XIX ғасыр аяғындағы қазақ қоғамындағы рухани өзгерістер
21.07.2020 2230

     I

Қазақстан территориясына ислам дінінің енуі негізінен VП ғасырдан басталғанысмен ислам діні дала өңіріне кең таралады. Бұған дейін қазақ халқы Орта Азия жеріне таралған көптеген дінді басынан өткерді.    Қазақтардың діни өмірінде шамандық маңызды рөл атқарды.   Исламға дейінгі ежелгі дәстүрлердің қазақ халқының өмірінде елеулі орын алғанын байқаймыз. Ислам дінінің қазақ жеріне баяу еніп, ежелгі діндердің қалдықтарының әлі де болғандығы туралы Ш.Уәлиханов былай деп жазған: «Мұсылман діні әлі де біздің денеміз бен қанымызға сіңе қойған жоқ... Өлкемізде қазір де қос дін үстемдік етіп отыр. Қазақтардың арасында Мұхаммедтің атын білмейтіндер толып жатыр, бақсыларымыз даламыздың түпкір-түпкірінде өз қызметін доғара қойған жоқ» дейді.


Қазақстанда ислам діні барлық аймақтарда бірдей дамыған жоқ. Мәселен, Қазақстанның оңтүстік аудандарында ол Х ғасырда толығымен орныққан болса, ал солтүстік аудандарда мұсылман діні XIX ғасырда ғана күш алды. Бұл туралы Қ.Абуев былай дейді: «Қазақ өлкесін алғашқы зерттеген орыс ғалымдары да ислам дінінің қазақ арасында басқа мұсылман елдеріндегідей терең тамыр жая қоймағанын тілге тиек етеді. Алайда, XIX ғасырдың аяғында мұсылман діні қазақ арасында кең таралып, орныға бастады. Бұл құбылыс бір жағынан халықтың арасында діннің адамгершілік, ұлттық дәстүрлерді сақтаудағы рөлін мойындаудан туса, екінші жағынан үкіметтің мұсылман дін иелерін қуғындау, хрестиан миссионерлерінің әрекетіне қарсылық ретінде пайда болды». Яғни, қазақ арасында жаппай мұсылмандықтың кең таралуының әсіресе ру басылар тарапынан қолдау табуының себебі қазақ даласындағы Ресей империясының отарлау саясатымен тікелей байланысты.

XIX ғасырда Ресей империясының отаршылдық әрекеттері қазақ қоғамының дәстүрлі жағдайын өзгертті. Көшпелі тіршіліктің аясы тарылып, қоғам дағдарысқа тап болды.

Қазақ елінің Ресей империясының қол астына түсуі ұзақ мерзімге созылып, XIX ғасырдың 60-шы жылдары толық аяқталды. Осы үдерістің барысында қазақ халқы тек әлеуметтік, экономикалық, саяси қанауға алынып қоймай, өзінің дербес ұлт болып өмір сүруіне, келешегіне өте қауіпті рухани қысымнан да зардап шекті. Қазақ даласында Ресей отарлық саясатының билігі күшейіп тұрған кезеңде әдет-ғұрыптар мен оның әлеуметтік институттарына негізделген кіші заң кодекстері «Ережелердің» көптеп шығарылғаны белгілі. Ресей үкіметі бұл әдет-ғұрыптық нормаларды өз мүддесіне пайдаланып, далалық қоғамдық қарым-қатынасты реттеп отыру үшін өзіндік тұрғыдан өңдеп пайдаланды. Қазақ жерінде хандық билікті түгелдей жойып, оның орнына генерал-губернаторлық басқару жүйесін енгізуі елді бөлшектеудің басты әкімшілік құралы болғандығын растайды. Тіпті, діни болмыстық әдет-ғұрыптарда да саяси қулыққа басып «Алла жалғыз, ақ патша оның уәкілі» деген уағызбен дала халқына мұсылмандықтың өзгертілген түрін енгізуге тырысты. Тағы бір отаршылдардың көздеген мақсаттарының бірі - қазақ халқын орыстандыру еді. Патша өкіметінің бұратана халықтарды отарлаудағы ең сенімді әрі нәтижесі тез көрінетін әдісі -   орыс шаруаларын бұратана халықпен араластыра қоныстандыру. Орыс шаруаларының санын жыл сайын көбейтіп отырудың саяси астарын жақсы ұғыну себепті де, бұл мәселеге шешуші мән беріле қаралды. Шоқындыру, орыстандыру мәселесінде осы әдіс арқылы жүргізіліп келді. Патша өкіметінің бұл саясатын іске асыруда қазақ өлкесіндегі генерал-губернаторларға жүктелді. Патша өкіметінің отаршылдық саясатының құрамдас бөлігі – дін болатын. Отарлаудың алғашқы жылдарында патша өкіметі қазақ халқын өзінен бірден үркітіп алмау үшін христиан дінін уағыздауға тиым салды. Патшалықтың жүргізген алғашқы саясаты мұсылман дінінің өзін қазақтарды орыстың азаматтығына қаратуда пайдалану еді. Тілмаш ретінде орыс әкімшілігіне орыс азаматтығына насихаттауда өздерінің этноленгвистик әрі діни мәдениеті жағынан қазақтарға жақын Қазан татарларын пайдаланды.

