ХІХ ғасыр аяғындағы қазақ зиялыларының қызметі
31.07.2020 7656

Ұлт интеллегенциясының қызметі сол кезде орын алған жалпыресейлік саяси-мәдени   үрдістермен тығыз байланыста болды. Бұл үрдіс орыс шығыстанушы ғалымдарының есімімен тығыз байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында орыстың ағартушылық-демократиялық мәдениетінің ықпалы күшейіп, қазақтың алдынғы қатарлы білімді тұлғалары елін орыстың демократиялық мәдениетінің көшіне ілесуге шақырды. Олардың арасында Ақмола өңірінен шыққан Ш.Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш.Қосшығұлов, А.Тұрлыбаев және тағы басқа қайраткерлер болды. Олар өз еңбектері арқылы сол заманның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-саяси өмірін жасады. Соның бірі Шоқан (шын аты-Мұхаммед - Қанапия) Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) – аса көрнекті ағартушы, білгір ғалым ғұлама және зерттеуші. Ол өзінің отыз жыл ғұмырында артына аса зор тарихи, мәдени және әдеби мұра қалдырды. Аса зор танымдық және ғылыми жағынан баға жетпес Шоқан еңбектері біздің заманымызда да өзінің зор құндылығын, мәнділігін жоғалтқан жоқ. Шоқанның өмірін, ғылыми мұраларын зерттеуді оның дос-замандастары П.П.Семенов-Тян-Шаньский, Н.И.Веселовский, Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин, А.Гейнс, Е.П.Ковалевский сынды атақты ғалымдар бастаған еді.


Шоқан жастайынан оқуға құштар болып, араб жазуынан басқа түрік, парсы, шағатай тілдерін меңгерген. Ол шығыс поэзиясын оқумен шұғылданды. Шоқан сиқырлы араб жазбасының мәржан тізбесімен қатар, түркі, парсы, шағатай тілдерін білген, Шығыс әдебиетінен нәр алған. Айғаным әжесі Шоқанға 5-6 жасынан туған елінің қисса–дастандарын оқытып, батырлық жырларын жатқа айтуға баулыған болатын. Қазақ жастары ішінен ең алғашқылары болып Ш.Уәлиханов Омбы қаласындағы кадет корпусына 1847 жылы оқуға түседі. Бұл оқу орны Сібірдегі жоғары білікті мұғалімдер жинақталған, таңдаулы оқу орындарының бірі болатын. Кадет корпусында оқушылар әскери білімнен басқа, жалпы білім беретін пәндер: Ресей тарихы және жалпы тарих, география, орыс және батыс әдебиеті, философия, зоология мен ботаника, математика, архитектура негіздері бойынша білім берілді.

Ш. Уәлиханов кадет корпусында оқыған жылдар болашақтағы қызметті атқаруға дайындықпен бірге шығармашылық ізденіс жылдары болды. Шоқанның оқуға деген талабын оқытушылары ерекше ықыласпен ескереді. Оқытушылардың ішінде Ждан-Пушкин, Костылецкий, Гонцевский, т.б. жас Шоқанға ақылшы болып, оған керекті әдебиет тауып беріп бағыт-бағдар беріп жүреді. Ол Костылецкий арқылы орыстың атақты ақын-жазушылары Пушкин, Гоголь, Лермонтов шығармаларын оқып, жете танысты. Кадет корпусында Шоқан Уәлиханов белгілі ғалым, географ және Азияның зерттеушісі Г.Н.Потанинмен бірге оқып, достық қарым-қатынаста болған. Ол Шоқан туралы жазған еңбегінің бірі «Биографические сведения о Чокане Валиханове» атты шығармасында Шоқанның Омбы кадет корпусында оқығаннан бастап, оның табиғи дарынын, ерекшелігін, ғылымға деген құмарлығын, өз халқына деген сүйіспеншілігін жазған. Мәселен, кадет корпусында оқыған кездегісін былай деп жазған: «Шоқан кадет корпусына оқуға келген кезде бір ауыз да орысша білмейтін еді, бірақ сол кездің өзінде қарындашпен сурет салуды ұнататын. Сабақ оқитын күндері корпуста болатын, ал мереке күндері оны оқытушылар өз үйлеріне апарып қонақ ететін. Осылайша ол Сотниковтың, тарих пәнінен беретін Гонцевский, полковник Гутковскийдің үйлерінде жиі болып тұрды. Шоқан корпуста өзінің орыс достарын артқа тастай отыра жылдам дамыды. Табиғи ақылынан өзге ол тағы да басқа артықшылықтарға ие еді. Алайда оған көпшілігі қызығатын. Қазақ баласы, сонымен қатар өте қабілетті, оқу орнына түскенге дейін сурет салатын, сондықтан да осындай ерекше қасиетті бағалайтындар оны өнеріне дем алдыруға ықылас білдіретін еді» дейді. Ал, Қ.Кеменгерұлы «Бірлі жарым ұлтшылдық, демократизм рухымен жүріп ақ сүйекке әуейленбеген Шоқан сияқтылар болды» дейді. Адамгершілікті және өркениетті ортамен танысуы Шоқанның ойының жылдам дамуына мүмкіндік берді. Ол өзін корпуста оқып жүрген кезінен бастап саяхатшы ретінде дайындай бастады. Паллас, Рычков, Левшин, Вельяминов-Зернов және т.б. еңбектерін оқыды.

