Смағұл (Қырыққанбас) Жарқынбайұлы батыр
20.08.2015 2268
Түйенің тобығын жұтып, нар тәуекелге барған, дүйім бір ауылды асырап баққан, тағдыры қиын адамдар әр заманда да болған. Мұндай батырлар туралы оларды өз заманынын кеш, яки ерте туған деп те жатамыз

Сондай адамдардың бірі де бірегейі – Смағұл (Қырыққанбас) батыр. Халық арасында ол туралы пікір күні бүгінге дейін әрқилы. Яғни, біреулер оны көзсіз батыр, әділеттіліктің жаршысы, кедей-кепшіктің қамқоршысы деп дәріптесе, екінші біреулер Назарды зорлықшыл, қиянатшыл, басбұзар тентек ретінде таниды. Қалай десек те, оның артында аңызға айналған ісі мен сөзі қалған адам. 

Смағұл (Қырыққанбас) Жарқынбайұлы ХІХ ғасырдың бас ширегінде өмір сүрген, зор денелі, өткір көзді, ержүрек, баһадүр, алып балуан болған деседі. Ол туралы көптеген батырлық аңыз-әфсаналар жетерлік. Бүгінде Назар батырдың есімі Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтарына жақсы таныс. 

Батырды өз заманында Қырыққанбас деп атапты. Олай аталу себебі: «Шашына ешқандай шаш алатын ұстара өтпеген, мал қырқатын қырықтықпен қияды екен», – дейді батырдың төртінші ұрпағы Райхан Мұхаммед. Ақсақалдың айтуынша: «Үлкен атам Назар әрқашан кедей-кепшікке моңғолдың да, қазақтың да байларының мал-мүлкін тартып алып беріп отырған. Біздіңше айтар болсақ, шетел әдебиетіндегі кездесетін қайырымды Робин Гудтың қазақы бейнесі. Сол уақыттағы қазақтың «Робин Гуды» болған». 

Ақсақалдың айтуынша, Смағұл батырдың дүбірінен сол уақыттағы бай-манаптар қорқатын күйге жеткен. Жалшылықта жүрген кедей-кепшіктің байлар бермеген ақысын алып беріп, тура жолды таңдаған, әділдігін іздеген. Бүгінгі заманның сот орындаушыларының міндетін атқарған. 

Енді біз өз тарапымыздан Смағұл батыр хақында сөз қозғауға талпынғанымызда, батырдың  ұрпағы Райхан Мұхаммедпен және кейбір деректі хикаяттарды пайдалануға тырысқанымызды жасырмаймыз. Ендеше Смағұл батыр туралы тарихи деректерді баяндасақ. 

 

Смағұл (Қырыққанбас) батыр жайлы алғашқы әңгімені елге әкелген саясаттанушы, қоғам қайраткері Ерлан Қарин батыр өмір сүрген өлкеде 

Саясаттанушы, қоғам қайраткері Ерлан Қарин мырза көмекшілері ақын Әнуар Бимағанбет пен Еркін Сайлауұлымен осыдан 7-8 жыл бұрын Моңғолияға сапар шегеді. Сапар барысында Баян-Өлгейге келген қонақтар Смағұл батыр туралы дерекпен қанық болады. Қырыққанбас туралы деректі халықаралық дәрежедегі альпинист, этнограф Жанарбек Ақыби әңгімелеп береді. Кейін оны жолжазба мақаласында батырдың ерлігін сипаттап көрсетеді. 

«Қырыққанбас батыр кедей-кепшікке моңғолдың байларының мал-мүлкін тартып алып беріп отырыпты. Бір күні тонау көрген байлар бірігіп ақылдаса келе былай шешіпті. «Пәлен деген байдың ауылы ас береді деп жариялайық, Смағұл сонда оның малын тартып алам деп барар, сол кезде бірігіп қолға түсірелік», – депті. Айтқандай, бай ауылына Смағұл келіп тиеді. Ойластырғандай байлардың қарулы адамдары ұстап алып, алдырмаған соң мойнына қыл арқан салып атпен сүйретіпті. Талай жерге сүйретіп әбден өлтірдік деп әкеліп тастайды. Қасқыр ішігі дал-дал, денесінің көретін жері жоқ. Жүрексінген байлардың біреуі найза тығып көрелік депті. Біреуі өлген Смағұлға найза салу намыссыздық деп бой бермепті. Содан бірі табанын тіліп көрейік депті. Тілсе батырдан еш дыбыс шықпайды. Ақыры өлді-ау деп бәрі солай тастап кетіп қалады. 