Ресей империясының отарлық саясатының алғашқы өкілдері қазақ арасынада молда бейнесінде сыналып ене бастады. Шынында да аузында «алласы» бар бейбіт ниеттегі татар «молдалар» арқылы қазақ арасына ену тиімдірек болды. 1785 жылы 23-і қарашадағы II Екатерина патшайым жарғысында татар молдаларының айқын бейнесі көрініс тауып, олардың міндеті белгіленді. Онда: «Қырғыздардың (қазақтардың ) әр түрлі руларына молдаларды бекіту біздің бұдан бұрын берген жарлықтарға сәйкес келеді және бізге шын берілген болуы үшін оларды Қазан татарларынан іріктеуге күш салыңдар. Қызмет орнына жіберер алдында жақсылап нұсқау беру керек. Ол нұсқауларда қырғыздарды (қазақтарды) патша сарайына берілгендік рухта тәрбиелеуді, шекараларда жиі-жиі болатын тәртіп бұзушылардың алдын алуды естен шығармауы керек. Бұл молдалардың жол шығынын төлейтін болыңдар, ерекше көзге түскендеріне сый құрмет көрсетіңдер» – деген нұсқауларынан патша үкіметінің ішкі мақсатын айқын тануға болады. Сондықтан да татар молдаларына қазақтар бірден сенімсіздік білдірді.

Кейін үкімет қазақ халқының әдет ғұрпы мен діни ұстанымдарын зерттеуді қарқынды жүргізіп, халық арасында ислам дінінің кең өріс алғандығын, қазақтардың мұсылманшылықтың парыздарын сақтауға тырысу мүмкіндіктерін анықтаған. Осыған байланысты отарлық саясатты жүргізуге кедергісін тигізеді деген мақсатпен, исламға қарсы іс шараларды жүргізуге кіріседі. «Положение об усиленной охране для районов со сплошным мусульманским населением» деген ереженің дайындалуын талап етті. Онда империя көлемінде барлық мұсылман басқармаларын жауып, орыс әкімшілігіне тәуелді ету, мұсылман баспасөзіндегі цензураға арнайы регламент белгілеу, исламның христиан дініне деген зиянды пиғылдарын дер кезінде басып отыру іс шараларының жүзеге асырылуын қолға алды. Патша өкіметі халық арасында ислам дінінің күшеюіне тежеу қою мақсатында некеге байланысты мәселелерде шариғатқа сүйенуге тиым салды. Бұл 1891 жылы бекітілген заңдар жинағының 289 бабында арнайы жазылған.

Ақмола және Семей облысының қазақтары өз қаражатына жаңадан мешіт тұрғызу мәселелері «Заң ережелерінде» арнайы көрсетілді. 99 баб бойынша мешіт Генерал- губернатордың арнайы рұқсатымен салынуы тиіс болды. Ал ереженің 155 бабы бойынша ауыл мешіттеріне келуші ер адамдардың саны 200 ден кем болмау керектігі көрсетілді.  


