Алаш-арман
03.08.2020 2068

Тұңғыш рет өзінің халықтық атауымен XV ғасырдың ортасынан өте бере елдік туын көтерген Қазақ Ордасы төрт ғасыр дербес өмірден соң самодержавиелік қуатты империяның отарына айналды. Содан XX ғасырдың басындағы тегеуірінді революциялық қозғалыстар нәтижесінде қайта түледі. Тарих қойнауына тасталған Қазақ Ордасы атауы монархия құлатылғаннан соң туған бостандық таңы арайымен, өркениетке лайық саяси күрес туындысы ретінде Алаш Ордасы аталып, қазақтың мемлекеттілігін жаңғыртты.

Бірақ ғұмыры қысқа болды. Кеңес өкіметінің Қазақ жерін басқару жөніндегі революциялық комитеті Алашорданың қызметін ресми тоқтатып, жойылғанын рәсімдегеніне биыл бір ғасыр толады. Осы датаға байланысты Алаштың Ор­да­сы өткен жолға қысқаша шолу жасайық.


1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқ­сан­да Орынборда болған Екінші Жалпы­қазақ съезі тарихи қаулы қабылдады. Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыс­тары, Каспий сырты (Закаспий) облысын­дағы Маңғыстау үйезі, Ферғана, Самар­қан облыстарының, Амудария бөлі­мінің қазақ үйездері һәм Алтай губерниясындағы іргелес қазақ болыстары (кейін, 1918 жылғы 3 сәуірде Ресей Халкомкеңесіне Алашорда тарапынан нақтыланып хабарланған Алтай губерниясындағы Бийск, Барнауыл, Змеиногор үйездерінің, сондай-ақ Самарқан облысындағы Жизақ үйезінің қазақтары) тегі бір, мәдениеті мен тарихы бір және бір тілді («қаны, тұрмысы, тілі бір») іргелі қазақ халқы тұратын біртұтас аумақ («жері бірыңғай») болғандықтан, ұлттық-территориялық («өз алдына ұлттық, жерлі») автономия құрды. Қазақ облыстарының автономиясына «Алаш» деген ат берді. Алаш автономиясының конституциясын («низамын») бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс бекітеді деп белгіледі. Авто­номияның үкіметін – «Алашорда» уақыт­ша Халық кеңесін («Ұлт кеңесін») құ­рып, оны халық милициясын құруға, жақын уақытта Алаш автономиясының Құрылтайшы жиналысын шақыруға, басқа да тиісті шараларды жүзеге асы­руға міндеттеді. Төрт ғасыр дербес өмір сүріп, көрші күшті мемлекеттің ота­­рына айналған Қазақ Ордасы заман ыңғайымен өрістеген ұлт-азаттық қоз­ғалыс нәтижесінде шақырылған тарихи құрылтайда Алаш Ордасы боп тү­леді. Оның үкіметінің – «Алашорда» Халық Кеңесінің тұратын орыны ретінде Семей қаласы таңдап алынды. Хаттамаға құрылтай төрағасы Құлманов, оның орынбасарлары Бөкейханов, Қарашев, Досмұхамедов, Кенесарин, Дулатов, хат­шылары Қадырбаев, Күсепқалиев қол қойған.

ІІ Жалпықазақ съезінің жұмысы Пет­ро­градтағы большевиктердің қарулы төң­керісінен қырық күн өткеннен кейін басталған-ды. Әйгілі Қазан төңкерісін Бү­кілресейлік мұсылмандар одағы Атқару комитеті (Исполнительный комитет мусульман, Икомус) төрағасының орынбасары ретінде Петроградта қызмет істеп жүрген шағында Жанша Досмұхамедов көзімен көрген еді. Ол астанадағы түрлі саяси және қоғамдық ұйымдардың төң­­ке­рісті қолдамағанына куә болған. Жаңа үкіметпен Мұсылман аткомы аты­­нан ал­ғашқы келіссөздер жүргізуге әре­­кеттенген. Түркістан өлкесінің генерал-губераторы фон-Кауфман 1869 жылы Самарқаннан Санкт-Петербургке жөнелткен орасан зор Құран Кәрім кіта­бын – әр бетінің мөлшері 68х53 см, қалың, мықты 353 пергамент параққа VII ғасырда түзілген, ғылымда «Осман жиғызған Құран», «Самарқандық куфа Құран» деп аталатын бастапқы, толық нұсқаны қайтарып алу жайындағы мұсылман қауымының тілегін совет үкі­метіне – Хал­комкеңеске Мұсатком атынан жеткізген. Содан, тағатсыздана күтіп жүрген қазақ құрылтайы шақырылуына байланысты, алып-ұшып елге оралған болатын.

