Өзінің демократиялық құқықтарын қорғау үшін 1986 жылдың 16 желтоқсаны Қазақстан жастары алаңға шықты. Алайда советтік басшылық диалогқа бармай, күш қолданып, жаныштауды бастап кетті
Студенттерге қарсы жасалған бұл қылмыс советтік тоталитарлық режимге қара күйе болып жағылды. Қазақ жастарының ерлігі бүкіл Совет Одағы бойынша демократиялық бас көтерулерге үлгі болды. Солардың бірі 1989 жылы 9 сәуірде Тбилисиде өтті.
Осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылғы 9 сәуірдбе Тбилисидегі оқиғалар өткен советтік тарихтың қаралы беттерінің бірі болды. Грузиядағы ұлттық қозғалыс советтік әскерлермен аяусыз басып жаншылды. Грузин қоғамының ұлттық тәуелсіздік, грузин мемлекеттілігін қалпына келтіру идеясы айналасында шоғырлану үрдісі 9 сәуір оқиғаларынан басталды.
Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зураб АБАШИДЗЕ «Қазақстан тарихы» порталына эксклюзивті сұхбат берді.
– Менің Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қазақстандық бауырларымызбен сөйлесуге мүмкіндігім бар. Біздің ортақ дүниеміздің көптігін үнемі айтып тұрамыз. Біз жетпіс жыл бойы бір мемлекетте, Совет Одағында, өмір сүрдік, орыс тілі біз үшін ортақ тіл болды. Бұл біздің өткен байлығымыз деп санаймын. Әрине, біз өткенімізді бағалаймыз, бірақ мен үшін бастысы – бүгінгі күн.
Қазақстан мен Грузия – өзінің саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени қатынастарын егемендік пен территориалдық тұтастығына құрмет көрсету позициясынан құрып отырған екі тәуелсіз мемлекет. Біз, тәуелсіздік жылдарында өзара тиімді, ынтымақтас қарым-қатынастар құрған, сол қатынастарымыз күннен күнге дамыған үстіне дамып жатқан, тәуелсіз қос мемлекетпіз.
– Осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылғы 9 сәуірдбе Тбилисидегі оқиғалар өткен советтік тарихтың қаралы беттерінің бірі болды. Грузиядағы ұлттық қозғалыс советтік әскерлермен аяусыз басып жаншылды. Тәуелсіздік үшін күрестің қалай басталғанынан бастасақ.
– Сол кездегі оқиғалардың тарихы бүгінгі Грузия үшін өте маңызды. Грузия – өте кішкентай, бірақ өте намысқой ел.Бізде Грузияның тәуелсіз мемлекет болуы керектігіне сенген адамдар әрқашан болған. Өткен ғасырдың 80-нші жылдарының аяғында Грузия тәуелсіздігі үшін белсенді қозғалыстар басталды. 9 сәуірде біз қайғылы оқиғалардың отыз жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде Грузия өз тәуелсіздігінің тарихында ең ұзақ жол жүріп өтті. 1989 жылғы 18 сәуірде сол кезде Грузияның құрамында болған Абхазия Грузияның құрамынан шығуға талабын білдіріп ССРО басқарушы органдарына Үндеу жариялады. Абхазияның Грузин ССР-і құрамынан шығуын қолдаған баскөтерулер басталды. 1989 жылдың сәуірінде Тбилисиде Тбилиси Мемлекеттік университетінің студенттері Грузияның Совет Одағы құрамынан шығуы туралы талаптарымен шықты. бұл оқиғалар резонанс тудырып, көптеген азаматтар саяси шеруге қатысты. Бұған жауап ретінде советтік басшылық әскер кіргізу туралы шешім қабылдайды. Грузин құқықорғау органдары шерушілерді қууға қатысудан бас тартады. Құрбандар көп болды: 1989 жылдың 9 сәуірінде 21 адам қаза тапты. Ішіндегі ең жасының жасы 16-ға енді толған еді.
1989 жылдың 9 сәуірінде жас студенттердің ұлттық рухты көтергендері соншалық, ол енді Грузияның тәуелсіздігі жолындағы нақты қозғалысқа айналды. Бұл грузин халқының ұлттық сана-сезімін нығайтты. Сол кезде бүкіл халық Грузияның Совет Одағынан тәуелсіз болуы керектігіне шын сенді. Біз бұл күндерді қатты құрметтейміз.
