Қазақ хандығының заңдары: айырмашылықтар мен ұқсастықтар
11.08.2015 5044
Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы қарсаңында ұлттық шешендік өнер тарихын зерттеуші профессор Серік Негимовтың Қазақ хандығы тұсындағы заңдар жайлы зерттеуінің үзіндісін арнайы жариялаймыз.

Ұлттық мәдениет тарихындағы кесек тұлғаның бірі – Есім ханның немересі, Салқам Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680-1718 жылдарда хандық тізгінін мығым, бекем ұстаған. Халқының ынтымақшыл, ұйымшыл болуына ұшан-теңіз қажыр-қайрат жұмсаған. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың түп атасы» деген еңбегіндегі деректерге зейін қойсақ, оны «Әз Тәуке», «адамзаттың данасы» деп атаған. 

Тәуке болып ханымыз, 

Рахат тауып жанымыз, 

Он сан алаш бірігіп, 

Ойран болды жауымыз – дейтін халық өлеңінде нұрлы бейнесі келісті сомдалған. Ол «хандық кеңес» пен «билік кеңестің» мәнін, қызметін күшейтті. Ташкент шаһарының іргесіндегі Күлтөбеде (және де Битөбе, Қарақұм дейтін жерлерде) үш жүздің басын қосып, мемлекеттік дәрежедегі күрделі мәселелерді шешіп отырды. Яғни мемлекет тағдырын басты мәселе етіп қойды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» (1684-1710, 1711-1723 жылдар арасы) деген ұлағатты сөз осыдан қалған. 

Тәуке хан

Тәуке хан тұсында (1680-1718) атақты «Жеті Жарғы» дүниеге келген. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Тәуке хан қырық атадан үздік шыққан 40 биді таңдап, солармен, ақылдасып, қорытындысында «Жеті Жарғыны» жүйелеген. Солардың ішінде үш жүзден шыққан қара судан қаймақ қалқыған, таңдайынан жарылған әйгілі билер Үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке ел есінде сақталған. Және-де осынау қасиетті іске Тобықты Әнет би, Жағалбайлы Шеген би, Шақшақұлы Жәнібек, Есет, Қырғыз елінен Қоқым би, Қара Шыбын би, Қарақалпақтан Сасық би араласқан. Тәуке хан Қоқым би мен Сасық би арқылы сол елді басқарып отырған. 

Тәуке хан тарих сахнасына Билер кеңесін әкелді. Бұл халықтың жуан ортасынан шыққан үздік ойлы, дарынды, тапқыр тілді, алғыр ұйымдастырушылардың қалыс қалмауына даңғыл жол ашты. 

Тәуке ханның ұйымдастыруымен толықтырылған, жинақталған, жүйеленген «Жеті Жарғы» Ресей тарихында «Тәуке хан заңдары» деп айтылады. Сондай-ақ ол халық мұрасының жанашыр жинаушысы, қазақтың ру-тайпаларының таңбаларын, ұрандарын бір ізге түсіруші де. Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» Қасым хан (1511-1523) мен Есім ханның (1598-1645) ережелері, билік-кесімдері негізінде жасалған. Әлмисақтан бері «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ескі жолы» деген мінсіз, кіршіксіз қанатты сөздер баршамызға аян. 

Қасым хан

Қасым ханның ережелерінде мынадай түйінді әдет-ғұрыптық қағидалар қамтылған: 

1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауы). 

2. Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза). 

3. Әскери заң (аламан міндеті, қосын жасау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат). 

4. Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік). 

5. Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер). 

Ал Тәуке хан бұларға 6. Жесір дауы және 7. Құн дауын қосқан. «Жеті Жарғы» заңына шариғат ережелерінің әсері болғанын атап айтқан дұрыс. Мұнда «Бір еркектің төрт әйел алуына болады», «ұрғашының жарым басы кем, екі әйелдің куәлігі бір еркекке тең», «еркекке толық құн, әйелге жарты құн» деген кесімді сөздер ислам дінінен ауысқан. 

«Жарғы» сөзі көне қыпшақ тілінде «жарлық» деген тұлғада айтылады. XIII-XIV ғасырларда жазылған «Кодекс Куманикус» жазба ескерткішінде «Жарғы» айтыс-тартыс, дау, әмір ету, әдет-ғұрып заңдары дейтін ұғымды білдіреді. Яғни «Жеті Жарғы» жеті жүйеден, жеті тараудан, жеті бунақ-баптан тұратын жарлықтар, билік-кесімдер, жоба-нұсқалар болса керек. «Жеті Жарғыда» мынадай өрнегі өшпес өнегелі баптар берілген: 

1. «Түркі халықтарының мүддесін сатып, опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын». 

2. «Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын». 

3. «Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын». 

«Жеті Жарғының» тілі өте жатық, ықшам. Оймақтай сөзде мағына, мәнер, салмақ, мөлдір тазалық мейлінше мол. Мәселен: «әділ билік – алтын таразы», «жетпеген билік жеті ұлықтың есігін ашады», «батыр айғақ, балуан куә», «қысасқа қан, оқысқа құн», «мойнына қосақ, артына тіркеу», «семсер астында серт жүрмейді», «иілген басты қылыш кеспейді», «алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «мал ашуы – жан ашуы», «алдырған албырт анасының қойнын ашады», «қойманы не көрген алады, не көмген алады», «ердің құны екі жүз жылқы», «ат тұяғын тай басады», «аға өлсе, жеңге мұра», «ерден кетсе-де елден кетпейді», «судың түбін шым бөгейді, даудың түбін қыз бөгейді», «арам жемейік, адал өлейік», «бүлінгеннен бүлдіргі алма». 

Тәуке хан өз қолының қажыр-қайратын, ақыл-парасатын сынау үшін бір сұрақ қояды: 

– Мен мынаны білсем деймін. Жоңғар шапқыншылығын тоқтатып, олардың ордасын күл талқан ету үшін қазақ халқына не қажет? Содан сарбаздары ой теңізіне шомып, алуан түрлі пікірлер айтады. 

Сонда Тәуке хан тоқетерін айтып: 

– Айтқандарының бәрі дұрыс. Ең асылы, қазақ еліне құдайдың құты және болашақта ауызбірлік ауадай қажет. Ол – халқымыздың мәңгілік қаруы, құт-берекесі әрі жеңістеріміздің күретамыры, – деп түйіндеген екен. 

Бабалардан қалған тағы бір аңызда шегірткеше қаптаған жоңғарлықтарды көрген қазақ жауынгерлері қатты сасыпты. Осы бір тұйыққа тірелген шақты тез түсініп, Тәуке хан сарбаздарының біреуіне: 

– Жылан тауып алып кел, – деп әмір етеді. Әкелінген жыланды ұстап, топтың алдында: 

– Бісміллә, Алла біздің жағымызда, бейбіт жатқан ел едік, қазақ сахарасын қанға бояған жоңғарлардың басын былай жұламыз, – деп жыланның басын жұлып алады да: 

«Алла жар болсын! Алаштың аруағы қолдасын! Алаш! Алаш!» деп жауға ұмтылғанда, тұтас қолы да жөңкіле жөнелген ғой. Жыланның басын жұлу себебі, жоңғарлардың туында айдаһардың суреті болған. Мінеки, тереңнен толғайтын, алысты болжайтын Тәуке ханның асыл бейнесі көз алдыңа келеді. 

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор