Халықаралық фольклортанушылар конгресі және академик С. Қасқабасов мерейтойы
07.10.2015 2727
Халықаралық Түркі академиясы мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен академик Сейіт Қасқабасовтың 75 жасқа толуына арналған Халықаралық фольклортанушылар конгресі өтті

Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Түркиядағы Еге университеті Түркі дүниесін зерттеу институтын құрушы директоры Фикрет Түркмен, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Абдылдажан Акматалиев, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли, сондай-ақ бірқатар танымал тұлғалар, мерейлі жас иесінің ғылымдағы әріптестері мен бір топ шәкірттері қатысты. 

Халықаралық фольклортанушылар конгресі «Фольклортану ғылым: өткені, бүгіні, келешегі», «Әдебиет тарихы және қазіргі әдеби үдеріс», «Түркітанудың өзекті мәселелері» атты үш секция бойынша жүргізілді. 

Жиын мінберінен сөз алушылар түркі әлеміне танымал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың және ТМД деңгейіндегі «Достастық жұлдызы» сыйлығының иегері, ҚР ҰҒА академигі, профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың өмірі мен ғылымдағы еңбек жолына жан-жақты тоқталып, оның әдебиеттану саласына қосқан сүбелі еңбектерін атап өтті. 

Фольклортанудағы жаңаша көзқарастарды талдау, қалыптасқан терминдердің ара-жігін ажыратып, түсінікті ету, біріздендіру бағытында талмай еңбек еткен ғалымның үлесі зор. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының да серпінді жұмыс істеуіне барынша қызмет етіп, өзі басқарған М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымын жұмылдыра отырып, қазақ фольклорының теңдессіз байлығы саналған 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының басынан аяғына дейін қатысты. 

Алқалы жиын барысында белгілі фольклортанушы, академик, профессор Сейіт Қасқабасов Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды. Медальді Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Сейіт Асқарұлының 75 жасқа толған мерейтойына орай табыс етті. Айта кету керек, бұған дейін аталған медальмен академиктер Оразақ Смағұл мен Болат Көмеков марапатталған еді. 

Бұрын хабарлағанымыздай, жуықта тағайындалған Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалі түркі дүниесіндегі білім мен ғылымның дамуына, сонымен қатар ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосып жүрген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері мен елеулі жаңалықтары бар танымал ғалымдарға беріледі.