Осы ережеге сәйкес Петропавл уезінің №2 болыстың тұрғыны Найзабек Бозтаев және тағы басқалардың Далалық өлкенің генерал-губернаторына өз қаражатына мешіттер тұрғызуға арнайы рұқсат сұраған өтініштерін мұрағат деректерінен кездестіруге болады.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында патша үкіметі мұсылман халықтарының, әсіресе, қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық мәдени дамуын барынша тежеп, пәрменді орыстандыру, шоқындыру саясатын үдете түсті және оған мүмкіндігінше тежеу салып, қатал қадағалануға алынды. Мешіт, медреселерді рұқсатсыз тұрғызылуына тыиым салынды, олардың жабылуын көздеп медреселерде орыс тілін оқу ең басты міндет деп енгізді. Ал мешіт, медреселердегі молдаларды отаршыл үкіметтің өзі тағайындайтын болды. Бұл көрсетілген міндеттер орындалмаған жағдайда жергілікті әкімшілік органдары мешіт медреселерді жабуға құқылы болды. Мәселен, Ақмола облысының әскери губернаторы Дала генерал-губернаторына жазған мәлімдемесінде «Петропавл уезінің Станов болысында төрт мешіт бар, олардың екеуі рұқсатсыз тұрғызылған. Ішкі істер министрлігінің № 6500 түсіндірмесі бойынша бұл үш, соның ішінде біреуі рұқсат етілген мешіттер жабылуы тиіс» - деп бұйырық берілген.    

Патша үкіметінің халық ағарту ісіндегі отаршылдық саясаты мұсылманша оқуға да өз ықпалын тигізді. Мұсылман мектептерінің саны біршама қысқарды. Халық ағарту министрлігі 1870 жылы 26-шы наурыздағы 2 «татар – магаметан және христиан – (бұратана) арналған» заң қабылдады. Заңның негізгі мақсаты - Қазақстанда орыс-қазақ, аралас мектептерін ашу, қазақ балаларын орысша оқытып шоқындыру, Қазақстан және Орта Азия территорияларындағы бұрыннан келе жатқан мұсылмандық мекептерді жою болды. Бұл ережеде анық берілді: «әрбір діни мектептерде, орыс тілін білмейтін молдалардан басқа «татар тілін» білетін орыс оқытушысы болуы керек еді және мұсылман балаларының мектептерге оқуға түсудегі басты мақсаты орыс тілінде сөйлеуді үйретуді қамтамасыз ету еді».

Патша өкіметі мектеп–медреселерге мүлде теріс көзқарас ұстанды. Олардың айтуынша: мектептерде әрбір кластарға арналған оқулықтар белгіленбеген, нақты бағдарламасы, келесі курсқа өтуге арналған белгілі бір кезеңі жоқ, сондықтан да бұл оқу орындарында ұзақ уақыт білім алған адамдар әлі де болса, қараңғы және сауатсыз болып қала береді деген. 1874 жылы барлық Қазақстан мұсылман мектептері мен медреселері Халық ағарту министрлігіне бағындырылды.

Мәселен, 1872 жылы Ақмола облысында 10 мектеп-медресе жұмыс істеген. Онда жалпы 365 оқушы оқыған, олардың 321 ер бала, ал 44 қыз балалар еді. Яғни, Петропавлда 7 мұсылман мектебі, олардың 4 ер балаларға, 3 қыз балаларға арналған, Көкшетауда 2 ер балаларға арналған және Ақмола қаласында бір ер балалар мектебі болды. Сонымен қатар патша үкіметі 1876 жылы орыстандыру саясатының тағы бір жолы ретінде мұсылман оқу орындарына орыс сыныптарын енгізу туралы шешім қабылдады. Бірақ, қандай да болмасын шектеулерге қарамастан мұсылман оқу орындары Ақмола облысында да аз да болса өз қызметтерін жалғастыра берді. Мұсылман мектептерін полицейлік бақылауға беріп, қадағалап отырды.

Қазақтар балаларын мектеп-медреселерде оқытқысы келетін ата-аналар бұған уезд бастықтарынан арнайы белгілеген куәлік түрінде рұқсат қағаз алуға міндетті болды. Патша үкіметі жаңадан мектеп-медреселерді ашуға рұқсат етпеді. Дәстүрлі мектептер мен медреселер өз қызметін орыс тілі мұғалімі бар орыс кластары болған жағдайда ғана жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берілді. Егер де куәлік алудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынып, немесе жазаға тартылатын болған. Мысалы, олар бірінші рет 10 сом көлемінде, екінші рет 30 сом айып төлеулері тиіс болатын. Ал үшінші ретте 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамалып, олардың балаларын мұсылман мектептерінде оқытуға мүлдем тыйым салынды.