Орынбордағы ІІ Жалпықазақ съезінде Жанша Досмұхамедов өзіндік көзқарас ұстанды. Ол орталықтан бермен лықсыған анархиядан қазақ елін сенімділікпен қорғау үшін шұғыл автономия жариялау қажет деген ұсыныс көтерген-тін. Алайда ұлт-азаттық қозғалыстың танымал серкесі Әлихан Бөкейханов автономияны қазақ ішіндегі басқа жұрттардың пікірін білгеннен кейін, милиция құрып алып барып жариялауды дұрыс деп білді. Екі түрлі көзқарастың ширыққаны сондай, мәселе делегаттардың аттарын атап (поименное) дауыс беруі жолымен шешілетін болды. Автономияны шұ­ғыл жариялауға қарсы жақ тоғыз кісінің даусын артық алып, жеңді. Бірақ жеңілгендер өз көзқарасынан қайт­па­ғандықтан, делегаттар екі жақты да қана­ғаттандыратын ымыра қарарға тоқ­тас­ты. Жалпықазақтық «Алашорда» Ұлт кеңесі бір айдың ішінде Түркістан қазақ­тарының автономияға қосылу мүмкіндігін анықтауға міндеттенді. Олар Алаш автономиясына қосылған жағдайда, съезд автономияны мүмкіндік туған бетте жа­рия ету құқын Ұлт кеңесіне берді. «Алашорда» Ұлт кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі, Түркістан автономиясы (мұхтарияты) үкіметінің Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқаев Сырдария облысы қазақтарының съезінде қаралмақ осы тағдыршешті мәселеге байланысты түркістандық қайраткерлерге арнайы жеделхат жолдады.

1918 жылғы 4–9 қаңтарда Түркістан қаласында өткен съезге Алашорда өкіл­дері Бақтыгерей Құлманов, Тұрағұл Құ­нанбаев, Міржақып Дулатов арнайы барып қатысты. Съезд мәселені қызу тал­­қылап, түркістандық қазақ аймағы Алаш автономиясына мұхтарият үкіметі пен Алаш Орда арасында одақтастық шарт жасалғаннан кейін кіреді деген ше­шім қабылдады. (Алайда Ташкенттегі со­веттік билік келесі айда-ақ, 1918 жыл­ғы 19–22 ақпанда Қоқан қаласына қы­зыл­әскерлер мен дашнактардың қару­лы күшімен сұрапыл шабуыл жасады, қала талқандалды, халық аяусыз қыр­ғын­ға ұшыратылды. Бар болғаны 64 күн өмір сүрген Түркістан мұхтарияты құла­ды, автономияның үкіметі қуылды. Алғаш­қы премьер-министрі Мұхамеджан Ты­ныш­баев бой тасалап, Семейге келді, Алаш­ордада қызмет етті, ал одан кейінгі пре­мьер Мұстафа Шоқаев Ташкенттен пойыз­бен жаралы солдат кейпінде құпия атта­нып, Алаш автономиясының батыс жағына барды, одан алашордашы қай­­рат­керлер қатарында Құрылтайшы жи­налыс мүше­лері комитеті шақырған жиын­дарға қатысты, ақыры большевизм­мен күресін алыс шетелге кетіп жалғас­тырды).

ІІ Жалпықазақтық съезд жұмысын аяқ­­та­ғаннан кейін іле-шала, Торғай об­лы­­­­­сының советтік Төтенше соғыс ко­мис­­­сары болып тағайындалған Әліби Жан­гелдин Орынборға қызыләскермен келе жатты. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкі­меттің Торғай облысындағы комиссары қызметін доғарды. Сондай-ақ ІІ съез­дің шешімімен кіндік қала ретінде белгіленген Семейге Қазақ (Алаш) автономиясы «Алашорда» Халық Кеңесінің төрағасы міндетін атқару үшін аттанар алдында, Орынбор қалалық думасының гласныйы (депутаты) ретінде, 1918 жылғы 12 қаңтарда: «Қазақ-қырғыз жалпы сиезі қазақ-қырғыз ұлтының кіндік комитетіне председатель сайлап, Орынбордан кетпек болғаным себепті, Орынбор городской думасының гласныйлығын тастауға тура келеді» деген мәлімдеме жасап, думаның және думадағы мұсылман фракциясы­ның төрағаларына, барлық үзеңгілес депутат жолдастарына оң тілегін білдіріп қош­тасты («Қазақ», 1918 ж., № 259). Се­­мей об­лыстық Қазақ комитетінің төр­аға­сы Райым­жан Мәрсеков 1918 жылғы 15 қаң­тарда облыс комиссарымен және шаруа­лар кеңесінің төрағасымен бірге қол қойып, жергілікті билік органдарына таяу арада Қазақ өлкесінің автономиясы жарияланатыны жайында жеделхат жолдады. Орынбордағы жалпықазақ съезінің шешімдерін, автономия туралы шынайы ұғымды ешқандай бұрмалауға, арандатуға, қисынсыз өсекке жол бермей, түсіндіру шараларын қолға алуды тапсырды. Алайда ақпан айында қа­­лада кеңес өкіметі орнады да, саяси жағ­дай өзгеріп кетті. Орынбордан келген Алаш автономиясы үкіметінің мүшелері Се­мейде билік құрған кеңес өкіметі органымен тікелей іскерлік қарым-қатынас орната алмады, тиісінше соған байланысты жұмысқа да бірден кірісе алмады. Сонда Алашорданың Петроградтан Мәскеуге көшіп барған Орталық кеңес үкіметімен – Ресей республикасының Ха­лық Комиссарлары Кеңесімен – келіс­сөз жүргізуіне қажеттілік туды.

