«Мәшһүр Жүсіп мұражайы» - мәдени мұра мәйегі
11.10.2013 2524
Ұрпағына мол мұра қалдырған әйгілі жерлесіміз, ғұлама ғалым, ақын, тарихшы, әулие атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл - 155 жыл.

Ұрпағына мол мұра қалдырған әйгілі жерлесіміз, ғұлама ғалым, ақын, тарихшы, әулие атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл - 155 жыл. Бабамыздың есімін жалпақ жұртқа әйгілеу мақсатында жер-жерде өңіріміздің үлкені мен кішісі шама-шарқынша үлес қосуда. Осы орайда өскелең ұрпаққа даңқты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты жеткізуде мектептердің орны бөлек, әрине. Ал сіз дәл осы міндетті жемісті жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп, ғұлама ғалым құрметіне мұражай ашқан аймағымызда мектеп барын білесіз бе? Естімесеңіз, біз айтайық. Ол – Павлодар қаласындағы белді білім ордаларының бірі №19 жалпы орта білім беру мектебі. Жуырда аталмыш білім ошағына арнайы барып, әйгілі баба мұражайында қонақта болған едік. Мектептің де тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

 Ақын әлемі. Өлке тарихы

Негізі, мектеп ұжымы мұражай ашуға сатылап аяқ басыпты. Олай дейтініміз, осыдан бес жыл бұрын бірінші қыркүйекте білім ордасының 1-9-сынып оқушыларына «Мәшһүртану» арнаулы курсы оқытыла бастады. Яғни, балалар ғалымның жүріп өткен жолы мен ұрпағына қалдырған мұрасын танып-білуге алғашқы қадам жасады. Еселі еңбектің нәтижесі болар, аз уақыттың ішінде мектеп оқушылары «Мәшһүр Жүсіп әлемімен сырласу» атты қалалық сайыста III орынға ие болды. Сөйтіп, жиған-тергендерін топтастырып, ұстаздар «Мәшһүртану» кабинетін ашты. Оқушылар мен мұғалімдер ғалымның еңбектеріне терең үңілуге кірісті. Араға жыл салып, II қалалық Мәшһүр Жүсіп оқулары дәл осы білім ордасында өткізілді. Мұнда да мектеп шәкірттері жүлделілер қатарынан табылды. Мәселен, Алмат Кәменов «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» номинациясында бірінші орынды иеленіп, аймақтық форумға жолдама алды. 2009 жылы Алмат «Мәшһүр Жүсіп: өмірдің философиялық мәні, ізденістері» атты аймақтық форумда  II дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Құралай Аманбай «Бас болып, өнер білген қандай жақсы» атты ғылыми зерттеу жобаларының сайысында «Комонимдер» тақырыбындағы жұмысын абыроймен  қорғап шықты. Келесі жылы Құралай қалалық ғылыми жобалар байқауында «Жас ғалым» номинациясын жеңіп алды. 2010 жылы үшінші рет өткізілген қалалық Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы оқуларында №19 мектептің ұландары тағы да алдыңғы қатардан көрінді. Гүлзат Базыл, Құралай Аманбай, Әйгерім Солтан және Жұмағыз Құсайынова есімді оқушылардан құралған мектеп тобы бірінші жүлделі орынға лайық деп танылды. Қалалық ғылыми жобалар сайысына ақын еңбектерін зерделеген екі оқушы Гауһар Әкімбай мен Ақмарал Мәлік қатысып, алғашқысы «Жас ғалым» атанды. Ол «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы сан есімдердің қолданылу ерекшелігі» тақырыбындағы жобасын қорғаған. 2011 жылы Әзиза Есімбаева, Ақмарал Мәлік, Айнұр Асайыновалар ғалым атындағы IV қалалық оқуда екінші орынды иеленді.

Жалпы, мектепте ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады. «Лингвистикалық өлкетану: Мәшһүр Жүсіп мұрасын қазақ және орыс тілдерінде меңгеру мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел де - соның бірі. Міне, осындай нәтижелі істерден кейін мектеп ұжымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы ғылыми-этнографиялық мұражай ашуды ұйғарады. 2012 жылы наурыз айында бұл ой іс жүзіне асты. Мұражайдың тұсаукесер салтанатына ақынның немересі, филология ғылымдарының профессоры Қуандық Пазылұлы, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Мәшһүртану» практикалық орталығының меңгерушісі Айтмұхамбет Тұрышев қатысып, ақ жол тілепті. Дәл осы орталық мектеп ұжымына әдістемелік, ғылыми тұрғыдан әрдайым қол ұшын беріп тұрады. Ұстаздар кез келген шараны орталықтың мамандарымен келісе, ақылдаса ұйымдастырады. Білім ошағында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Г.Шаймерденова, Г.Әлкеева, Г.Оңғарова, Б.Тұрсынова, М.Көпеева, Ш.Айыпбаева, Г.Сүлеева, Ш.Сұлтанаева есімді мұғалімдер Мәшһүр Жүсіптің әдеби мұрасын көпшілікке таныту бағытында тер төгуде.