Сол кезден бастап мектептер мен медреселерді басқаратын меңгерушілер инспекторларға әрбір жылда оқу орындарында оқитын оқушылардың тізімін дәлме-дәл жазып, тапсырып тұрулары қажет болды. «Молдалар мен медреселерді басқаратын адамдар инспекторға өз сабақтарының оқу құралдары мен басшылықтары айқын көрсетілген бағдарламасын табыс етуге мәжбүр етілді. Жаңа мектептер мен медреселер ашу туралы өтініштер де инспектроға берілетін болды. Ол өз кезегінде бұларды округ тәрбиешісіне табыс ететін, егер өтініш жасаған кезде: а) мектептерді немесе медреселерді құрушылар есебінен орыс класын ұстау туралы міндеттемелер; ә) ашылатын мектептерді немесе медреселерді материалдық жағынан жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге арналған құжат көрсетіліп, тілек білдірілген жағдайда ғана мұсылман оқу орнын ашуға рұқсат етілетін». Яғни, дәстүрлі мұсылман оқу орындарына көптеген қатаң талаптар қойылды. Бұл жай ғана талап болған жоқ сонымен қатар, отаршыл әкімшілік тарапынан қатаң қудаланды. Мектептер мен медреселердің жалпы саны Ақмола облысында, 1896 жылы 13-ке жеткен, онда 547 оқушы оқыған. Ал, 1898 жылы – 11 мектеп-медресе, оқушының саны 425, 1907 жылы – 15, 970 оқушы білім алған болатын.

Патша жарлықтары бойынша болыста тек қана 1 молда мен 1 мешіт болуы тиіс еді және мұсылман діни басқармасы әр жыл сайын ашылған медреселер, ондағы ұстаздар мен шәкірттер жайлы мәлімет беріп отыруы тиіс болды. Егер заңға қайшы келетін мектеп - медреселер болса оларды бірден жауып тастаған еді. Мәселен, Көкшетау уезіндегі медресе жайлы мына деректе: «Существующая ныне в Кокчетавском уезде медресе, уклонившиеся в своей практике от преподанных Министерством Народного Просвешения правил, были оставлены лишь до конца текущего учебного года, а затем был закрыт...».  

Қазақ елі ішінде ислам дінінің күшеймеуін көздеген үкімет қазақтардың арасында православиені насихаттауды қолға алды. Үкімет қазақтар арасындағы исламның даму деңгейін, таралу жолдарын зерттеп православие дінін уағыздау үшін бірқатар жағдайлар бар екендігін анықтаған. Бұл жайлы С.Асфендияров еңбегінде былай деп жазған: «Қазақ даласын әкімшілік тұрғыдан қайта құрумен қатар өлке жұртшылығын ассимиляциялау және орыстандыру бағытындағы миссионерлік отаршылдық жұмыстар жоспарлы түрде жолға қойылды. Бұлардан басқа бұл жұмыстар бағындырылған халықтармен қатар қазақтар мен жер ауып келген шаруалардың самодержавияның «тірегін» және шынайы бағынушылықты мойындатулары тиіс болды».

Мұсылмандыққа «қарсы миссия» мәселесі ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары көтерілді. Бұл істердің барысы мемлекет тарапынан бақылауға алынып, оған нақты нұсқаулар беріліп тұрды. Сібір қазақтары әскери губернаторының 1864 жылы 20 тамыздағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығына «қазақтар арасында христиан дінін тарату жайы туралы» құпия хабарламасында Сібір қырғыздарының саны, олардың мұсылман дінінде деп есептелгенмен де бұл діннің талаптарын қатаң сақтамайтындығы, әсіресе мұндай құбылыстардың солтүстік аудандарда байқалатындығы, ал Есілдің арғы жағы мен Қарқаралы аймағында мұсылман дінінің талаптары сақталатындығы туралы айтылған. Сондықтан да христиан дінін насихаттау саласындағы миссионерлердің жұмысы байыппен жүргізілуі керектігі ескертілген. Бұл іске орталықтағы патшалық үкіметі, Синод, 1869 жылы Мәскеуде құрылған миссионерлік қоғам негізгі басшы болып, жүйелі бағыт беріп отырады. Ал жергілікті жерлерде бұл жұмысқа генерал-губернаторлар, әскери губернаторлар, уез бастықтары қолдау жасап, мұрындық болды. Қазақстандағы діни академияның мұсылмандыққа қарсы бөлімін бітірушілер қазақ даласында христиан дінін насихаттауға, қазақтарды шоқындыруға миссионерлер ретінде жіберілді. Олардың басты өкілдері Н.И.Ильминский, И.П.Остроумов, А.Е. Алекторов, Ф.Д.Соколов, Е.Елисеев және тағы басқалары болды.