Шоқанның қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына, рухани жағынан өсіп-жетілуіне аса көрнекті орыс жазушысы Ф.М. Достаевский мен оның досы, патша самодержавиесіне қарсы күрескен революционер-демократ С.Ф.Дуровтың да ықпалы зор болды. Ол – Шоқанға көп ақыл-кеңес беріп, тікелей ықпал еткен адам. Шоқан С.Ф. Дуров арқылы ішкі Ресейде болып жатқан саяси қозғалыстармен танысты.   Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын өте жақсы үлгеріммен бітіріп, Сібір казак әскерінде қызмет атқаруға жолдама алды, бірақ көп кешікпей Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың көзіне түседі де, ол мұны өзіне 1854 жылы адъютант етіп алады. Осы уақыттан бастап Шоқан өз қызметін істеп жүріп ғылыми–зерттеу жұмысымен де айналысады. Бұл жайлы оның досы Н.Веселовский: «Шоқан Уәлихановтың орасан зор талантына назар аударған Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт мүмкіндігінше оның ғылыми тұрғыда аса маңызды Қашқарға саяхат жасауға келісім алуына жәрдемдесті. Уәлиханов Қашғардан оралғаннан соң да осы сапардың ғылыми есебін редакциялауға өзі тікелей қатысып, кейін Уәлихановтың Петербургке іс-сапарға баруына рұқсат етті» - деп жазды.

1856 жылы Ш.Уәлихановтың өмірінде өшпес із қалдырған айтулы оқиға болды – ол әйгілі ғұлама ғалым, белгілі географ П.П.Семенов-Тян-Шанскиймен танысады. Ш.Уәлихановтың П.П. Семенов-Тян-Шанскиймен танысып, араласуы оның өмірінен ерекше орын алды, мұның өзі оның бүкіл ғылыми қызметіне едәуір дәрежеде бағдар беріп, жол сілтеген болатын.

1857 жылы 27 ақпанда географ П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынысы бойынша Ш.Уәлиханов Ресей географиялық қоғамының (әрі қарай - РГҚ) мүшелігіне сайланады. Бұл Шоқанның географиялық ғылымға қосқан үлкен үлесі үшін деп түсіну керек, өйткені РГҚ мүшесі болу Ғылыми академиясына мүше болып сайлану мен тепе-тең еді. Оның бұл қоғамда жасаған қызметі жайлы Н.М.Ядринцев былай деп жазған: «Уәлиханов 60-жылдарда орыс қоғамдық қозғалысына, оның жаңарту ісіне ерекше назар аударды, жаңадан шыққан журналдарды оқыды, Костомаров сол кезде оның жақсы көретін профессоры болатын, сондықтан профессордың лекияларына қатысып, тыңдайтын. Ол дәл осындай қызығушылықпен Ресей географиялық қоғамындағы болып жатқан істердің барысын назарда ұстады және қырғыз (қазақ) даласының географиясына арналған материалдар жинақтауға көп көмектесті, қырғыздар, т.б. туралы этнографиялық материалдар дайындады.

1857 жылы Шоқан Уәлиханов Алатау қырғыздарына екі рет сапарға шығып, қырғыз халқының өмірімен, тұрмысымен тереңірек танысып, олардың тарихын, этнографиясын, ауыз әдебиетін зерттейді. Осы сапарында ол қырғыздың дастаны «Манасты» қағаз бетіне түсіреді.