1918 жылғы наурызда «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі Жанша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Досмұхамедов Алаш Орда­сының делегациясын басқарып, Оралдан Мәскеуге аттанды. Делегация сапарға Орал облысы қазақтары съезінің шешімі бойынша шыққан. Құрамында Ұлт ке­ңесінің тағы бір мүшесі, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов пен бірнеше мүшесі болды. Олар Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің алдында баяндама жасап, Қазақ автономиясын құрған Екінші Жалпықазақ съезінің құжаттарын тапсырды, заманауи өзгеріс­терге орай туындаған өзекті талаптарды сол шақта большевиктердің билеуіндегі Семейде іс жүзінде жұмысына кірісе алмай тұрған Орталық Алаш Орда атынан алға тартты. Қабылдау сәтті өтті. Досмұхамедовтер Предсовнарком Ле­нин­мен және Наркомнац (Ұлт істері жөніндегі халық комиссары) Сталинмен ұтымды келіссөздер жүргізді. Кіші Сов­нар­комда (Халкомкеңесте) жұмыс істеп, Алаш автономиясы құрылымын кеңестік рельске үйлестіру жобасын жасады. Осы тұста Ленин мен Сталин Семейдегі Алаш автономиясы үкіметінің басшыла­ры Бөкейханов пен Ғаббасовты төте же­ліге шақырған жеделхат жолдады. Ер­теңіне, 1918 жылғы 2 сәуірде, Иосиф Ста­лин төте желі арқылы Алашорда төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен сөйлесті. Сталиннің Кеңес үкіметі атынан айтқан түйінді сөзін «Абай» журналы шыққалы жатқан 3-ші нөмірінің мұқабасына «Қуаныш құтты болсын!» деп сүйіншілеткен тақырыппен басып, дүйім жұртқа жария етті. Онда Наркомнац Сталин Предсовнарком Ленин екеуі 1917 жылғы 2 қарашада қол қой­ған «Ресей халықтары құқтарының декларациясында» жария етілген ұлт сая­саты принциптері күшінде екені айта келе, «Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпықазақ сиезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз» деп, осы орайда Алашорданың Кеңес билігін тануы жөніндегі Халкомкеңестің шарттары мен тілектерін білдірген. Сталиннен естіген осынау маңызды хабардың соңына журналды шығарушылар: «Ақ түйенің қарны жарылды. Өмірі қазақ – қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді, көрдің. ...Алаштың баласы, көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!» – деген шаттық лепес білдірді. Оған қоса: «...Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков, Мәрсеков атына Мәскеуден тағы телеграм алдық. «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз, Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгін-ертең Алашорда өкілдерімен Сталин ауызба-ауыз сөйлеседі», – деп. Жа­һанша, Халел Досмұхамедовтер, жоға­рыдағы өкілдер осы сабаздар екен», – деді.