Бұратана халықтардың арасында миссионерлік жұмыстың басшысы қызметін атқарған Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскийдің шет жұрттықтарды христиан дініне тарту мен шоқыну жөніндегі бағдарламасы миссионерлер үшін бірден-бір қажетті құралға айналды. Оның негізгі идеясы мынадай болды: «Бұратана халыққа христиан дінін қабылдаттыру үшін және тез арада орыстандыру үшін негізгі сауат ашу ана тілінде жүргізілуі керек. Алайда жазу негізінен орыс әліпбиі атқарады. Сабақты бала алғашқы кезде сауатын ана тілінде ашады. Бұл оған оңайға түседі. Себебі бұл – тілдің алфавиті оған таныс болады». Ол халыққа білім беру ісінде өз жүйесін жасады. Оған арнап көптеген, мәселен, «Самоучитель русской грамоты для Киргизов» (Казань, 1874 г.), «Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам» (Казань, 1883 г.) және т.б. еңбектер арнаған. Ильминский өзінің жүйесінің негізі етіп бұратана халықтарының ана тілін алған болатын. Яғни, оның оқу тәртібі мынадай: оқушылар ең бірінші ана тілінде білім алып, содан кейін ғана орыс тілінде діни оқуға көшірілді. Бұл жаңалықтар 1870 жылғы 26 наурызда қабылданған «Ресей империясында мекендейтін орыс емес халықтарға (бұратана) арналған білім беру туралы шаралар» атты ережелермен заңдастырылған еді. Осылайша, патша өкіметі бұратаналар мектептерін орыстандыру саясатының бағдарламасын дайындаған болатын.

Қазақстанда соның ішінде солтүстік Қазақстанда шоқындыру саясаты қарқынды түрде жүргізіле бастады. Жергілікті қазақ халқының арасында христиан дінін уағыздаумен, оларды шоқындырумен қазақ жерінде ашылған миссиялар жұмыс атқарды. Қазақтарды христиан дініне көшіруді шіркеу қызметкерлері жүргізді. 1881 жылы Қырғыз діни миссиясы ашылды. Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Тобол епархиясы көптеген қалаларда: Көкшетау, Петропавл, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Омбыда өзінің діни миссияларын ашты. Оның бастамасымен 1883 жылдан бастап-ақ Қазақстанда 14 миссионерлік ұйым пайда болып олардың жанынан қазақ балаларына арналған 17 миссионерлік мектеп ашылған. Христиан дінін уағыздауда елеулі жетістіктерге жету үшін миссионерлік стандардың жанынан училиелер, жетімханалар, госпитальдер салыну қажет деп саналды, бұл қазақтарды орыстардың христиан дініне бет бұрғандарға қаншалықты қайырымды екендігіне және төзімділігіне сендіруі тиіс еді.

ХIХ ғасырдың басынан бастап отаршылдар қазақтардың жерін тартып алды, сондықтан да бұқара халықтың шаруашылығы күйзелді. Патша өкіметі қазақтардан алым-салықтың түрлерін көптеп алды, сонымен қатар, өзіміздің бай-шонжарларымыздың озбырлығы халықтың   жағдайын нашарлатып жіберді. Міне, осы жағдайды пайдаланған патша өкіметі шоқынған қазақтарға көптеген көмектер беріледі деп елдің ішінде іріткі салды. Соған сенген кейбір қазақтар шоқына бастады. Бұл жайлы Қ.Кеменгерұлы өз зерттеуінде кейбір қазақтардың христиан дінін қабылдаған фактілерін көрсете келе, бірақ ондайлардың аз болғандығы, тек өте кедейленген, әлсіз топтардан ғана шыққандығы туралы былай жазады: «Дүниеге қызығып орыс қалаларындағы қазақ жұмыскерлерден, ашаршылық жылдарда өлім халіне жеткендерден, рудан пана таба алмай қалаға тығылған ғашық жарлардан бірен-саран шоқынғандар болды. Бұлардың ішінен де көбі біраз жыл тұрып, сахараны сағынып, қайтадан қазаққа шығып кетті».