Шоқан Уәлихановқа, әсіресе, оның 1858 жылы Қашғарияға барған сапары оған үлкен шығармашылық табыс әкелді. Қашғар саяхаты өте ауыр сапар болды, дегенмен, саяхат сапары сәтті аяқталды. Қашқар, Құлжа өлкелері туралы ғылымға көптеген жаңалықтар қосады. Шоқан көптеген қауіпті жағдайларға, бейнеттерге ұшырағанымен, елге аман оралды. Бұл сапарында Шығыс Түркістанның тарихы, географиясы, экономикалық жағдайы жайлы құнды деректер жинады. Жергілікті халықтардың тұрмыс жайымен танысады. Ол өлкенің шаруашылығы, тұрмысы, мәдениеті т.б. жайлы көп мәлімет, деректер әкелді. Бұл зерттеуін мамандар жоғары бағалап, география ғылымына қосқан үлесі деп бағаланып және қызметін жақсы атқарғаны үшін 7-ші сәуірде 4-ші дәрежедегі Владимир орденімен марапатталып, штабс-ротмистр шенін алды. Туған халқы алдында жауапкершілігін сезінген Шоқан Уәлиханов халқына қызмет етуге тырысты. Бұл туралы оның орыс досы, пікірлесі болған ғалым И.М.Ядринцев те көп жазған: «Шоқан өз туған жерінде халық тәрбиесін тілмаштар мен басқа әкімшілік қажеттіліктер үшін құрылған мектептер түрінде емес, еуропа ғылымы мен адамгершіліктерді тарататын органдардың тұтас жүйесі ретінде құру қажет деп санады». Шоқанның бар мақсаты, арманы- европалық ағартушылықты ендіре отыра қазақ халқының бойындағы өзіндік болмысын сақтап қалу еді.

Ол ғылымның көптеген тарихи география, этнография, лингвистика, тағы басқа саласында көп еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа баға жетпес құнды мұра қалдырды. Оның Шығыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан тарихын, этнографиясын, өз халқының аса бай ауыз әдебиетін зерттеу ісіне сіңірген бүкіл дүниежүзілік ғылым таныған еді. Оның еңбектері орыс, ағылшын, француз, неміс тілінде жарияланған.

Ғалымның көпке мәлім еңбектері ішінде халқымыздың мәдениетіне тікелей қатысы бар еңбектері: «Абылай», «Қырғыздың ата-тегі», «Көне дәуірдегі қырғыздың қару-жарағы және әскери жабдықтары», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қырғыздың шамандық қалдықтары», «Қырғыздың көші-қоны туралы», «Қазақ шежірелері» т.б. Бұл зерттеулері қазірдің өзінде Қазақстан тарихын зерттеуде баға жетпес құнды деректер болып саналады.

Сонымен қатар, Шоқан бүкіл Орта Азия мен оған көрші жатқан елдердегі халықтардың географиясын, этнографиясын, фольклорын зерттеуде де үлкен үлес қосты. Бұл жайлы Ж.Бейсенбаев былай деп жазды: «Ғалымның туған жер тарихы, көне шежірелер, халық тағдыры, сахара көшпенділерінің өткен дәуірдегі мәдениеті туралы зерттеулері баға жеткісіз құнды деректер. Шоқанның «Ыстық көлге сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Жоңғар очеркі», «Қашқар сапары жайлы» жазғандары жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің қаншама үлкен істер атқарғандығын жарқырата ашатын, аса бағалы еңбектер» деді. Қазақ халқын, оның мәдениетін орыс пен Еуропа елдеріне таныстыруды Шоқан өз еңбектерінің өзекті бір мақсаты деп санаған болатын.

Орыс жұртшылығын қазақтың мәдениетімен таныстыра түсу арқылы ол қазақ халқын мәдениетсіз, тағы халық деп ұлы империяның менсінбеушілікке наразылық білдіреді. Ертеден келе жатқан қазақ халқының бай мәдениеті бар екенін дәлелдеуге күш салды. «Европаның прогрессивтік мәдениетіне қолы жетіп, рухани қорек алған Шоқан өз кезеңінің алдыңғы қатарлы, ең саналы адамы болып қалыптасты. Өзінің адамшылық алдындағы азаматтық міндеттерін түсінді. Елін, халқын шын жүрегімен сүйетін жас өзі жеткен европалық мәдениетке елін түгел жеткізіп, халқының бетін дұрыс жолға бұру міндетін арқалады. Ол қазақтың мәдениетті ел болып қатарға қосылуы үшін керекті игі істерді жүргізді.

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы өз халқына білім беріп, мәдениетін өркендету, елін ілгершіл мәдениетке үндеген, яғни қазақ халқының тағдыры, болашағы туралы терең ойлаған оны патша үкіметінің езгісінен азат ету Шоқан Уәлихановтың асыл армандары еді. Ол осы мақсатта көп қызмет атқарды. Міне, Шоқанның халқына сүйіспеншілігі, атқарған қызметі, білімге деген құштарлығы сол кездегі жастарға және болашақ ұрпаққа да үлгі-өнеге болды.

Сол кездегі Көкшетау округінің 1-ші аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлихановтың немересі - Сұлтан-Ғазы Уәлиханов та Шоқанның ізінше 1857 жылы Омбының кадет корпусына оқуға түседі. Сұлтан-Ғазы Уәлихановтың нақты туған жылы мен қайтыс болуы туралы деректер жоқ. Тарихшы Қ.Абуев бұл жайлы былай деп жазды: «Егер ол Сібір кадет корпусының 1-ші курысында 1857 жылы оқыса, оны 1843-1845 жылдары туылған деп есептеуге болады. Өйткені корпусқа 12-14 жастағы балалар оқуға алынатын еді» дейді. Кадет корпусын 1863 жылы ойдағыдай аяқтап, осы жылы Польшада болған ұлт-азаттық қозғалысты басу үшін патша үкіметі жазалау отрядын жібіреді. Осы отрядтың ішінде жас офицер Сұлтан-Ғазы да бар еді. И.Стрелкова: «Сұлтан-Ғазы 1863 жылы польша қозғалысын басуда көзге түсіп үлгерді» - деп жазады. Сұлтан-Ғазы мұнан кейін 1864 жылы полковник Черняевтің басқарумен болған Оңтүстік Қазақстанды отарлау жорығына қатысқаны мәлім. Бірақ Әулие-Атаны алғаннан кейін ол отставкаға кетеді. Бірақ кейін тағы да әскери қызметке қайта оралды. Әрі қарайғы қызметін Императорлық лейбгвардияда жалғастырды. Яғни мұндай элитный полкта қызмет атқару үшін әскери Академияны бітіру керек еді. Сұлтан-Ғазы бұл оқу орнында 1870 жылдың басында оқуы мүмкін. Императорлық лейбгвардияда ол полковник шенінде қызмет атқарған. Кейбір деректерге қарағанда Сұлтан-Ғазы 1903 жылы отставкаға генерал-майор шеніне ие болады. Ғалым Ахмедов өзінің еңбегінде ертеде оқыған қазақ жастарының ішінде Сұлтан Ғазы Уәлихан туралы да деректер келтіреді: «Шоқанның туысы, өзінің жазуынша, «Сұлтан Ғазы Уәли хан» Болатұлы Петербургте «полковник лейб-гвардии атаманского его императорского высочества наследника-цесаревича полка» қызметінде отыз жылдан астам болыпты. Бұл сол кездерде орыс ақсүйектердің де қолдары жете бермейтін қызмет. Сібір кадет корпусына тоғыз жасында түсіп, он алты жасында бітірген. Басында Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың қызметінде болып, кейін өзінің жанкешті әрекетінің арқасында әлгідей жоғары дәрежелі қызметке қолы жеткен. «Нива» журналының 1891 жылғы 11 санында П.Б. деп қол қойған адам Ғазының өмірбаянын жазған, сонда суреті де бар. Әйелі орыс, Ескендір деген баласын Жақып деген ағасының атына жазғызыпты. Петербургте Ғазының үйінде болған, татар халқының сол кездегі белгілі адамы Әбдірашит қазы Ибраһимов деген кісі Ғазыны қазақтың ескі әңгімелерін, жырларын көп білетін, домбырашы, әнші адам екен деп мақтапты» деп жазады. Сонымен, Сұлтан Ғазы Уәлиханов   әскери қызмет атқарып қойған жоқ, сонымен қатар, туған халқының тағдырын ойлап, Петербургке шындық пен әділдік іздеп келген отандастырына қолынан келген көмегін көрсете білген және қазақ зиялы қауым өкілдерімен бірге қазақ даласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, достық қарым-қатынаста болған. Осыған орай, С.Уәлиханов қазақ халқының қоғам-қайраткерлері арасында үлкен беделге ие болғанын байқауға болады.

