Голощекиннің портреті
25.06.2020 2800
1932 жылы қазан айының соңында Ғабит Мүсірепов Торғай даласын аралап жүріп, иесіз қалған бір ауылға кездеседі. Сонда шеткері тұрған алты қанат ақ үйден қол-аяғы ырғайдай боп арыған, бет-ауызын қан жапқап, күс-күс шашы қанмен илектеніп қатып қалған адам тектес мақұлықты көріп қатты сасады. Ал бұл өзінің ата-анасы мен сол ауылда аштан өлгендердің етін жеп тірі қалған 7-8 жасар қыз бала болатын.

Валерий Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» кітабы осындай ауыр естеліктерден басталады. Кітапта бұндай қасіретті естеліктер молынан кездеседі. Қолдан жасалған зұлмат себебінен қаншама миллион халық қырылып, қаншамасы осылай зомбиға айналды. Аяушылық пен ар-ұят ұмыт қалды. Аштыққа ұшыраған адамның жалғыз-ақ мақсаты болды, ол – қарын тойғызу. Сол үшін әлдісі әлсізін, тірісі өлісін жеді. Осының өзі тұтас ұлт психологиясында қандай із қалдырғанын ойлап көріңіз. Бұл біздің әлі күнге дейін көріп отырған қиянатымыздың ең түпкі себебі.

Автор Қазақстандағы ашаршылық туралы ең алғаш қалам тербеген жазушылардың бірі. Аштықтың ауыр қасіретін жан-дүниесімен сезініп, тұла-бойымен түйсіне білген оның бұл кітабында ашаршылық қасіретін дәл басатын жан төзгісіз естеліктермен қатар ашаршылық себептері, оның алдындағы және сол тұстағы саяси, әлеуметтік жағдайлар мейілінше дәлелді суреттеліп, сол кезеңнің толық портретін береді. Тұтас Ресейде және оның отарларында болған азаматтық соғыс пен кеңестерді орнату процесі онсыз да тозып отырған елді одан арман тұралатып, 1921-1922 жылдары көптеген жерлерде ашаршылық орнап, 3 миллионға жуық халық зардап шеккен болатын. 1925 жылы қыргүйекте Голощекин келген тұста елдегі экономикалық жағдай туралы кітапта мынадай мәлімет бар. Астық мөлшері 92 миллион путқа, мал саны 26 миллионға жетіп, тауар айналымы мен копироратив жұмыстары недәуір дамып, елдің жағдайы оңалып қалған еді дейді. Ал осының бәрі тек революция, тек қызыл қан ішінде жүрген Голощекинге, әлде тіпті Сталинның өзіне ұнамаған болса керек. Голощекин орнатқан «Кіші қазан» тек Голощекиннің ғана авторлығымен дүниеге келген саясат емес екені бұл күнде айтылып жүр. Бұл атылар алдында Сталинге жазған хатындағы: «Мен партияда кездейсоқ адам болмағандықтан, менің ісім тек жеке сипаттағы іс болмағандықтан, И.В. Сталиннің Секретариатынан менің өтінішімді Сталиннің жеке өзіне жеткізуді сұраймын» деген сөзінен де білуге болады. Біз ұсынып отырған кітап алғаш 1992 жылы шыққандықтан осы мәселені баса дәлелдеуге күш салғаны көрініп тұр. Автор бұл еңбекте Голощекиннің өткен тарихына тоқталып, оның психологиялық портретін анықтауға тырысады.

Осы жерде бізге айрықша көзге түскені «күн көсем» Лениннің адам таңдауы. Оның маңына топтасқан большевиктер туралы автор келтірген мәліметтерден-ақ, бұлардың жаңашыл, мемлекетшіл саясаткер емес, тіпті саясатпен де қатысы шамалы қанышер жендеттер екені көрінеді. Пролетариаттың болашақ көсемдерінің бірі болған Яков Михайлович Свердлов Екатеринбург түрмесінде отырған кезде, өзінің социал-демократ достарымен бірге атжалманды жіпке іліп қойып немесе оны дәрет шелегіне батырып азаптауды ермек қылған деседі. Әрине кейін бұл құмарлық өсіп адамдарды азаптаудың ләззаты одан әлде-қайда басым екенін сезінгені анық. Сол топтағылардың бірі большевик Г.Мясников пермьдік архиепископ Андроникті ұзақ қинап, содан соң оны тірідей көміп өлтіреді, ал осы «ерлігі» үшін Дзержинскиймен әңгімелесу құрметіне ие болады. 1919 жылдан Екатеринбургте төтенше комиссариаттың бастығы болған Юровский деген большевик туралы Диссидент тарихшы, публицист Сергей Мельгунов: «барып тұрған ісі біткен қылмыскер» дейді, Николай II-нің балаларына ағылшын тілінен сабақ берген архимандрид Чарльз Сидней Гиббс: «салқынқанды жендет» деп баға берген. Осы адам туралы Ленин: «үміт күтерлік коммунист» деген екен.