Осыдан кейін 1991 жылғы 31 наурызда Грузияда референдум өтіп онда жалғыз ғана сұрақ қойылды – «Сіздер 1918 жылғы 26 мамырдағы акт негізінде Грузия мемлекеттілігінің қалпына келтірілуіне келісесіз бе?»
Референдумға халықтың 90,5%-ы қатысты, олардың 99%-ы Грузияның тәуелсіздігінің қалпына келтірілуін қолдап дауыс берді. 1991 жылғы 9 сәуірде Грузия Жоғарғы Кеңесінің Грузияның мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы акт қабылдағаны тарихтан белгілі. Грузияның тұңғыш президенті Звиад Гамсахурдиа үлкен серпін беріп, Грузия тәуелсіздігі үшін қозғалыстың басты авторы әрі қатысушысы, ол мемлекеттік тәуелсіздіктің қалпына келтірілуіне өмірін арнады.
– Елінің болашағы үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалып, 21 адам қаза тапты. 1990 жылғы «қаралы қаңтар» оқиғаларынан кейін Әзірбайжанда қаза тапқандарға «шахид» құрметті атағы берілді. 1989 жылғы 9 сәуірдегі оқиғалар Грузия тарихында қандай бағаға ие болды?
– Бұл адамдардың есімі Грузия тарихында мәңгіге қалады. Ел тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін олар босқа құрбандыққа шалмады. Бұдан басқа, Грузия әлі күнге дейін өз тәуелсіздігі үшін күресіп келеді. 90-шы жылдардың басында Грузияда Абхазия мен оңтүстік Осетияда азаматтық соғыс басталғанын білесіздер. 2008 жылы соғыс жалғасын тауып, ресейлік әскерлер Абхазия мен Оңтүстік Осетия территориясына басып кіріп, олардың тәуелсіздігін мойындады. Тәуелсіздік үшін күрес жылдарында Грузия ұзақ әрі ауыр жолдан өтті. Біз мемлекетімізді құрғамыз әлі құрып келеміз. Біздің еліміз үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді – Грузия бизнес жүргізу, жемқорлықпен күрес, инвестиция климаты, еркін экономика және т.б. бойынша өңірдегі көшбасшылардың бірі. Бұл кішкентай және тәуелсіз Грузияның мықты жағы. Осындай жетістіктерінің арқасында Грузия көптеген елдердің инвестициясы үшін тартымды. Біз Еуроодақпен еркін сауда жүргіземіз. Грузия мен еуроодақтың арасындағы осыдан екі жыл бұрын енгізілген визасыз режимнің арқасында біздің азаматтарымыз шенген елдері аумағына визасыз еркін барып келе алады. Бір жағынан бізде Еуроодақтың әлемдегі ең ірі нарығына еркін қол жеткізе алсақ, екінші жағынан, бұрынғы кеңестік және ТМД елдерін айтпағанда, Қытаймен еркін сауда жасай аламыз. Соның ішінде Ресей Федерациясымен ашық сауда қатынастары орнатылған.
– Стратегиялық серіктестеріңіз туралы айтқан екенсіз, Грузияның Қазақстанмен сауда қарым-қатынасы қалай дамуда сол туралы айтып берсеңіз.
– Әңгімеміздің басында осы тәуелсіздік жылдары ішінде Грузия мен Қазақстан екі ел үшін де өзара тиімді әрі сенімді қарым-қатынастар орнатқанын атап өттім. Күн тәртібі бойынша бізде шешілмеген мәселе жоқ деп айтуға болады. Осы жылдың сәуір айының аяғында Грузин делегациясы Қазақстанға келеді, сапар аясында үкіметаралық сауда-экономикалық комиссияның оныншы отырысы өтеді, онда сауда ынтымақтастықтың жаңа жоспарларын бірлесе әзірлеп, жасаймыз.