Ал «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 35-ші санында Кеңес өкіметінің ұлт мә­се­лесін шешу жоспарлары жайында Сталиннің айтқандары және Халком­кеңестің қазақ съезі шешімдерін қабыл ала отырып, қойған шарттарымен бірге, оған «Алашорда» Ұлт кеңесінің берген жауа­бы қоса жарияланды. Жауапта: «...Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін, Совет хұкіметі Россиядағы барлық автономия­лы халықтардың Кіндік Хұкіметі деуге қаулы қылып», он бір бабқа Алашорда шарттары тұжырымдалды. Арнайы бабта: «Қазақ-қырғыз (сол заманда қазақ-орыс және қазақ-қырғыз терминдері казак пен қазақ ұғымдарына синоним іспетті қолданылған, яғни қазақ-қырғыз – қазақ пен қырғыз дегенді емес, тек қазақ аталымын білдіреді) істері туралы елші Ха­лел һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік. Олар қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр», – деп көрсетілді. «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшелері Ұлт істері бо­йынша халық комиссары Сталиннің төте желі арқылы айтқан «ІІ Жалпықазақ съезі қаулылары толығымен Совнаркомның ав­тономия туралы декретіне сәйкес» де­ген мәлімдемесін талқылай келе, Феде­ративтік Кеңестік Республиканың орталық билігін танығанын, сөйтіп Алаш ұлттық-территориялық автономиясын тоқтаусыз жариялау қажет екенін хабарлаған жеделхат Халкомкеңеске 1918 жылғы 3 сәуірде салынды.

Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Кіші Совнаркомда (сол уақытта Ресей үкіметінің жанындағы тұрақты комиссия­ны осылай атаған, ол Халкомкеңестің – Үлкен Совнаркомның – қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау үшін құрылған болатын) Кеңес үкіметінің ше­­шуіне қойып отырған ұсыныстарын большевиктік билік талаптарымен ұш­тас­тыра пысықтаумен шұғылданып, тиіс­ті құжаттар жобасын біліктілікпен да­йындаған еді. Совнарком (Халкомкеңес) қорытылған ұсыныстарды мақұлдап, Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмысын жалғастыра беруіне келісті. 1918 жылдың 1 сәуірінде өткен мәжілі­сінің № 335 Қаулысы бойынша, Зауралье­нің (Жайық сыртындағы) земство мекеме­лері өздерінің әдеттегі міндеттерін бұ­рын­­ғысынша атқара беретін болды. Сон­­­дай-ақ Халкомкеңес сол өңірдегі қа­зақ (алаш) ұйымдарын совет рельсіне ауда­руға қажетті ақшалай қаржы бөліп, де­легацияның қолына беріп жіберуге қау­лы алды. Алашорда мен Кеңес үкіметі арасындағы алғашқы тарихи келіссөзді табысты жүргізіп, үлкен саяси жеңіспен Оралға оралып келе жатқан делегацияны Саратов қаласындағы Депутаттар кеңесі (Совдеп) Атқару комитетінің мүшелері тоқтатты. Оларға Орал совдепін құлатып, мүшелерін тұтқынға алған Әскери үкі­меттің қамауынан қашып келгендер Дос­мұхамедов делегациясы үстінен шағым түсірген болатын. Мәскеуге Әскери үкі­меттің тапсырмасымен кетті деген жорамалмен. Делегация мүшелері Саратов совдепшілерінің талқысында өздерін мәр­тебелеріне сай, өте лайықты дәрежеде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады. Орталықпен келі­сімдерін жүзеге асыруға Саратов совдеп­шілерінің жәрдем бергені дұрыс болмағын дәйектеді. Орал делегациясы туралы мә­селе қараған Саратов Аткомының 1918 жылғы 17 сәуірдегі соңғы мәжілісінде Жанша Досмұхамедов тағы да Мәскеуге сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал сов­депінің құлатылғаны делегацияға Хал­комкеңес қабырғасында ғана мәлім бол­ғаны жөнінде айтып, Саратов совдепі­мен бірлесіп жұмыс істегенді жөн кө­ре­тінін әңгімеледі. Орал өңірінің тұрғын­дарына үндеу жазғанын, оны ұшақпен елге жеткізіп, жұртқа таратуға Саратов совдепінен көмек сұрайтынын айтты. Жанша Досмұхамедовтің ақтар қол­ас­тындағы өңірге ұшақпен жеткізіліп, ауыл­дар мен қалаларға апарып тасталған «Орал облысының Жайық сыртындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға және барлық азаматтарға» арнаған сондағы үндеуінде: «Жалпықазақтық «Алаш Ор­да» Халық Кеңесі Ресей Федеративтік Рес­публикасының кеңестік билігін мойындады да, Халық Комиссарлары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», делініп, келіс­сөздердің жақсы нәтижесі ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комисса­риат құрылады да, ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады», – деген хабар және Халкомкеңестің земство жөніндегі қаулысы айтылған-ды. Соларды хабарлай отырып, үндеуде: «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақтың бар­лық земстволық және қоғамдық ұйым­дары мен лауазымды тұлғаларын, бар­ша қазақтарды кеңес өкіметіне қар­сы бағытталған қозғалыстардың ешқай­сы­сына да қатыспауға, сондай қарсылық қоз­ғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» шақырған және кеңестік биліктің қазақ үшін тиімді­лігіне назар аударған. «Естеріңізде болсын, қандас қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңізге тұңғыш рет еңбекшілердің Кеңес өкіметі ресми түрде құлақ асты, Кеңес өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін өзі билеу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-мәрттігін бағалай біліңіздер!» деген жү­рекжарды сөздермен үндеуін аяқтап, «Жалпықазақтық «Алаш Орда» Халық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұхамедов» деп қол қойған.