Мұражай ашылғаннан кейін де шәкірттердің жетістіктері толастаған емес. Ақбота Болатбек, Ғалия Жүнісова, Самал Бектұрғанова, Әйгерім Кеңес, Айжан Мұңсызовалар ұстаз үмітін ақтап, әртүрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Енді, мұражайдың бүгінгі кескін-келбетіне тоқталсақ. Мұнда жәдігерлер мен ғұлама ғалымның еңбектері сөрелерге бір-бірімен үйлестіріле орналастырылған. Кірген бетте мектеп оқушылары мен мұражайдың жетекшісі Бақытгүл Тұрсынова қарсы алып, меймандарды жерлесіміздің «Өзін-өзі таныстыру» термесін тыңдату арқылы Мәшһүр Жүсіп әлеміне жетелей жөнеледі. Содан кейін жеткіншектер ұлы бабаның өмірі мен шығармашылығы жайында кең мағлұмат ұсынып, ғалымның талай жылдар бойы солақай саясаттың кесірінен тұншықтырылған мол мұрасын алдыңызға жайып салады.

Бақытгүл Әділханқызының айтуынша, мұражай төрт бағытта жұмыс істейді. Атап өтер болсақ, олар – өлкетану, этнографиялық, шығармашылық, ғылыми-зерттеу. Сондықтан да, мұнда ғалымның жеке заттары мен еңбектерінен бөлек, өңіріміздің табиғаты мен көрікті мекендерінің майлы бояумен кенепке түсірілген суреттері қойылған. Олар - мектеп түлегінің туындылары.

Сонымен, мұражайдың «Туған өлке келбеті» алғашқы бөлімінде облыс орталығының әсем ғимараттарының суреті, әсіресе, мәдени ошақтардың бейнесі алыстан менмұндалап тұр. Солардың арасында Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің көрінісі ерекше көз тартады. Келбетті де келісті, керім қала көркіне шаһарды бойлай аққан ерке Ертіс ерекше әр беріп тұр. Бұл әсемдікті Баянауылдың сұлу табиғаты сабақтай түседі. Баянауылдағы Ұлттық саябақтың бар байлығы, өсімдіктер мен жануарлар әлемі де осы бөлімде көрініс тапқан.

Келесіде 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бой көтерген Мәшһүр Жүсіп кесенесінің сұлбасы майлы бояумен қаз-қалпында бейнеленген. 14 метрлік кешеннің маңындағы қасиетті бұлақ пен тілек ағашын да, кесенеге апаратын 75 баспалдақты да ұмыт қалдырмапты шәкірттер. Сол баспалдақтың екі жағына қашалып жазылған ақынның өлеңдерінің макетін де нобайына келтіре суретке түсіріпті.

Ал «Керекудің қайталанбас тұлғалары» атты бөлімге көшсек, мұндағы сөрелерден атақты жерлестеріміз Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Қ.Бекқожин және тағы басқалардың фотосуреттері мен қысқаша өмірбаянын көресіз.

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың Бұхара қаласында білім алған кезінде пайдаланған жеке заттары мұражайдың сәні десек болады. Атап өтер болсақ, олар - үнді құмырасы, үстел сағаты. Бұл заттарды мектепте талай жыл қызмет еткен, мұражайдың ашылуына атсалысқан ұстаз Қаламқас Шөлбаева Бұхара қаласынан арнайы әкеліпті. Аталмыш бөлімде кенепке майлы бояумен салынған ғұлама ғалымның мүсіні, Құранның екінші томы, сондай-ақ, бірқатар қолжазбаларының көшірмелері қойылыпты. Ақынның көзі тірісінде Қазан қаласында Құсайыновтар баспаханасында жарық көрген «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты үш кітабы да осында тұр.

Облыстық, қалалық Мәшһүр Жүсіп оқуларында жүлделі орындарға ие болған мектеп оқушыларының марапаттары да жеке бір орынға топтастырылыпты. Одан кейін қазақтың ұлттық киімдері мен тұрмыстық заттары, музыкалық аспаптары жиналған киіз үйге енесіз...

Міне, атақты жерлесіміздің жүріп өткен жолы, соңына қалдырған ғибратты мұрасы, өлке тарихы, ұлттық мәдениет бір арнаға тоғысқан мұражай кім-кімге де рухани күш берері сөзсіз. Бастысы, бұл орын оқушылардың тәлімді тәрбие алып, өткенге зейін салуына мол мүмкіндік беріп отыр. Айта кетейік, өткен жылы аталмыш мұражай облыстық мектептер мұражайлары арасындағы байқауда екінші орынды иеленген. Мектеп ұжымы болашақта мұндағы қорды толықтыра түсуді көздеп отыр. Бұйыртса, республикалық деңгейге жеткізбек ойда.

Білім мен тәрбие тоғысқанда...

Мұражайдың мәні мен сәні келіскен жәдігерлерін тамашалағаннан кейін білім ордасының жалпы тыныс-тіршілігімен танысуға бет алдық.

Мектеп директоры Дәулет Тайгулиннің мәліметі бойынша, бүгінде аталмыш мектепте 73 ұстаз тәлім беруде. Олардың 74 пайызы - бірінші және жоғары санатты педагогтар. Мұғалімдер жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан қалыс қалмайды. Мәселен, өткен оқу жылында 21 ұстаз осындай оқулардан өтіпті. Оның 13-і заманауи технологиялар бойынша білімін жетілдіруге қатысқан. Сонымен қатар, 11 мұғалім II мен III деңгей бойынша үш айлық курстан өткен.

-Біздің мектепте 2005 жылдан бері гимназия сыныптары ашылды. Бүгінде осындай 20 сынып бар. Сонымен қатар, биология, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс, ағылшын тілдері және Қазақстан тарихы пәндерінен тереңдетіле оқытылатын сыныптар құрылды. Жоғары сынып оқушылары қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағытында оқытылады. Жалпы, ұстаздар сапалы білім беруге күш салады. Оқушыларымыз интеллектуалдық марафондардан да, пәндік олимпиадалардан, спорттық жарыстардан құр қайтқан емес. Мұғалімдер де түрлі сайыстарда жүлделі орынға ие болды, - дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Раушан Қайсаринова.

Мектепте заманауи білім беруге жан-жақты жағдай жасалуда. Мәселен, биыл арнайы жабдықталған екі бірдей пәндік кабинет ашылды. Оған республикалық қазынадан қаржы бөлініпті. Бірі – химия кабинеті, екіншісі - қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті.

 -Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруда көрнекіліктің орны бөлек. Балаға ауызша түсіндіргеннен гөрі теорияны тәжірибемен ұштастыра үйретсеңіз, нәтижесі молынан болары анық. Жаңа тақырыпты игеруде оқушы көзбен көріп, оқығанын өзі тәжірибе жүзінде жасаса, білім оның жадында жақсы сақталады. Сондықтан, химия пәнінің жаңа кабинеті алдағы уақытта өз жемісін беретініне сенеміз, - дейді химия пәнінің мұғалімі Меруерт Жаңабаева.

Шырын АЙЫПБАЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 -Елбасы өскелең ұрпаққа үлкен үміт артып отыр. Ал олар ел сенімін ақтау үшін алдымен, сапалы білім алуы тиіс. Бұл орайда мемлекет тарапынан бар мүмкіндік жасалып отырғанын айтпасқа болмас. Мысалы, биыл мектебімізде ашылған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің арнайы кабинеті сабақтың сапасын арттыра түсері айқын. Себебі, мұнда сөрелерде тізіліп тұрған том-том кітаптар балалардың шығармашылығын шыңдауға жол ашады. Оқушылар оларды үйлеріне алып оқиды, яғни, тіл байлығын, ой өрісін кеңейтеді. Оқып қана қоймай, түрлі тақырыптар бойынша картотекалық жұмыстар атқарады. Жалпы, шәкірттерімізге қажеттінің барлығы бір жерге топтастырылғаны - өте ыңғайлы.

Мектептің ең кішкентай оқушылары білім алып жатқан бастауыш сыныптарда да қонақта болдық. Әсіресе, бізді 4 «ә»-сыныбының балғындары асыға күтіпті. Сауалдарын қойып, журналистік мамандықтың қыр-сырын білуге ынта білдірді. Тіпті, тырнақалды әңгімелерін бірінен соң бірі таласа оқып, талаптарын көрсетті. Аружан Темірболатова, Мерей Қайдар, Кәмила Баяхметова, Аружан Рахымбердина, Дильназ Бейсен және басқа балалар белсенділік танытты. Сынып жетекшісі Еркін Төкенқызының айтуынша, балалар шағын әңгіме жазуға құштар. «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасын үзбей оқиды екен. Алдағы уақытта шығармашылық жұмыстарын жолдап тұратындарын жеткізді кішкентай оқырмандарымыз.

Жалпы, бұл мектепте шәкірттерге сапалы білім берумен қатар, әр оқушының қарым-қабілетін дамытуға, бойларына ұлттық тәрбиені сіңіруге айрықша көңіл бөлінеді. Әркім өзінің қалауынша, домбыра үйірмесіне, шағын қуыршақтар театрына немесе «Қалқан» патриоттық клубына жазыла алады. Яғни, сабақтан тыс уақытта балалардың пайдалы іспен айналысуына, тәлімді тәрбие алуына зор мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 52 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оларға бар жайлылық жасалған.