Өткен жылдың көрсеткішіне келер болсақ, біздің сауда айналымы $150 миллионды құрады. Қазақстан үшін Грузия ең бір тартымды туризм бағыттарының бірі. Бұған Грузия мен Қазақстанды жалғастыратын тікелей рейстер қатты әсер етеді. Былтыр жаз уақытында Қазақстаннан Грузияға аптасына 18 рейс жасалыпты. Бұлар Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент және Қазақстанның басқа да қалаларынан ұшқан тікелей рейстер. Бұл өткен жылдың статистикалық мәліметтерімен салыстырғанда туризмнің 25 пайызға өсуі!
Қазақстан әрқашан Грузияға келетін елдердің үздік ондығында болған. Біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарымыздың нығаюына Қазақстанда грузин шараптары мен минералдық суларының аса танымалдығы әсер етті.
– Қазақстан Батуми портын 49 жылға жалға алғаны белгілі. Бұл жобада Қазақстанның рөлі қандай?
– Дәл солай. Егер біздің екіжақты қатынастарымызға көшер болсақ, 2005 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Грузияға жасаған ресми сапарын еске түсірген жөн. Осыдан кейін «ҚазМұнайГаз» МК Грузияның басты инвесторларының біріне айналды. Батуми теңіз порты стратегиялық нысаны Қазақстанның меншігі (49 жылға), Грузияда «Халық банк» және 170-ке жуық бірлескен қазақстандық-грузиндік кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
– Мәдени ынтымақтастық саласында қандай жетістіктерді айта аласыз?
– Мәдени қарым – қатынастардың бізді байланыстарып келе жатқанына бірнеше онжылдықтар болды. Грузиядан ансамбльдер, әншілер, бишілер келеді, Қазақстанда көптеген мәдени іс-шаралар өткізіп отырамыз. 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай Грузия президенті Георгий Маргвелашвилидің Қазақстанға жасаған сапары кезінде біз Грузияның Ұлттық күнін өткіздік, сондағы концертке белгілі грузиндік әншілер Нани Брегвадзе мен Тамара Гвардцители келді. 2018 жылы біз тәуелсіздігіміздің 100 жылдығын тойлаған кезде танымал грузин әншісі Нино Катамадзенің концерті болды.
Биыл Қазақстанға белгілі грузиндік фольклорлық ансамбль «СЭУ» келеді, оның концерті 12 сәуірде Нұр-Сұлтанда өтеді. Біздің екі жақты қатынастарымыз үшін аспаздық дәстүріміз де өте маңызды. Қазақстанда грузин тағамдарын жақсы көреді, бағалайды, бұл бізді шабыттандыра түседі, қарым-қатынастарымызды тек қана сауда-экономикалық бағытта ғана емес, сонымен қоса адами қатынастар тұрғысынан да дамытуға серпін береді. Қазақстан – РФ-тың сауда және стратегиялық серіктесі, ол Грузияның ажырамас бөлігі – Абхазия мен Оңтүстік Осетияны мойындамау саясатына сенеді.
Бұл саясатқа Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының қосқан үлесі – біздің қатынастарымызға қосқан ең басты үлесі, біз оны өте жоғары бағалаймыз. Біз Грузияның егемендігін және территориалдық тұтастығын ерекше баса айтатын Қазақстан басшылығына және Қазақстан Республикасының қазіргі Президентіне алғысымызды білдіреміз. Бұл біздің қарым-қатынасымыздағы ең маңызды мәселелердің бірі.
– Тарихқа оралсақ. Біздің халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынас тамыры өткен замандар тұңғиығынан басталады. Осыдан тура 900 жыл бұрын Давид IV патша селжүктерге қарсы күресу үшін Грузияға қыпшақтарды шақырады. Борчалыға 40 мың әскер келіп қоныстанады, яғни мамандардың есептеулері бойынша отбасыларымен бірге есептегенде барлығы 200 мың адам келеді. Давид IV Құрылысшы патша Артак ханның қызы Турандотқа үйленіп қыпшақтармен арадағы байланысты нығайта түсті ме?
