«Хакасия мен Алтайдың петроглифтеріндегі түркі іздері» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты
09.10.2013 1454
Бүгін «Қазмедиа орталығында» Хакасия мен Алтайдың петроглифтеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Бүгін «Қазмедиа орталығында» Хакасия мен Алтайдың петроглифтеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына Хакасия Республикасының өкілі Сергей Нарылков, Таулы Алтай Республикасының өкілі Елена Назаренко, «Россотрудничество» мекемесінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Виктор Шулика, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті тарих, археология және этнография факультетінің ғылыми қызметкері Ахметжан Қалиолла, «Шежіре» Қазіргі заман өнері галереясының директоры Роза Жүсіпова, сондай-ақ Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының профессоры Зейнолла Самашев қатысты.

Хакасия мен Алтай мұраларының бірегей көрінісі – көне көркем өнер.

Ғалымдар бірнеше онжылдық бойы шешуін таба алмай келе жатқан жартастағы суреттер ерекше орындалу үлгісімен тәнті етіп, берілген бейнелер жұмбағымен арбап, таңбалардың, композиция белгілерінің күрделігі мен әрі түркі руна жазбаларының сырымен таң қалдырады.

Түркітанушы, профессор, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының айтуынша көрмеге қойылған эстампаждар – тасқа салынған суреттердің көшірмесі бірнеше тарихи дәуірден сыр шертеді «Түрік халқының тас бетіндегі сызба өнері біздің жыл санауымыздан бұрын қырық мың жыл бұрын басталған. Бұл жөнінде орыстың атақты академигі Алексей Окладников дәлелдеп кеткен. Тас бетіндегі суреттер қазір Хакасияда, Оңтүстік Сібір, Моңғолия және Алтайда көп сақталып отыр. Сонау кезеңде адамзат өзінің мәдениетін, ой-арманын, іс-әрекетін сурет арқылы тастап кетті. Тас бетіндегі суреттер арқылы сол кездегі адамдардың шаруашылығын, оны басқару ерекшелігін, олардың арманын, шеберлігін түсіне аламыз. Сол кездегі климат қандай болды, қандай тамақ жеді, қандай шаруашылықпен айналасты деген тәрізді дүниелерді де біле аламыз. Таңбалар, графикалар артынан жазуға айналды. Бесінші-алтыншы ғасырдан бастап жазудың ережесі пайда болды», - деп мәлім етті профессор Қаржаубай Сартқожаұлы.

 Ұйымдастырушылардың мәлімдеуі бойынша, Хакасияның археологиялық кешенінің эстампаждар көрмесінде неолит, қола және темір дәуірлерінен және енисей қырғыздары мемлекетінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезең көрініс тапқан. Көрменің бірегей топтамасы құрамына Хакас-Минусин ойпатындағы көне жартас өнерінің анағұрым алып ескерткіштері – Седловина, Тепсей, Суханиха, Оглахты, Шалаболин және Бояр таулары петроглифтері, Үлкен және Кіші жазба, оба тастары және окунев пен тагар (сақ) дәуірі мүсіндерінің эстамп көшірмелері кіреді.

«Хакасия және Алтай жартас өнері» көрмесінде физика-математика ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы, тарихшы Сергей Нарылков бірегей экспонаттарды жұртшылық назарына ұсынбақшы. 

«Қазақстанда жартасқа жазу өнерін дәріптеу жоғары деңгейде жүргізіледі. Мұнда альбомдар шығарылады, көрмелер өткізіледі, ал ең таңғалдыратыны – монеталар соғылады. Менің ғаламтордан оқып-көргенім, Қазақстанда соғылған номиналы 500 теңгелік 10 коллекциялық күміс монетада Тамғалы шатқалындағы белгілі петроглифтер салынған. Бұл әлемге белгілі шатқалды ЮНЕСКО бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізді», - деді Сергей Нарылков.

«Хакасия және Алтай жартас өнері» көрмесі бүгін Ресей ғылым және мәдени орталығында ашылады және ол отызыншы қазанға дейін жалғасады.