«Ұлы Дала елі» экспедициясы сақ қорғандарында
28.09.2015 2241
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясының Алматы бағыты Боралдайдағы сақ қорғанына саяхат жасады

Экспедиция құрамында 20 тарихшы ғалым, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен журналистер бар. Алатау ауданында орналасқан тарихи орынға 2600-2500 жыл болған. Ғалымдардың айтуынша, онда сақ дәуірінде өмір сүрген адамдар жерленген. 

«Баратын жеріміз – Алматының солтүстігінде орналасқан Боралдай қорымы. Бұл тарихи орын 1994 жылдан бастап археологиялық картаның тізіміне енгенмен, ескерткіштер тізіміне енбеген. Ғалымдардың айтуынша, ол жерде 47-52 қорған бар. Солардың біреуі ғана қазылды. Қазба жұмыстарының материалдарына сәйкес қорымда біздің заманымызға дейінгі 6 ғасырда өмір сүрген сақ тұрғындары жерленген. Арасында династиялық тәсілмен жерленгендер де бар. Олардың ішінде аумағы 80-150 м, биіктігі 15 м жететін қорған бар. Сақтар элитасының қорғаны деп атаймыз. Онда патшалар жерленген. Кейбірінде түгел отбасы жерленсе, кейбірінде 1 ғана адам көмілген. Сақ қорғаны екендігіне табылған археологиялық жәдігерлер көз жеткізеді. Атап айтқанда, аңдың стиль көрініс берген. Бүгінде осы қорғанның 2-3 қазып, аспанасты ашық музейге айналдырамыз деген ойымыз бар», – деді Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржанов. 

Айта кету керек, тұңғыш рет бұл қорымды Жетісу зерттеушісі Пантусов ашқан. 1982 жылдары ескерткіш тізіміне енбеген соң бұл аймақтарға үйлер салынып, ауылға айналып кеткен. 2006 жылы сол кездегі әкім Иманғали Тасмағамбетов 300 млн теңге бөліп, қорым аймағын қоршауға алған, жалпы аумағы 11 шақырымды құрайды. Алайда, ол жерді кейін адамдар басып алып, Ұлжан, Шаңырақ шағын аудандарды бой көтерді. 

Экспедиция барысында бұған дейінгі жүргізілген қазба жұмыстарымен қоса соңғы зерттеу жұмыстарының қорытынды материалдары зерделеніп, жинақталады. Кейін бұл ақпарат Таразда өтетін «Тарих толқынындағы ұлы дала» жалпыұлттық көрмесінде қойылады. Ал тарихи экспедицияның символы кітап-күнделікке ғалымдар өз жазбаларын түсіреді. 

Айта кету керек, 14 қыркүйекте Астанадан шыққан ғалымдар тобы ай бойы аймақтарды аралап, сапарларын Таразда түйіндейді. Депутаттар, зиялы қауым, журналистер, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жастар ұйымдарының мүшелері тарихи орындарды аралап, тарихи тақырыпта түрлі кездесулер өткізіп келеді. Аталған шараның мақсаты – ғылыми-танымдық іс-шаралар арқылы ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. 

 Гүлмира Бижаева