– Шынында да, біздің елдеріміз арасындағы достық тамыры тарих қойнауына, сонау Давид IV Құрылысшы патша заманына кетеді. Қыпшақтардың басшысы Атрактың қызы Гурандухт Давид IV Құрылысшы патшаның әйелі болған. Селжүктердің Грузияға басып кіруінен қауіптенген Давид IV патша елдің әскери күшін нығайту үшін 1118 жылы қыпшақтармен одақтасады.
Осы одақтың негізінде Давид IV патша қыпшақтардың басшысы Артық ханның келісімімен Грузия аумағына 40 мың әскерді отбасымен қоныстандырады. Бұдан басқа, 5000 таңдаулы әскер патша гвардиясына кіреді.
Оқиғалардың бұл бөлігінің Қазақстан тарихына қатысы бар. Осыған орай, біздің халықтарымызды тек қана дипломатиялық және одақтастық қарым-қатынастар ғана емес, сонымен қатар туыстық қатынастар да байланыстырады деп айтуға болады. Өздерінің эмоционалдық жай-күйіне қарай грузин мен қазақ халқы бір – біріне өте ұқсас – екеуі де қонақжай, ашық, ақкөңіл. Сондықтан да грузиндер үшін сіздердің тамаша елдеріңіз бен қонақжай халықтарыңыз өте жақын.
– ХХ ғасырдың басы бүкіл Кавказ халқы үшін қасіретті болды. 1918 жылы жаңа мемлекет – Грузия Демократиялық Республикасы құрылды. Ресей империясы құлаған кезде пайда болған Әзірбайжан сияқты жаңа ұлттық мемлекеттермен салыстырғанда Грузия Демократиялық Республикасы 1921 жылдың ақпанының соңына дейін 3 жылға жуық өмір сүрді. Агрессивті большевиктік режимде бұған қалай қол жеткізілді?
– ХХ ғасырдың басында Грузия да Қазақстан сияқты Ресей империясының бір бөлігі болды. Революциядан кейін 1918 жылдың 26 мамырында Грузия тәуелсіз мемлекетке айналды. 26 мамырда біз Грузияның тәуелсіздігін тойлаймыз. 1918 жылдан 1921 жылға дейін Грузия тәуелсіз мемлекет құрумен болды, оның тәуелсіз үкіметі, парламенті болды. Шындығында республика тәуелсіздігі ұзаққа созылған жоқ. 1921 жылы большевиктер әскері Грузияны басып алды.
– 100 жыл бұрын, 1919 жылғы 12 наурызда Грузия Құрылтай кеңесінің бірінші отырысы өтті. Грузия парламентаризмінің тамыры әлі де мықты ма? Сіз Грузия Парламентінің мүшесі, Парламент төрағасының орынбасары болдыңыз, «Грузин арманы» билеуші коалицияға кірген «Еркін демократтар» партиясы фракциясының мүддесін білдірдіңіз. Сіздің 2015 жылы билеуші коалициядан оппозицияға өтуіңіз, 2016 жылдың күзінде бұрынғы қорғаныс министрі Ираклий Аласания көшбасшысы болған демократтар партиясынан шығуыңыз демократиялық дәстүрді растай ма?
– Мен мансапшыл дипломат емеспін, оны өздеріңіз де білесіздер. 1996 жылы Тбилиси мемлекеттік университетін бітіре салысымен мен президент Эдуард Шеварднадзе әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесі жанында жұмыс істеуден бастадым, 2009 жылға дейін Грузияның мемлекеттік құрылымында түрлі жоғары лауазымдарды атқардым. Осыдан кейін біз жақтастарымызбен «Еркін демократтар» партиясын құруға шешім қабылдадық, сайлауға қатыстық. Алғаш рет мені 2010 жылы Тбилиси қалалық кеңесінің мүшесі қылып сайлады. Партия қызметкері болдым, «Грузин арманы» коалициясының құрамына кірдім.
