Хан батыры Қабанбайдың түр-тұлғасы қандай болған?
22.05.2020 2849

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып, бүтіндей бір ұлттың тұтастығы мен жерінің бүтіндігі үшін жанын пида еткен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Батыт Баян сынды қазақ батырларының тасқа қашалып, хатқа түскен суреттері болмаса да ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ауызша тараған жыр дастандар мен аңыз-әңгімелерден там-тұмдап болса да бабаларымыздың түр-келбеті жалпы сыртқы формасы туралы деректер кездесіп жатады.

Мәселен, кейбір дастандарда Қабанбай бабамыздың кең маңдайлы, дөңес мұрынды, бүркіт көзді, бұқа мойынды, құс кеудесі болғаны айтылады. Сонымен қатар маңдайында батырлықтың белгісі – қоян тобығы және иегінде әулиеліктің белгісі – шоқтай жанған қызыл қалы, түйеден озған бойы болған. Тағы бір деректерде батырымыз бала кезде тайға мінгенде екі аяғы салбырап жерге тиіп тұратыны айтылады. Тарбағатай өңірінен шыққан үлкен ақын Кәрібай Таңатарұлының (1894-1931 жж) «Мұрын мен Бәйжігіт», «Еспенбет батыр», «Майқы би», «Қанжығалы Бөгенбай», «Ер Қабанбай», сондай-ақ, «Қубас аттың сыны» секілді дастандарынан да Қабанбай және басқа да қазақ батырларының сырт келбеті туралы көптеген сипаттаулар кездеседі.

Кәрібай ақынның сонымен жалпы қазақ батырлары, соның ішінде Қабанбайдың жаратылыс сипаты туралы көптеген өлеңдері болғаны туралы деректер бар. Өкінішке қарай олардың дені бізге жетпеген. Белгілі этнограф-ғалым Зейнолла Сәнік өзінің «Хан батыр Қабанбай» зерттеулер жинағында (4-том) Кәрібай ақынның Құныпия атты ұлынан жазылып алынды деп көрсетілген біраз өлеңдер келтірген. Бұл жазбаларды 1951 жылы жазып алған. Автордың айтуынша, Кәрібай ақын қазақ батырлары және Қабанбайдың түр-тұлғасын сипаттаған бұл өлең-жырларын  Көктұмадағы Қаракерей түселінде (сиязында) Қабанбайдың Сүлеймені, Мұрынның кәрі биі бөкеншілердің алдында айтып берген.

Енді сол өлеңдерге кезек берсек:

- Билеген Орта жүзді хан Абылай, 

Ешбірін жат көрмеген дара Абылай. 

Ерлердің ел бастаған соңына еріп,

 Ұйыған сары уыздай қазағым-ай!

 

Сайыста қажымаған серіктері, 

Ұрқына мұра болған ер істері. 

Жоңғардың шапқыншылық лаңында,

Шайқасы Азияда өрістеді.

 

Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған, 

Қайраты қаһарланса, құрыштаған. 

Үш жүздің бар батырын ұйыстырып, 

Маңына қас дұшпанын жуытпаған.

Жауға қатал, досына мейірлі боп, 

Кейітіп, халық көңлін суытпаған. 

Қасына ер Бөгенбай, Барақты алып, 

Болғаны елге қорған алашқа анық,

 

Бердіқожа, Қасабай, Жантай батыр, 

Қосылған ер Жәнібек талаптанып. 

Ер Қасым, Баймұрат пен Райымбек, 

Болғаны оған серік қазаққа анық.

 

Қосай Тама, ер Шөрек, Малайсары, 

Атын тізіп атайын санаққа алып. 

Уәлi болар істі абайлайтын,

 Ерекше атап өтем Бармақты алып.

 

Еспенбет, батыр Жаман, Орақбай ер, 

Шын құрыш қайтпайтұғын болаттай ер.

 Ақбантай, Еспенбет пен батыр Тентек,

 Атойлап жауға шапқан құлаштап ер.

 

Шағалақ, ақын Сұртай, Бұқар жырау, 

Тайсалмай хан алдында берген сынау. 

Қайламенен қамалды да шыққан бұзып, 

Майсара - Гауһар батыр көрнеу түр-ау. (Майсара-Гауһар бір адам. Қабанбай батырдың жұбайы)

 

Ұраны болған екен алты алаштың, 

Жүлде алған бәйгесінде сан таластың. 

Боранбай, Есенгелді, Қазыбек би, 

Жүйесін тауып айтқан сан сараптың.

 

Сондықтан елі сүйген халық қалап, 

Қолданған досына ақыл, жауға жарақ, 

Даңқпен хан ұраны Қабанбай деп, 

Айбынды ұран қылды барлық қазақ.

 

Хан, қара ақылынан асқан емес, 

Салмағы жаттың жеңіп, басқан емес. 

Орта жүз сүттей ұйып дегеніңе, 

Беріп ең ақылменен жасқа кеңес.

 

Тағдыры бар жасақтың қолында боп, 

Болыпты абиыры ханмен теңдес. 

Хандығын ханның жасақ сақтайды екен, 

Білгенді халық сүйіп, жақтайды екен.

Қабекең Орта жүздің ұйтқысы деп, 

Бар қазақ пірі тұтып, мақтайды екен. 

Қамалды талай бұздың дара шығып, 

Сүйсінді ерлігіңді алаш ұғып.

 

Өлтірдің жекпе-жекте Арқауылды, 

Келгенде қоймаймын деп аласұрып. 

Қазақтың артыңа ертіп бар батырын, 

Қарадың досқа күле, жауға қырын.

Дарабоз қолбасшылық атақ алып, 

Қорғадың жауды жеңіп, ел қадірін. 

