Әйгілі үш төбе – еңселі елдіктің белгісі
20.08.2015 2885
Қазақ даласында ертеден «Дала Парламенті» құрылып, заң шығарушы орган ретінде қызмет атқарды. Оған дәлел қазақтың үш төбесі. Күнде жиын тарқамаған, келелі кеңес өткен – Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе.

Бұлар – көшпелі қазақ қоғамының тұтастығына ант беріп, ауыз біріктірген, мемлекеттің күрделі мәселесіне шешім тауып, береке-бірлікке үндеу жариялаған, қазақ тарихындағы ұлы жиындар өткен мекендер. Қазақта хандар жиылып, билер кеңес өткізген, қарапайым жұрт жиылған орындар жетерлік. Кешегі ұлы хандар жерленген – Ұлытау. Орда тіккен – Кішітау. Хан жайлаған – Қаратау, Хантау. Жәнібек пен Керей хандық құрып, жиын өткізген – Қозыбасы, Шыңғысханның Мыңбұлағы. Салиқалы кеңес құрған, жиын өткізген Мәртөбе, Күлтөбе, Ордабасы. Бәрі де – өз тұсында күллі ел тағдырын шешетін билік орындарына айналған. Бүгінде қазақ тарихымен біте қайнасқан, топонимикалық жер-су аттары. Халық жадында қалған қасиетті жерлерге айналды. Әсіресе үш төбенің орны ерекше. 

Ертеден хандар жиналыс өткізіп, билер жиналып бас қосатын орында дала демократиясының құжаты реттеліп, заңдық кодекстер шешімін тапқан. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдық, Қазақстан Конституциясының 20 жылдық мерейтойларында әйгілі үш төбенің маңызын да ұмытпағанымыз абзал. 

Осыдан бес жыл бұрын Ата заңымыздың 15 жылдық мерейтойында Елбасымыз қазақтың жиналыс өтіп, дала парламентін жасаған үш төбесін де тілге тиек етіп, еңселі елдіктің іргесін бекіткен жерлерді ұмытпауды айтқан болатын: «Конституция – біздің арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары! Ол – елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары! Қастерлі тарихымызда түрлі ел билеу жосықтары болған. Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», – деді Елбасы Н. Назарбаев. Ендеше аталы келісімге келіп, әділ шешім орнатқан, келелі кеңес өткен мәслихат төбелерінің тарихына қысқаша тоқталсақ. 

Мәртөбе – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы ауылдың аты. Осы ауылдың іргесіндегі жота кезінде қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселеге шешім тапқан мекен болды. XVIII ғасырдың II жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған. 

 

Мәртөбе көктемгі кезде бүкіл төңірек кілемдей құлпырып тұратын жазықтау жерге орналасқан. Бір қарағанда, қолдан жасалған ұзын төбе шығыстан батысқа қарай үйілген сияқты. Бірақ анықтап қарасаңыз олай емес, сәл оңтүстіктен батысқа, құбылаға қарай бұрылған. Мәртөбе кездесуі тек көшіп-қону мәселесімен ғана айналысты десек жаңсақтық болар еді. Өйткені мұнда ең басты мәселе қазақ халқының сыртқы жағдайы, көрші елдердің шапқыншылығынан қорғану, олармен бейбіт қатынас орнату басты мәселе болды. Өйткені қазақ халқының бүкіл тағдыры осыған байланысты еді. Бұл кездесулерде сондай-ақ үш жүз, тайпа, рулар арасындағы орын алған даулар да шешілді. Ішкі жағдайды жақсарту, дау-дамайларға жол бермеу күш біріктіру жайы айтылды. 

«Күлтөбенің басындағы жиын XVII-XVIII ғасырларда өткен. «Күнде жиын өткен Күлтөбе – Ангрен өзенінің сол жағалауындағы Ташкент қаласынан қырық шақырым жерде орналасқан», – дейді алаш қайраткері М. Тынышпаев өз зерттеулерінде. Күлтөбенің гүлденген дәуірі қазақ ханы Әз Тәукенің тұсы. Қазіргі Қарақорым жеріндегі Күлтөбе – сол уақытта елдіктің ерең қызметін атқарып, «Жеті Жарғы» заңнамалық құжаттың жасалуына түркі болған қасиетті төбе. 

 

Сондай-ақ Күлтөбе жиынында жоңғарлардан болатын қауіптің алдын алу шаралары, орыс патшасымен қарым-қатынас жасау мәселелер көтерілді. Бірақ орыспен жағдайды жақсарту, байланыс жасауға олар мұны кіріптарлық күйде ұсынбай, іргелі ел, терезесі тең мемлекет дәрежесінде қабылдап, бейбітшілік пен татулықты қалайтын, қиын кезде бір-біріне жәрдем беретін достас мемлекет ретінде қарсы алу керектігі айтылды. Күлтөбеде жасалған «Жеті Жарғы» кең байтақ қазақ даласында көшіп жүрген руларды ынтымаққа шақырды. Күлтөбедегі кездесулер ел бірлігін қамтамасыз етудің әбден жүйеленген кезеңінде шешімін тапты. 

Ордабасы төбесі де Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Қазақ хандығы дәуiрiнде аса маңызды мемлекеттiк мәселелер халық өкiлдерiнiң жиындарында шешiлiп отырған. Олардың бiзге жеткен ең жарқын үлгiлерiнiң бiрi – 1726 жылғы Ордабасы биiгiндегi қазақтың үш жүзiнiң өкiлдерiнiң бас қосуы. Бұл аса жоғары дәрежедегi өкiлдi жиын болған-тын. Ордабасы атауының бүгінгі қазақ сөздігінде жиі ұшырасуы содан. 

 

Оңтүстік Қазақстанда Ордабасы атауымен көптеген жер-су аттары кездеседі. Ордабасы жиында қазақтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бiрлiктiң асқан үлгiсiн көрсетiп, бас сардарын сайлап алып, жоңғар басқыншыларынан жерiмiздi азат етудiң негiзiн қалады. Ордабасы жиыны бұған дейiн де бас қосып келген «Дала Парламентiнiң» ерекше бiр көрiнiсi ғана.