Қажымұқанға жасалған қастандық
07.04.2020 2030
1938 жылы жазға салым Тәжікстандағы бүкіл қазаққа Қажымұқан палуан келе жатыр деген хабар тарады. Қазақ атаулы түгел құлақтанып, тәжіктерге өздерінің кім екенін білдіретін мүмкіндік туғанына қуанды.

Жалпы, Тәжікстан кеңес өкіметі кеш орнаған республика болатын. Алыс таулы аудандарда кеңестік тәртіпті мойындамау, бағынбау, басмашылық, қарақшылық қырқыншы жылдарға дейін созылды. Сондықтан ба екен, айналада кімнің дос, кімнің жау екенін ажырату оңай емес-тін. Бірақ тәжіктердің көбі кіммен болса да ортақ тіл табысып, қазақтарға жақсы қарады. Өз басым әке-шешемді қалтқысыз құрметтеген талай тәжікті білемін.

Көп кешікпей зарыға күткен цирк те келіп, (біздің үйге жақын жердегі) базар алаңына шатыр тікті. Шағын вагондар қатарласа тізіліп, үйретіл­ген жануарларға (ат, түйе, аю, ешкі, ит) ашық қо­ра­лар жасалды. Тәжіктер музыкаға бейім, өнерлі, би десе кәрі демей, жас демей «жанып» кетеді. Цирк келді дегенде, ойын болатын күнге дейін ертелі-кеш кернейлетіп, сырнайлатып, ән шыр­қап, би билеген тәжігі, қазағы, өзбегі аралас ха­лық қуанышында шек болмады.

Цирк ашылатын күні де солай болды. Бір кезде «ойын басталады» деген дауыс естілді. Жұрт тынышталды, ойын өтетін алаң мұқият тазартылды. Музыка ойнап, цирк алаңына оң қолын жоғары көтерген Қажымұқан шықты. Үстін­де спорт кәстөмі. Ары-бері асықпай жүріп, жұртқа тағзым етті. Жаршы оның кім екенін, атақ-дәре­же­сін жариялап болысымен: «Ал іштеріңізде дү­ние­жүзіне бел­гілі пал­уан­мен күш сынасам дей­тіндер бар ма, бар болса, ортаға шық­сын!» – деп хабарлады. Сәлден соң ұлты белгісіз, бірақ, мұсыл­ман­ша киінген біреу, одан кейін нақ сон­дай тағы біреу, тағы, тағы­лар шығып жатты. Қажы­мұқанға шақ келген ешқай­сысы жоқ, әрине. Бәрі­нің жауырыны жер иіскеді (ол­ар­дың алдын ала дайын­далған цирк­тің өз адамдары екенін кейін білдік).

Палуандар күресінен кейін алаңға өзге әртіс­тер шықты: гимнастикашылар, жонглерлер, үй­ре­тілген жануарлар дегендей. Әсіресе, масқара­паздар­дың (клоун) өнеріне тәнті боп, тө­бе­лері көкке жеткендердің екі езу­лері құла­ғында.
Үзілістен кейін алаңға қайта шыққан Қажы­мұқан біресе білектей темірді доғадай иіп, біресе екі пұттық тасты басынан айналдыра оңды-солды үйіріп, бұлшық еттерін ойнатып, талай тама­шаға кенелтті. Онан соң бірнеше әртіс – бірі Қажымұқан­ның арқасына, бірі төсіне, бірі иы­ғына жабыла мініп, аяғы ғана көрінген батыр алаңды айнала жүріп өтті.

Ең соңында алаңға қалың етіп ағаш үгіндісі төгілді. Оған Қажымұқан арқасымен жатып, тұла бойын көмкере тақтайлар мен тіреуіштер қо­йыл­ды. Бұл батырдың бүгінгі соңғы «өнері». Қазір кузовына адам толы полуторка машина палуан­ның үстімен жүріп өтеді. Жұрт у-шу. Кейбіреулер көруге бата алмай, көздерін қолымен жабады. Кенет кернейдің даусы естілісімен, машина қас қаққанша палуанның үсті­мен өте шықты да, алаңның қарсы бетіне барып тоқ­тады. Демдерін ішінен алған көрермендер палуан аман ба, жоқ па, біле алмай дал.

