Елбасы Кітапханасы «Еңбек әулеттері мерекесін» өткізді
28.09.2015 2311
25 қыркүйек күні Еңбек күні және Ұстаздар күні қарсаңында Елбасы Кітапханасында «Еңбек әулеттері мерекесі» тақырыбында кездесу өткізілді

Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Елбасы Кітаханасы еңбек әулеттерінің жастармен кездесуін ұйымдастыруды ұйғарды. Еңбек әулеттері ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, өскелең ұрпақтың бойында еңбекке деген құрмет сезімін, өз кәсібімен мақтануға тәрбиелеуде үлкен ықпал етеді. 

Елімізде Еңбек күні Президенттің 2013 жылғы 22 қараша айындағы Жарлығымен бекітілген. 2014 жылдан бастап қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Басты мақсаты – Президенттің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі еңбек өнімділігіне ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту. 

2015 жылғы 17 наурызда Елбасы мемлекеттік награда «Еңбек Даңқы» орденін тағайындауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. «Еңбек Даңқы» орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауылшаруашылығы секілді материалдық өндірістің басқа да салаларының бір кәсіпорынында, мекемесінде, ұйымында ұзақ жыл табысты еңбек еткен жұмысшылар мен еңбеккерлер марапатталады. 

«Еңбек әулеттері мерекесі» кездесуінің мақсаты – жастарды еңбекке баулу және ата кәсібін жалғастырушы отбасыларды ұлықтау, оларға құрмет көрсету. Президент атап өткендей, еліміздің даму жолында Еңбек әулеттерінің атқаратын орны мен мәні зор. Ең алдымен, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы – кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзат Отбасының Ұлы тарихы. Елімізде еңбек күнінен кейінгі жексенбіде Ұстаздар күні атап өтіледі. Көптеген мамандық ішінен ерекше орын алатын кәсіп – ұстаздық. Балалардың адам ретінде қалыптасуы мен мамандық таңдауына да жол сілтейтін – мұғалімдер. 

Сол себепті шараға ұстаздар (Мақановтар: 11 ұстаз) әулетінің өкілдері, сонымен қатар адамзаттың өмір сүріп, дамуына елеуі әсер ететін мамандық иелері  дәрігерлер (Төлеутаевтар: 14 дәрігер) мен теміржолшылар (Айтбековтер: 20 теміржолшы) отбасылары шақырылды. 

Басқосуға қатысқан Астана қаласының Медицина университетінің студенттері, Еуразиялық гуманитарлық институт колледжі, М. Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация колледжінің оқушылары, Елбасы Кітапханасы «Кемел Ел» жастарды тәрбиелеу орталығының мүшелері қонақтардың кәсіби біліктілікті мақтан ету, еңбектегі жетістіктер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау жөнінде әңгімелерін тыңдады.