Қырыққанбас мойнына тұзақ түскенде бір саусағын тамағына салып үлгерген екен, содан әлгі азаптың бәріне төзіп жатыпты. Сол маңдағы Баянтауға барып, әбден жарақатын жазып, өз-өзіне келгенше, ешкімнің көзіне түспей жүріпті. Ақыры бір күні батыр елдің көзіне көріне бастайды. Жарлы-жақыбай Смағұлды әкесі келгендей қуана қарсы алады. Бұл хабар баяғы байға жетіпті. Ол сасқаннан малын адам аяғы бара алмас бір аралға айдап салып, арқайың жүре беріпті. Байдың мұнысын естіген Смағұл бір түнде сал жасап, ағысты өзенді кесіп өтіп, аралда жатқан жылқылардың құлындарын түгел сойып, терісінен құлынжарғақ тігіп алыпты. Жұрттан хабар естіген бай менің малыма жету Смағұлға қайда деп бой бермепті. Сөйтсе бұл байдың құлыны басқадан бөлек кілең аласы бар құлындар екен. Смағұлдың үстіндегі құлынжарғақты көзімен көрген бай сол жерден ашу-ызадан қалтасынан пышағын алып, өзінің бетін өзі тілгілеп тастапты...», – деп ақын Әнуар Бимағанбет «Маңғыстаудан Моңғолияға немесе Мұңалдан Мұңғылға дейін» атты жолжазбасында баяндайды. 

Смағұл батырдың көзсіз ерлігі туралы Қытай қазақтарының «Сен қазақ» сайты да мақала әзірлеген. «Смағұл Жарқынбай ұлы 19 ғасырдың бас шенінде жасаған, қапсағай денелі, өткір көзді, ержүрек, ерекше тозымды, қамшыгер, балуан болған деседі. Өзгелерден ерекшелгі шашы ерекше қайратты қалың болғандықтан, ұстара өтпегендіктен, қырыққышпен шашын алады екен, сонымен қатар желкесіне шыққан ұзын жалы бар болып ашуланғанда, денесіне күш алғанда жалы тік тұрып тұла бойын күш кернейді екен», – деп жазылыпты. 

 

Батыр ауылының ұрпағы Жеңісхан Дүзелбай – Баян-Өлгий аймағын өз қолымен орнатқан мемлекет және қоғам қайраткері

Батырдың көзсіз ерлігі турасында «Смағұл батыр» атты деректі хикаятта: «Көзі қарақты ақсақалдардың айтуынша батыр сыртқа аң аулап кеткен кезінде ауылын мұңғұл жаушылар жағынан шабылып, тұрмыстық жақтан қиншылыққа жолығады, дәл осындай қысылтаяңда Смағұл батыр жалғыз өзі жортуылға шығып қырық отбасыны жалғыз өзі баққан екен. Жортуыл барысында көзі ерекше өткір болып сонау алыстан жаушылар ауылында не болып жатқанын, мал-түлігін неше адам қарап жүргенін біліп отырады екен. Қаңтар айының бір күні жер шалуға шыққан батыр өз ауылымен қанаттас отырған Сансызбай байдың ауылының тұсынан өтеді, ауыл шетінде жүрген қалың түйелер табынына жолығады, ішінде жараған бура жолшыбай өткен жолаушыларға жүгіріп өткізбейді екен». 

Ақыры тісін қарш-қарш еткізіп, ұмтылған түйені қамшысымен салып қалады. Бура орнында бүк түсе құлап қалған. Кездігін алып, батыр бураны сойып, етін ауылына әкеліп берген. Ертесі өлген бурасының терісін көрген бай үнемі жортуылға шығып жүрген Смағұл батырдан күдіктенеді, жазғытұрым ауыл-ауыл көшкенде аңдып жүрген бай батырдың жұртынан түйенің тобығын тауып алып, батырға барып төлем талап етеді, істің насырға шапқанын сезген батыр «бері әкелші, мен көрейін» деп тобықты қолына алған бетінде аузына салып жұта салады, аңырып қайтерін білмей қалған бай дереу бидің үйіне барып болған істің мән-жайын айтады. Бай сөзіне қарқылдай күлген би: «Мен өмірімде адамның түйенің тобығын жұтыпты дегенін естімеппін, ең әуелі сен қойдың тобығын жұт, жұтып кетсең түйеңнің құнын төлетіп берейін, егер жұта алмасаң маған төлем төлейсің», – депті. Аузы буылған бай амалсыз үйіне қайтқан екен» деген деректі Тілек Кенжетайұлы жазыпты. 

 

Көкпардан 15 дүркін чемпион, Моңғолия қазақтарының көкпар командасының капитаны Бақытбек Назар

Қырыққанбас батырдың ұрпағы Смағұл батыр туралы деректер жинай берсек, әлі де көп кездесетіні анық. Дей тұрғанмен батырдың ұрпағы әлі күнге дейін Баян-Өлгейдің «Қызылқайың» сұмын мекендеп келеді екен. 

Ендеше батырдың ұрпақтары туралы баяндасақ. Баян-Өлгий аймағын алғаш орнатқан, алғашқы қайраткерлердің бірі ретінде есімі елге белгілі Жеңісхан Дүзелбайұлы – осы Смағұл (Қырыққанбас) әулетінің ұрпағы. Жеңісхан ақсақал – Хобда аймағына келген Моңғолия елінің басшысы, маршал Чойбалсонды ертіп, Баян-Өлгий аймағындағы халықпен жүздестіріп, келер жылында Баян-Өлгий аймағын өз қолымен құрған алғашқы қайраткердің бірі. Шығыс Түркістандағы азат етуге, Оспан батырға көмекке Баян-Өлгийден ерікті жасақ құруды Чойбалсынның арнайы тапсырмасымен өзі тікелей ұймдастырып, 1500 әскер жіберген еңбегі елеулі адам болған, бірақ арнайы саяси шешіммен еңбегі айтылмай, тасада қалып отырған. 

Моңғолия қазақтарынан шығып, жоғары билікке жеткен министрлер Мұқан Жылыбай, Ром Жуанғанда – осы ауылдың түлегі. Ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Имашхан Байбатыр, Мақфуз, Мамырхан, спорт шебері Бауыржан, Жанарбек, көкпаршы Бақытбек, тарихшы ғалымдар, Бапыш, Асылбектер, композиторлардан Ақыби, Өсерхан, Қапан, Аралхандар, күйшілерден Бейіс, Сейтжан, Сағынған, Өсерқан, Мұхаммед, Райхан. Міне, бұл аты аталғандар  – Смағұл (Қырыққанбас) батырдың бүгінгі ел таныған туысқан ағайындары. Батыр ұрпақтары 1990 жылдан бастап атамекені Қазақстанға да көшкен. 

 

Батырдың ұрпағы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Имашхан Байбатырұлы 

Жоғарыдағы деректерді тағы растау үшін Моңғолиядағы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген этнограф, альпинист Жанарбек Ақыбиге батыр баба туралы бірнеше сұрақ қойған едік. 

– Жанарбек Ақыбиұлы, Назар мен Смағұл батырлар ата тегі, есімдерінің аңызда ауысып айтылу себептерін түсіндіре кетсеңіз. Сіз Назар батыр туралы деректі қайдан естідіңіз? 

– 1938 жылы Моңғолиядағы қазақтардың ауыл басыларын, мықты шежірешілерін, оқыған-тоқыған молда ғұламаларын ұстап алып, қырып тастаған. Тіпті кейбіреуін тірідей көмген. Кейін мұндай батырлар туралы шежіре айтқандарды да ұстап кету бірнеше жылға созылған. Сол уақытта көп адамдар шежіре, тарих туралы қозғай алмады. Ел өз тарихын жырлап айтпақ түгіл, үйіндегі құранды да елге көрсетпей тығып ұстайтын болды. Бұндай жағдайдан кейін ертедегі ел қамын жеген ерлердің ерлігі қайдан айтылсын! 

