«Алгемба» жобасы
27.05.2020 1935
«Алгемба» - бұл Ембі кен орнынан Александров Гай қаласына дейін салынуға тиіс болған, бірақ аяқталмай қалған теміржол мен мұнай құбырын салу жөніндегі жоба

Бастапқыда жоба орталықты отынмен қамтамасыз ету үшін қажет болды, алайда жұмыс басталған соң төрт айдан кейін Алгемба ешкімге керексіз болып қалды. Бұл өз кезегінде осы құрылыстың идеялық демберушісі Лениннің мотивтеріне түсінік беретін көптеген болжамдар туғызды. Qazaqstan Tarihy порталы миллиардтан аса рубльді жымқырып, он мыңдаған адамды өлтірген «ғасыр құрылысын» еске алады.

1919 жыл РСФСР большевиктік тарихында ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Ақгвардияшылар барлық майдандарда екпіндете шабуылға көшсе, ал қызылдар жағы кенеттен боған аштық пен отын жетіспеушілігі салдарынан шығынға батып жатты. Өйткені, елдің басты мұнай өндіруші аудандары, әсіресе Баку, Мәскеумен қатынассыз қалды. Большевиктік басшылықтың ауыр халі туралы Лениннің майдандағы Григорий Орджоникидзе мен Ивар Смилгеге жолдаған жеделхаттарынан көруге болады:

«Бізге мұнай аса қажет. Егер мұнай мен мұнай кәсіпшілігін өртеп, бүлдіретін болса, онда біз бәрін бауыздап көздерін жоямыз, және керісінше, егер Майкопты және, әсіресе, Грозныйды бүлдірмей, бұзбай беретін болса, бәріне өмір сыйлаймыз деп, халыққа арналған манифест ойластырыңдар»

Бұл кезде Қызыл Армияның әскери қолбасшысы Михаил Фрунзенің 4-ші армиясы Батыс Қазақстанда соғысып жатқан, 1919 жылдың аяғында ол Жайықтың бастауына шығып, Ембі кенорнына енді, бұл жерде ол кезде 224 мың тоннадан аса мұнай жиналған еді. Осы 14 миллион пұт мұнай Ембі мұнай кәсіпшілігін большевиктердің құтқарушысы етті, қандай да бір инфрақұрылымның жоқтығына қарамастан, теорияда Ембі Мәскеуге мұнай бере алатын жалғыз ғана орын болды. Сондықтан 1919 жылдың желтоқсанында-ақ Жұмысшы-Шаруа қорғанысы Кеңесі теміржол салу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды. Сонымен, сол жылдың 24 желтоқсанында бұйрық шығарылады: «Кең табанды Александров Гай – Ембі желісін салу жедел тапсырма деп танылсын». Азамат соғысы жағдайында теміржол салу жобасы маңызды стратегиялық объект болғандықтан, оның құрылысы туралы ақпарат, әрине, құпия сақталды. Ұзындығы 500 шақырым теміржол магистралін бір мезетте екі жақтан салып бастап, Жайық өзеніндегі Гребенщиков селосы маңында тоғысу көзделеді. Партия басшылығының жоспарына сәйкес, темір жол сортаң шөл дала арқылы  Александров Гайға дейін салынып, мұнай эшелондармен одан әрі жіберілуі керек болған. Құжаттарға қарар болсақ, Фрунзе Ақтар армиясына қарсы жорығын әрі қарай жалғастырмақшы болған, алайда, оны Лениннен алған жазба тоқтатады, жазбада мынадай бұйрық болған – «ұрыстық іс-қимылдарды тоқтатып, солдаттар Ембіден мұнайды шығару тапсырмасына қарай қайта ұйымдастырылсын».  Айта кетерлігі, жазбаның авторы сол кезде РЕввоенсоветтің төрағасы болған Лев Троцкий болатын. Ленин әуелгі жазбаға қосымша мына жазбаны қосқан: «Троцкийдің нұсқауына сәйкес Фрунзе жолдастан жолды мейлінше жылдам салу және мұнайды шығару үшін революциялық қуатты үдетуді өтінемін. Алғаныңыз туралы хабардар етіңіз. Совнарком төрағасы Ленин». Фрунзе бұл шешімге қарсылық білдіреді. Біріншіден, оның 4-ші армиясы монархистармен күресіп жатты, екіншіден, әскери іс-қимылдарға қатыспаған Оңтүстік-Шығыс майданның әскерлері жақын маңда болатын. Көрінеу себептерден басқа, сүзек індетін айтпағанда, көліктің, отынның жоқтығы, шарулар мен солдаттарды орналатыру қиындығы, ауыз су мен азық-түліктің жоқтығы сияқты басқа да себептер бар еді. Егер осыған дейін Фрунзенің басшылықтың бұйрығын талқыға салу сияқты әдетінің болмағанын ескерер болсақ, онда жоғарыда келтірілген уәждері тіпті де салмақты болып көрінеді. Ленин мен Фрунзе арасындағы қарым-қатынас туралы айтар болсақ, онда тарихшылардың айтуынша, біразға дейін екеуінің арасында қалтқысыз қатынас болған. Брест бейбітшілігі бойынша дебаттар алғашқы қауіп дабылы болды. ОК отырысында РСФСР-дің Бірінші Дүниежүзілік соыстан шығуы талқыланады. Ленин о бастан-ақ шартқа қол қоюды үндейді, ал Фрунзе капитуляцияны қисынсыз деп санайды. Қалай болғанда да Ленин ОК-ні егер шартқа қол қойылмаса отставкаға кетем деп қорқытады. Фрунзе дауыс беру құқығынан бас тартып, дауыс беруге түспейді.  

