Мұрат Жұрынов: «Біз Ұлы Дала перзенттері деген атаққа лайық болуды ойлауымыз керек»
16.09.2015 1954
ҚР ҰҒА Президенті, академик, химия саласының білгір маманы Мұрат Жұрыновпен кездесіп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына құттықтау лебізін білген едік

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті, академик, химия ғылымының докторы, профессор:

Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына орай 11-13 қыркүйек күндері аралығында қазақстандықтар Астанада бас қосып, салтанатты мерейтойды жоғары деңгейде атап өтті. Бұл салтанатты мерейтой Астанадан бастау алып, еліміздің әрбір өңірінде әлі де жалғасуда. Елордамыз Астанада салтанатты жиынның ашылуы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өтті.

Айтулы жиынға түркі әлемдерінің көшбасшылары, еліміздің қоғам қайраткерлері, үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, жетекші ғалымдар, белгілі тарихшылар және БАҚ өкілдері қатысты. Бұл шараның маңыздылығын Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр», – деп нық басып айтты. Ел бойынша бұл мерейтойды атап өту үшін ауқымды шаралар жасалып әлі де жалғасын табуда. Соның ішінде, біздің Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының өткен жалпы жиналысының күн тәртібінде «Қазақ мемлекеттілігінің 550-жылдығы» атты тарихымыз ауқымды түрде талқыланды.

ҚР ҰҒА мүшелерінің ең басты ұстанымдары мен алдымызға қойған міндеттеріміз – тарихшы жастарға ғана емес, басқа мамандық иелеріне де тарихты бойларына терең сіңіріп, осы мерейтойдың маңыздылығын ұғындыру. Яғни, жалпы, барша зиялы қауым арасында тарихты насихаттау болып табылады. Тарихи оқиға туралы терең толғанысқа толы Елбасының айтқан сөзі бәрімізді де толқытты. Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық тарихымыздың әр кезеңге тоқталып, ұлы тұлғаларымызға лайықты бағаларын берді, олардың асыл аманатын ақтау бүгінгі, болашақ буындардың биік мұраты екенін айтты. Сонымен қатар Елбасы түркі дүниесінің тұтастығына да тоқталды. 

Елбасының өз мемлекетімізді Ұлы Дала елі деп бейнелі атау жөніндегі ұсынысы мені өте қуантты. Енді біз Ұлы Дала перзенттері деген атаққа лайық болуды ойлауымыз керек. Ел экономикасын дамыту, әлемдік қаржы дағдарысынан қиналмай өту жолында нәтижелі жұмыс жасау әрбір қазақстандықтың алдында үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Басты байлығымыз ауызбіршілігімізді, ел ішіндегі түсіністікті сақтай отырып, мемлекет саясатын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету — әрбір азаматтың парызы. Сіздерді ҚР ҰҒА Төралқасының атынан және өзімнің атымнан Қазақ хандығының 550 жылдық торқалық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілеймін!

Пікірді дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