Қазақ зиялыларының қалыптасу процесі XIX ғасырдың екінші жартысымен XX ғасырдың басында жеделдей түсті. Бұл кезең Ресейдегі азаттық қозғалыспен тұспа-тұс келді.   Әсіресе, күшті әсер еткен оқиға - 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі тұңғыш революция. Осы оқиғаның әсерінен қазақ қоғамының рухани және саяси өмірінің оянуы, ұлттық сананың сезіле бастауымен көзге түсті. Ал ұлттық сананың оянуы қазақ зиялы қауымының қалыптасуының тікелей нәтижесі болды. Болашақ алаш қозғалысының көсемдері Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Томск, Омск жоғарғы және арнайы орта білім беретін оқу орындарын бітірді. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Сердалин, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев, М.Шоқаев, Х.Ғаббасов, Халел және Жаһанша Досмұхамбетовтар және тағы басқалары.

Шәймерден Қосшығұлұлы – 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Қосшығұлдан 5 ұл Қалыш, Әпіш, Құрыш, Мұстафа, Шәймерден өрбіген. Осы топтың ішіне қайраткер, санаткер дәрежесіне дейін көтерілген Шәмерденнің орны ерекше. Табиғатынан зерек, ол жас кезінде сол заманның талабына сай алғаш ауыл молдасынан хат таниды, кейін білімін тереңдету мақсатымен, Көкшетаудағы Н.Хазірет медресесіне оқуға түседі. Осыдан оқып жүріп, ғылымның барлық салаларын игере бастайды. Орыс тілінде өз бетінше оқып үйреніп, зорлық-зомбылыққа қарсы күреске шәкірт күнінен бастап белсене араласады. Оның дүниетанымының қалыптасуына өз заманының өте білімдар адамы, Бұқарда, Бағдатта білім алған, шығыс әдебиетінің сұңғыласы, араб, парсы, орыс, өзбек, ежелгі түрік тілдерінде еркін сөйлейтін ұстазы Науан Хазіреттің ықпалы күшті болды.


Жаңашыл, зерек әрі алғыр Шәймерден жұмысқа жан салып, ұзамай Хазіреттің оң қолына айналады. Оның Хазірет қарауында қызмет етіп, қандастарын білім нәрінен сусындатуға бел шеше, белсене кіріскен шағы патша үкіметінің бұратана халықтары шоқындыру саясатының өрістеген кезіне тұспа-тұс келді. «Бұл кезде ол (Шәймерден) ұстазымен бірігіп, Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрады. 1903 жылы Абай Құнанбайұлы сынды қазақтың білікті, сыйлы азаматтарына патшалық режимінің оспадар әрекеті туралы және осыған байланысты бас қосу жөнінде екі мәрте хат жазады. Осы күресі үшін имам Н.Таласұлы екеуі абақтыға жабылады.

Қазақ халқының жерін тартып алумен шектелмей тілі мен дініне қол салған отаршылдық саясатқа қарсы шыққандардың ішінде Шәймерден Қосшығұлов та болды. «Ол кезде ождан бостандығына, діни сенімге жасалған қиянатқа қарсы тұрғандар Ресей қазақ жерінде аяққа тұрғаннан-ақ жазаланып отырған. Осылайша «Панисламизмге, пантюркизмге қарсы» деп аталатын жаппай қуғындаудың ресейлік нұсқасы пайда болды. Алғашқылардың бірі болып, Көкшетау мешітінің екі бірдей басшылары Наурызбай Таласов пен Шәймерден Қосшығұлов абақтыға қамалды. 1903 жылы шілденің 17-сі күні Таласов пен Қосшығұловты Шығыс Сібірге жер аударылады, біреуі - үш, біреуі бес жыл Иркутск генерал-губернаторының жария қадағалауында болады деп үкім шығарады. Бірақ қазақ өлкесінде есімі елге кеңінен мәлім Науан мен Шәймерденнің тұтқындалып, «ит жеккен» жаққа жер аударылуы қазақ халқының наразылығын туғызып, петиция жазылып, арашалап қалу мақсатында Ә. Бөкейханов пен М. Сердалин белсенділік танытады. Олар министрлердің қабылдауында болып, таныстарын пайдалана отырып, Науан мен Шәймерденді 1905 жылдың науырыз айында босатып алады.