Құрылысқа тек әскерилер мен жергілікті халық қана емес, сонымен қоса Саратов пен Самара тұрғындары да қатысады. Соңғылар үшін бұл құлдық жұмыс еңбек міндеткерлігін өтеу болды. Бұл екі қаладан құрылысқа 45 мыңға жуық адам келеді. Олардан қыстың аязы мен жаздың аптабында, ауыз сусыз жұмыс істеген еңбек полктері құрылады. Осындай жағдайда олар рельстер қойылатын төсеме үймені қолмен жасайды. 1920 жылдың көктемінде тек теміржол құрылысы ғана емес, сонымен қатар мұнай құбырын салу қажеттілігі туралы да шешім қабылданады. Көктемде жоба «Алгемба» деген атауын ғана алып қоймай, өзінің тікелей басшысына ие болады. Басшы болып инженер Юрий Ломоносов тағайындалады. Сол кезде оның ешбір партияға қатысы болмағанына қарамастан, ол паровоздар мен теміржол құрал-жабдықтарын (Германиядан 700 дана, Швециядан 500 дана) сатып алу үшін Америкаға іссапарға жіберіледі. Кейін оны АҚШ мемлекеттік департаменті қара тізімге енгізіп, сол себепті ол Ресейге оралуға мәжбүр болады. Жаңа орында ол Алгемба құрылысын басқарады. Алдын ала айта кетейік, Ломоносов «Паровоз аферасына» ұйымдастырушылардың бірі болды, 1927 жылдан бастап шетелде тұрды, ал 1945 жылдың 17 сәуірінде кеңес азаматтығынан шығарылды. 1920 жылдың қаңтарында Владимир Ленин Қазақстанда «жергілікті халыққа еңбек және көлік міндеткерлігі ақысын азық-түлікпен бөліп төлеуді» енгізеді. Жергілікті халық мұнай құюға бөрдек жинауға жұмылдырылады, ал Михаил Фрунзенің кезіндегі жеңімпаз армиясы мұнай тиелген көлікке өндіру орнынан Астраханьға дейін жетектеп жүреді. Дегенмен де Астраханьға бірде-бір түйе жетпеді. Мұнай құбырының құрылысына келер болсақ, елде төсеуге арналған құбыр жоқ еді. Оларды шығаратын жалғыз зауыт, жұмыссыз тұрды. Сөйтіп, қажетті 500 шақырым құбырдың қоймалардан небәрі 15 шақырым ғана жиналды, сондықтан жақын маңдағы аумақтардан иесіз қалған, ал кейіннен – істеп тұрған мұнай құбырлары да алына бастады. Дегенмен ол да жетпеді. Көп ұзамай,  құбырлардың жоқтығы орындалмас кедергі екенін түсінген пролетариат көсемі ағаш құбырлар жасауды ұсынады, алайда олардың тезтұтанғыштығын және қажетті қысым жасау мүмкін еместігін алға тартып, көсемді бұл ойдан айнытады. Оның үстіне қажетті көлемдегі ағашты далаға қалай жеткізу керек? Ленин мен Ломоносов ерекше инженерлік шешім іздеп жатқан шақта Фрунзе жаңа тапсырма алады. Ол әскерін Алгемба құрылысына қалдырып, өзі Түркістан майданының күшімен басмашылықты жоюға және Бұхар кеңестік республикасын құруға аттанып кетеді. Ресей мемлекеттік экономика архивінің деректеріне сәйкес, теміржол құрылысына жоспарланған шығындар мұнай құбырына қарағанда әлдеқайда аз, ал тәжірибеде теміржолдың бір шақырымы мұнай құбырынан төрт есе қымбат тұрады. Айта кетерлігі, бұл есеп Жұмысшы-шаруа инспекциясына күмән тудырады. Инспекторлардың бұндай түйіспеушілікті түсіндіру талабына смета құрушылар бұл есепке рельске деген шығынның есептелмей, тек жұмыс құны ғана есептелді деп түсіндірген. Алайда, 1920 жылдың ақпанында Алгембаның ұйымдастырушысы Ломоносов жаңа қаржы бастамасын ұсынады, оның мәні келесідей: «Егер барлық материалдар қара нарықта сатып алынса, бір жылда саламыз», яғни шығындардың бухгалтерлік есебі болмағанда. Мемлекеттік бақылау комиссиясының мүшесі Галкинге хат жолданады. Оның авторлары Алгемба бойынша барлық есептерді қолма-қол ақшамен жүргізуді ұсынады. Бұлар оны жаппай тапшылық жағдайында қажетті материалдарды тек қара нарықта ғана сатып алу мүмкіндігі барымен түсіндіреді. Оның үстіне құрылыс басшылары бөлінген қаражатты жұмсауда ешкімге есеп бермеу құқығын да талап етеді. Галкин жолдас бұл өтінішті қабылдамайды. Содан кейін Ломоносов осы өтінішпен тікелей Лениннің өзіне шығады. Бұл кезде Совнарком мемлекеттік мекемелерге тауарды нарықтан алуға тыйым салғанына қарамастан, Алгемба басшылығы қолма-қол ақшамен бір миллиард рубль алудың теңдессіз құқығына ие болады. Лениннің өзі инспекцияға хат жолдап, бірыңғай жағдай жасауды сұрайды: «Ақша беруде шарттылықтармен қыспаққа алмауды ұсынамын». Бірақ бөлінген сома да ештеңемен көмектесе алмады. 1920 жылдың аяғына таман құрылыс тұралай бастайды. Бұның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, 1920 жылдың сәуіріне қарай Солтүстік Кавказдың «қара алтынына» Қызыл Армияның қолы қайта жетеді. Екіншіден, күніне жүздеген адамның өмірін жалмаған сүзек. Айтқандай, осы кезде 25-ші Чапаев дивизиясы сарбаздарының өмірін құтқарып қалған совет-поляк соғысы басталады. Өйткені, Алгемба құрылысында, оның ішінде сүзектен де өлу жағдайы майданда өлуден әлдеқайда жоғары болды. Жергілікті халықтың Алгембаға деген сенімі төмендей бастайды. Сүзек одан кейін тырысқақ (холера) індетінен жұмысшылар құрылысқа шығудан бас тартады, ал жергілікті халық шпалдарды ұрлай бастағандықтан, солдаттар құрылысты күзетеді. Құрылыс қарқыны төмендейді, бұл өз кезегінде Лениннің наразылығын тудырады. Ол Алгемба басшылығына жеделхат жолдайды: «Бұл жерде саботаж бен жалқаулық екені түсінікті. Не тапсырылғанын, не істелінгенін маған архиқысқа жолдңы, міндетті түрде. Әр жауапты тұлғаның аты-жөнін».