О, ғажап! Төрт адам көтеріп әкелген тақтай­лар мен тіреуіштерді жан-жаққа сарт-cұрт лақты­рып, астынан Қажымұқан атып тұрды. Дін аман. Кө­ре­рмендер ышқына ай­қай­лап, көздеріне жас ал­ғандар, теріс айналғандар қан­шама. Кер­ней-сырнайдың үні құлақты жарып барады. Қатты қорыққан мен бақырып жылап жібердім. Жанымда отырған Шынар әжем беті­ме мұздай су бүркіп, есімді жиғызды.
Ойыннан кейін бүкіл қазақ цирк алаңына жақын жер­дегі біздің үйге жиналып, әне-міне де­генше бір баспақ, бір қойдың еті қазанға салынды. Үлкен бөлмеге мол дастарқан жайылды. Мені орталарына алған әкем, тағы бірнеше жасы үлкен ақ­сақал палуанды дәмге шақыруға бар­дық. Суға шайынып, киімін ауыстыр­ған палуан иығына қазақы жібек шапанын жауып, басына тақиясын, аяғына жылы шұлық киіп, ағаш скамейкада демалып отыр екен. Бізді көріп жылы жымиды да, үлкендермен жеке-жеке қол беріп амандасты. Мені жерден іліп алып жоғары көтерді де, маңда­йым­нан бір сипап, төмен түсірді. «Үйлеріңнің жа­қын­дығы жақсы екен, машинадан жа­лықтым», – деп баруға келісім берді. «Барша әртісті ертпей­сіз бе?» – деген әкеме: «Қа­же­ті жоқ, олар ертеңге дайындалады», – деп жалғыз жүрді.

Үйге келдік. Қора толған қазақтар екі жарылып, палуан ортада келеді. Есік алдында қо­лын жуып, кең бөлмеге кірдік. Қадірлі адамдар осын­да, орын жетпегендер көрші бөлмеге отырды.
Бір таңғалғаным, батыр тамақты аз жеді. Бас­тан ауыз тиген соң, бір құлағын маған кесіп беріп, жамбастың еті­нен бір кесіп аузына салды да, екеуін де қасындағы ақса­қал­ға ұсынды. Ол да солай жасап, палуанның сар­қыты бүкіл үйді аралап шық­ты. Дәу табақ еттен де ман­ды­тып дәм тат­қан жоқ. Дабыр-дұбыр, ле­пір­ме сөз, ән, күй болмай, палуанның әңгі­месі тың­дал­ды. (Алдын ала да­йын­далған) ішімдік бөтелке­лері ашылмады. Қажы­мұқан «ке­регі жоқ» деген соң тентек судан ұрт­тауға басқалар да бата алмады. Әкем үй иесі ретінде дас­тар­қан басын­дағыларды пал­уанға кезек-кезек таныстырып, көрші бөлмедегі­лер де естісін деп, қат­тырақ сөйлеп отырды. Әкемнің Қажымұ­қан­мен бұ­рын­нан таныс екені де аңға­рылмай қалған жоқ. Қонақ­тардың қан­ша отырға­нын білмеймін, ұйықтап кетіппін.

Ертеңіне болатын ойынға мені апарған жоқ. Ойын болды ма, жоқ па, оны да біл­мей­мін. Цирк­тің қанша күн өнер көрсет­кені де жадымда жоқ. Бірақ цирк жабылар қар­саңдағы көрі­ніс есім­де. Әдет­тегі ойын бітіп, палуанның үс­тінен машина өте­тін кез жеткенде бұ­рын­ғыдай емес, ештеңе болмайтынын біліп жай­ба­рақат отыр­ған жұрт кенет жай түскендей улап-шулап, дүр­лікті де кетті. Палуанға қалқан болған «көпір­дің» кілт шөгіп, төмен түсуіне сол да жеткілікті еді. Кузовтағы адамдар дереу секіріп-секіріп түсіп, оларға кө­рермендер қосы­лып, алаңға ұм­тыл­ды. Бұл екі арада «көпір» астынан өңі боп-боз боп, азар көте­рілген Қажы­мұқан маши­на­ның жанына тәлтірек­теп барды да, шоферді тік көте­ріп алып, дөң­гелектің астына атып ұрды. Арғы жағын ашу-ызасы тасып-төгіл­ген көп­шіліктің өзі «тындырып», жүр­гі­зушіні жаһан­намға аттандыра салды.