Ш. Қосшығұлов елге оралған соң, бір жылдан кейін халық азаматын 1906 жылы Ресейдің бірінші Мемлекеттік Думасына депутат етіп сайлайды. «Бірақ ол бұл жолы «орыс тілін білмейді» деген желеумен депутаттыққа тіркелмеген. Ресми өкімет, халықты сатып жүрген тілмаштар қайраткер туралы неше түрлі алыпқашпа сөз таратқан. Бұл шақта қайраткер Балықты көлдегі алты бөлмелі ағаштан қиып салған үйін мектепке айналдырып, орыс мұғалімін жалдап, балалардың оқу шығынын өзі көтерген еді.

I Мемлекеттік Думасы таратылғаннан кейін, патша II Мемлекеттік Думасына сайлау жарлығын шығарған кезде халық оны тағы да сайлаған болатын. Ол өзінің патша өкіметіне арналған үндеуінде қазақ халқының жерлері күшпен тартылып алынып жатқандығы туралы жазады және шенеуніктер мен офицерлерге сый немесе жүлде ретінде берілген жерлерді заңды иелеріне қайтаруды талап еткен.

Думаға депутат болып сайланған соң Ш. Қосшығұлов Ресей империясының астанасы Петербург қаласына келеді. Сол саяси бет-бұрыс кезеңіндегі саяси ағымдардың арасындағы қарама-қайшылық, идеологиялық күрес Шәймерденнің саяси ой-өрісінің жаңа бір сатыға жоғарылауына әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы жылдары жас қазақ интеллигенция өкілдері

Ә. Бөкейханов, Б. Қаратаев, Б. Құлманов, М. Тынышпаев, А. Бірімжановтармен бірге отырып, ел қамын ойласады. Туған жерден алыс болса да, алып империяның астанасында татардың «Улфат» (Бірлесу) газетіне қосымша ретінде қазақтың тұңғыш «Серке» газетін шығарды.

Сонымен, кеңес кезеңіне аман жеткен Шәймерденнің тағдыры да қазақтың өзіндей бұрынғы жақсы мен жайсаңдары сияқты, сталиндік зұлматқа тап келді. Кеңес өкіметі оны 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. Ол туған жерінен жырақта бой тасалап жүріп, 1932 жылы Омбы облысының жерінде қайтыс болды.

Қазақтың қоғамдық және мәдени өмірінде елеулі із қалдырған Айдархан Тұрлыбайұлы болды.


Айдархан Тұрлыбайұлы 1877 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезіндегі дүниеге келген. Оның әкесі Шүменов Тұрлыбай, анасының аты Алтын. Кейбір мәліметтер бойынша, Айдархан жас кезінде өз заманының талабына сай ауылда білім алғаннан кейін, Көкшетауда үш жылдық қалалық училищені бітірген. 1897 жылы Омбы қаласындағы мұғалімдер дайындайтын семинарияны оқып аяқтаған. Талап ауылының маңындағы Алабота деген жерде Шалабай деген қажы өмір сүрген. Оның алты ұлы, бір қызы болыпты. Сол кезде жоғарыдан жарлық келген екен: байлар балаларын орыс қалаларына білім алуға жіберсін деген. Сонда Шалабай қажы өз балаларын орыстанып кетеді деп қауіптеніп, кедей Тұрлыбай отбасынан Айдарханды жіберген. Кім оқуға барады деген кезде кішкентай, қара домалақ бала мен барамын деп атып тұрған екен.

Айдархан семинарияны аяқтаған соң, Ресейдің өзі қалаған жоғарғы оқу орнына жолдама алған. 1897 жылы Айдархан Тұрлыбайұлы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүрген кезде, Айдархан Петербургта қызмет жасап оқып жүрген қазақ зиялы қауымының өкілдерімен танысады. Олар: Сұлтан–Ғазы Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Б.Қаратаев, М.Сердалин және орыс демократ өкілдерімен таныс болған. Бұл таныстық Айдарханның саяси көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті.

1902 жылы университті үздік аяқтап, елге оралған Айдархан Омбы қаласында тұрақтайды. Ол кезде Омбы қаласы патша үкіметінің Сібірдің «бұратана» халықтарын бағындыру саясатын жүзеге асыруда басты тірегі болғаны белгілі. Ол Омбы қаласында адвокаттық қызмет қылып, присяжный поверенный болады . Осы кезден бастап «Алаш» партиясының басшылығына топтасқан зиялыларымен бірге қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласып, қазақ елінің болашағы үшін келелі істер атқарады.