Алайда Кеңес өкіметімен ынтымақ­тастық осымен аяқталды. Семейдегі Ор­та­лық Алашорданың Сталинмен төте желі­дегі сұхбатқа байланысты өз шарттарын ұсынған жауабын Халкомкеңес алған, бұл жайында Досмұхамедовтердің 1918 жылғы 5 сәуірде Мәскеуден Семейге, Халел Ғаббасовтың атына жіберген жеделхатында: «Алашорданың ұсынған шарттарына Кеңес үкіметі жақын арада жауап бермек болды», делінген-ді. Сондай-ақ келіссөздердің тағы да мынандай шүбәсіз жетістіктерін айтқан: «Кеңес үкіметінің басында Қазақ Комиссариаты ашылатын болды. Бұл комиссариатқа кіретін адамдарды Алашорда өзі сайлап жібереді» және «Кеңес өкіметі әр об­лыстағы Советтерге «қазақтың тұтқынға алынған азаматтарын тегіс босатыңдар» деп әмір қылды». Осы жеделхат мәтінін редакция «Сарыарқа» газетінің 37-ші нөміріне асқан ризашылықпен баса отырып, Кеңес үкіметі «жуық арада Алашорда автономиясын жария қылар, қазаққа да жарық сәуле, күн туар деген ойымыз мол, иманымыз зор» деп жазған болатын. Бірақ бұл ой ақталмады. Халкомкеңес пен Ұлт істері жөніндегі комиссариат жер-жердегі өкілдері арқылы түрлі әлеуметтік топтар арасындағы ой-пікірге, ұлттық «Алаш» және социалистік «Үш жүз» пар­тияларының ұстанымдарына тез-ақ қаныққан. Нәтижесінде, кеңестік үкімет (предсовнарком Ленин мен наркомнац Сталин) таптық мүдде тұрғанда ұлттық «буржуазиялық» құрылымға жол беруге болмайтынын парықтап, Досмұхамедов делегациясы Мәскеуден аттанысымен, онымен жасалған келісімдерді де, Семейге төте желі арқылы айтылған уағ­даны да бірден ұмыт қалдырды. Ешқай­сысына да жауап берместен, жер-жердегі өкілдеріне «буруазиялық автономияны еңбекшілердің мойнынан түсіріп тастау» бағытымен жүруге нұсқау берді.

Кеңес үкіметінен осылай беті қайт­­қан Алашорда қызметін ақтарға сү­йе­ніп жүргізуге көшті. Орал облысы қазақтарының Жымпитыда өткен ке­­зек­ті съезі 1918 жылғы 18 мамырда Орал облысының Жайық сыртын «Ойыл уәлаяты» деген атпен, бес үйез кіре­тін ерекше дербес аумаққа бөліп, уақытша үкімет құрды. «Ойыл уәлаяты» мем­ле­кеттік-автономиялық бірлігі Алаш авто­­номиясының құрамында саналды. Үкіметінің төрағалығына Жанша Досмұ­хамедов сайланды, үкімет уәлаяттың республикалық режімде жұмыс істейтін әкімшілік-аумақтық құрылымын түзіп, қызметін ұйымдастырумен, юнкерлер (офицерлер) даярлайтын мектеп ашып, халық милициясын жасақтаумен шұ­ғылданды. Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетінің 262-ші нөмірінде жария­ланған жеделхатында Алашорданың 1918 жылғы 24 маусымда Алаш (Заречная слободка) қаласында іске кіріскені айтылды. Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов, мүшелері Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов қол қойған бірқатар заңдар мен ережелер жарияланды, алдағы міндеттерді қалай орындау керектігі жайында тапсырмалар берілді. Семей, Ақмола облыстарында милиция жасақталып, ақ гвардиямен бірге большевиктермен соғысуға аттанғаны айтылды. Қазақ ұйымдарына «ел қорғаушыларды жинау ісін ...үш жұма­ның ішінде» аяқтау ұсынылды.  

(Жалғасы бар)

www.egemen.kz 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.