1921 жылдың көктемінде құрылысқа инспекциямен Фрунзе келеді. Алгембада көргенінен командарм шошып кетеді. Ол ленинге жедел телеграф соғады: «Жол жағдайы өте нашар. Үй-жайлар, вагондар және басқалары отынға алынуда. Дүлей боран мен қар басқынынан ауыртпалық күшейе түсуде. Әскери бөлімдерден жұмыс істейтін ешкім жоқ, ал бөлімдер жалаңаш, жалаңаяқ. Шұғыл іс-шаралар қабылдау қажет». Фрунзенің жеделхатын Ленин жауапсыз қалдырады. Көп ұзамай Алгемба жобасының қызметіне ВЧК мен оның төрағасы Феликс Дзержинский қызығушылық білдіреді. Ол Ломоносовқа қатысты барлық ақпаратты жинауды тапсырады, көп ұзамай қызықты жәйттер белгілі болады:

«Инженер Ломоносов Мәскеуде салтанатты өмір сүреді. Ломоносовтың әйелі Стокгольмде тұрады, банктердің бірінде қызмет етеді. Ломоносов оған мемлекет есебінен жиі барып тұрады,  шетелге сапарында өзіне ешнәрседен тарыншылық көрсетпейді. Ломоносовтың балалары шетелде тұрып, оқиды».

Сонымен қатар, Ломоносовқа қатысты жазылған және оның өзі де жазған құпия хабарлар анықталады. Оған қатысты әшкерелеуші материалдар Саясибюро отырысында айтылады, бірақ Темір Феликстің таңданысына қарай «Ломоносов жолдастың жұмысы жалпы алғанда оң сипатқа ие» деп бағаланады. 1921 жылдың 6 қазанында теміржол құрылысы ақыры тоқтап тынады. Бір жарым жылға созылған ауыр қол еңбегінің нәтижесі - екі жүз километр рельссіз төсеме үйінді, Доссордағы перрон мен кірме жолы жоқ вокзал ғимараты, 35 мың адам өмірі мен бір миллиард қолма-қол ақша.