1917 жылы 25 сәуір - 5 мамыр аралығында Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ сиезі өтті. Сиез төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев, орынбасары болып Ақылбек Сейітов сайланды. Бұл жайлы К.Нүрпейісовтің «Алаш һәм алашорда» атты еңбегінде былай деп жазылған: «А.Тұрлыбаев, Е.Итбаев және М.Дулатовтың басшылығымен өткен қазақ ұйымының облыстық сиезінде оқу-ағарту, қаражат, дін, әйелдер теңдігі мен земство қызметі жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланады» дейді.

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен бірінші Жалпықазақтық сиезде, Ақмола облысынан төрағалық қызметке және бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шорои-исламға) сиезд шешімімен Ақмоладан Айдархан Тұрлыбайұлы сайланады.

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақтық сиезде Жалпы қазақтың Халық Кеңесіне – Алашордаға мүше болып Ақмола облысынан сайланды, яғни қазірше айтқанда Алашорда үкіметінің министрі болады. Бұл құрылтай алаш партиясының құрылуының алғашқы қадамы еді. Өйткені 1917 жылы маусым айында «Алаш» партиясы дүниеге келсе, желтоқсан айында «Алашорда» басшылығына Қазақстанның барлық облыстарынан 15 адам іріктеліп алынады. Ал үкімет басшылығына үш адам ұсынылды. Бұл туралы С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарында: «Алашордасының бастығына Ә.Бөкейханов, Б.Құлманұлы, А.Тұрлыбайұлы тасқа салынды. Жасырын дауыс нәтижесінде Әлихан 40 дауыс, Айдархан 20, Бақыткерей 19 дауыс алды», –деп жазылды. Көп дауыс алған Ә.Бөкейханов Алаш автономиясының үкіметі Алашорданың төрағасы болып сайланады. Әлиханнан кейінгі көп дауысты Айдарханның алғаны қазақ халқының арасында оның есімі жақсы таныс екенін аңғартады.

Бұл жалпы қазақ сиезінде ең негізгі мәселе ретінде оқу-ағарту ісінің мәселелері қарастырылды. Сиезде құрылған бес адамнан тұратын комиссияға тез арада қазақ мектептері үшін оқу бағдарламасын дайындауды және жедел түрде оқулықтар жазу ісін ұйымдастыруды жүктеді.


1917 жылдың күз айында Қазақстанда тағы да бір ұлттық-саяси ұйым «Үш жүз» партиясы құрылды. Ол өзін… «қырғыздардың (қазақтардың) социалистік партиясы» деп атады. Ең алғашында олар Алашпен бірге әрекет жасаймыз деп айтқанымен, ол көп кешікпей Алаштың басты сынаушысына айналды. «Үш жүз» партиясының орталығы Омбы қаласында болды. Сондықтан олар осы жердегі «Алаш» партиясына, осында тұратын Айдарханға ашық қарсылық білдіреді. Мәселен, С.Сейфуллиннің жоғарыда көрсетілген еңбегінде бұл жағдай былай суреттелген: «Комитет председателі Айдарханның үйіне барып, өзі үйінде жоқ екен, қызметкерлерін ұрып, жанжал шығарады. Сөйтіп жатқанда, Айдарханның үйінен телефонмен хабар тиіп, милиция келіп, «ұстаудағы» комитет мүшелерін босатады да, батырлардың өзін жауып тастайды» дейді.

Кеңес өкіметі тұсында ол Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізуші болып қызмет атқарады. Саяси қуғын-сүргін оны жазбай танып, 1934 жылы абақтыға жабады. Мұнда 6 ай азап шегеді. 1937 жылы қайта ұсталып, ату жазасына кесіледі. Айдархан Тұрлыбаев 1930 жылдары Карелиядағы Соловки лагерінде Міржақыппен бірге айдауда болған суреті де бар.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Айдархан Тұрлыбаев қудалаудың құрбаны болған Әлихан, Ахмет, Міржақып және Мағжандармен бірге ұлт болашағы үшін жан аямай қызмет етті.

Ұлт зиялылары қазақ ағартушыларының қазақтың мәдениеті туралы ойларын жалғастырушылар ғана емес, оны дамытушылар болды. Олар қазақ мәдениетін отарлық бұғаудан құтқарып, ұлттық болмысты сақтап қалуға ұмтылды. А. Байтұрсынов мәдениетті дінмен, шаруашылық өзгерістермен бірге қараған. Ұлт шаруашылығының өзгеруін кешенді мәселе есебінде санап, мәдениеттің дамуына себепкер факторлар деп: 1) табиғатты; 2) текті; 3) ел жиілігін (демография); 4) шеберлікті;5) басқа елді алуды; 6) салт-саясат, заңды;7) дін, мінез-құлықты; 8) білім һәм оның көп, аз таралуын; 9) өнерді; 10) мемлекет мақсатын көрсетеді .