Миссионерлер шоқындыруды ойдағыдай жүргізудің тиімді бір жолы, қазақтарды орыс шаруаларымен араластырып орналастыру мен казак сословиесіне енгізу деп қарады. Мысалы, «1896 жылы Ақмола облысында 99399 жаңа қоныстанушылар тұратын 132 село болды, ал 1900 жылы селолардың саны 200-ге, көшіп келушілердің саны 16009-ға    жетті». Қазақтарды шоқындырудан бұрын патша өкіметі қазақ халқынан басқа (татар, шуас, мордва, башқұрт, саха, ноғай тағы басқа) халықтарды шоқындыруда көптеген тәжірибе жинақтаған еді. Әрине, бұл халықтарды шоқындыруда күштеу, алдап-арбау жолдарын ұстанды. Халық арасында бұған қарсылықтар да көрсетіп жатты.

Бірақ, кейбір шоқынған қазақтар миссионерлердің алдауына, қулығына көніп қалып, соңынан үлкен қателік жасағандығын түсініп, мұсылман дініне қайта оралғысы келетінін айтып, өтініш жасаушылар да көп болған. Мысалы, Василий Ложников (Б.Бийсимбинов) уезд бастығына қайтадан мұсылман дініне   өтуін   сұрап,   өтініш   жазған.   Ол   өзінің   өтінішінде   ауыр   халде болғандықтан, жеңілтектік жасап, христиан дініне өткендігін айтады. Бірақ православие дінінің рәсімдерін ешбір орындамағанын, жан дүниелері мұсылман болып қала бергендігін баяндайды. Тағы бір мысал, шоқынған қазақ Михаил Алексеевич Васильченко (мұсылман болғанда, Молдабай Зұрғыбаев) Семей уезінің бастығына өтініш білдірген. Бұл өтініште 16 жыл бұрын праваславие дініне не үшін кіргендігі туралы айтылады: «Шоқынған жағдайда маған шаруашылық жағдайына ақша береміз деп айтқан болатын, бірақ шоқынғаннан кейін ешқандай ақша берілмеді». Яғни, ақша береміз деген уәделерін орындамағаннан кейін, қайтадан мұсылман дініне өтуіне рұқсат сұраған өтініші болатын. Керсінше, орыстардың арасынан мұсылман дініне көшкісі келгендер де аз болмады. Бұған, әрине, патша үкіметі қарсылық көрсетіп, кедергі жасады. Мұндайды қылмыс, күнә деп есептеп, ондай орыстарды кудалап, қысым жасады. Мысалы: «Павлодар уезінде тұратын орыс қызы Аграфена Боротухина Ниязов деген жігітке қосылған және одан екі баласы бар. Сондықтан ол өзі мұсылман дініне көшкісі келетіндігі туралы айтып, 1911 жылы желтоқсанда ояз бастығына, облыстық әскери губернаторға, ішкі істер министрлігіне, сенатқа дейін арыз жазады. Бірақ та бұл іс аяқ асты қалып, оны кінәлі деп қылмыс ретінде бағаланады. 1912 жылдың қаңтарында ояз бастығы бұл әйелдің екі баласын тартып алып, шоқындырады. Сонан соң оларды Вернорецкий деген қайырымдылық қоғамына тапсырады».

Іс жүзінде бұл жүргізіліп жатқан шаралар қазақ халқының орыстандыру, әсіресе, христиан дініне шоқындыру әрекеттері болатын. Ол үшін білім беру, ағарту ісіне қатаң бақылау орнатты. Бұл жайлы М.Мырзахметов былай деп жазады: «Ресей    империясының    Ағарту министрлігі мен миссионерлердің шет аймақтағы бұратана халықтар арасында ашылатын, бірақ негізінен миссионерлік мүддені көздеген аралас мектептерге ерекше мән берілді».

Патша өкіметінің бұратана халықтары үшін ашылған аралас мектептерде қазақ халқын сауаттандыру, ғылым, білімге үйрету емес, керсінше, отарлаушыларға күнделікті саяси-әлеуметтік мұң-мұқтаждарына жұмыс істейтін төменгі дәрежелі кызметкерлер даярлау мақсатын ұстанды. Орыс-қазақ мектептер, мұғалімдер семинариясы, тағы басқаларында шамаға қарай миссионерлік ағартушылық мақсатта ұстап отырды. Осы кезеңде отарлық езгіге қарсы қарулы көтеріліс жүріп жатса, екіншісінде ұлт - азаттық күрестің ондай түрі аяқталып, енді екінші кезеңі басталды. Бұл кезең жәдиттік қозғалыстың дүниеге келуімен сипатталады.

 

                                               II

 

«Жәдид» деген араб тілінен аударғанда, «жаңа әдіс» деген ұғымды білдіреді. Жалпы жәдидшілдік қозғалыс XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс. Жәдидшіліктің негізін салушы Исмаил бей Гаспралы (1851-1917), қазіргі Украина кұрамындағы Қырым автономиялық республикасының Ялта ауданының Гаспра кентінде кедейленген ақсүйек отбасында дүниеге келген. Бақшасарай қаласындағы мұсылмандық мектепте білім алып, 1865-1866 жылдары Мәскеудегі кадет корпусында оқиды. 1867-70 жылдары Қырымдағы «Занджерли» медресесінде ұстаздық етті. 1871-75 жылдары саяхат жасап, Исмаил бей Еуропада, Египетте, Түркияда, Үндістанда, Түркістанда болды. Ол 26 жасында шетелдегі сапарынан Ресейге қайта оралып, ұлт қозғалысына ірге тас қалайды. Ұлттық езгіден шығудың бір жолы - ұлтшылдық деп шешкен И.Гаспралы алдымен мектепті түзеп, ұлтшылдық тәрбиесін мектептен бастау керектігіне баса назар аударады. Түркі тілдес мұсылман халықтарының мәдени бірігуінде ол алдымен араб әліпбиін түркі халықтарының тіліне лайықтап, дыбыстың естілу ерекшеліктеріне сәйкес бір ізге түсірілген жазу «усул-жәдидке» көшуді ұсынады. Осы мақсатын орындау жолында, И.Гаспралы өзінің газетін шығарып, беделі елге танылды. Бұл туралы С.Шілдебай былай деп жазады: «Тілде, істе және көңілде бірлік» ұранын көтерген «Тәржіман» («Аудармашы») газетін 1883-1914 жылдар аралығында өзінің туған қаласы Бақшасарайда 32 жыл бойы шығарады. Газет түркі тектес халықтардың арасында кең таралып, дәл «Тәржіман» газетіндей беделге ие болған басылым жоқ. Рухани бостандық пен ұлт азаттық рухты, адамзатқа ортақ иелікті насихаттағаны үшін Исмаил бей 1910 жылы, Нобель сыйлығына ұсынылды. Бірақ та «массондар ложасы» мен римдік миссионерлердің, шовенистердің кедергісінің нәтижесінде, сыйлық берілмеді. Ағартушылық сипатта жүргізілген жәдидтік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алып, оны жаңғыртуды көздеді. Жәдидшілдік патша үкіметіне қарсы бағытталды. Түркі халықтарының ерікті әрі өркениетті болуын қалады. Мұсылмандық хадими (ескіше) мектептердегі ғасырлар бойы сақталып келген оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін қайта құруды ұсынып, ілгершіл бағыт ұстанды. «Жаңа әдістегі» мектеп медреселердің дамуына татарлар ұлттық буржуазиясы ықпал жасады. Олар мешіт-шіркулерге қызметкерлер дайындауға емес, керсінше, капиталистік қатынастардың енді-енді дамып келе жатқан шағын өнеркәсіп және сауда жұмысшыларының пайда болуына, дамуына қызығулық білдірді. Мәселен, татар көпестерінің бірі Ахмед-бей Хусаин осындай мақсатпен өз қаржысына Орынборда «жаңа әдістегі медресе» салғызды. Кейін бұл медресе «Медресе-и-Хусайния» деп аталды. Медресенің негізгі мақсаты «жаңа әдістегі» мектеп-медреселерге мұғалімдер дайындау. Жыл сайын «Медресе-и-Хусайния» он шақты мұғалімдер шығарып отырады. «Жаңа әдістегі» мектептердің пайда болуымен, әрине, хадими (ескіше) мектептер бірден жабылған жоқ, олар «жаңа әдістегі» мектептермен қатар жұмыс істеді.