Әсіресе Моңғолия қазақтары Хобда бетіне қоныс аударып, орныққан кезінде, елді ауылды содырлардын қорғауға ат салысқан мықты тұлғалар ерлігі тұншығып қалды. Назар, Смағұл (Қырыққанбас) батырлар жайлы аңыздағы қос ағайындының аттары ауысып айтылып жүрген жайы осылай. Ал шын мәнінде екеуі де Өмірбек атаның үлкен ұлы Ақжарқынның балалары. Назар тұңғышы, одан кейінгісі Смағұл екен. Смағұл батыр тентектеу, нағыз барымташы болса керек, шашының қаттылығы сондай, қой жүнін қырқатын қырықтықпен қидырады екен, содан Қырыққанбас аталып кеткен. Моңғолия қазақтарының ішінде ерен байлығымен әрі жомарттығымен елге танымал ауқатты 9 бай болған. Оларды жұрт «тоғыз қасқа» атаған. Солардың бірі – осы Назар мен Смағұл батырлар. 

– Смағұл батыр әулетіне қатысты деректерде «Көк Қалақшаның ауылы» деген тіркес бар. Сонда бұл әулет күйшілік өнерді, домбыраны қастерлеген, ұлы өнерді атадан-балаға жеткізген бе? Не себептен «Домбырашы ауылы» деп атаған? 

– Байлықпен өмірдегі сән-салтанатты, құсбегілік пен саятшылықты, күйшілік пен сал-серілікті бұл әулетке қондырып бергендей. Смағұл мен Назар ұрпағы – күйшілік династияны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген әулет. Осы Абақ керей ішіндегі Шеруші руының Төлек-Кәдір балалары әр ауыл бас сайын өз жанынан күй шығаратын тамылжытып күй орындайтын, той-думанның сән-салтанатын қыздыратын сауықшыл ауыл болыпты. 

Аңызда аты аталған Смағұл батырдың ұрпағы Бейіс аталардың өнер жолын жалғастырып ауылдағы күйшілердің басын қосып ғасыр басына дейін 30-40 адамның басын қосып күй тартқызып ойын сауық жасайды екен. Бұл қазіргі тілмен айтсақ, дала оркестірінің дирижері дегенге саяды. Мықтап зерттейтін болсақ, оркестр ансамблді біз орыстан үйренбедік, қазақтар өздері жалғастырып алып келгені осыдан-ақ анық. Бейіс құрған ансамбль 40 домбырамен күй шертіп, 1900 жылға дейін жалғастырған. Бейіс осы құрметі үшін «зәңгі» атағын алған. Кейін халық аталарының атын атамай, құрметтеп Бешең деген. Содан бері халық бұл ауылды «Бешең ауылы», «Күй ауылы», «Көк Қалақшаның ауылы», «Домбырашы ауылы» деп атап кеткен. Бүгінде Моңғолиядағы қазақтарда домбыра шерткен адамға, «Қалақша ауылының ұрпағыннан болар» деген сөз тіркесі жиі қосылып айтылады. 

Міне, аңызда айтылған Назар (Қырыққанбас) батырдың ауылы – осындай болған сәнмен көркі жарасқан нағыз қазақы орта. Ұлы өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген әулет. 

P.S. «Батыр баба тарихы» атты деректі хикаятымыздың алғашқы кейіпкері Смағұл (Қырыққанбас) батыр өз дәуірінде атақ-дәрежесі жетерлік қайраткер болған. Дүйім бір қауым жұртты асырап, алғысына бөленген баһадүр. 

Дегенмен «Смағұл батырдың есімі ұмытылып бара жатқаны бәріміздің жүрегімізді бір шымшып өтеді. Оның әлі де жұрт білмейтін көзсіз ерліктері жетерлік. Оны ұрпақтары естіп-біліп жүр. Атамыздың есімін тарих біледі, халық ерлігін мойындайды», – деп күрсіне сөзін аяқтады Мұхаммед ақсақал. Атамыздың айтпағын біз де түсіндік. Еуропаның Робин Гуды, өзіміздің Мәди Бәпиұлы бастаған барымташылықтың жолында, кедей-кепшіктің мұң-мұқтажын ойлап, әділдік жолында күрескен. Смағұл батырдың біз естіп білген қысқаша өмір тарихы, міне, осындай. Енді уақыт тарих сахнасынан таразыласын!