Ұлт зиялылары мәдениетті біліммен байланыстырады. Алаш қозғалысы қайраткерлері дамыған мәдениетті ел болу үшін халықтың көзін ашып, ұлттың санасын ояту қажеттілігі жөніндегі ұстанымдарын дәлелдей түседі.

Ұлттық демократиялық интеллегенцияның көрнекті өкілдерінің бірі – Қошке Кемеңгерұлы қазақ әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына үлес қосқан қайраткер. Ол патшалық кезеңде құрылған қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлікке» мүше болып, оның «Балапан» деген атпен шыққан журналына редакторлық етті. 1917 жылы Алаш Орданың Ақмола облыстық комитетін құуға қатысты, 1918-1919 жылдары жас алаштардың газеті «Жас азаматтың» редакторы болды.   К. Кемеңгерұлының ғылым, білім, әдебиет саласындағы қызмет атқара жүріп, қазақ халқының сол тұстағы мәдениетін, рухани байлығын терең қарастырған. Қошке Кемеңгерұлы мәдени мәселелерді қоғамдағы ұлт зиялыларының қызметімен байланыстырады. Сонымен қатар, мәдениеттің негізі отырықшы өмір салтында деген тұжырымға қарсы болды. Отырықшылықпен мәдениетті елге айналу мүмкін еместігін автор: «Қазақ елі құрымас үшін отырықшы болу керек» деушілер бар. Қағаз бетінде отырықшы болумен мәдениет көктен түспейді, жерден шықпайды. Отырықшылқтың көп шарттары бар. Сол шарттар орындалса ғана мәдениет гүлденбекші» деп көрсеткен. «Мал бағушылықтан егіншілікке көшу шарт емес. Мұны пән көрсетіп отыр. Қазіргі мәдени Швецарияда сүт шаруасы үшін көшпелілік бар. Норманияда қой етінің бағасы көтерілген соң, шақатты жерге егін салғаннан, қой баққаннан пайдалы деп қой бағып отыр. Кавказ сыртындағы казак-орыстар да жартылай көшпелі. Арзан ет, тері-терсек көшпелі шаруада ғана мүмкін. Жалпақ даланы іске асыратын көшпелілер. Ондай далада егін салу үшін көп білім, көп еңбек керек» деп көшпелі шаруашылықты жүргізіп те мәдениетті, өркениетті елге айналуға болатындығын көрсетеді.

Қ. Кемеңгерұлы мәдениет мәселесінде ағартушылықты сол кезеңдегі басты, әрі қажетті тенденция деп көрсетеді. Патша үкіметінің білім беру саласындағы саясатын қатты сынға алады.   Оның пікірінше бастауыш білім беру жүйесіндегі оқу бағдарламалардың мазмұны патша әкімшілігінің талап-тілектеріне сай жасалып, қазақ халқының экономикалық және мәдени даму үрдістерін, оның мүддесін мүлде қарастырмаған.

«Мәденилеу орыс-қазақ қандай үлгі береді?» - деген сұрақ қойып, оған өзі былайша жауап берген: «Қалың қазақтың алдымен көргені – ел арасынан шыққан үкіметтің қол тоқпағы болған қазақ-орыс отрядтары, адамшылықтан азған, пара алуды, қорыққызуды өзіне парыз деп білген төрелер, алдау жолына арын сатқан саудагерлер, қарауылға қойылған орыс-қазақ қалалары».

Қ. Кемеңгерұлының орыс тіліне байланысты дәйекті түрде айнымаған бір ойы – ол тілді ерікті түрде оқыту. Егер ұлттық мектептерде негізгі ана тілі болатын болса, орыс тілі оны алмастырмай, қатарлас қана оқытылуы керек деген пікір білдірген болатын.

Сайып келгенде қазақ халқының тарихындағы бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туған ХХ ғасырдың басында, Ресей империясы әдейі тұмшалаған ой-сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең болды. Ал XIX ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев сияқты қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған оқу, өнер-білімді үйренуге шақырған үндеулері ХХ ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, қазақ халқының ардақ тұтар азаматтары, қараңғылықта жатқан елді ояту мен азаттықты аңсау мақсатына қарай жетеледі.

 

                                                                                       (жалғасы бар)