Жәдидтердің ағартушылық қызметі реформаторлық сипатта болып, ол негізінен қоғамдық өмірде орын алған феодалдық тәртіпке және патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Жәдиттер қадеми мұсылмандық оқу орындарын, батыс педагогикасының ғылыми әдістемелік жетістіктері негізінде қайта құруды, жас ұрпақтарға заман талабына сай дүниауи ғылымдарының негізін оқыту, үздіксіз дамып отырған ғылыми-техникалық жаңалықтың, сауда-саттықтың, экономиканың негізін меңгеруге баулу заман талабынан туып отырған басты міндет, маңызды мәселе деп түсінді .

Қазақ даласында Исмаил бейдің жаңашылдық бастамасын жүзеге асырған «Азия тынысын, түркі әлемін терең білетін» Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ол өзі жасаған «Төте жазу әліппесі» арқылы жәдидтік идеяларды насихаттаған «Қазақ газетін» дүниеге әкелді. И.Гаспралы мен А.Байтұрсынұлы    бастамасына   Ә.Бөкейхан,   М.Шоқай,    М.Дулат,    Ғ.Қараш, М.Сералин, М.Жұмабай, Ж.Әбубәкір, М.Кәшімов сияқты қазақ зиялылары қолдау көрсетті.

Ресей империясының қысымына қарамастан ХХ ғ. басында қазақ балаларының мұсылманша білім алуы жалғаса береген. Мысалы, Қазан қаласындағы «Мухамедия», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайния» медреселерінде білім алған. Мысалы, Уфадағы аталмыш медреседе 1907-1917 жылдар аралығында білім алған 950 шәкірттің 154 қазақ балалары болған. Олардың арасында мүфтилікке емтихан тапсырған 59 баланың 51 мүдәріс болып шықса, 8 имам хатиб мұғалімі болып шыққан.

Қорыта айтсақ,   XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының діни сана-сезімінде кең түрде таратылған мұсылман діні мен христиан діні идеялогиясы қамтылған кезең болатын. Сонымен бірге Ресей патша отаршылдары қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығын иеленіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады: орыстандыру, шоқындыру, қазақ тілінен, дінінен айыру шаралары жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, қазақ халқы ата-баба дінінен, тілінен, әдет-ғұрыпынан, салтынан, дәстүрінен айырылу процесі басталған еді.

Сонымен, қарастырып отырған кезеңдегі Қазақстанның рухани мәдениетінің өзіндік бір ерекшелігі - ол ислам дінінің дамуы. Сондықтан да, бұл ерекше даму патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы шаралардың тағы бір түрі болатын.

Ал, XX ғасыр басындағы мұсылмандық қозғалыс патша үкіметі күтпеген ұлттық езгідегі мұсылман халықтарының тағы бір көрінісі еді. Ол қазақ елінің ұлт-азаттық жолындағы күресінде өзіндік із қалдырды. Мұсылмандық қозғалысқа ат салысқан зиялы қауым қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға, тәуелсіздік пен еркіндік іздеген елдің мұратына жету жолында күрескен болатын. Алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері халықты дамытудың азаматтық жолын жақтай отырып, сонымен бірге мұсылман дінінен бас тартқан жоқ, ол оны жаңғырту үшін күрес жүргізді. Сондықтан, отарлық езгінің, рухани қысымның тұсауында болу қазақ елін өз мәдениетін, әдет-ғұрпын, діні, тілін сақтап қалу үшін мұсылмандық қозғалысқа, күреске шығуға мәжбүр етті. Әрине, сол кезде отарлаушы өкімет орындарына ашық түрде күрес жүргізу мүмкін болмаса да, оның басқа да жолдарына көңіл бөліне бастаған болатын. Патша өкіметі ислам дінінің ықпалына қарсы әдістерінің бірі орыс тілін тарату мен орысша сауаттандыру болуы керек деп шешті. Сондықтан, патша өкіметі өз мақсатына жетудің негізгі құралы етіп біріншіден, аралас мектептер ашуды таңдап алды. Өйткені, сол кездегі қазақ халқының идеологиясы мен мәдениетіне сол оқу орындары арқылы ықпал етуге болатын еді.

 

                                                                                         (жалғасы бар...)