Осы ретпен автор Голощекиннің тікелей Лениннің тапсырмасымен Николай II мен оның отбасын тұтас қырып, қалай ізін жасырғанын, тіпті олардың басын кесіп алып, спиртке шылап, жеке өзі бақылауымен үлкен ағаш сандықпен Мәскеуге жеткізгенін де тәптештеп көрсетеді. Орталықтың тапсырған міндетін айнытпай орындайтын қанышер баскесердің Қазақстанға басшылыққа жіберілуінің өзі жақсылық нышаны емес екені анық-тын. Бұдан арғы процестер, алашорда қалдықтарын қуғындау, байларды кәмпескелеу – бәрі де жалпы жұртқа бұл күнде белгілі. Біздің назарды айрықша аударғаны автордың Голощекиннің лепіре сөйлеген сөздері арқылы оның психологиялық портретін ашатын тұсы еді. Ол қазақ халқы туралы сөзінде «біз оның қайнар көзіне, энергия қайнар көзіне әлі жақын келген жоқпыз» деп келіп, «осы қайнар көздерден сусындауды, ішуді бастау керек» дейді. Мінбердегі шешен лепіре сөйлеп тұрып, «революция ісін» өзінше осылай образды суреттеген секілді. Әр суреткер өзіне етене таныс нәрсені, құмар дүниесін осылай образға мысал ететін шығар, алайда Голощекиннің ойлап тұрғаны не нәрсе болды екен? «Халықтық қайнар көздерден» дейді, халық дегеніміз адам ғой, ал адамның қайнар көзі, энергия көзі – әрине, қан! Сонда Голощекиннің қан аңсап отырғаны емей не, дейді автор.

Осы тұста автордың 1927 жылғы газет тігіндісіндегі Голощекин портреті туралы жазбасын толық берейік: «...Голощекин бір қырындап күнге қарсы қарап отыр: бұйра шашы мен сақалының ақ талшықтары жылтырап көрінеді, өңменіңнен өткен көзқарасында қаталдық бар, астыңғы ерні жымқырылған, ұзын мұрыны салбыраңқы, бірақ етті емес, шеміршекті, мығым, және екі танауы жыртқыштыкіне ұқсап делдиген» бұл суретті Голощекин мақсатты түрде сол тұстағы газет беттеріне жиі басқызып отырған болса керек. Сондағы мақсат не? Мүмкін қорқыныш себу?.. «Сөйтіп, міне, тігіндінің, бәлкім, тіпті әлі тігіліп үлгермеген газетті оқырмандардың бірі «өлкелік комитеттің жауапты хатшысы жолдас Голощекиннің» қырынан түскен фотобейнесін үстінен шимайлай сызғылап, жалбыраған мефистофельдік шоқша сақалының төменгі жағына қиғаштай, баспа әрпімен «УБИЦА» деп жазып қойған».

Міне, бұл Голощекиннің портреті. Және сонымен бір сапта болған барлық большевиктердің портреті. Бұл портрет жол бойында шұбырып аштан өлген, бірін бірі жеген, өткенін ұмытқан, естісі, зиялысы атылған тұтас бір халықтың қасіретінен құрастырылған портрет. Кітап авторы Валерий Михайлов бір неше жыл бұрын берген сұхбатында: «Бүгінгі қоғам ашаршылықтың қасіреті мен зардабын әлі толық түсінген жоқ» депті. Расы солай, «қырық күн тойып ас ішпеген адамнан қырық жыл ақыл сұрама» дейтін сөз бекер айтылмаған болар. Біздің бүгінгі күнге дейін жоғалтқан асыл мінездеріміз де, салт-санамыз да тоқтықтан айырылған күні жоғалған болуы бек мүмкін. Ал осы қасіретті толық түсінуге септесер кітаптың бірі, осы «Ғаламат жұт шежіресі» екенін айтқымыз келеді.

 

Есбол НҰРАХМЕТ