Мектептің «Үкілі үміт» деген газеті тағы бар. Шағын басылым 2009 жылдан бері екі айда бір рет жарық көріп тұрады. Мұнда мектеп өмірі, оқушылардың шығармашылығы жарияланады. Ал бір беті тұрақты түрде «Мәшһүртануға» арналыпты. Яғни, ақынның ұлағатты сөздері, ұрпағына аманат еткен мол мұрасы бүгінгі ұландарға таныстырылуда.

Мәшһүр бабамыз араб, парсы тілдерімен қоса тағы бірқатар шет тілдерін еркін меңгерген. Міне, бүгінге қасиетті тұлғадан үлгі алған саналы ұрпағы көптілділікке бет бұруда. Мысалы, мұндағы екі сыныпта сабақ үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) оқытылады. «Мәшһүртану» курсы да мұнда үш тілде жүргізіледі.

Мектеп басшысы Дәулет Амангелдіұлы білім ордасының материалдық-техникалық базасына билік тарапынан көп көмек көрсетіліп отырғанын атап өтті. Ғимарат заман талабына сай жөндеуден өткен. Келесі жылы мектептің қоршауын толығымен ауыстыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Сонымен қатар, биыл білім ошағына жалпы сомасы 1 млн. 200 мың теңгенің жаңа жиһазы сатып алынған. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылынан бастап оқушылар бірыңғай мектеп формасын киюге көшті.

Айтпақшы, мектеп ұжымы білім ошағына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілсе деген ниетте. Бұл өтініштері жайында облыс орталығының басшысына ұсыныс хат та жолдапты. Бұйыртса, келесі жолы барғанымызда маңдайшасында атақты жерлесіміздің есімі айшықталып тұруы бек мүмкін. Ал мұндай ғұлама ғалымның есімін алған мектептің шәкірттері де әрдайым алдыңғы қатардан көрінуге талпынары анық. Лайым, еліміздің зейінді ұрпағы көп болғай.

Гүлжайна Түгелбай

 Арнау

 Ата рухын мәңгі сыйлап өтеміз...

 Заманының жырын жырмен жалғаған,

 Мәшһүр ата кең әлемді шарлаған.

 Сарыарқаның талай жерін аралап,

 Өнер менен білімінен нәр алған.

 Мойымаған қиындыққа жасынан,

 Сан өткерген қуғын-сүргін басынан.

 Әділдік пен ақиқатты ту етіп,

 Қаламынан жыр-өрнегі тасыған.

 Мәшһүр ата – ішкі дүние рухы кең,

 Шығар сөзі түпсіз тұнық тереңнен.

 Мұңын мұңдап, жоғын жоқтап халқының,

 Хат алысқан ұлы хакім Абаймен.

 Ерте бастан дін жайында көп жазған,

 Ел тағдырын, болашағын болжаған.

 Ұрпағына баға жетпес сый болып,

 Өнегелі том-том болып, сөз қалған.

 Өсиетін үлгі-өнеге етеміз,

 Ата рухын мәңгі сыйлап өтеміз.

 Өлеңімен сусындаған жас ұрпақ

 Қанат қағып, шыңнан шыңға жетеміз.

 Айгүл Төлеутай, 10-сынып оқушысы.

Мәшһүр  бабам

 Білім іздеп төрткүл дүние шарлаған,

 Әулиелікпен келешекті болжаған.

 Мәшһүр бабам - ақын, ғалым, зерттеуші

 Адамдықты жырларында толғаған.

 Пәлсапалық, діни ойлар тербеген,

 Халқы үшін тер төгеді ер деген.

 Заманында көп көрсе де қудалау

 Надандыққа, азғындыққа ермеген.

 Тарихшы да, этнограф та бір өзі,

 Халық ауыз әдебиетінің көзі.

 Үлгі-өнеге, ақыл-нақыл сөздерін,

 Оқыр бір күн барлық халық, жер жүзі.

 Жыр нәрімен сусындаған баламыз,

 Ұрпағымын Ұлы халық дананың.

 Оқып, жаттап, көңіліне тоқып ап,

 Ғибратын насихаттап жырлармын.

 Ұлы сөзбен келер ұрпақ жетілер,

 Ұқпағандар сөз қадірін кетірер.

 Құлақ салып, тәлім алса әр сөзден,

 Жақсы сөзбен адам жаны серпілер.

 Мирас бізге - ақын жыры, мол мұра,

 Мәшһүр атын шығарамыз оздыра.

 Ел тарихын, сөз қадірін білмесек,

 Халқымыздың болашағы оңа ма?!

Ақжол Тынымхан, 10-сынып оқушысы

Дерек көз: saryarka-samaly.kz