Бірнеше адам Қа­жы­мұқанды зем­білге салып, алаңнан алып бара жатты...
Содан бастап «палуан сахнаның сыртында жан тәсілім етіп­ті», «шо­фердің өлі­мі үшін тұтқынға алыныпты», «түн жарымда әлдебі­реулер тауға қа­шы­рып жібе­ріпті» дегендей бі­рі­нен-бірі өте­тін небір қорқы­нышты өсек-аяң гулеп берсін. Ал Қажы­мұ­қан­ның сол жоқтан жоқ болып, суға бат­қан­дай із-түз­сіз кетке­ні анықтын.

Осы оқиғадан кейін барша қазақтың еңсесі түсіп, жабыр­қап, жасып жүрді. Әкем де үй­ден шық­пай, ма­ши­наның арт­қы дөңгелектері мен моторын алып тастап, күні бойы соларды шұқы­лай­ды да отырады. Мені ешқайда жі­бер­мейді. Гу­ма­нитар­лық көмектер сап тиыл­ды. Анда-сан­да ұсқынсыз бі­реу­лер әкем­нің жанына кеп, тұ­рып-­тұрып қай­тып кетеді.
Үш дөңгелекті ве­ло­си­пе­дім бар еді, соны мен де күні­не бір­неше рет бұзып, бір­не­ше рет жөн­деймін. Одан жалық­сам, үл­кен бөл­меге кіріп, төрге жи­нал­ған төсекті бұ­зып ойнаймын. Бұрын көрпе, көрпе­шелер сан­дық­тың үстінде тұратын еді. Неге екенін қай­дам, қазір сан­дықтың орнында сырты киіз­бен оралған – шөккен түйе­дей – бума тұра­ды. Өзі тым үлкен, биік. Көрпе, көр­пеше­лер соның үстінде. Көр­пе­лерді еденге құ­латқан соң, бума­ның үстіне әрең шығып, төмен­ге қар­ғимын. Мүмкін­дігінше алыс­қа секі­руге тырысамын. Кейде әлгі бума мені өз-өзі­нен лақты­рып жібер­ген­дей болады. Бұға­нам сына жаздайды.

Бір жолы түн жарымда оянып кеттім. Ұйқым қашып, әлде­неге елегзи­мін. Жанымда әкем де, шешем де жоқ. Бүйір­дегі бөлмеден болар-болмас жа­рық байқала­ды. Жақын барып қа­ра­сам, есік пен төрдей жерде спорт кәстөмін киген таудай адам созылып жатыр да, әкем оның аяғын уқалап, шешем үлкен кесеге құйған шайды тең­селте шайқап отыр. Мені байқаған жоқ. Таудай адам бірінші байқап, түре­геп отырды да: «Бүгін арқам­ды уқа­лаудың керегі жоқ, оны мана күн­діз мына бала тындырды», – деп күлді әке­ме қарап. Таудай адам Қажымұқан еді. Қор­қып кетіп, анамның артына тығыл­дым. Тау­дай адам қасына шақырып, тізесіне отыр­ғызды, басымнан сипады. Ешкім үндемейді, мен ұялғаннан төмен қараймын.

Анам шамды сөндіріп, тез жаттық. Ертеңіне ұйқыдан оянысыммен әкем ешкімге ештеңе айтпауымды ескертті. Өзі кешке қарай машинаны апыл-құпыл жөндеді де (машина бұған дейін де бабында болса керек), қараңғы түсісі­мен Қажымұ­қан­ды кузов­тың түбі­не жат­қызды. Үстіне азық-түлік салған қап, қор­жын, басқа да бір­де­ңелер тиеп, кабинада жапа­дан-жал­ғыз әлде­қай­да түнде­летіп жүріп кетті. Бір­неше күннен ке­йін үйге оралды. Әкем­­нің аман-есен кел­геніне, Қажы­мұқан­ның қа­уіп-қа­тер­ден құтыл­ғаны­на шү­кірлік ет­тік.