2012 жылы парламент сайлауында жеңіске жетіп, парламентте вице-спикер лауазымын атқардым. Кейін коалиция мүшелері арасында келіспеушіліктер туындады, бұндай жағдайлар жиі болып тұрады, бізге оның құрамынан шығуға және саяси қызметімізді өздігінен жүргізуге тура келді. 2016 жылғы сайлауда біздің партия 5%-дық барьерден өте алмай, біз Грузия парламентіне кіре алмадық. Осыдан кейін маған Грузияның Қазақстан Республикасында Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымын атқаруды ұсынды. Саясат пен дипломатия бір-бірімен тығыз байланысты, соның арқасында бүгін мен Қазақстанда және қосымша Қырғызстан мен Моңғолиядағы Грузия Елшісімін. Шынымды айтсам, мен, бірінші күннен бастап дипломатиялық қызмет бастауында тұрған, өз мансабын кіші лауазымнан бастап, Төтенше және Өкілетті Елші лауазымына дейін көтерілген адамдарға, достарым мен әріптестеріме әрқашан қызғана қарайтынмын. Бұлар дипломаттың дамуы үшін үлкен тәжірибе беретін байыпты мансап баспалдақтары, әсіресе өз халқың мен мемлекетіңді басқа елде көрсетуді сеніп тапсырғанда.
– Қазақстанда ХХ ғасырдың 80-нші жылдарында қазақ тілін сақтап қалу мәселесі өткір туындады. Совет уақытында қазақ тілінде оқытатын мектептердің көпшілігі жабылып қалды. Грузияда туған тілге үлкен ілтипатпен қарайды. Тіпті 1978 жылы Грузия ССР-нің жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейін бас көтерулер де болды.
– Бұл тәуелсіздік жолындағы күрес беттерінің бірі. Ол тіл, Отан және діни сенім сияқты Грузия үшін маңызды дәстүрлермен байланысты. Бұл құндылықтар әрқашан да бәрінен биік тұрған. Саясат грузин тілінің маңызы мен мәртебесіне тиген кезде Грузия халқы бас көтерді, шеруге шықты, бұл дегеніңіз советтік режим кезінде ақылға сыймайтын қылық болатын. Бұл ел мен халықтың бірге әрекет етуінің тамаша үлгісі болды. Болашақта да осылай болады. Жаңа ұрпақ қазір мүлдем басқаша ойлайды.
– ХХ ғасырда Қазақстан бірнеше әліпбиді басынан өткізді, олардың бәрі де қазақ халқына совет басшылығымен күштеп таңылған еді. Қазір республика қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге бет бұрды.
– Иә, біз бұл үрдіске қызыға қарап отырмыз, бұл тәуелсіз мемлекет жолындағы тағы бір қадам, ел дамуының, әлемге өзін тәуелсіз ел ретінде көрсетуінің көрсеткіші, басқа елдер үшін жақсы үлгі. Мен қазақ тілінің қалай дәріптеліп жатқанын көріп жүрмін, жастар мейрамханалар да, кафелер де қазақша сөйлейді. Менің балабақшаға баратын кіші ұлым Қазақстанның гимнін жатқа айтады, қазақша жаттауларды да жақсы айтады. Бұл тәжірибе оның болашақ өмірінне пайдасын тигізеді.
– Қазақстандағы грузин мәдени орталығы туралы айтып берсеңіз.
– Грузин диаспорасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бөлігі, олар екі халықтың жақындасуына бағытталған мәдени-гуманитарлық іс-шараларды белсенді өткізіп келеді. Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде біз тату көршілік қарым-қатынастар орнаттық. Қазақстан Республикасы аумағында 13 000 Грузия азаматы тұрып жатыр, оның 9400-і уақытша тұратындар, ал 2600-і тұрақты тұратындар. Кейбіреулер Қазақстанға Грузиядан совет заманында келіп, отбасын құрғандар, қазір елдің толыққанды азаматтары. Біраз адам осында тұруға соңғы жылдары келгендер. Көпшілігі Қазақстаннан көшіп, туған үйлеріне оралды. Грузин диаспорасының шағын өкілдігі Нұр-Сұлтанда орналасқан. Ел үлкен болғандықтан, өңірлердегі біздің халық өкілдерінің саны нақты айтылмайды. Сіздердің елдеріңіз бен халықтарыңызды жақсы көріп кеттім. Біздің менталитеттеріміз өте ұқсас, бұл қатынастар бізді мәдени де байланыстырып тұрады. Мен сенемін – болашақ біздің қолымызда!
Фотоны Қазақстан Республикасындағы Грузия Елшілігі ұсынған.