 

Айқастың Доржыменен Алакөлде, 

Шығардың жауды қуып Сары белге.

Ханды өлтіріп, жеңісті қолыңа алдың, 

Қандыжап қолға түсіп болды пенде.

 

Қазақта баянды боп осы жеңіс, 

Қуанды алақайлап қазақ тегіс. 

Сөзімнің артық-кемді жері болса,

Сүлекем  разымын берсе сөгіс. (Сүлеке - Сүлеймен сұлтан, Қабанбайдың төртінші ұрпағы)

деп аялдағанда Қоңыр төре: «Ұққаның бойынша Қабекеңнің жаратылыс сипатын сайрап көр, бұлбұлым» депті. Отырған Кеңестің атақты он екі биінің ақсақалы Мұрын бөкенші қария, төре Мамырбек және Шерубайдың Омары, Билеушін сияқты қазақтың білікті дегендері сүйсініп құптап, разылық білдіріпті.

Сияздың төбебасы Сүлеймен өзі қосылып, Қабекеңнің жаратылыстық белгілерін әңгімелеп беріпті. Семіз найман Бекбосын би жиырма төрт жастағы ақынға бата беріп: «Қане, бұлбұлым, сайра» деп қолқалапты. Барлық жұрттың ауқымын ұққаннан кейін шабыттанған акын жыр нөсерін былай төгіпті:

- Мәмбеттен туған екен Қожағұл ер, 

Ерлікпен болған екен халқына бел. 

Өскелең өнерімен көзге түсіп, 

Тең біткен бір басына қайрат-жігер.

 

Туыпты ер Қабанбай Қожағұлдан,

 Шын атын Қабекеңнің Ерасыл дер. 

Үлкендер аңыз қылып, кеңескенде, 

Сипатын Қабекеңнің мынадай дер:

 

Адамнан тумысыңда өзгеше қып, 

Жаратқан құдыретпен пәруардигер. 

Бар екен маңдайыңда қойын тобық, 

Мұны жұрт батырлықтың белгісі дер.

Қаңтарда туған екен шешесінен, 

Ерліктің үлес ала есесінен. 

Денесі бір жастағы баладай боп, 

Байқалған ғаламаты мүшесінен.

 

Жан бопты еңгезердей алып дене, 

Сайма-сай келген сымбат барлық дене.

Жасынан ер мүсіні байқалмаса, 

Атайды «Нар бала» деп халық неге?

 

Маңдайы кере қарыс, жалпақ екен, 

Танауы дөңес келген талпақ екен. 

Бүркіттей моят алған тұғырдағы, 

Шығыңқы төс сүйегі шалқақ екен.

 

Дөңгелек төбесіне маржан түйген, 

Кигені қос шашақты қалпақ екен.

Жан екен биік қабақ, қою қасты, 

Көнек пе дегендейсің көрсең басты.

 

Өмірін өзі туған еліне арнап,

 Дұшпанмен қан майданда сан айқасты. 

Ішінен қалың топтың танылатын, 

Ақырса, арыстандай дауысы ащы.

 

Кешегі Әзірет әлі қаһармандай,

 Дұшпанның зәресі ұшып, құты қашты. 

Қазақтың елін тастап, ерін ертіп, 

Қорғады ел мен жерді, мал мен басты.

 

Бар екен қызыл талы иегінде, 

Бір мін жоқ жұмыр біткен сүйегінде. 

Өмірі бір қысылып, сасқан емес, 

Тас бар ма десетін ел жүрегінде.

 

Бесті атты құйрықтан ап, жерге ұратын,

 Қайраты болғандықтан білегінде. 

Сайысқа дара айқасқан дұшпанының,

 Көрмеген сау жіберіп біреуін де.

 

Сапарын бақыт беріп, Алла оңғар деп, 

Болыпты қазақ халқы тілегінде. 

Әрі етті, әрі көркем, бойы биік,

Келісер үстіне алса сауыт киiп.

 

Денесі толымды екен, арық емес, 

Осындай ерге сымбат біткен сиық. 

Қыранның ұшардағы топшысындай, 

Тұратын көтеріңкі қос екі иық.

 

Ту алып, тұлпар мінген, қару асып, 

Абиыр, бақ қонарда даруы ашық. 

Жыққан соң дұшпан туын, жауды жеңіп, 

Болысқан бұқараға жаны ашып.

 

Беталды бұқараны жайратпадың, 

Орынсыз матап, қолын байлатпадың, 

Кенелді кеңшілікті мейіріңе, 

Қайтарып алған жаудан аймақтарың.

 

Дұға қыл рухына естіген жұрт, 

Сан ердің ауызға алдым аруақтарын.

 Сөйлейін білгенімше әлі дағы, 

Қазіргі Қабекеңнің әулеттерін...

деп осыған жалғас Қабекеңнің рухы Қожағұл нәсілінің атақты адамдарын қосып, өлең айтыпты.

«Бұл өлеңдері жоғалып кеткен. Осы сиязда Сүлекең Кәрібайды үш рет қабылдап, өлең айтқызып, батасын беріп, ат мінгізіп, шапан кигізіпті. Сонымен бірге Әсетпен айтыстырып, Сүлекең өзі қолдап, Әсетті жеңгендігіне сыйлық беріпті. Басқа қаракерей адамдары да ықыласпен құрметтеп, еліне бес атпен қайтарыпты. Осы жолы Маусымбай бастаған шежірешілер Сүлекеңнен Қабекеңе қатысты көп нәрсені иелеп, мұны «Қазан» баспасына беретін кезде 1914 жылғы дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, ел тозып, ырыс шайқалып, ақыры аяқсыз қалыпты. Біздің ауызға алып жүргеніміз сол бір мол қазынаның жұрнағы ғана», - деп жазады З.Сәнік.