Осыдан кейін, не­ге екенін қайдам, қа­ла­дағы үйді тастап, қазақтар тұратын «Орд­жо­никидзе» колхозына көшіп бардық. Неміс колонис­тері­нен қалған – едені це­мент – аңыраған суық үйге орналас­тық. Әкем Орзоб ГЭС-іне механик боп кірді. Ол жерде суық тиіп сырқаттанған соң, колхоз бастығына жұмысқа жарамсыз екі жүк машинасынан бір машина құрастырайын деп өтініш айтты. Бастық қарсы болған жоқ. Бұған кемі бір-бір жарым ай уақыт керек екен. Сондықтан әкем анам мен мені пойызға отырғызып, Ташкенттің маңындағы туған жері – Жаңажол ауданына жіберді. Онда туған-туыстарды армансыз аралап, бір айдан кейін Сталинабадқа аттану үшін Кауфманская стансасына бардық. Жанымызда – бізді шығарып салуға келген анамның шешесі Бусара мен туған інісі Қуанышбек нағашым. Майда-шүйдені айтпаған­да, іші сәлем-сауқатқа лық толы екі бума жүгіміз бар. Екеуі де зілдей ауыр. Бұл жерге пойыз кейде бес минут тоқтайды, кейде тоқ­тамай, баяу жүріс­пен өте шығады екен. Үлгерсең міндің, үлгермесең қалдың. Билет қолда болса да, көңіл алаң. Залда бізден басқа адам жоқ.

Кенет есік жақтан аяғына саптама етік, бұтына галифе шалбар, үстіне сырма көйлек киіп, белін жалпақ белдікпен буған зор денелі адам алақ-жұлақ етіп кіріп келе жатты. Залды көзімен шолып, бізді көрісімен, ентелей жүгірді. 

Жүрісі ширақ, жеңіл. Қажымұқан екен. Аяқ астынан мәре-сәре болдық та қалдық. Қуанышбек нағашым перронға шығып кетті. Қажы­мұқан анамның жанына отырып, бірдеңе­лерді айтып жатты. Мен оның тізесіне шықтым да, жырық-жырық құлақ­тарының біріне азар ілініп тұрған оймақтай қызыл етті жайлап ұстап көрдім. Басын қозғаған сайын оймақтай ет діріл қағып қозға­лады. Дүрдиген үлкен мұрны да түртіп қалсаң, түсіп қалатындай көрінеді.

Кенет есіктен көрінген Қуанышбек наға­шым: «Пойыз келе жатыр, тоқта­майды екен!» – деп дауыстады. Асығып-аптығып сыртқа ұмтылдық. Екі буманы екі қолына ұстаған Қажымұқан перронға шыққан соң бірін әжеме, бірін нағашыма ұстата сап, пойызды күттік. Пойыз таяй бергенде алдымен вагон ішіне мені доптай атып жіберді. Ізінше анамның мінуіне көмек­тесті. Онан соң орғып барып, пойыз жүрі­сіне ілесе алмай, кейін қала берген наға­шым мен әжемнің қолындағы екі бума жүк пен жеңілдеу заттарды әкеп алдымызға тастады да: «Қош бол! Әбдірахманға сәлем айт!» – деп ай­қайлады. Даусы тарғыл­данып, құмығып шық­ты. Көзінен жас ыршып кеткендей көрінді маған.

