халқымыздың рухани шежіресін тарихи сабақтастықта қарауға мұрындық болады» дейді.

Түркі қағанаты заманының (VI-VIII ғ.) әйгілі қағаны Күлтегіннің құрметіне қойылған үлкен тас қашау жазу былай басталады: «Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған».  Осынау өз заманының қасиетті дұғасындай етіп тасқа қашаған сөзді «Төменде қара жер жаралғанда» демей-ақ, «Төменде  жер жаралғанда» деп жазса да мағынаға пәлендей нұқсан келмес еді. Алайда, бұл бүгінгі талғам-түсінік тұрғысынан қарағандағы ой. Егер сол кездің ұғым-түсінік жүйесіне зейін қойсақ, Көк – Тәңіріден кейінгі ең құдіретті күш Жер-Су – Ұмай Ана. Көк – Тәңірі аталық негіздің иесі болса, Жер-Су – Ұмай Ана – аналық негіздің иесі. Тіршілік атаулы осы екеуінің шапағаты дарып өсіп-өнбек. Демек, осындай құдірет күштің иесін  оп-оңай «Жер» деп, айта салмай кішіктік танытып «қара» деген сөзді қосып айтқан. Яғни қазіргідей «қара ниет», «қара бет» деп келетін мағынаға мүлде керісінше мәнде қолданылғанын аңдау қиын емес. Сонда Түркі қағанаты заманындағы «қара жер» деген сөз тіркесі – «қасиетті жер» мағынасында қолданылған болып шығады. Өйткені құдіреті күшті Жерді марапаттайтын анықтаушы сөздің тек қана жағымды мағынада болуы, әрі мейлінше асқақ-әсерлі сөз болуы  сол кездегі үстем идеологияның талабы еді. Демек, Күлтегіннің тас қашау жазуындағы «қара жер» деген сөз тіркесінің «қасиетті жер» мағынасында тұрғаны да дау тудырмаса керек.  Әрине, Түркі қағанаты заманында-ақ «қара» сөзі «қасиетті» деген ұғымды арқалап, тұрақты сөз тіркесі ретінде орнығу үшін оның алдындағы талай ғасырлардың да әрлеп-нәрлеуге өз үлесін қосқаны шәк келтірмейді. Рашид-ад-дин өзінің «Жылнамалар жинағы» атты әйгілі еңбегінде Абулджа-ханнан туатын төрт ұлдың бірі Қара-хан екенін, қара-ханнан Оғыздың туғанын айтады. Түркі қағанатынан бергі кезеңді көктей шолсақ, «қарахан» аяқ аттаған сайын ұшырасады.

999 жылы түркі тайпаларының жойқын тегеуріні Саманидтер әулетінің шаңырағын ортасына түсіріп, Маураннахрдағы биліктің тізгіні Қараханидтер әулетінің қолына тиеді. Толып жатқан дербес хандықтардың басын қосып, оларға билігін жүргізген ең жоғарғы әміршінің «қарахақан» немесе «қарахан» деген лауазымы болған. Осындағы «қара» сөзі тура мағынасында емес, «ұлы», «құдіретті» деген мағынада екенін В.В. Бартольд сенімді қисындармен дәлелдейді. Бара-бара  «қара» сөзі исі түркі халықтарының арасына кең тарағаны соншалық, осы сөзді иеленсе-ақ басына үшбақ орнай қалатындай, жамбасы таққа тигеннің бәрі «қара-пәленше», «қара-түгенше» болып шыға келетінді шығарды. Тіптен бұл жағдайды ХІ ғ. ғұлама ғалымы Махмұд Қашғари өзінің әйгілі «Түркі тілдерінің сөздігіне» заманалық құбылыс ретінде тіркеп қойды.  «Қара – әрбір қара нәрсе. Қоқан шахтары қара деп аталады. Боғра қара хақан делінген сияқты. Мұның әйгілі хикаясы бар» деп жазыпты М. Қашғари. 

Мұнан әрі «қара» сөзі басы жұмыр пендені місе тұтпай тұтас ру-тайпалардың, тіптен ел-жұрттың атауына айналғанын көреміз. Тарих сахнасына Қарақалпақ, Қарашай, Қарайым сияқты ел-жұрт шығып, төңірегіне осы аттарымен танылғаны мәлім.

Ортағасырлық ру-тайпаларды: Қаракесек, Қаракерей, Қарақытай, Қарақидан, Қаракете, Қарасунақ, Қарауыл... деп тізе беруге болады. Тіліміздегі «Хан – қара, би - төре» деп келетін тұрақты тіркестің мәні осы орайдан бір шаң бергендей.   Әр заманның өз әуезесі бар, уақыт өте келе «қара» сөзіне құмарлықтың ыстық-суығы басылады. Бірақ халықтың тіліне, санасына, дәстүріне сіңіп үлгерген сөз өзінің ұғымдық міндетін атқаруды тоқтатпайды. Сол тоқтатпаған қалпымен «қара» сөзі енді жер-су, зат-мүлік атауларына көшіп, тіптен дәстүрлік мәні бар ұғымдарға айналады. Мәселен, қазақ тілінде күні бүгінге дейін Қаратау, Қараой,  Қара жамбас, Қаратеңіз, Қаракөл, Қарасаз, Қарабас, Қараспан деп келетін жер-су атаулары, Қараған,  Қараандыз, Қарағай, Қаражусан, Қарабидай деп аталатын өсімдіктер дүниесі айтарлықтай жиі кездеседі. Осылардың қай-қайсысы да, барша бітім-қасиетіне ден қойсақ, «қара» сөзін жаман мағынасында еншілеп тұрмағанын аңғару қиын емес. Малшылар қауымы қазір де қара жусан, боз жусан, май қара жусан сияқты ащылы өсімдігі мол жайылымды «қара от» деп атап, оған көбінесе күйек алу кезінде күйтін көтеру үшін қой түлігін жаяды. Бұл орайда, «қара от» деген сөз тіркесі «күшті от», «қуатты жайылым» деген мағына беріп тұрғаны, әрине, дау тудырмайды.

Торғай даласында,  Қаратау төңірегінде асыл шыныдай мөлдіреп қатып жатқан тұз көлдер бар. Сол көлдердің тұзын «қареткен» (қара - еткен) деп атап, жас нәрестені шомылдыруға тері, тіс, көз ауруларын емдеуге қолданған. Яғни «қареткен» сөзінің халық ұғымында «қасиетті еткен», «шипа болған» деген мағынада қолданылғаны байқалады. Сол сияқты «қара шаңырақ», «қара жол», «қара жол», «қара жұртым», «қара халық» деп келетін тұрақты сөз тіркестерінің де «қасиетті», «киелі» деген мағынада қолданылып тұрғанына шәк болмауға тиіс.

Осындайда еске түседі, қазақ күйшілерінің арасында күй тартысып өнер сайысына түсетін дәстүр болған. Мұның өзі күйшілердің екі жақты келісімі бойынша «қара тартыс» немесе «түре тартыс» түрінде өтетін.

 «Қар тартыстың» шарты – күйшілердің бірі тартқан күйге келесі күйші басқа бір күй тартып, жауап беріп отырған.  Ал, «түре тартыста» аты айтып тұрғандай бірінің тартқанын екіншісі айнытпай қайталап тартып беруі шарт. Осындағы «қара тартысқа» түскен дәулескер күйшілер бір шерткен күйін қайталамай таңды-таңға ұрып күй тартысқанда, домбыраның шанағынан шыққан сан ғасырдың үні тоқтаусыз төгілетін болған ғой. Бұл, әрине, армандай аяулы құдірет өнер.  Мұндайда санасын сан толқын сарын торлап, күй толғақ болып жүрген күйші де армансыз, көз алдына халқының дыбысқа айналған шежіресін тыңдаған тыңдаушы да армансыз. Яғни бұл жерде де «қара» сөзі  әрі «қасиетті», «арқалы» деген мағына берсе, әрі мейлінше көп күй тартылатын болғандықтан, көптік, ұзақтық мағына беріп тұр. Мұндай көптік, ұзақтық мағына «қара халық», «қара қазақ», «қара жарыс», «қара құрым» деп келетін сөз тіркестерінің бір мәні болып табылады.

Сонау Шоқан Уәлихановтан бастап қара өлеңге ден қойған ғалым-зерттеушілердің бәрі де әдеби фольклорымыздың ішінен қара өлеңді жазбай таниды. «Қара өлең» деп атын атап, түсін түстеп отырады. Бірақ неге «қара өлең» деп аталғанына арнайы ат басын бұрған зерттеушілер некен-саяқ. Танымал ғалым Сәбетқазы Ақатаев, бұл орайда, мынандай пікір айтады. «Қазақтың «қара» деген сөзі заттар мен құбылыстардың тек түсін ғана білдіріп қоймайды. «Қара» –  байырғы, көне, ескі, мәңгі өзгермейтін. Мәселен, қара «шаңырақ, Қара Ертіс, Қара-хан – ортағасырлық қазақстандық хандардың лауазымы, Қара-хан – қытай жылнамаларында  ғұн хандарының бабасы, Рашид-ад-дин мен «Махаббат-намада»  Өгіз ханның әкесі. Бұл атаулар «ежелгі», «ескі», «мәңгі» деген мағына білдіреді. Қара әлемнің әуелгі жайы  (мрак, хаос), әлемнің күн түспейтін солтүстік жағы, мәселен, Қара теңіз – солтүстік теңіз мағынасында. Абайдың «қазақта (қазаққа – А. С.) қара сөзге дес бермедім» дегендегі «қара сөз» дәстүрлі, байырғы сөз қолдану.  Сондықтан «қара өлең» деген атауды біз дәстүрлі, байырғы қазаққа ертеден тән халықтық поэтикалық мәдениетті белгілеу үшін қолданамыз»дейді.

 Ал, енді Абай «Қазаққа қара сөзге дес бермедім» дегенде «ежелгі», «ескі» сөзді айтудан дес бермедім деп отырған жоқ.

Тағы да бір назар аударарлық деректердің бірі ғалым Серікбол Қондыбай  қара сөзінің этимологиясы  туралы төмендегідей ой білдіреді « «хуқ Хара» сөзі бүгінгі түрік тілінде  «Хара тау» – «Қара тау» деп аударылады, бұл жердегі  «қара» сөзі  түсті емес, «түпкі, бастапқы» деген мағынаға ие болып тұр»-дейді.  Сонда қара өлең  аталуының өзі, бастапқы өлең, түпкі өлең  дегенге меңзейді. Демек, бұл қара өлеңді қазақ өлең жүйесінің негізгі арнасы деп қарауға жетелейді.

(жалғасы бар)