Бізді шығарып салған адамның кім екенін білген пойыздың жолсеріктері мен былайғы жолаушылар анам екеумізге елден-ерек ілтипат білдіріп, Сталинабадқа жеткенше қас-қабағы­мызға қарап барды.
Пойызға отырған соң анам мені көпке дейін сөйлетпей, ананы-мынаны айтып қақпайлай берді. Тек Сырдариядан өткенде ғана шешіліп, Қажымұқанның құлақтары неге жырым-жырым дегеніме, ол жапон палуанының ісі деді. Онан соң кілемге үсті-басына сабын жағып шыққан судан­дық зәңгінің аузына шеңгелін салып, бас терісін сыпырып алғаны жайлы айтты. Бәрін білуге құмартқан мен:
– Сталинабадта оны не үшін өлтірмек болды? – дедім анама.
Барлығын да бұрыннан жақсы білетін анам:
– Ол жергілікті НКВД адамдарының ісі. Қажымұқанды жапон тыңшысы деп көзін жойып, біреулерге жағынғылары келген болса керек. Бірдеңе десе, машина астына түсіп өлген өзі дей салу түк емес. Алайда арам ойлары іске аспай, өздері ит болды. Сол қарғыс атқан күні батырды жаншып өлтіргісі келген шоферге алдымен кузовтан секіріп-секіріп түскен – көбі қазақ – адамдар жол бермей, палуанды аман сақтап қалды. Жауыздардың ызаланған адамдар қастандық жасаушы, әрі бірден-бір куәгер шоферді сол замат жоқ қылады деген болжамдары дәл келді. Қастандық ұйымдастыру­шылардың Қажымұқан машина астында жазым болмаған жағдайда жаппай тәртіпсіздік белең алып, ызғын-шу үстінде батырды байқатпай атып тастай саламыз деген пасық ниеттері орындалмады. Есесіне, ашулы халық сүйікті палуанын іздеп, түні бойы жер-жердің бәрін шарлады, цирк вагондары мен базар­дағы қойма, дүкендерді қиратып, тас-тал­қанын шығарды, жойды, бүлдірді. Бірақ батырды олар да, қаскүнемдер де таба алмады.

Қастандық жасалған кештегі апақ-сапақ ке­зінде Қажымұқанды әлдебір сенімді адамдар көр­ші үйдің қорасы арқылы біздің үйге әкеліп жасырып, өздері «палуан қашып кетті» деген лақап таратып жібереді. Тіпті «Амудария арқылы өз қо­лымызбен Ауғанстанға шығарып салдық» деуші (аты бар, заты жоқ) адамдар да табылып жатты.

Қажымұқан дүрбелең біткенше біздің үйде жатты. У-шу саябырлаған соң әкем Денау, Сұр­хандария (Жиделібайсын), Қашқадария арқылы палуанды Самарқан жақтағы Жизақ өлкесіне апарып, сондағы азуы алты қарыс қыпшақ ағайын­дарының қолына тапсырады. Ол­ардың бас көте­рер азаматтары тез­де­тіп Ташкент арқылы Мәс­кеумен байланысады. Ондағылар Қажы­мұ­қан­ға ешкім тиіспесін деп Жарлық берген соң ғана палуан еркіндікке шығып, Ташкент маңа­йын­дағы ел-жұртты аралайды, қонақ болады. Сонда анам екеу­міздің келгенімізді естіп, бізді іздеп табады.

Қажымұқанға Сталинабадта жасалған қас­тандық сыры осындай. Ол туралы әлі күнге дейін айтылған-жазылған ештеңе біл­меймін. Анам марқұм Мұратқан Тәнекеев деген кісі Қажымұқан туралы кітап жазарда Алматыдан әдейі іздеп келіп, біраз мағлұмат алды деуші еді. Кейін кітабы шыққанда жөнді ештеңе кездестіре алмадық. Себебін білмеймін. Не анам толық айтпады, не цензура жібермеді, бірдеңе деу қиын. Жалпы, Қажымұқан жөнінде дерек-мәліметтер жұтаң. Айтылатын сөздер бір-бірінен алыс емес, егіздің сыңарындай ұқсас. 51 медалінің бәрін сатып жіберді немесе жоғалып кетті дегенге кім иланады? Жұмбақ. Олардың бәрін жіктеп-саралау менің міндетіме жатпайды. Бұл жерде жетпегенді жеткізіп, толмағанды толтыра қояйын дейтін де ниетім жоқ. Көзім көріп, куә болған, өзім білетін нәрсені ғана ортаға салғанды жөн көрдім. Ішімде кетпесін, жұртшылық біле жүрсін деп...
 

Абай ТҰРСЫНОВ, техника ғылымының докторы, профессор

Профессор Ә.Қоңыратбаевтың дерегі бойынша Қажымұқан балуанның 75 жасындағы 
дене құрылымының өлшемі:


1. Салмағы – 174 kg
2. Бойы – 195 см
3. Кеудесінің аумағы – 146 см
4. Балтырының аумағы – 49 см
5. Мойнының жуандығы – 56 см
6. Бас аумағы – 65 см
7. Ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см
8. Ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см
9. Үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см
10. Аяқкиімі – 54 өлшем

jasqazaq.kz